Ата-ананың жауапкершілігі

Әр адам өз қарамағындағыларға жауапты. Бағып-қағу, көз қырын салу, қадағалау тұрғысынан істеген жақсылығы мен жамандығы амал дәптеріне жазылады.

Екі дүниенің сардары Пайғамбарымыз (с.а.с.) Бұхари мен Мүслім жеткізген бір хадисінде былай деп бұйырады:

«Әрбіріңіз жауапкерсіздер, өз қарамағыңыздағы-ларға жауаптысыздар. Мемлекет басшысы да жауапкер, ол қол астындағыларға жауапты. Әрбір жеке тұлға өз қарауындағылардың жетекшісі әрі бағыныштыларға жауапты. Әйел үйіне бас-көз әрі өз қарауындағы нәрселерге жауапты. Қызметші иесінің мүлкіне әрі өз қарауындағыға жауапты. Әрбіріңіз жауапкер әрі әрбіріңіз өздеріңізге бағыныштылардан жауаптысыздар»[1].

Балалардың жауапкершілігіне байланысты сөз қозғап отырғандықтан, мына бір хадис шәріп те осы мәселеге тікелей қатысты: «Әр сәби мұсылман болып туылады. Кейін, оны әке-шешесі христиан, иуда не отқа табынушы етеді»[2].

Иә, жаңа туған нәресте барлығына бейім пәк болып өмір есігін ашады. Содан соң оның аманатын сіз арқалайтын боласыз. Яғни, олардың тәрбиесіне жауаптысыз. Содан кейін, ол әке-шешесінің ырқымен иуда, христиан не отқа табынушы болуы мүмкін. Бұл жерде мына жағдайды да айта кеткеніміз орынды: кейбіреулер әке-шешесіне немесе өскен ортасына қарай имансыз болады. Ендеше, ұрпақ өсіруде әке-шешенің сенімі қаншалықты маңызды болған болса, тәрбие мәселесінде де діннің орны ерекше.

Жас өскін қалай қарай исек, солай қарай өсетін сәмбі талдың шыбығы секілді. Яғни, балаға өз рухымыз бен өз ұстанымымыз негізінде нәр беру, оны жат пиғылды адам болып өсуден қорғайды. Бұл жауапты іске салғырт, самарқау қарасақ, имансыз ұрпақтың әкесі болып шығуымыз да ғажап емес. Олай болса, оларға міндетті түрде рухымыздың нәрі мен сөлін дер кезінде бермесек, балаларымыздың жат мінезді болып кетуінің алдын ала алмаймыз. Бұл мәселеде бір сәт солқылдақтық танытсақ, бау-бақшамызды үсік ұратындығы сөзсіз. Сол үшін де қазіргі ғылыми-техникалық жетістіктерді де қолдана отырып, өз ұрпағымыздың пайдалы азамат болып жетілуіне мән беруіміз қажет. Бала тәрбиесіне селқос қарамай, олардың бұзылуына жол бермесе, ата-ана баласын қоғамға пайдалы, парасатты етіп жетілдірді деген сөз. Иә, бала тәрбиесіне жете маңыз бермесек, олар өзгелерге еліктеп, жаманшылыққа ұрынуы әбден мүмкін. Бала әйтеуір біреуіне бой алдырады. Бүгінгі таңда ата-аналар күн көріс қамында, мал табудың соңында жүрмін деп баласының тәрбиесіне жөнді мән бермей, келешегін көрер көзге аяқ-асты етуде. Сірә, бала тәрбиесіне ең бір жауапсыздықпен қаралған ғасыр осы ғасыр болар.

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Ақыр заманда әкелерінің кесірінен зиян тартатындардың халі қандай аянышты!» Сахабалар бұл сөздің мәнісін ұқпай, Пайғамбарымыздан:

– Әкелері мүшірік болғандықтан, қиындыққа ұшырай ма? – деп сұрайды.

– Жоқ, қайта мүмин әкелері оларға жамандық жасайды.

– Бұл қалай?

– Әкелері оларға діннің негіз-ұстындарын үйретпейді.

