2. Бай-дәулеттілердің талаптары

Исламның алғашқы жылдарында Аллаһ елшісінің айналасына кедейлер шоғырлана бастады. Бұлардың басым көпшілігі жастар болатын. Күпір ұйығына батқан қартаң кәпірлер Ақиық елшіні танымай, әрқашан қарсылық білдіретін. Бір күні «Аллаһтың дініне топ-топ болып кіреді» (Насыр, 110/2) сыры көрінген кезде, олар да Хақ елшіні мойындауды жөн көрді. Бірақ, алғашқыда оның айналасында тек жастар бар еді. Әрі олар кедей болатын.

Мекке мүшріктерінің арасында өздерін жоғары лауазымды санағандар осы кедей жастарды ә дегеннен-ақ жақтырмады. Жиі-жиі Хақ пайғамбарға келіп, өздерін ғана қабылдайтын бір күнді арнайы бөлуін талап етті. Әсіресе, Біләл, Аммар, Ясир, Хаббап сияқты кедейлердің бұлар отырған жерге келмеуін қалады. Олар осы жердің мансабы биік адамдары болғандықтан, кедей-кепшікпен бір дастархан басында отыруға арланды[1]. Бұлар сол күнге дейінгі үйреншікті салт-дәстүр болғандықтан, осы ұсыныстарын жөн санаған шығар. Бірақ мәселе олардың ойлағанындай емес болып шықты. Олар өз ойларын дұрыс санап, іштей пікірлеріне риза болып жүргенде, Хақ тағала Сүйікті Пайғамбарына былай деп ескертіп те қойды:
«Ертелі-кеш Раббыларының разылығын қалап, Оған жалбарынғандарды қума. Олардың есебінен саған ешқандай жауапкершілік жоқ. Сенің есебіңнен де оларға жауапкершілік жоқ. Оларды қуып, зұлымдық жасаушылардан болма» (Әнғам, 6/52).

Яғни, сен есебі үлкен адамсың. Жаныңнан кедейлерді қуып, мүшріктер тура жолға келеді деп үміт ететіндей болмашы есепке кіре алмайсың. Өйткені бұл – зұлымдық. Сен зұлымдықтан мүлде алшақсың. Иә, мүшріктер риза болсын деп қана кедейлерді қуу – ең үлкен зұлымдық. Осылайша Аллаһ тағала ең үлкен әділдік адамын әуел-бастан кепілдікке алды.

Осы маңызды тақырып «Кәһф» сүресінде де айтылған:
«Ертелі-кеш Раббыларының разылығын қалап, Оған жалбарынғандармен бірге сен де сабырлық қыл. Дүние-ғұмырдың әсемдігін қалап, көзіңді әлгі адамдардан айырушы болма. Бізді еске алуды ұмыттырған және ісінде тым шектен шығып, нәпсісіне ерген адамға еруші болма!» (Кәһф, 18/28). 

Құран оған былай деуде:
Ертелі-кеш дін дағуасын ойлап, әрқашан «Аллаһ» деп көз жасын төккендермен бірге бол. Өзгелерге көз тас-таушы болма! Әрдайым олармен бірге тұрып, бірге жүр! Өйткені Аллаһ тағаланың рақымдылығы олармен бірге. Сақ бол! Көзіңді олардан айырушы болма. Аллаһ адамзатқа рақымшылдық жасаған кезде Аммарға қарап рақым етер. Ясирге қарап рақым етер. Кішкене Әлиге қарап рақым етер. Хаббапқа қарап рақымшылдық жасар. Ибн Мәсғұдқа қарап та рақымшылдық жасар. Олар – жер бетіндегі Хақ тағаланың назар салар алқасы. Олар – бәле-жаланың келмеуіне себепкер жандар. Сен де солармен бірге болуды ойла!

Құран осы сөздерді айтқанда, Аллаһ елшісінің айналасында бес-алты кедейден басқа ешкім жоқ болатын. Бірақ ол сол кезеңнің өзінде де болашаққа толық сеніммен қарайтын. Тіпті перғауын тәрізді ешкімді өзіне тең көрмейтін тәкаппар адамдардың өзі Исламды қауышып, бек сенімді еді. Келешекте Исламды жаю үшін дәл қазір жанында болғандарды неге қусын?!
Һәм Аллаһ елшісі тікелей өзі: «Жәннат мына үш адамға құштар: Әли, Салман және Аммар»[2], – деген адамдарын қалай ғана қусын.

Иә, барша жан жәннатқа құмар болса, жәннат оларға құштар. Ғашықтың сүйгеніне, көздердің сұлулыққа, ар-ожданның көруге, жүректің тамашалауға құштар болғаны тәрізді құштар...

Екі әлем Сардары айналасына жинаған осы алғашқы топ, яғни кедей адамдардың бір күні жер-жаһанда төңкеріс жасайтын жамағат екендігін әуел бастан біліп, соған қарай қадам басқан еді. Жер дүниенің батысы да, шығысы да бір күні  сөзсіз оның әкелген ақиқаттарына мойынсұнатындығына зәрәдей шүбәсі жоқ болатын. Хақ тағаланың уәдесіне көңілі тоқ, жүрегі сенімге толы еді.

Мүшріктердің талабына құлақ асқан да жоқ. Осы бір жарлы кедейлерді көзінің қарашығындай бағалап, оларды «инсибағ» нұрына оранған құзырының қадірлі тұрғыны етіп, әрқашан әз тұтты.




[1] Ибн Кәсир, әл-Бидәя, 3/129.
[2] Тирмизи, Мәнәқиб, 34.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.