Шайтанның азғыруы

Фетхуллаһ Гүлен: Шайтанның азғыруы

Шайтандар кейбір адамдарды өз ықпалына түсіріп, түрлі азғындыққа жетелейді. Кейбіріне «Мәді, кейбіріне «Мәсіх», енді біріне «Құдай» екенін айтып аздырады.

Үндістаннан шыққан Гулам Ахмед – дәл осындай шайтандардың арбауына түсіп, ойыншығына айналған пенде. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Гулам Ахмед бүгінде «Гулам Ахмед дінінің» негізін қалаушы. Ол басында үнді йогасынан Исламның артықшылығын көрсету үшін факиризм жолын пайдаланамын деп жаман рухтардың тұзағына түседі.

Гулам Ахмед бастапқыда өзінің мүжәддид екенін жариялайды, өйткені жаман рухтар оған: «Сен мүжәддидсің. Адамзатты осынау тәлейсіздіктен сен құтқарасың. Адамзатты бақытқа бөлейтін даңғыл жолдың негізін сен қалайсың» дегенді айтып, теріс жолға салды. Одан әрі асқындырып, мұндай «ұлы» істің мүжәддидтікпен шешіле қоймайтынын, мұны тек «Мәсіх» атқара алатынын айтып, Гулам Ахмедті сендіреді. Осыдан кейін Гулам Ахмед өзінің Мәсіх екенін жариялайды. Өз еңбектерінің көптеген тұсында көктен түсетін Мәсіх менмін деп жазады, дегенмен мұнымен де шектеліп қалмай, мәселені тіптен ушықтыра түсті. Кейіннен (құдай сақтасын) Аллаһ тағаланың өзінің ішіне кіргенін (хулул) мәлімдейді, сондықтан «Аллаһ менің тәнімде көрініс тапқан» дегенді айта бастайды.

Бұл бейбақтың сұмдық шатасқаны үшін ешкімді жазғырғым келмейді. Бірқатар жанның өзін «Мәди» немесе «Мәсіхпін» деп жариялауының астарынан жын-шайтан мен жаман рухтардың арбауын көргенімді жасыра алмаймын. Мұндай жандар кейде саналы түрде, кейде байқаусызда жаман рухтардың тұзағына ілініп, кейіннен осы дерттен құтыла алмай қапыда қалады, сондықтан Исламның негізі болып саналатын басты қағидаларына қайшы келетін кез келген сөзді жаман рухтардың азғыруынан туындаған сандырақ ретінде пайымдауымыз керек. Мұндай масқараға ұрынған жандар басына түскен ауыр жағдайдың кейде парқына барса, енді бірде парқына да бара алмайды. Өз сөздеріне өздері кәміл сенеді, дегенмен қандай да бір кісі мұндай дәрежеге ие екенін түсінде айтқан күннің өзінде, оянған сәтте бойын үрей билеп, тәубаға келгені дұрыс.

Бұл мәселе көп адамның тура жолдан таюына сеп болғанын баса айтқым келеді, сондықтан риязат ұстағандардың азғындыққа ұрынып қалмауы үшін кәміл ұстаздың болуы көп рөл ойнайды. Гулам Ахмед те осындай кәміл ұстазы болмағандықтан, тура жолдан тайып, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетін негізге алмаудың салдарынан осындай халге душар болған.

Гулам Ахмедтің жасамақ болған ісі ауқымы күрделі мәселе еді. Ол осындай тәсілді меңгеру арқылы Исламның йогадан артықшылығын дәлелдемек еді.

Йога Тибет пен өзге де елдерге қарағанда Үндістанда жақсы дамыған. Йогаларда ешбір дін (ақида) негіздері және діни мақсат жоқ. Бәлкім, йогалардың басым бөлігінде құдайға деген сенім де болмауы мүмкін, дегенмен йогалар белгілі бір әдіс-тәсілдер арқылы рухтың қарым-қабілетін дамытып, жалпы жұртқа таңғажайып істер секілді көрінетін бірқатар халге ие бола алады. Осыдан бұрын да атап өткен аз ішіп-жеу, аз ұйықтау, аз сөйлеу, әрдайым терең ойда болу және көпшілік жұрттан жырақта оңаша болу қағидаттарын йогаларда белгілі бір деңгейде қолданады. Тәннің ықпалы азайған кезде ғана рухтың кемелдене түсетіні айнымас қағида.