Бұл хадис шәріпті былайша түсіндіруге болады:

Мына болмашы дүние үшін біз дін парыздарын тәрк етудеміз. Елдің бетке ұстарлары адамның рухани қажеттіліктерін қаперден тыс қалдырып, материалдық игіліктерді ғана өмірдің басты құндылығына айналдырды. Бес күндік фәни дүние үшін рух пен жүрекке қажетті дүниелер тәрк етілді. Балаға діни білім берілмеді.

Жоғарыдағы хадис шәріпті мына бір Құран кәрім аятымен түсіндіруге болады:

«Жо-жоқ, сендер қарымы қайтатын істерді жақсы көріп, тез ләззат алуды көздейсіңдер. Ақыретке (немесе нәтижеге) көп көңіл бөлмейсіңдер».[3]

Аллаһ елшісі (с.а.с.) сөзін былайша жалғады: «Мен олардан аулақпын, олар да менен аулақ болсын».

Оның мағынасы: ұрпағына тәрбие беруді тәрк етіп, баласының рухани мешелдігіне көз жұма қарап, сай-сүйегі сырқырамаған, жаны сыздамаған ата-аналар менен аулақ болсын, мен де олардан алыспын дегенге саяды. Көкірегі ояу қандай әке баласын жамандыққа қисын, Пайғамбарымыздың бұл қатал ескертуінен кейін кез-келген мүмин қалғып кеткен енжар көңіліне найза жүгіртіп, өз ұрпағы үшін қам-қарекет жасары хақ. Ұрпақ жауапкершілігінің мұншалықты ауыр болатындығын естіп білген сәтте Омар ибн Абдулазиз талып қалып, күнұзақ өз-өзіне келе алмаған. Өліп қалады екен деп басына ел жиылып Құран оқитын. Өз-өзіне келгенде барып, Аллаһтан қатты қорыққандығы аңғарылатын. Иә, Омар ибн Абдулазиз қол астындағылардың жауапкершілігі менің мойнымда деп білетін, олардың құқын байқаусызда аяқасты етіп алмадым ба деп қатты уайым жейтін.

Ал, біз ше? Нәрестелердің рухы мен жүрегіне нәр бере алмай қапыда кетпегенімізді айта аламыз ба? Әйтпесе, балаларымыз үшін қаншалықты уайым жеп, қаншалықты қасірет тартып жүрміз?!

Байқап қарасаңыз, осы тұрғыдағы барлық хадистер бір жағынан сүйіншілейтін, екінші жағынан қорқытып үрейлендіретін сипатқа ие. Біз де мәселенің мәнін осылай ұғындыруды жөн көрдік. Дегенмен, тындыратын ісіміз әлі де болса бастан асады. Балаларымызды жетілдіруде, олардың қалыптасуында Исламның бізге жүктеген жауапкершілігі аз емес. Жоғарыда айтып өткен жайттарды алдағы бөлімдерде кең көлемде талқыламақпыз. Балаларымыздың сезімтал, терең ойлы, көркем мінезді әрі діндар, тақуа болып өсуі біздің үлгілі әке, үлгілі тұлға ретінде қаншалықты қалыптасқанымызға байланысты екенін тағы да еске саламыз.

а) Балалар арасында әділ болу

Балалар арасында әділ болудың басты шарты – балаларымыздың бірін екіншісінен артық көріп, алаламауға тиістіміз. Иә, бұл мәселедегі қия басқан қадамымыз олардың шайдай ашық көңілдеріне қаяу түсіріп, қадіріміздің қашуына әкеп соғуы әбден мүмкін. Аллаһ елшісінің осы мәселеге қатысты мына бір өнегелі сөзі қандай орынды айтылған десеңші:

Нұғман ибн Бәширдің (р.а.) әкесі, яғни, Бәшир (екеуі де Бәдір соғысына қатысқан мұсылмандар) бір күні:

– Уа, Аллаһтың елшісі, өзге балаларым да бар. Бірақ, Нұғманым бір төбе. Рұқсат етсең, дүние мүлкімнің көбірегін Нұғманға бергім келеді, – дегенде, Пайғамбарымыз (с.а.с.):

– Өзге ұлдарыңа да сол мөлшерде бердің бе? – деп сұрады. Бәшир:

– Жоқ, – деді.

Расулаллаһ басқаларына да ескерткісі келгендей көтеріңкі дауыспен:

– Аллаһтан қорқыңдар әрі балаларыңа әділ қараңдар, – деді.

