Дәрменсіздік дерті

Аллаһ елшісі (с.а.с.) сахих хадисінде былай деген: «Келешекте кітап иелері және өзге де ұлттар аш адамның дастарханға өңмеңдегеніндей сендерге анталап, ауыздарыңдағы несібені жырып алуға жанталасады». Яғни, тапқан-таянғаныңызды талан-тараж етіп, өзіңізді ту-талақайға салып талайды дегені. Сахабалар: «Уа, Расулаллаһ, олар сонда біздің аздығымызды басына ма?» – деп сұрайды. Сонда Расулаллаһ: «Жоқ, керісінше, сендер ол уақытта көп боласыңдар. Бірақ Аллаһ олардың мерейін үстем етеді. Ал мұсылмандарың мысы басылады. Яғни, жауыңның алдында қадірің қашып, сенімнен айырылып, салмағыңды сездіре алмайсың, осы кезде Аллаһ сендердің жүректеріңді уәһн (дәрменсіздік) дертіне шалдықтырады», – деп бұйырады.

Сахабалар: «Уәһн (дәрменсіздік) деген не?» – дейді.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Уәһн дегеніміз (жылт етпе) – дүниеге құмарту, дүниені бірінші кезекке қою және өлімнен қорқу»[1] , – деп жауап береді.

Иә, шынында да есіл-дерті нәпсіге ауып, Аллаһтың разылығы сынды ұлы мұратты ұмыту, қу дүниенің өткінші қызық-шыжығын Аллаһ разылығынан жоғары қойған адам «Лә иләһә иллаллаһ» десе де, оның жүрегі мен рухында шынайы туралық (дұрыс жолда болу) бар деп айта алмаймыз. Бұл жерде Пайғамбарымыздың: «Аллаһ сендерді дәрменсіз етеді, сендер де сол заманда қарсыластарыңыздың алдында жеңіліске ұшырайсыңдар» дегендегісі, басқа бір хадис шәріпте айтқанындай, жүректегі иман күшінің әлсіреуіне қарсы «Әмри бил мағруф, наһи анил мүнкәр» (жақсылыққа бастау, жаманшылықтан тыю), үшін қажыр-қайрат көрсетіп, еңбек етуден жалтару дегенге саяды. Осы тұста Құран ақыретте есеп беру мен имандылықты насихаттау сынды маңызды істердің елеусіз қалатынына назар аударады.

Олай болса, иманы күшті, рухы мықты, һәм дүниені де уысында ұстап тұра алатын тау қопарардай қайратты, қу дүниеге көзін де салмайтындай парасатты, дәрменсіздікке салынып, қорқынышқа берілмейтіндей сенімі күшті, жауының алдында таудай еңселі әрі сұсты, әр сөзінен мейірімділік төгіліп тұратын абыройлы ұрпақ өсіруді ұлы мұрат деп білгеніміз жөн.

[1] Әбу Дәуіт, Мәлахим, 5; Мүснәд, 2/359; 5/278.
Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.