Кейбір мысалдар

Қағбаның жөнделуі
Қараңғылық адамы бүліктің бел баласы тәрізді. Олардың міндеттері мен жаратылыс мақсаттары бейне бір бүлік шығару іспетті. Үш адамның басы қосылса, сөзсіз сол жерден бүлік шығатын. Міне, осы адамдарды бір жерге топтастырып, күллі әлемге, исі адамзатқа ұстаз ретінде тәрбиелеп шығару – тек  Аллаһ елшісіне тән мұғжиза. Осылардың бәрін ол фәтәнаты арқылы жүзеге асырды.

Қағба Пайғамбарымызға пайғамбарлық міндеті берілуге жақын жылдарда жөнделді. Қағба жөнделіп, кезек «Хажәрул-әсуәдты» (қара тас) орнына қоюға келгенде, рулар арасында талас шықты. Әркім осы абыройға өзі ие болып қалғысы келді. Сол кезде Аллаһ елшісіне әлі пайғамбарлық міндет беріле қоймаған. Мұнымен қатар, осы міндет әлі толықсып жеміс бере қоймаса да, оның рухында түйін тастаған ұлы міндет бүр жарып келе жатты. Алайда оның бүршік ату сәті көгілдір көктемді күтті. Қылыштар қынынан суырылып, қорамсаққа қол салынып, егер бір шарасы табылмаса, қанша жылға созылатынын,  қанша адамның опат болатынын болжау қиын соғыс өртіне шақ қалған еді. Осындай сын сағатта біреу тығырықтан шығар жол тауып кетті: «Қағбаның мына есігінен алғаш кірген адамның төрелігіне жүгінейік. Ол не десе, соған көнейік», – деді.

Бұл ұсынысты бәрі мақұл көрді. Барлығы демдерін іштеріне алып, соңы не болар екен, табалдырықтан кім бірінші боп аттар екен деп тағатсызданды. Дәл сол кезде алғаш көрінген адам – хазірет Мұхаммед Мұстафа. Тұрғандар: «әл-Әмин» келе жатыр, – десті. Сосын жағдайдың мән-жайын оған мәлім етеді. Аллаһ елшісі ойланып жатпады. Дереу «Үлкендеу мата әкеліңдер», – деді. Іле «Хажарул-әсуәд» осы матаның ішіне салынып, әр рудың үлкендері матаның бір шетінен ұстап, қойылатын жерге дейін апарды. Аллаһ елшісі сол жерден тасты өзі алып, орнына қойды[1]. Осылайша, сыздауықтай жарылғалы тұрған ішкі соғыстың алдын алды.   

Арты шиеленіске соқтыра жаздаған, ширыққан мәселені сары майдан қыл суырғандай оңай шешуін пайғамбар қисыны демей не деуге болады? Уахимен түсіндіретіндей ол кезде пайғамбар бола қоймаған. Бұл – пайғамбарлық биік парасат қана еді. Сондықтан кез келген мәселені оп-оңай шешкен. Онда қисыннан да жоғары қисын, ойдан да жоғары ой, санадан да жоғары сана бар. Негізінде, Құранға жауапты адамға бұл шарт болатын.