Артынша Бәширге бұрылып:

– Сен балаларыңның барлығы бірдей өзіңе құрмет көрсетуін қалайсың ба? – деді.

– Иә, қалаймын – деді ол.

– Ендеше, бұлай жасаушы болма[4] – деген еді.

Бұдан шығатын қорытынды, біз де Пайғамбары-мыздың (с.а.с.) өсиетін орындап, балаларымыздың тек біреуіне ғана баса көңіл бөлмей, бәріне де тең дәрежеде қарауымыз керек. Біреуін өзгелерінен артық санау басқаларының өкпелеуіне апарады. Тіпті әділетсіздікті сезінген жағдайда әкеге деген құрмет те сұйылуы мүмкін.

Аллаһ елшісі бұл түйткілдің түйінін көрсетіп, мәселені ұлғайтпай, әу бастан дұрыс қолға алу керектігін алға тартады. Біреуіне ғана айрықша ілтипат көрсетер болсаңыз, бұл өзгелердің қызғанышына шоқ тастайды, олар бір-біріне қызғана қарағаны былай тұрсын, тіпті кейде бір-бірімен алакөзденіп, жауласуы да ғажап емес. Бұл мәселені психологияның тар аясына салып түсіндіруден аулақпыз. Бар айтпақ болғанымыз, Құран кәрімнің рухқа қуат беретін ескертуінің шындық екенін, адамның табиғатына сәйкес екенін ұғуға тиістіміз.

Жүсіп (а.с.) түсінде ай мен күннің және жұлдыз-дардың өзіне сәжде еткенін көргені белгілі. Бұл түсін әкесіне жорытады. Сонда әкесі: «Балам, бұны бауырларыңа айтпа!»[5] деген еді. Пайғамбарлық парасатымен адам табиғатын жақсы түсінген әкесі бұл қуанышты жайттың өзге бауырларының қызғанышын тудыратынын, яғни мұндай таңғажайып түстің нәпсісін жөнге сала алмаған адамдардың іштарлығын оятатынын бажайлаған-ды. Өкінішке қарай, әкесінің қаупі расқа шығып, бауырлары Жүсіпті өлтіру үшін терең құдыққа тастайды. Бұл оқиғадан түйгеніміз, қызғаныш өз арнасынан асып, пайғамбар отбасының өзін өкінішті жағдайға ұрындырған екен.

Иә, балаларыңыздың біреуіне ғана мейіріміңізді төгіп, өзгелеріне көңіл бөлмесеңіз, осы ісіңіз арқылы олардың арасындағы күндестік отын лаулатып, алауыздыққа жол ашасыз және өз ұрпағыңыз өзіңізге жауығады.

Жақынымыз бар, қасымыз бар, іштей ақылға салып, парасатпен пайымдаған жөн. Сіздің өте жақын әрі қоян-қолтық араласатын бір досыңыз бар делік. Сол досыңыз сізге еш күтпеген оқыс әрекет жасаса, сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да бұл жағдай миыңыздың бір қатпарында жазылып қалатыны анық. Әрбір оқиға маңызына қарай адам көңілінде із қалдырады. Келесі осыған ұқсас жайт қайталанған кезде жаныңыздың бір қалтарысында бұғып жатқан таныс сезім қайта толқып, бетке шығады. Мінеки, көңіліңізде кірбің болып қалып, жабулы қазан күйінде жасырын жатқан ашу-ыза, күндердің бір күні сыртқа ақтарылған кезде, сіз: «Мен сіздің осындай адам екеніңізді бұрыннан білгенмін» дегізуі әбден мүмкін.

Мұндай жағдайлар қайталана берсе үсті-үстіне қордаланып, түбінде сыздауықтай жарылмай қоймай-тынына сеніңіз. Ондайда көптен бері жаныңызды сыздатып, көңіліңізге кірбің ұялатқан жайтты лақ еткізіп бетіне айтуын айтқанмен, артынша бұл қылығыңызға өкініп, ұялған тек тұрмас дегендей, өз нәпсіңізді қорғап бағасыз. Баланың жадында қалып кеткен жағымсыз бір естелік кезекті бір әрекетіңізбен қайта оянуы мүмкін. Сізге іштей өшіккен бала айтқаныңызды құлағына қыстырмайтын тілазарға айналады.

