Құранға құрмет

Балаларға Құран оқуды үйретудің маңызы зор. Алайда бұдан да маңыздысы: Құран оқырда балаға бұл кітаптың Аллаһтың қасиетті кітабы екенін ұқтыру. Бүгінгі таңда жиі ұшырасатын жайттардың бірі – кей кісілер Құранды оқуын оқығанымен, ішкі мәніне бой-лап, тереңіне үңіле алмайды. Яғни, мәні мен мағынасына жете үңілмей, маңызын сезінбей атүсті оқиды. Құранды Раббының алдында, яки Пайғамбарымыздың қасында оқып отырғандай оқи алсаңыз, маңайыңыздағылардың да жүректеріне жол табасыз. Иә, егер Құран оқығанда көзіңізден аққан жасқа ие бола алмасаңыз, мұны көрген балалар сізден көп нәрсе үйренеді. Мен Құранды байыбына бармай оқу салдарынан адамдардың сезімі біртүрлі семіп кеткен-ау деген ойдамын.

Бір хадисте Аллаһ елшісі: «Адамдардың ең әдемі Құран оқығаны – Құранды күңіреніп отырып оқығаны»[1], тағы басқа бір сахих хадисінде «Құран күңіреніспен түсті»[2] деген.

Құран мұң-қайғысы бір бітпейтін адам баласына арналып түскендіктен, біз де осы мұңды тілге тиек етуіміз керек. Алайда мұндай деңгейге жетудің аса маңызды жолы – Құранның не айтқысы келгенін білу. Аллаһтың сөзі болғандықтан, Құранға құрметпен қараймыз, дегенмен Аллаһтың сөзі болғандықтан, мағынасын ұғуға аз да болса талпыныс жасау – ол да Құранға деген құрметтің белгісі. Бұған қоса, сіздің осы талпынысыңызбен балаңыз да Құран кәрімге тән мағыналарды жүрегі мен санасына сіңіріп, өз кезегінде рухани аштықтан құтылады.

Тек Құран жайлы түсініктермен шектелген адамның діни пайым-парасаты толық болмайды. Құран түсінігінен мүлдем мақұрым адамдарға келсек, олардың жағдайы өте мүшкіл, аса ірі зиянда деген сөз. Құранның адамдарға уәде еткендеріне қол жеткізу үшін Құран сөздеріндегі қасиетті мағыналарды үйреніп, балаларымызға да үйрету қажеттігін тағы да еске салған артық емес.

Жоғарыда айтылған хадистің түсіндірмесінде Хафыз Мүнауи мынадай оқиғаны баяндайды:

Кішкене бір бала Құранды бастан-аяқ жаттап, хафыздығын тамамдаған еді. Таңға дейін Құранды қайталап, намаз оқығандықтан, ертесі күні ұстазының қасына барады, бірақ өңі бозарып тұрады. Ұстазы нағыз тәлімгер жан еді. Шәкіртінің өңі солғын тартып тұрғанын байқап, басқа шәкірттерінен оның мәнісін сұрайды. Олар: «Ұстаз, ол таңға дейін көз ілмей Құранды қайталайды, ертесінде сол күйінде сабаққа келеді», – деп жауап береді. Ұстазы Құранды бұлай оқымау керектігін айту үшін әлгі шәкіртін қасына шақыртады. Оған: «Құран о баста қалай түссе, солай оқылуы керек. Бүгіннен бастап сен Құранды қазірге дейін оқып келгеніңдей емес, оны оқығанда қасыңда мен тұрғандай сезін, ұстазыңа сабақ айтып жатқандай бол», – дейді.

Бала сол түні бас алмай Құран кәрімді оқып, ертесі ұстазына келіп: «Ұстаз, бүгінгі түні Құранды тек жартысына дейін ғана оқи алдым», – дейді. Ұстазы: «Енді сен оны тікелей Аллаһ елшісінің қасында тұрғандай оқы», – дейді. Шәкірті: «Мен өзіне Құран түскен кісінің қасындамын. Дұрыс оқуым керек», – деп аса зейін қойып оқиды, ертесі ұстазына бұл жолы Құранның төрттен бірін ғана оқи алғанын айтады. Ұстазы: «Сен енді Құранды Жәбірейіл періште Пайғамбарымызға оны жеткізіп тұрғанда оқығандай оқы», – деп тапсырады. Шәкірті сол түні бір сүре ғана оқуға шамасы жеткенін айтады. Бұл жолы ұстазы: «Сен енді Құранды Аллаһ тағаланың алдында тұрып оқығандай оқы. Оқығаныңды Аллаһ тыңдап тұр, түсірген сөзін сен арқылы тексеріп жатыр деп ойла», – деп тапсырады. Шәкірті ертесі жылап келіп: «Ұстаз, «әлхамду лиллахи раббил-аламин», – дедім. «Мәлики йәумиддинге» дейін келдім, бірақ «ийәкә набуду» дегенге тілім бармады, өйткені мұның мағынасы Саған ғана құлшылық жасаймын дегенге саяды. Алайда, байқасам, менің құлдық ұрып кеткен нәрсем көп екен. Сол себепті Жаратушыға тек Саған ғана құлшылық жасаймын деуге «ийәкә набуду» дегеннен ары аса алмадым», – дейді.

