Ор қазу кезіндегі хабарлар

Шамамен барлық хадис пен «сиәр» (тарих) кітаптары сахабалар арқылы мына жайдан хабар береді:
«Ор қазылып жатқан. Үлкен бір тасқа кезігіп, барлық күш-жігерімізді салғанмен, орнынан қозғай алмадық. Пайғамбарымыз да бізбен бірге ор қазып жатқан еді. Тіпті кейде бізге дем беріп, рухтандырып:
 «Аллаһым, ақырет өмірінен басқа өмір жоқ. Сен ансар (Мәдина сахабалары) мен мұхажирлерді (Мекке сахабалары) кешір»[1], – деп, сахабалар да осы сөздерінен қуат алып, өршелене түсіп:
«Аллаһым, Сен болмағанда, біз тура жолды таба алмайтын едік. Сен бізге сәкинә[2] түсір. Дұшпандармен кездескен сәтте бізді табанды ете гөр!», – дейтін[3].

Олар өздерін толғандырған ең ұсақ мәселелерге дейін Аллаһ елшісіне айтатын. Осы үлкен тас жайында да оған жеткізді. Қолында қайласы бар, келді де, тасты ұра бастады. Тасты соққан сайын, жан-жаққа ұшқын шашырады. Бейне бір Аллаһ елшісінен уахи мен шабыт ұшқындары жарқылдағандай. Әр ұрған сайын Пайғамбарымыздың аузынан:
«Маған дәл қазір Византияның кілттері берілді. Сасани қорғандарының жығылғанын да көріп тұрмын. Иранның кілттері де маған берілгенін көріп тұрмын..» – деген қасиетті сөздер төгіліп жатты[4].

... Арада бірнеше жыл өтті.

Аллаһ Са’д ибн Әбу Уаққас, Халид ибн Уәлид секілді үлкен қолбасшылардың қылышымен сол жерлерге мұсылмандардың жеңіс туын тігіп, кілттері Аллаһ елшісінің рухани тұлғасына тапсырылды. Бұл – оның туралығын растады. Растамауы мүмкін емес-ті. Өйткені пайғамбар туралықты бейнелеуге келген. Егер ол болмайтын нәрсені айтса да, Аллаһ іске асыратын еді. Әйгілі сахаба Бәра (р.а.) үшін де «Егер ол қандай да болсын бір мәселе жайлы ант етсе, Аллаһ антын жоққа шығармайды» – деген болатын[5]. Бәра (р.а.) болмайтын нәрсеге ант етсе де, Аллаһ оны іске асыратын. Осыны жақсы білетін сахабалар әр соғыста оны алғы шепке қойып, жеңістерін кепілдікке алуға тырысатын[6]. Мұндай ерекшелік Пайғамбарда неге болмасын?! Хақ тағала өз елшісіне білдіретін. Ол да өзіне білдіргенді бізге айна-қатесіз жеткізген.


[1] Бухари, Мәнақибу’л-әнсар, 9; Муслим, Жиһад, 127.
[2] Мұсылмандар қиыншылыққа душар болған сәттерде Аллаһ жарылқап жүректеріне құйылатын сезім. Көңіліне мұндай күй құйылған мұсылман қас дұшпанның арасында жүрсе де, қорыққан, абыржыған көңілі бірден пышақ кескендей тыйылып, жүрегі әлдебір рақат сезімге бөленеді. (ауд).
[3] Бухари, Мәғази, 29; Муслим, Жиһад, 123-125.
[4] Ибн Кәсир, әл-Бидәйа, 4/116; Ибн Һишам, Сирә, 3/230. Муснәд, 4/303.
[5] Тирмизи, Мәнақиб, 55 (Хадистегі Әнәс ибн Мәліктің інісі Бәра ибн Мәлік болатын.)
[6] Ибн Хәжар, Исабә, 1/143,144.


Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.