Тыңдаушысын тануы
Құсайын Әбу Имран бірде Аллаһ елшісінің алдына келеді. Ниеті – ақыл-кеңес беру. Аллаһ елшісін көндіріп, дағуасынан бас тартқызбақ еді. Екі әлем Сардары тыңдаушысын тану мен оның дәрежесінің қандай екенін анықтауда мұғжизалық ерекшелікке ие. Ойламаған жерден тыңдаушысына ұнап, оны сөзімен өзіне баурап алатын. Әдетте адамдардың ой-ниеті, қылығы, таным-түйсігі мен мінез-құлқы әр түрлі, әр деңгейде болғандықтан, олардың бәрінің талғамынан шығып, көңілін табу қиын мәселе. Ал, Пайғамбарымыз кез келген адаммен тіл табысып, шүйіркелесе кететін бауырмал әрі ақжарқын адам болатын. Қажетті сөзді айтуда, тыңдаушысының дәрежесі мен жағдайын анықтауға келгенде, Аллаһ елшісіне теңдесер ешкім жоқ. Оған ұқсас адамды табу мүмкін емес. Кіммен қай жерде, қалай сөйлесетінін бірден біле қоятын. Сөздерінде мақсатсыз, керексіз нәрсе болмайтын. Оның сөзіне жіті үңілсеңіз де, артық сөз таба алмайсыз. Бұл фәтәнат емей не енді?
Құсайын айтарын айтып біткенде, Аллаһ елшісі байыппен сөзге тартты:
– Құсайын, сен қанша құдайға құлшылық етесің?
– Жетеуі – жерде, біреуі – көкте, барлығы сегіз құдай.
Көкте дегендері – жүректерінен өшіре алмаған Аллаһ. Аллаһ түсінігі – ар-ождандарда тамыр жайған сенім. Оны тіпті сол бір аш ішекше созылған қараңғылық дәуірі де өшіре алмаған. Ар-ождан жалған сөйлемейді. Тек тіл ар-ожданның үнін дұрыс аударып жеткізе алса болғаны. Аллаһ елшісімен Құсайынның арасындағы әңгіме былайша өрбіді:
– Басыңа бір қиыншылық келе қалса, кімге жалбарынасың?
–  Көктегіге.
–  Малыңа жұт келсе, кімге жалбарынасың?
–  Көктегіге.
Аллаһ елшісінің қойған сұрақтарына Құсайынның барлық жауабы бірдей шықты. Ол не сұраса да, Құсайын «көктегіге» деп жауап берді.  Екі әлем Сардарының не дегелі отырғанынан бейхабар. Аллаһ елшісі соңғы рет:
–  Ол сенің дұғаларыңа жалғыз өзі жауап береді, ал сен болсаң Оған ешқандай керегі жоқ ортақ қосасың! Менің халыққа уағыздап жүргенімнің өзі осы. Исламды қабылда, ақыреттің азабынан құтыл![2] – деді.

Сөздері өте қарапайым. Бірақ тыңдаушысының жағдайы мен ақыл өрісін дөп басып білген. Құсайын осы сөзден кейін ләм дей алмады. Аллаһ елшісінің соңғы сөзінен тыңдаушысына: – «Ләә иләһә ил-лаллаһ Мухаммадур-Расулуллаһ» деп айтудан басқа жол қалмады. Тыңдаушы не осы сөйлемді айтып мәңгілік азаттыққа жетеді, не қасарысуын жалғастырып, ләм-мим демей қайтып кетеді. Басқа жолды таңдауы мүмкін емес.

Әркіммен оның түсінік деңгейіне қарай сөйлесуі
«Бәдәуи» – шөлде өмір сүретін адам. Олар жиі түйесін жоғалтады, заттарын әр жерде ұмытып кетеді немесе құмды дауылға тап болғанда үрейленеді. Мұндай адамдардың ішкі күйі қандай жағдайда жүреді, ойланып көріңіз. Қатты қысылғанда аузынан қандай сөз шығады? Сірә, Хамзаның (р.а.) келіп Пайғамбарымызға айтқанынан асырып ештеңе айта қоймас. Баһадур Хамза (р.а.) мұсылман боларда Аллаһ елшісіне: «Уа, Мұхаммед! Шөлдің тас түнегіне тап болғанымда барып түсіндім, Аллаһ төрт қабырға арасына сыймайтындай ұлы екен»,– деп тебіренген еді.

Иә, Латтың, Уззаның, Хубәлдің[3] түкке тұрғысыз, жарамсыз екенін аңғарған әркім дәл осы сөзді айтады. Өйткені жансарайларында осы ақиқатты паш ететін ар-ождан бар.  Ар-ождан қашан да шындықты айтады. Аллаһ елшісінің (с.а.у) алдына ұнжырғасы түсіп келген қаншама адам өздерін мазалаған сұрақтарына жан дүниесіне жылу мен жарық сыйлайтын жауап алып, тура жол тауып, көктегі самсаған жұлдыздардың біріне айналып кетіп жатты[4].

