Үйлену мақсаты

Отбасы ұрпақ жалғастырумен ғана шектелмейді, ол – қоғамның ең өміршең бөлшегі, елдің мәйегі. Сол себепті, біле білгенге ол – қасиетті шаңырақ. Қасиеттілігінің ең айқын нышаны – ақ неке. Белгілі бір ұстанымдар шеңберінде екі жастың қол ұстасып, өз қалауымен бас қосып шаңырақ көтеруін «неке» деп атаймыз, өйткені неке мақсаты бар келісімді білдіреді. Неке ұстанымдары сақталмаған отауға Аллаһ тағаланың «қырын» қарайтыны белгілі.

Дін «некемен» болған осындай адал жұптасуды ұлттың негізі, іргетасы, тірегі ретінде қабылдайды. Алайда, адал жұптасудың өзі бір мақсатқа негізделеді. Мақсатсыз, бағдарсыз, ойланбастан жасалған некенің баянсыз болатынын білгендіктен, мұсылман бұл мәселеде асқан байыптылық әрі қырағылық танытуы тиіс. Иә, ер мен әйелдің қосылуындағы мақсат – Аллаһ пен пайғамбарға ұнайтындай лайықты ұрпақ өсіру.

Мақсатсыз үйлену – ниетсіз амал тәрізді, ол берекесіздігін, су бетіне жылтырап шыққан май секілді бар шикілігін байқатпай қоймайды. Белгілі бір мақсаты жоқ адамның сенімінде де сызат бар деген сөз. Көлденең көк аттымен, еш танымайтын біреумен сыртқы сұлулығына бола бас қосудың арты ерлі-зайыптылардың дәм-тұзы жараспай, ырың-жырыңымен аяқталып жатады. Әсіресе, Құранды өмірлік бағдаршамына айналдырған жан мен Құранға жат тартқан жанның, Аллаһ елшісін танитын, жақсы көретін жан мен оны танымайтын, танығысы да келмейтін жанның отбасында қайшылық пен кикілжің кенде болмайды.

Белгілі бір мақсат бойынша шаңырақ көтеру – бас-аяғы ойластырылған, ыстық сезім мен нұрлы ақыл қатар жүрген баянды неке. Ондай шаңырақтар бақытқа кенеледі. Артының неге апарып соғатынын, нәтижесін бажайлап жатпастан, ешқандай мақсатсыз атүсті үйлене салудың аяғы түрлі қиындықтарға барып тіреліп жатады. Ондай отбасындағы адамдар өздерін бақытты сезіне алмайды.

Дініміз жігіт пен қалыңдықтың алға мақсат қоя отырып үйленуін сауапты әрі құптарлық іс ретінде бағалайды. Адамның әр ісінде белгілі бір мақсат болуы тиіс. Сонда ғана адам әр шешімінде табандылық танытады, мақсатына жетуге талпынады. Егер белгілі бір мақсатты көздемесе, өмірде істері алға баспайды әрі ешқашан арманына жете алмайды. Мұны «әдіс», «тәсіл» немесе мақсатты көздеу тұрғысынан «меже» деп атасаңыз да болады.

Бір сөзбен айтқанда, іс-әрекетімізде мақсат болмаса, жетістікке жетуіміз мүмкін емес.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.