Ізгі амалдарды ізгі кісілер арқылы таныту керек

Ізгі амалдарды салиқалы, ізгі кісілер арқылы таныту ата-анадан гөрі мұғалім мен тәрбиешіге көбірек қатысты мәселе.

Иә, балалар мен жастар ізгі амалдардың не екенін үйренуі керек, алайда жалаң үйреніп қана қоймауы тиіс, мұндай жоғары құндылықтар ізгі кісілер арқылы танытылуы әрі жақсы істердің сол тұлғалар арқылы жадыға жатталуы аса маңызды. Олардың балғын санасында құлшылығымен дараланған ұлы кісілер жатталатын болса, бала өзі жүріп келе жатқан жолдың өзіне дейін ұлы тұлғалардың жүріп өткен даңғыл жол екенін біледі, әрі осы жолда жүрудің барша ләззатын татады. Белгілі бір жасқа келгенде күніге осыншалықты намаз оқитын немесе жылдың көптеген күндерінде ыстық-суық демей ораза ұстайтын адамның Аллаһтың алдында ең ізгі жан екендігіне сеніп, сондай болуға ынтығып, ұмтылғаны дұрыс. Сонда ғана істеген діни амалдарының мәніне бойлап, кездескен дауылдарға мойымайтын болады.

Аллаһ елшісі: «Мына дәуірде екіжүзділер бұқ-пантайлап, өз қылықтарын қалай жасыратын болса, бір күні мүминдер де сенімдері мен амалдарын солай жасыратын болады»[1], – деген.

Кей кезеңдерге тән осы дерттен жас ұрпақты бала кезінен сақтандырып, кейінгі күндерінде сүрінуіне жол бермеу керек. Кейіннен оларға діннің арлы, абыройлы адам дәрежесіне жеткізетінін ұқтырып, Аллаһтың бұйрықтарын шын көңілмен орындайтындай етіп тәрбиелеу керек.

Осы тұста өмірде болған бір оқиғаны айта кеткім келеді. Ата-анасы жақсы тәрбиелеген бір бала бірде ұстазының өміріне оң ықпал еткен еді. Ұстазы адамгершілігі мол болғанымен, діннен хабарсыз жан еді. Дінсіздік оны күн санап рухани тұрғыдан жалмап бара жатқандай күйде еді. Бала дін ақиқатын іштей терең сезінетіндіктен бір күні артқы партада отырып еңіреп жылап жібереді. Мейірімді ұстазы одан жылауының себебін сұрайды. Бала: «Сізге қатты жаным ашиды», – деп, іле мәнісін былай түсіндіреді: «Құдайға сенбегеніңіз үшін бір күні жазасын тартасыз-ау деп сізді аяп жылаймын». Дымын ішіне тартқан әйел ләм-мим деместен үйіне қайтады, кейіннен арада бірнеше күн өткенде, жүрегіне сенім ұялаған ақжарқын пейілмен шәкіртінің қасына келіп, қуанышын бөліседі.

Анығында бұл балаға иманмен қоса ізет те сіңіріл-ген. Шын мәнісінде, ізет – Аллаһқа тән сипаттың бірі.[2]

[1] Али әл-Мұттақи, Кәнзул-Ұммал, 11/176.
[2] «Ниса», 4/139; «Юнус», 10/65; «Фатыр», 35/10; «Мұнафиқун», 63//8.
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.