Ислам мәдениетінде йогаға қарсы бағытта болғанымен, йогалардың әдіс-тәсілдері мен қағидаттарын қолданатын «факирлік» ағымы бар. Исламды йогалық әдіс-тәсілдермен өзгелерге мойындатпақ болған факирлер мен йогалар арасында үлкен күрес бар. Йогалық және факирлік танымда ақиқат мәселесі тұлғаның керемет пен ғажайып істер жасай білуімен ғана өлшенеді. Кім халге ие болса, ақиқат сол жақта деген сыңаржақ түсінік бар. Алайда мұндай халге ие болу үшін ұзақ жылдар бойы табанды түрде талмай еңбектеніп, қажыр-қайрат көрсете білу қажет. Йогалар мен факирлер жүйткіген пойызды оп-оңай тоқтатады. Алыста тұрған адамды қолының нұсқауымен жерге жатқызып-тұрғызады немесе аспанға ұшырады. Бұдан басқа да таңғажайып өнерлері мол.

Гулам Ахмед осындай қиын шарттарда өз жолының негізін қалады, дегенмен өзі де осындай адасушылықтың құрбанына айналды. Жаман рухтардың тұзағына түсіп, олардың ойыншығы боп, «хулул» (құдайдың бір адамның бойында көрініс табатынын алға тартатын адасушы түсініктің атауы) сенімі арқылы азғандыққа салынды.

Менің ойымша, ғайыпты көру, таңғажайып халге ие болу кез келген мүмин үшін негізгі мақсат емес. Мүминнің асыл мұраты тек қана Жаратушының разылығында. Көкірек көзін ашып, ғайыптың сырын меңгергісі келетін адам мұндай жолға жолбасшы болатын кәміл ұстаз тауып, соның бақылауымен ғана барғаны жөн. Соның өзінде жасаған әрбір ісінде тек қана Аллаһ тағаланың разылығын басты назарда ұстап, Жаратушы қаламайтын істерден бойды аулақ салғаны абзал.

Ғайыптың сырын аулау немесе осы бағытта белгілі бір жол ұстану кісінің мағрифатқа, яғни ізгілікке қауышуы тұрғысынан қажетті ме? Бұған «иә» деп жа-уап бере алмайтынымды баса айтқым келеді, сондықтан мұндай жолға бет бұру ойыма да кіріп шықпады. Бала кезімде мұндай нәрселерге аздап болса да қызығушылығым болғанын жасыра алмаймын, дегенмен есейе келе мұндай ойлардан түгелдей арылдым, өйткені адам баласы Хақтың назары түсетін жүректегі ақиқаттарды, дәлелдерді сол жүрегінің өзінен іздегені абзал екеніне көзім жетті.

Хақ тағаланың ізгілік тұрғысынан құлына тарту етіп көрсететін дәлелдерінің анықтығы, күштілігі соншама – басқа жаққа мойын бұрып дәлел іздеудің ешбір қажеттілігі жоқ. Әсіресе, жүрек пен ақылды қатар нұрландыратын Құран кәрім тұрғанда басқа жақтан дәлел немесе игілік іздеу бос әурешілік, дегенмен бүгінгі адамдарың басым көпшілігі материалистік дүниетанымның тар шеңберінде шырмалғаны өкінішті. Адамдардың көпшілігінің жан-дүниесін материалистік ой-пікір жаулап алған. Адам санасын билеп-төстеген материалистік дүниетанымды әлсірету үшін материалистік көзқарасқа қарсы дәлел ретінде ғайып пен тылсымға қатысты жайттарды қолдану қажеттілігі туындайды. Мұндай ғажайыпты кімнің жасағаны маңызды емес. Маңыздысы, мұндай дәйектер метафизиканың ақиқаттығын дәлелдеуімен құнды. Осы жерге дейін телепатиядан, телестазиядан, көріпкелдіктен, йогадан мысал келтіріп жатқан себебіміз – материалистік дүниетанымды осындай қарсы дәйектер арқылы әлсірету үшін еді.