Ахмад ибн Ханбәл Әбу Тәмимәдан (р.а.) риуаят етеді: «Пайғамбарымыздың алдында отыр едік. Бір бәдәуи кіріп келді. Тіке Аллаһ елшісіне қарап: «Сен Мұхаммедсің бе?» – деді. Аллаһ елшісі байсалды қалпымен: «Иә, мен Мұхаммедпін»,– деп жауап қайырды.
– Неге үгіттейсің?
– Аса ұлы әрі құдіретті Аллаһ тағалаға сенуге үгіттеймін. Жаратушының жалғыз екендігіне, басқаға сыйынбауға. Өзің ойлап қарашы, басыңа бір іс түссе, кімге жалбарынасың? Аллаһ тағалаға жалбарынбайсың ба? Неге? Өйткені сені қиыншылықтан құтқаратын Сол. Қуаңшылыққа тап болып, көмек тілегенде  көктен жаңбыр жаудырып, жерге от бітіретін де сол. Шегі жоқ шөл далада қандай да бір затыңды жоғалтып алып, қол жайып, жалбарынғанда, жоғалтқан нәрсеңді табуыңа көмектесетін де Аллаһ тағала емес пе?

Бәдәуиге айтылған осы сөздер неткен ғажап! Айтылғандар бәдәуидің жанына жақын тиді. Қуаңшылық, қиыншылық дейсің бе, ұшы-қиыры шөлде көрген ауыртпалық дейсің бе, осындай мың бір бәленің ортасында жүрген бәдәуиге барлық осы басқа түскен жағдайларда жалғыз сиынатын, сүйеніші болатын бір шексіз Құдірет жайында айтылуда. Негізінен бәдәуи іштей осыны түсінетін, бірақ мәнін толық түсіне бермейтін. Аллаһ елшісі осылайша оның жан сарайындағы үнінің мәнін айқындап, ақиқатты түсіндіріп берді. Сол себепті де, айтқаны бәдәуиге айрықша әсер етіп, оны жіпсіз матап тастады. Бәдәуидің:
«Аллаһтың елшісі, әкел қолыңды, саған бият[5] етейін!»[6] – деуден басқа сөзі қалмады. Айтар уәжі таусылып, серт беріп, сахаба болу абыройына жетеді. Былай қарасаң, айтылған сөздері өте қарапайым, шешендік пен көркемдік те жоқ секілді. Бірақ сөзінде шындық бар. Сол шындық оның жан-дүниесімен үндесіп, жылдар бойы өзіне не жетпейтінін білмей, алыстан арып-ашып келген бәдәуидің іздегені алдынан шығып, көңілі орнығады.

Тас жүрек адамдардан періштедей бір қауым ел шығару жер бетінде хазірет Мұхаммед алейһиссәләмнан басқа кімге нәсіп болған? Ол Аллаһтың берген барлық мүмкіндіктерін өте шебер қолданды. Сондықтан оның аз уақыт ішінде мұндай ұлы істерді қалай үлгеріп, орындап кеткені – әлі күнге дейін тарихшылар мен социологтардың түсіне алмаған жұмбағы. Аллаһ елшісінің өмір дариясына жіберген асыл тастарынан пайда болған толқындар легі осынау жиырмасыншы ғасырдың жағалауына жетіп, жартастан бой асыруда. Ол бастаған істің қияметке дейін жалғаса беретініне күмән жоқ. Бүгін әлемнің түкпір-түкпірінде көзі ашық жандар көкірегіне сәуле құйылып, Исламға топ-тобымен кіріп жатыр. Әсері ғасырларға желкен керген қасиетті тартылыс күші одан басқа кімге лайық? Мұхаммед алейһиссәләмнан басқа мұндай тартылыс күшке ие болған адам бар ма? Жоқ! Ешқашан болуы да мүмкін емес.

Хақ пайғамбар – әлем мен заманның қайталанбас дара тұлғасы.

Хүнәйінде мұхажир мен ансарға айтқаны
Сұңғыла адамның өзі күтпеген қиындықтан не істерін білмей, шақшадай басы шарадай болатын сәтте Пайғамбарлар Сұлтаны абыржымай немесе әбігерге түспей, тығырықтан жол тауып кететін. Сөзі мен ісін мұқият барлап қарағанда, оның әрбір әрекеті, әр қадамы  таразының екі басындай тең түсіп жатады. Неге кіріссе де, нені қолға алса да, іс-әрекетін бір секунд артық та емес, кем де емес, дер уақытында жүзеге асыратын ғажап дәлдігі де қайран қалдырады. Осындай күрмеуі қиын түйткілді жағдайда бір сәт кешіксе немесе қажет сөздердің біреуін айтпай қалса, мұншалықты табысқа қол жеткізе алмас еді. Бір қызығы, Аллаһ елшісінің ұзақ уақыт ойланып-толғанып жатуға да мұршасы болмаған. Мұның бәрі оның ағзам фәтәнатқа ие болуының жемісі. Ол – пайғамбар болатын. Оның ойы пайғамбарлық қисыннан өрбитін. Әр қадамын пайғамбарлық қимылмен басатын. Сондықтан да іс-қимылында ешқандай қателік кездеспеді. Табысы әрқашан биікте. Басқа жанның оның шыққан шыңына жетуі әсте мүмкін емес. Бұған қатысты мың-сан мысал бар. Соның ең маңыздысының біріне тоқталайық. 