Әсілі, бұл, мәселенің тек бір қырын ғана қамтиды. Асықпай-аптықпай тағы бір мәрте үңілейікші. Үңілгенде не байқауға болады? Әрине, аталмыш мәселенің біз ойлағаннан да әлдеқайда күрделі, терең екенін, алдын алмаса ушығып кететін жағдай екенін байқаймыз. Нақтырақ айтсақ, мәселе одан сайын ушыға түспек. Әнтек қылықтарына жай ғана балалық деп қарап, оның сезімдерінің келешекте неге апарып соқтыратынын есепке алмасаңыз, күндердің күнінде жаңылыс әре-кетіңізден туған зардаптың құрбаны өзіңіз болып кетуіңіз әбден ықтимал. Бала үйдегі аяр әрекеттер мен келеңсіздіктерді көңіліне түйіп, қаперіне ала қоймайды деп ойлайсыз. Алайда, болған жайттар баланың ақ парақтай көңіліне дақ қалдырады. Күндердің күні, толғағы піскенде, ойға түйгенін ортаға салары анық. Кейде, ұзақ уақыт бойы булықтырып келген мәселе сыртқа тепкенде отбасының шырқы бұзылып, ата-анасы аңырап, шаңырқ шайқалуы ықимал.

Ендеше, перзент сүйгісі келгендер белгілі бір дәрежеде психолог, педагог болуы керек. Жоқ дегенде, Құранның бұл мәселедегі ұстын қағидаларымен танысып, «бисмиллаһ» деп жаңа өмірге қадам басқаны жөн.

Иә, бала өсіру біз ойлағандай оңай нәрсе емес. Мен ара шаруашылығымен айналысып көрмекші болдым. Сол үшін араны танып білу курсынан өттім. Оларды бағып-қағудың өзі қаншалықты қиын екеніне көзім жетті. Сол себепті адамзат баласы міндетті түрде кемел ұрпақ өсірудің жолдарын білгені ләзім. Қоғам үшін ізгі ұрпақ тәрбиелеуі керек. Адам баласы тәрбие арқылы жаратылыстағы ең кемел тіршілік иесі болу қабілетімен қоса ең азғын болмысқа айналуы да әбден мүмкін. Ендеше, ізгі тәрбиемен адамның кемелдік шыңына әуелеп қанаттануына жағдай жасауымыз қажет.

б) Балаларға мән беру

Аллаһ елшісі балаларға ерекше мән беретін. Алдынан жүгіріп шыққан бүлдіршіндерге мейірім көрсетіп, ізет білдіретін. Бірін арқасына мінгізсе, енді бірін құшағына алып, өзіндей көріп, тең қарап, барлығына шаттық сыйлайтын.

Аллаһ елшісі көшеде кетіп бара жатып ойнап жүрген балаларды көрсе болды, үлкен адамдарша құрметтеп «Ассаламуаләйкум!» деп амандасатын. Олар «Уа аләйкум салам, уа, Аллаһтың елшісі!»[6] деп жауап қататын. Расулаллаһ балаларға ерекше көңіл бөлетін. Егер бір бүлдіршінге «Саған пәлен уақытта мына нәрсені беремін» деп уәде берсе, үлкен адаммен уағдаласқандай дәл уақытында сол уәдесін орындайтын.

в) Сенімділік ұялату

Адам баласын жерге қарататын жайттардың бірі – «Жан адамға сенбе» деген жаңсақ түсінік. Әрине, бұл көзқарас түбірімен қате. Пайғамбарымыз (с.а.с.) әрдайым «сенім білдіру» мәселесін жан-жақты түсіндіретін, маңайындағы бүлдіршіндер үшін өзі де «сенімділіктің» үлгісі бола білді. Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) барлық адам үшін «Сенімді» адам болатын. Балалар үшін де сондай еді. Мұндай тұлғалардан тұратын ұлттардың да сенімді болары сөзсіз.

Расулаллаһ: «Балаларына мейірім танытпағанға Аллаһ та мейірімін төкпейді»[7] деп, үмбетін балаларға, қала берді барша болмысқа мейірімді болуға шақырады. «Балаларды сүйіңіз, уәде берсеңіз, міндетті түрде орындаңыз. Олар сөзіңіз бен ісіңізден қайшылық көрмесін, жас бүлдіршін көңіліне қаяу келетін адамның табиғатына жат, өзіне жат әдеттерден аулақ болсын» деген өсиеттері арқылы тәрбиедегі ең маңызды жайттарды нұсқап кетті.

