КӨШБАСШЫҒА ТӘН СИПАТТАР

1. Өзіне деген сенімділігі
Ибн Исхақ (р.а.)  баян етеді: Құрайыштықтардың бетке ұстар үлкендері Әбу Тәліпке келіп, Пайғамбарымызбен келісім-шарт жасағысы келетінін айтты. Әбу Тәліп інісін шақырып алып: «Бұлар – Құрайыштың үлкендері. Сенімен келісім-шарт жасасуға келіп отыр», –  дейді.

Аллаһ елшісі олардан не талап ететінін жақсы білгендіктен өзіне бек сенімді еді. Пайғамбарымыз: «Мен сендерден бір сөзді айтуларыңды қалаймын. Бұл сөзді айтсаңдар бүкіл арапқа ие болып, барша адамзаттың сый-құрметіне бөленесіңдер» – деді. Құрайыш бетке ұстар үлкендері қуанып: «Қандай сөз? Айт!» – деді.

Пайғамбарымыз оларға: «Лә илаһә иллаллаһ», осыны айтқан кезде, көп өтпей, болашақта арабтарға ие болып әрі барша адамзаттың ыстық ықыласына бөленесіңдер»[1], – деді. Айтқаны айдай келді....

Қазірге дейін қаншама мемлекеттер мен елдер оның рухынан нәр алды. Әсіресе, ақиқатты ерте тапқан түркілер осыдан он бір ғасыр бұрын хазірет Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбардың көкжиектен күндей көтерілгенін көргенде, уақыт өткізбей, дереу оған қарай құшағын аша ұмтылды. Иә, сол кезде бір жылдың ішінде мың шаңырақ бірден ерікті түрде мұсылман болған. Осы шынайылығының арқасында он ғасыр бойы осы ұлы дін-дағуасының байрағын әлемде желбіретіп келді. Иә, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Ертең сендер күллі арабқа үстем боласыңдар. Қасиетті үй Қағба да күллі адамзаттың тауап ететін жеріне айналады», – дегенде де өзіне бек сенімді еді. Уақыты келгенде, айтқандары айдай келеді. Бүгін Қағба ғана емес, оның нұрлы қабірі мен мешіті де мұсылмандардың зиярат орнына айналған. Әр жылы миллиондаған адамдар көбелектер тәрізді сол бір нұр шеңбердің айналасында шыр айналуда.

Хакимнің Мустәдрак атты еңбегінде Адий ибн Хатам оқиғасына назар аударалық.  Адий – ақ пейілді жомарттығымен аты шыққан Хатама Тайидың ұлы. 

Адий бізге мына жайтты айтады: «Аллаһ елшісімен бірге отырған болатынмын. Ішке бір адам кіріп келді. Жол торушы қарақшыларды айтып: «Керуендерді талап, малдарды тартып алып жатыр. Һәм қуаңшылық та белең алып, адамдар аштан өлуде», – деп шағымданды.

Ол осылай деп тұрғанда, Аллаһ елшісі маған қарады да: – Ей, Адий, Сен Хираға барып па едің? – деді. Мен: – Жоқ, Пайғамбарым! Ол жерде болған емеспін. Бірақ қайда екенін білемін, – дедім. Ақиық елші сөзін жалғастырып: – Егер өмірің жетсе, жақында түйесіне мініп, бір әйел жалғыз өзі Хирадан шығып келіп, Қағбаны тауап еткенін көресің, – деді.

Мен ішімнен «Тай қарақшылары бола тұра, қалайша жолға шыға алады?» – дедім. Ол сөзін әрі қарай жалғастырып: - Ей, Адий, өмірің жетсе, бір күні Кисраның барлық қазыналарын менің үмбетімнің алатынын да көретін боласың, – деді. Мен таңырқап: – Һүрмүздің ұлы Кисраны айтып отырсыз ба? – деп сұрадым. Ол: – Иә, Һүрмүздың ұлы Кисра, – деді. Адий сөзін: – Аллаһ тағалаға ант етейін! Аллаһ елшісінің сол күні айтқандарының бәрін де көріп куә болдым. Және ақыретке қатысты бір нәрсе айтты. Оны да көруден үміттімін, – деп аяқтайды[2].

Аллаһ елшісі айналасындағы адамдарға сөзін аса сенімділікпен айтатын еді. Сөздерінің ешбірінде зәредей күмән сезілмейтін. Онсыз да айтқан сөздері уақыты келгенде, Аллаһтың шарапатымен айдай айқын көрініп жатты.




[1] Ибн Хишам, Сирә, 2/58,59; Ибн Кәсир, әл-Бидәя, 3/150-151; Муснәд, 1/362; Мустәдрәк, 2/432; Ибн Сад, Табақат, 1/202.
[2] Мустәдрәк, 4/518; Муснәд, 4/257.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.