Бұл оқиға Хунәйн соғысынан кейін болды. Ибн Исхақ жеткізген осы риуаятты Бухариден де көреміз.

Хунәйн соғысы Мекке алынған соң болды. Аллаһ елшісі қолға түскен олжаның біразын кейбір адамдарға олардың жүректерін Исламға жылыту, жібіту үшін берді. Басым көпшілігі ру арасында дүйім жұртты аузына қаратқан беделді, абыройлы адамдар. Мекке алынғаннан кейін олардың  жаңа дінге бой үйретіп, адалдықтарын сақтап қалу үшін белгілі бір уақыт қажет еді. Көпшілігінің еріксіз мұсылман болған жайы бар. Сондықтан олардың ішіне қатқан мұзды жайлап ерітпесең, ертең күпірлік кезіндегісінен бетер қауіпті жауға айналуы ықтимал. Осы жағынан да Аллаһ елшісінің фәтәнаты анық көрінеді.

Сол күні 6000 тұтқын бар-тын. Алынған түйелердің саны – 24000; қой-ешкілердің саны – 40000; мұнымен қоса 4000 оққа (Оққа 1.248 кг.-ға тең салмақ өлшемі) салмағында алтын мен күміс бар[7].

Олжаны таратқан кезде, Аллаһ елшісі меккеліктердің көңілін табу үшін оларға көбірек ұстатып, осы қаланың тұрғындарына айрықша ықылас танытқан түр көрсетті. Жоғарыда  айтып өткеніміздей, олардың дінге оң қабақ танытуы Ислам үшін аса маңызды әрі олар үлкен пайдасы тиетін аса қажет ықпалды адамдар болатын. Мысалы, Әбу Суфиянның отбасына 300 түйе, 120 оққа күміс; Хаким ибн Хизамға 200 түйе, Нусайр ибн әл-Харисәға 100 түйе; Қайс ибн Адиге 100 түйе; Сафуан ибн Уммәйяға 100 түйе; Хууайтиб ибн Абдилуззаға 100 түйе; Ақра ибн Хабиске 100 түйе; Уяәйнә ибн Хиснға 100 түйе және Мәлик ибн Ауфқа да 100 түйе берілген еді. Бұлардан басқа кейбір үлкендерге жағдайына қарай елуден, қырықтан түйе берді[8].

Берілгені – түйе, алтын, күміс. Бірақ қорғағысы келгені – дін, жекелеген жандардың жүрегін Исламға бұру. Мекке кеше ғана алынғандықтан, жергілікті тұрғындардың  кейбірі бұл жаңа жағдайға көндіге қоймаған болатын. Жеңілгендеріне намыстанды. Ал, ар-намыс – меккеліктердің бірінші орынға қоятын, аса қадір тұтатын басты қасиеті. Аллаһтың осы мүмкіндігін Аллаһ елшісі мейлінше пайдаланып, олардың жаралы жанын осылай емдеді. Бірақ ансардың жастары өздеріне тиген үлесті азсынып, кейбіреулері: «Әлі қандары қылышымыздан тамшылап тұр. Сөйте тұра, ең үлкен үлесті де солар алып жатыр», – деп наразылық танытты.

Бұл бір бүліктің нышаны еді.

Мұны бірен-саран адам айтты. Алайда, оны қанша адамның айтқаны маңызды емес. Маңыздысы – бой бермей кететін өртке айналмай тұрғанда дереу алдын алу. Әрі Аллаһ елшісіне титтей де қарсылық білдіру адамды діннен, иманнан шығарып, мәңгілік қасіретке душар етеді. Бұл – бүліктен де ауыр қасірет.

Са’д ибн Убадә болған жайды Аллаһ елшісіне шұғыл жеткізді. Бұл мәселенің шетін қылтитқан жастар жағы болатын. Үлкендердің қаперіне мұндай нәрсе кіріп те шықпаған. Бірақ бүліктің алдын алмаса, іс насырға шабуы ықтимал.