Кез келген адамның үш айлық қажыр-қайрат пен бір-екі «арбағин» (қырық күн аз ішіп-жеу арқылы нәпсіні тыю) жасаумен көзін жұмса болғаны үш айдан кейін болатын оқиғаларды дәл сол күйі немесе сәл ауытқушылықпен айтып беруі, сол елдің қоғамдық немесе саяси жағдайына байланысты сәуегейлік жасауы, үкімет мына уақытта құлайды, пәлен деген саяси партия мына уақытта жеңіске жетеді, премьер-министр пәленше деген кісі болады, президенттік орынтаққа пәленше отырады деген сынды сәуегейліктер (өз басымнан да осындай жағдайлар өткені үшін еркін айтып отырмын) еш қиындығы жоқ, ақылмен де саралап, пайымдауға болатын жайттар, сондықтан бұлардың ешбірін ізгілік яки бір артықшылық ретінде көрмеймін. Нағыз ізгілік – Аллаһты тану, Оның әмірлерін мүлтіксіз орындау. Сонымен қатар, хазірет Мұхаммедті (с.а.с.) танып-білу және оның жолымен жүру. Міне, осылар ғана адамды көктегі әлемдерде жақсылардың қатарына қосады. Ал енді, аспанда ұшу, апталап-айлап ішіп-жемей күнелту сынды жағдайлар ақиқатты тани түсу тұрғысынан ешбір мәні жоқ бос әурешілік.

Кейде іштей қаламасақ та, осындай жайттарды тілге тиек етіп жататынымыз рас, өйткені материалистік түсінікті күйрету үшін реті келгенде осындай жайттарды қолдануға мәжбүрміз. Әйтпесе, мұндай жайттарды әсіре бағалап, әлдеқандай мән беру ниетінен аулақпыз.

Бір көріпкелдің ғалымдар мен жүздеген адамның көз алдында қолын бір үстелдің үстіне қойып, қарсы жақтағы үстелді қозғалтқанын, көзінің қиығымен үстелді аспанға ұшырғанын батыстың ең беделді басылымдары жерден жеті қоян тапқандай жамырай жазды. Ғаламда біз білетін «себеп-салдар» заңдылығы бар. Себеп болған жайдың салдары болуы заңдылық ретінде қабылданады.

Мәселен, зат тасымалданды делік. Бұл осы жүкті таситын 10 килолық күштің бар екенін білдіреді. Берілген күштің 10 килолық жүк тасуға ғана шамасы жетсе, оған 15 килолық жүкті тасыта алмайсыз. Бұл – физиканың заңы. Үстелдің аспанда ұшып жүргені таңғажайып жағдай. Сол себепті де үстелді аспанға ұшыратын бір себеп пен күштің барын мойындаймыз. Алайда ол күшті көзбен көре алмаймыз. Бұл – рухтың күші. Рухтың күшімен үстел аспанға ұшты.

Осы орайда мына мәселенің де басын ашып алғанды жөн көрдім.

Кейбір рухани латифаларын (қарым-қабілет) дамыта білген кез келген жан ғайыптың сырларын меңгеруі әбден мүмкін. Хақ тағала рұқсат еткен шеңберде кейбір нәрселердің астарындағы сырды біліп, ғайыптағы кейбір жайттарды тамашалай алады. Бұл түгелдей тәнді рухқа бағындыруға қатысты мәселе. Мұндайға қол жеткізу үшін мұсылман, христиан яки яһуди болу шарт емес. Аллаһ тағала мұндай қарым-қабілетті рухын тәнінен азат еткен кез келген жанға нәсіп етеді, сондықтан тақырыптың басынан бастап, әулиелердің басынан өткен таңғажайыптарды, көріпкелдердің таңғажайып істерін, мысал және бәрзах әлеміне қатысты сырларды ашық көрсетуді адамдарды материалистік санадан арылту үшін ғана қолдандық. Осы мақсатта болмаса, аталған жайттардың қазіргі заман тұлғасына берер ешбір пайдасы жоқ. Батыста болсын, шығыста болсын осы тектес оқиғалар мен құбылыстар материалистік пікірге күйрете соққы беріп жатқанын ескеріп, метафизиканы дәйектей түсу үшін құрал ретінде қолдандық.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.