Хафыз Мүнауи бұл жас баланың көп өтпей, осы оқиғадан бір-екі күн өткеннен кейін қайтыс болғанын айтады. Оны осы деңгейге жеткізген ұстазы оның қабірінің басына барып тұрғанда, шәкірті ұстазы еститіндей дауыспен: «Ұстаз, мен «Таййим» деген аса биік дәрежеге жеттім, ешқандай есепке алынбадым», – деген екен.

Құран кәрімнің мағынасын ұғынып, әр сөзіне үңіліп, «Раббтың кәламы» деп құрметтеу, ұқыпты ұстау, маңдайын тигізіп, тіпті сүйіп қою, асықпай баппен оқу – Құранға деген құрметті білдіреді. Мұндай шынайы сезім оқығанды да, тыңдағанды да Құранның ауанына тартып, еріксіз еліктіріп әкетеді.

Осы оқиғаны не үшін айттық? Құранды дәл сол хафыз бала секілді оқу шарт деуден аулақпыз. Мақсатымыз – Құранның бізге не айтпақ болғанын, рухымызға әсерін, қандай мәселелерге көбірек тоқталуымыз керектігіне көңіл бөліп, оның бізге арналғанын ұқтыру ғана. Рухымызда үлкен серпіліс жасамаса, оқығанымыздың жеке басымызға да, қоғамға да ешбір пайдасы тимейді. Құранды оқу арқылы біздің жан сарайымыз өзгеруі керек, тереңіне бойлап, өз деңгейінде түсінуіміз керек, сонда ғана ол бар інжу-маржанын көз алдымызға жайып салады.

Тақырыпқа қайта оралайын. Иә, ол жігіт өлмеді. Бар болғаны Аллаһтың қасына жол тартты. Құранның пәк жүректерге жол тартар қатты толқынысынан жүрегі тоқтап, Раббына жол тартты. Әрине, оның мәңгі-бақи әлемге аттанатыны белгілі еді. Ол «Ийәкә набудудан» аса алмай, таңға дейін тек қана соны қайталаумен болды. Тағы бір басқа кісі осыған ұқсас жайтты Қағбаға барғанда бастан өткерген. Маңдайын Қағбаның қабырғасына сүйеп тұрып өз-өзіне: «Я, Раббым!» деп ары қарай тілі күрмеле береді. «Екіжүзділіктен қашан арыласың? Осыны айтуға қалай тілің барып тұр» деп ар жағын айта алмай тұрып қалған екен. Міне, осы оқиға болсын, бағанағы жастың басынан өткен оқиға болсын, өзге біреуге түсіндіруге не сездіруге келмейтін бір мезеттік сәттер. Кейіннен мұны өзі де түсіндіре алмауы мүмкін.

Егер сіз осы жағдайды үй ішінде орната алсаңыз, Құранға ынтықтығыңызды, Аллаһ елшісінің шынайы үмбеті екендігіңізді іс жүзінде көрсете алсаңыз, алыс-жақын маңайымыздағылар көктемнің нөсерімен дүр етіп көктеп шыға келген көктей дереу тіршілік белгісін танытып, «қайта тіріліп», қоғамдық өміріміз періштелер мен рухани болмыстар қызыға көз тастайтын күйге бөленер еді.

а) Жерітіп алмау

Бертінгі тарихқа қарасақ, бізде және басқа да Ислам елдерінде өскен ұрпақтың діндегі жеңілдетуші және сүйіншілеуші хабарлардың мәнін дұрыс ұғына алмағанын байқаймыз. Тіптен, осы тұрғыдан тым шектен шығып кеткені байқалады. Оқиғаның мән-жайын ақылға салып, шынайы жүрекпен бағамдасаңыз, мұның себебі мәселелердің ішкі мәніне бойлай алмаудан туындайтын таяздық пен селқостықта жатқанын көресіз.

Аталмыш кезеңде мүминдер «Аллаһқа иман еттік» деуін дегенмен, бұл сөздің астарын ұға алмай, сыртқы әлем мен ішкі әлем арасындағы үйлесімді сақтай алмай, дінге, руханиятқа қатысты ұғымдарды жеткілікті деңгейде терең түсінбеген. Өкінішке қарай, мектептерге дін сабағы енгізілген күннің өзінде осындай мүмкіндікке қарамастан кейбір дін не тәрбие сабағы мұғалімдері Құранды жаттатумен ғана шектеліп, тіпті дінге қызығушылығы жоқ балаға қате тәсілдерді қолдану арқылы олардың бойындағы дінге сәл де болса құрмет сезімінің өзін жойған. Мұны балалар діннен алыстасын деп әдейі жасамайды, алайда ғасырлар бойы түзетілмей келе жатқан үлкен қателіктердің бірі әлі жойылған жоқ.