Аллаһ елшісі дереу ансардың бір жерге жиналуын, араларында өзге біреулердің болмауын әмір етті. Ансардың бас-аяғы жиналған кезде, Хақ пайғамбар:
«Уа, ансар халқы! Естуімше, жүректеріңде маған деген салқындық пайда болыпты»,– деп сөз бастады.

Сөзін осылай бастағанда ғана дүйім жұрттың писихологиясына әсері күшті болады. Өйткені басым көпшілігі не үшін жиылғанынан хабарсыз болғандықтан, осылай басталған сөз оларға оқыс тиген шапалақтай әсер етіп, естерін бірден жиып алды. Задында, сахабалар Аллаһ елшісіне қарсылық көрсетпек тұрмақ, қабақ шытқан емес. Көп болса, жүректерінде кірбің пайда болуы мүмкін. Оны екі әлем Сардары алысқа ұзатпай, пайғамбарлық парасатымен тарқатып отыратын. Айтқандай–ақ, алғашқы сөз ә дегеннен-ақ әсер етті. Бәрі көздерін одан алмай қарап қалыпты. Келесі сөз маңызды. Барлығы зейін қойып, не айтар екен деп күтті. Аллаһ елшісінің алғашқы сөзі нысанасына дөп тиюін тиді, алайда, осы әсердің табы суымай тұрғанда әрі шеге нық қағылуы үшін оттай қарып түсетін сөздер айтуы тиіс. Екінші сөзі нысанаға дәл тимесе, жағдай одан бетер өршіп кетуі мүмкін.

Аллаһ елшісі сөзін былай жалғастырды:
 «Мен келгенде, сендер адасқан ел емес пе едіңдер? Аллаһ мен арқылы сендерді һидаятқа (тура жол) жеткізбеді ме?».

«Мен келгенде, сендер жоқшылықтың зардабын тартып жүрген жоқ па едіңдер? Аллаһ мен арқылы сендерді молшылыққа кенелтпеді ме?».

«Мен келгенде, сендер бір-бірлеріңе жау емес пе едіңдер?».

Пайғамбарымыз әр демін алған сайын ансарлардың: «Иә, иә, алғыс Аллаһ пен елшісіне!» деген даусы жер-көкті жаңғыртып жатты.

Пайғамбарымыз сөзін дер уақытында басқа арнаға бұрды. Олардың сезіміне қозғау салған соң, ансар атынан өзі сөйледі. Олардың ішінде наразылыққа толы сөздер кездесуі ықтимал. Сол сөздерді де Аллаһ елшісінің өзі айтты. Мұсылман өз пайғамбарына қарсы  сөз айтса, ауыр азапқа тап болар еді. Екі әлем Сардары сөзін былай жалғастырды:
«Уа, ансар халқы! Қаласаңдар, маған басқаша жауап бере алатын едіңдер. Мысалы былай дей алар едіңдер: Меккеден қолдау таппай бізге келген едің, біз саған еріп сенім білдірдік, тәрк етіліп  келген едің, біз саған қорған болдық. Жеріңнен қуылып келген едің, біз саған төрімізден орын бердік. Маған осылай жауап қайтарғандарыңда, тура сөйлеген болар едіңдер. Сендерге уәж айта алмас едім.

Уа, ансар халқы! Мұсылман болсын деп, кейбір адамдарға әжептеуір дүние бергенім үшін маған өкпе артсаңдар, әркім үйіне түйемен, қоймен қайтып бара жатқанда, сендер үйлеріңе Аллаһ елшісімен қайтуды қаламайсыңдар ма? Жанымды құдіретті уысында ұстаған Аллаһқа ант етейін, адамдардың бәрі бір жаққа кетіп, ал ансар басқа бағытқа бет түзесе, мен еш ойланып жатпай, ансардың артынан кетер едім. Егер хижрәт мәселесі болмаса, өзім ансардың бірі болуды қалар едім. Я, Аллаһым! Ансардың балалары мен немерелерін қорға!»[9].

Осы сөздер аузынан түйдек-түйдегімен төгілгенде, жыламаған жан қалмады. «Бізге Аллаһ пен елшісі қымбат, басқаның қажеті жоқ», – деп күбірлеп жатты.

