Дедублеман

«Дедублеман» – латынша «дублекс» сөзінен туындайтын, қосақ, егіз, сыңар мағынасындағы рухтың қабілет-қарымына қатысты айтылатын термин. Ислами әдебиеттерде бұл терминді «Ужуду мәуһибә-хаққани» немесе «Ужуду мәуһибә-раббани» деп атайды. «Елес дене» термині де осы мағынада қолданылады. Сонымен қатар, спиритуалистердің «фантом» ұғымы да көбіне «дедублеман» ретінде аталады.

Дедубле – мекен мен уақытқа тәуелді емес, өйткені ол нұрдан жаратылған болмыс. Айналасында «аура» деп аталатын жарық пен нұр шеңбері болады. Дедубле бір мекеннен басқа бір мекенге баратын болса кедергі мен қашықтыққа тәуелді емес. Оның бейнесін кез келген адам көре алмайды. Оны көру мүмкіндігіне руханиятқа көкірек көзі ашылған жандар ғана ие.

Мұндайда адамзаттың ардақты тұлғаларының бірі Ибн Аббасты (р.а.) мысал ретінде келтіруге болады. Аллаһ елшісінің(с.а.с.): «Раббым, оны дін ғұламасы қыл және оған тәуилді (тәуил жасау – сөздің астарлы мәніне үңіліп, ауыспалы мағынасын таңдау арқылы жорамал жасау) үйрет»[1] , – деп дұға жасаған ілімнің қайнар бұлағы саналатын осынау ардақты сахабаның жарық дүниемен қош айтысқан сәтін Мәймун ибн Михран (р.а.) төмендегідей етіп баяндайды:

«Ибн Аббас дүниеден озғанда, мен оның жанында болатынмын. Денесі кебінделіп жатқанда құсқа ұқсайтын бір нәрсенің оның кебіні мен денесі арасына қонақтағанын байқадым. Сосын өлікті арулап, қабірге қойған сәтте ғайыптан «Әй, жаны жай тапқан жан! Сен Раббыңнан, Раббың сенен разы болған күйде Хақ тағалаға қайт. Ізгі құлдарымызға келіп қосыл. Сондай-ақ жаннатыма кір»[2] деген аятты оқыған дауысты естідік. Сол жердегілердің барлығы аң-таң болып, әлгі үнді үн-түнсіз мүлгіп тыңдады .[3]

Хазірет Мәймунның құрметті сахабаны кебіндеп жатып көргені не болуы мүмкін? Әлбетте, ол тәнді тастап шыққан рухты, яғни дененің «дедублесін» көрген еді. Құдды Хақ тағала осы бір сүйікті құлын «Қош келдің!» деп, рухани болмыстарға ілтипат жасатқызып қарсы алып жатқандай еді. Хазірет Мәймун басынан өткен оқиғаны жоғарыдағыдай дәлелдермен және мыңдаған адамды куә қылып барып баяндаған. Онымен бірге болған мыңдаған адам Мәймунның айтқандарын жоққа шығармай, мақұлдауы бұл оқиғаның, бұл кереметтің растығын айғақтайды.

Осы екі мысалдың өзі материядан тыс нұр әлемінің бар екенін дәлелдеуге жетеді. Бұл әлемнің ерекшелігі сол біз өмір сүріп жатқан материялық әлеммен арасын жұп-жұқа шілтерлі перде ғана тұмшалап тұр. Қорыта айтқанда, шәһәдат әлемі (материялық әлем) – ғайып әлемін тұмшалап тұрған перде секілді. Шындықты білуге жаны құштар кез келген адам мұқият назар салса, табиғат пен физиканың астарынан іздеген ақиқатын бүкпесіз анық түрде көре алады.

[1] Бұхари, Ууду, 10; Фәзәил, 24; Мүслим, Фәзәилус-сахаба, 138; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 1/328
[2] «Фәжр» сүресі, 89/27-30
[3] Әбу Нуайм, Хилиятул-әулия, 1/329

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.