Аллаһ елшісі бір хадисінде: «Егер біріңіз балаңызға уәде берген болса, уәдесін міндетті түрде орындасын» деген. Бұл дегенің, «бала ғой, алдай салсам ештеңе етпес» деген қасаң ұғымның дұрыс емес екендігін көрсетеді.

Иә, әрбір немқұрайды қылығыңыз ұрпағыңызға өзінің кері әсерін тигізеді. Сол себепті ата-ана әр ісінде тура болғаны жөн. Онсыз да тура жолды таңдаған (сиратул мүстақим) сіздер әрбір істе тура болуға тиіссіздер.

Иә, балаларыңыздың «Әкем өтірік айтты», «Анам уәдесінде тұрмады», т.б. деген ойға берілуіне жол бермеуіңіз керек. Олар сізді әрқашан жақсы көріп, аса жомарт, өзінен гөрі өзгелердің қамын ойлайтын, турашыл, мүмін, мүслім, сабырлы, тақуа, намысты деп білуі тиіс.

д) Тәрбие кезеңдері

Бала білуі тиіс жайттарды ғана біліп, қажетсіз, пайдасыз жайттарды білмегені жөн. Жүрегі мен рухына азық болар діни, ұлттық құндылықтарды біліп, жасына қарай пайдалы білім алғаны дұрыс. Бұл мәселеге алдағы бөлімдерде кеңінен тоқталып өтпекпіз.

Нәрестенің тамақтануы жайында педиатрдан «осы аптада немесе алдағы айда балама қандай азық берсем болады» деп кеңес сұрағанымыз секілді бұл мәселеде мамандардан «бес жасындағы балама не істейін», «он жасындағы балама не істесем болады», «он бес жастағы балам бар, оған не үйретейін» деп сұрап, олардың ақыл-кеңесіне құлақ түргеніміз абзал. Жақсы тәрбиеші мамандардың пікіріне құлақ асып, балаларымызға ізгі тәрбие берсек ұтылмайтынымыз анық.

Иә, әрбір ата-ана мәселенің хас маманына барып, олардың ақыл-кеңесінің, әдіс-тәсілінің негізінде баланы тәрбиелесе, қателесе қоймайды. Балаңыз лицейге (орта мектептен жоғары сынып) бару жасына келгенде ешқандай дәлел-дәйексіз «дінге бет бұр» деудің қажеті шамалы. Бұлай істесек, баланың құбылмалы көңілі Аллаһты жоққа шығаруы да ғажап емес. Сол себепті, бұл кезеңде ғылым мен діни ілімді ұштастыра отырып, түсіндірсек, тек тура жолды қабылдайтын бала жүрегі Ұлы Жаратушының құдіретіне мойынсынуы мүмкін. Алайда, мектеп табалдырығына енді ғана қадам басқан (бастауыш сынып) жас балғынға философияны түсіндіріп, басын қатырудың қажеті жоқ. Ендеше, бүлдіршіннің жас мөлшеріне қарай – оның немен ауқаттану керектігін анықтайтын дәрігер секілді – баланың танымына қарай діни құндылықты бойына сіңіруге тиіспіз.

[1] Бұхари, Жұма, 11; Жәнаиз, 32; Истиқраз, 20,. Уасая, 9; Итк, 17, 19; Никах, 81, 90; Ахкам, 1; Мүслім, Имарә, 20.
[2] Бұхари, Жәнаиз, 80; Тәфсури сүрә (30); Қадар, 3; Мүслім, Қадар, 22, 23, 24.
[3] «Қиямет» сүресі, 20-аят
[4] Бұхари, Хибә, 12-13; Нәсаи, Нухл, 1; Тирмизи, Ахкам, 30; Ибн Мажә, Хибә, 1; Тайалиси, 1/280.
[5] «Жүсіп» сүресі, 12-5-аяттар
[6] Әбу Дәуіт, Әдеп 135, Ибн Мажә, Әдеп 14; Ибну Әбу Шәйба, 5/61
[7] Хәйсәми, Мәжмауз- Зәуаид, 8/155
Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.