Аллаһ елшісінің қысқа әрі нұсқа тегеурінді сөздері лап етіп тұтанайын деп тұрған бүлікті дер кезінде басып, тыңдаушыларының жүрегін тағы бір мәрте өзіне баурап алды. Бұны тек «Фәтәнат» деп қана түсіндіруге болады.

Әрбір сөйлеміне жеке тоқталып, талдау жасап көріңіз. Істің уақытын да есепке алыңыз. Алғашқы сөйлемімен бес-он жолдан кейінгі соңғы сөйлемінің аралығындағы сахабалардың жан-дүниесіне шым-шым сіңген жылы ағыстың тереңдігін бағамдап көріңіз. Содан кейін осы айтылғандардың бәрін есепке алмай, сол сәттегі бірден суырылып, сөз сөйлегенін әрі сөзді қалай бастағанын жоғарыдағы ерекшеліктердің бірі екенін мойындап, ар-ожданыңыздан осындай теңдесі жоқ сөз сұлтанының кім екенін сұраңыз. Алатын жауабыңыз – «Мухаммаду’р-Расулуллаһ». Ар-ожданы таза әрбір адам осы жауапты алары сөзсіз. Қасарысуын қойып, оқиғаларға нақты талдау жасаса  болғаны...

Осы сөздің мәнін егжей-тегжейіне дейін анықтауды болашақтың бақытты психологтары мен социологтарына қалдырайық. Олар оқиғаларды өз заманына сай түсіндіріп, анализ жасап, Пайғамбарымыз фәтәнатының басқа қырлары мен ерекшеліктерін адамзатқа ұсынсын.

Бірінші, оның сөзі ансар халқына бағытталған. Өйткені меккеліктер мен мұхажирлер мұндай сөздің айтылуына себеп болатындай қандай да бір оғаш немесе өрескел әрекетке барған жоқ.

Екінші, тек ансарлардың бір жерге жиылып, Пайғамбарымызбен бірге болуы және басқалардың осы жиналысқа қатыспауы оларға психологиялық тұрғыдан жағымды әсер етті.

Үшінші, тілге тиек болған мәселелер арасында меккеліктер мен мұхажирлерді кейітетін сөздер болуы мүмкін. Мысалы, «Ел түйелерімен, қойларымен үйіне қайтқанда» сөзі солардың бірі.

Төртінші, сөз соңында ансар марапатталып, оларға дұға етілген. Елі мен жерін тастап, хижрәт еткен мұхажирлерге мұндай ерекшелік ауыр тиюі мүмкін.

Бесінші, бұл сөздің төркіні (араб тілінде) шешендік өнердің және көркем сөздің тамаша үлгісін білдіреді.

Алтыншы, сөз басында тыңдаушыларын тықсырып алып, содан кейін олардың көңілін иіп жібітуі әрі олардың атынан да сөз алуы, тыңдаушы етіп қоюы – таңғажайып жайт.

Жетінші, уақыт ұту үшін емес, арнайы мәнді –мақсатты етіп, ыстық ықыласпен айтқаны соншалық -  тыңдаушылардың айтар уәжі қалмаған. Бұл да нәтиженің толымды болуы жағынан өте маңызды.

Сегізінші, айтылған сөздердің суырып салма ақындардың аузынан төгілген өлеңдей бірден ағытылуы да сөздің әсерін күшейтті.

Осы жайттар және басқа да мысалдар Аллаһ елшісінің өздігінен емес, керісінше, ол өзіне берілген фәтәнаты арқылы уахи мен шабытқа сүйеніп, қиындықты шешкенін көрсетеді.


[1] Муснәд, 3/425; Ибн Һишам, Сирә, 1/209.
[2] Ибн Хажар Исабә, 1/337
[3] Мүшріктердің қолдан жасап табынған тәңірлері (ауд).
[4] Ажлунй, Кәшфу’л-хафа, 1/147.
[5] Бият – серт беру
[6] Муснәд, 4/65, 5/64; Һәйсәми, Мәжмә’у’з-Зәуаид, 8/72.
[7] Уақиди, Китабу’л-Мәғази, 3/943-993.
[8] Уақиди, Китабу’л-Мәғази, 3/943-993; Ибн Һишам, Сирә, 4/413-414; Ибн Кәсир, әл-Бидәиә, 4/359-360.
[9] Бухари, Манақибу’л-Әнсар, 1,2; Муслим, Зәкәт, 132-141.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.