Рухтың кемелденуі үшін белгілі бір жол және жолбасшы қажет

Фетхуллаһ Гүлен: Рухтың кемелденуі үшін белгілі бір жол және жолбасшы қажет

Рухтың кемелденуінің өзіндік тәсілі, қағидалары бар. Осы қағидаларды басшылыққа алған кез келген адам өзінің қарым-қабілетіне қарай бірқатар оңды нәтижелерге қол жеткізеді. Рухты шыңдаудың қағидаларындағы ұсақ-түйек ерекшеліктерді айтпағанда, йога да, үнді медитациясы (факиризм) да, тіпті Исламдағы сопылық та белгілі бір жүйе мен тәртіпке қатаң түрде бағынады. Көне көз қариялар бұл жолдың басты ерекшелігін: «Аз же, аз ұйықта, аз сөйле (Сүкут-мүдам), адамдардан ұзақ бол (Узлет анил-әнам), зікір жаса (Зикр-мүдам), Аллаһқа түгелдей берілу (тәуәжжүһ таам)» – деп түсіндіретін.

Рухты шыңдау үшін тағамды тарта жеу өте маңызды. Әсіресе, құрамында протеині көп май, ет, жұмыртқа сынды тағам түрлерінен бойды аулақ ұстау қажет. Аз ішіп, аз ұйықтау шарт. Задында, Аллаһ елшісі де осы мәселені меңзеп: «Сендердің қарын байлап көп ұйықтауларыңнан, жалқаулыққа салынуларыңнан және имандарыңды әлсіретіп алуларыңнан қатты қорқамын»[1] – дегені бар. Негізінде, осы аталғандар бір-бірімен өзара байланысты, бір-бірін толықтыратын жайттар.

Көп ішіп-жейтін адам көп ұйықтайды. Көп ұйқы адамның иманындағы «йәқин», яғни кіршіксіз сеніміне нұқсан келтіреді. Басқа да келеңсіз жайттардың көбі осы аталғандардың кесірінен туындайды. Аз ішіп-жеген адам аз ұйықтаса, аз ұйықтайтын жанның сенімі де күн санап кіршіксіз болады. Рухының кемелденуіне қол жеткізуді ойлағандар аз ішіп-жеу, аз ұйықтау арқылы көкірек көзіне нұр беріп, мысал әлеміне қанаттануы қажет-ақ.

Игі нәтижеге апаратын шарттардың бірі – аз сөйлеу. Хазірет Омар (р.а.) айтқандай: «Көп сөйлегеннің қателігі де көп болады»[2]. Көп сөйлейтін көбіне бос сөз сөйлейді. Ал мұндайларға ғайып пердесінің ашылуы мүмкін емес.

«Сүкут-мүдам» – ұдайы үнсіздік деген мағынаны білдіреді. Адам баласы үнсіздікке шому арқылы бар ынта-ықыласын армандаған мәңгілік әлеміне аударып, пайдасы жоқ бос нәрселерден арылып, діттеген межесіне қол жеткізбек.

«Узлет анил-әнам» дегеніміз – «елден, көпшіліктен жырақ, оңаша болу» деген мағынаны білдіреді. Адам атаның ұрпағы көзімен, құлағымен күнә жасап, жүрек пен рухтың кір шалуына жол бермеуі қажет. Ал енді, қоғамның ортасында бұларды мейлінше таза сақтаудың қиындығы аса мол. Мұндай келеңсіздіктерден құтылудың ең ұтымды жолы – қоғам мен жұртшылықтың қайнаған ортасынан бөлек өмір сүру деп саналған.

«Зикр-мүдам» және «тәуәжжүһ таам» деген – адамның Аллаһты еске алуының атауы. Біреулер Мәсіхті, енді біреулер Будданы тәңірі санап, табынады. Ал біз Аллаһ тағаланы ұлықтап, Оның ұлы есімін жүрек төріне ұялатамыз. Осылайша «тәуәжжүһ таам» яғни Аллаһ тағалаға жан-тәнімізбен берілу халіне кенеліп, жаңа рухани биіктерге қарай шарықтай түсеміз.

Ғайыпты танып, көрмек болған кез келген адам осы аталған жолдарды басып өтеді. Күніне үш рет қарнын лық толтырып, тамақ жейтін, бос сөз, бөстекі әңгімемен көк мылжыңға айналған, Аллаһты еске алатын зікірмен еш шаруасы жоқ және көпшілік арасында ешбір пайдасыз істермен уақытын босқа өткізіп, күнәға батқан, көп ұйықтап, ғапылдыққа салынған адамның «менің алдымнан неліктен ғайып пердесі ашылмайды?» деп налитын еш жөні жоқ, өйткені нәтижеге қол жеткізу үшін сол жолдың шарттары мен ережелерін түгел орындау қажет. Ал осы нұсқауларды орындамаған пенденің рухани тұрғыдан тас қараңғылықта қалуы түсінікті жағдай.

Кез келген істің жөн-жобасы осы саланың қыр-сырын меңгерген жолбасшыға келіп тіреледі. Бір кездері өз бетімше жасаған риязаттың (рухани дүниесін кемелдендіру мақсатында аз ішіп-жеу, сопылық дәстүрлерінің бірі) салдарынан ауру-сырқауға шалдыққаным есімде. Сол кезде маған қол ұшын созған бір ғұлама: «Риязат ұстау үшін ұстазың болуы қажет. Ұстаздың рұқсатынсыз риязат жасалмайды», – деді. Шынында да, сол кісінің айтқандарының рас екеніне кейіннен көзім жетті. Риязат жасағысы келетіндер міндетті түрде ұстаз тауып, сол ұстазының бақылауында жасағаны жөн.

Осы орайда тағы бір маңызды мәселеге тоқтала кеткенді жөн көрдім. Мұндай іске ден қойғандардың жан-жүрегі мағына әлемінен жырақ және ниеті түзу болмаса (Аллаһ сақтасын) бірқатар жаман рухтардың зиянына, жын-шайтанның, түрлі жамандық иелерінің арбауына ұшырауы мүмкін.

Адам мұндай жолға ден қойғаннан кейін жолдың жөн-жобасы, қағидаттарын негізге алмаса, жол көрсететін ұстазы болмаса, жаңағы айтқан жаман рухтар адамды билеп алу қаупі бар. Мұндай жағдайда олар пендені өздерінің ойыншығына айналдырады. Жаман рухтарға арбалу кейде солардың әсерімен келетін шабыттану, ынталану, енді бірде үрей салу және қорқыту арқылы жүзеге асады. Мұндай жағдайда жаман рухтар адамды түгелдей өз пиғылдарына бағындырып, өз сөзін сөйлетіп, өз ісін жасатады. Кейбір адасуға бет алған топтардың мүшелері айтып жүргендей кейбіріне «Мәди», енді біріне «Мәсіх», келесі біріне «пайғамбар» екенін айтқызып, тіпті кейбіріне «Аллаһпын» деп шатасқанындай масқаралыққа апарады.

[1] Али әл-Мүттақи, Кәнзул-уммал, 3/460
[2] Ажлуни, Кәшфул-хафа, 2/361

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.