Менің өз басым, қазіргі уақыттың өзінде Аллаһ-тың бізге нәсіп еткен игіліктерін толық пайдалана алмай отырмыз деген ойдамын. Ұрпағымыз дін туралы мыңдаған күдік-күмәннан арыла алмай жатқанда біздің міндетіміз: олардың көкейіндегі күдік-күмәнға толы сұрақтарына тұшымды жауаптар беріп, сенімдерін нығайту, дінді үйрету, Аллаһты сүйдіру, Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілікті ақыл-қисын шеңберінде жүректеріне сіңірудің орнына біз бұларды бір шетке ысырып қойып, олардың дінге кейін өз ынта-ықыласымен келуін маңызды санап, жайбарақаттыққа салынамыз. Иә, дін тек белгілі бір ережелердің жиынтығынан ғана тұрмайды. Оны балаға жаттатумен ғана шектелсек, бала Құдай сақтасын, діннен суып кетуі мүмкін. Алғашқы дәріске қатысып, келесісінде төбе көрсетпей кетуі ғажап емес. Алты айлық балаға ересектердің тамағын бере алмайсыз ғой, сол сияқты белгілі жасқа келгенге дейін баланы ананы жатта, мынаны оқы деп қинамаған жөн. Бәлкім, сана-сезімі толысқаннан кейін өзі де уақыт өте келе дінге ден қойып, дұрыс жолға бет бұруы мүмкін. Мәселе сүйіндіру, ойландыру, тәлім беру шеңберінде қолға алынуы керек. Осындай тәсілді ұстанбай байғұс балалардың есін шығарып, он екі, отыз екі, елу екі парыз деп кейбір сандарды жаттата берсек, аңдаусызда баланың дінге деген жеккөрінішін тудыруымыз мүмкін. Бұл қайта оларға жасалған қиянатпен тең.

Мүминдер бұл тұрғыда өте мұқият болғаны дұрыс, дінді міндетті түрде барлық жағынан сүйдіруі керек. Түрлі математикалық сандармен миын қатырғаннан гөрі баланың ақыл-ойын өсіріп, рухани өресін биіктетуге жұмыс жасаған дұрыс. Оларды Құранға ғашық ету керек, балалар Құранды үйренуді, Аллаһтың мақсатын ұғынуды биік арман деп танып, тіпті «Иә, Жасаған ием! Маған дінді түсінуді, Құран кәріммен сусындауды нәсіп ете гөр!» – деп ойлап, өмірін осыған негіздей білуі тиіс.

ә) Парыз бен нәпіл ғибадаттарды жүйелі түрде жалғастыру

«Отбасыңа намазды бұйыр, өзің де оны төзім-ділікпен жалғастыр. Сенен ризық сұрамаймыз. (қайта) Біз сені рызықтандырамыз. Игілікті нәтиже тақуалар үшін»[3].

Қандай жағдай болса да, ата-аналар діни міндет-терінде кемшілікке жол бермеуі керек. Бала құлшылыққа қатысты істерде ешқашан кемшілік көрмеуі тиіс. Ғаламның мырзасы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ұдайы орындайтын түнгі тахажжуд намазы, жеке зікірлері, түнде тұрып оқитын арнайы дұғалары болатын. Ол бұл зікірлерді уақытында орындай алмай қалса, қазасын өтеу қажет болмаса да қазасын өтейтін. Үй ішінде де, сыртта жүргенде де, құлшылықты ешқашан тәрк етпегенін осыдан анық байқауға болады.

Сахабалар бір басталған құлшылықтың кейін де жалғасуы тиіс екенін жақсы ұққан. Сол кезеңнің асқан тақуаларының бірі саналған Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас (р.а.) күн сайын ораза ұстап, таң атқанша намаз оқығысы келетін. Әкесі үйлендіргенде бірнеше күн бойы әйелінің қасына жоламай қойып еді. Бұл жағдайды әйелі қайынатасы арқылы білдіргенде, Абдуллаһ ибн Амр Пайғамбарымызға жолығуға мәжбүр болды. Әйелінің қасына жоламағаны үшін Пайғамбарымыз оған ренішін білдіріп, парыздардан бөлек ғибадаттарын азайтуды айтты. Ол ғибадатқа құштарлығын айтып: «Бұдан да көбірек құлшылық жасай алам», – деп табандылығын байқатты. Ақыры, Аллаһ елшісі оны күнара ораза ұстауға, түннің үштен бірін тынығуға бөліп, қалған бөлігін құлшылыққа арнауы жеткілікті екенін айтып, айтқанына көндірді. Алайда кейін қартайған шағында бұл құрметті сахаба Бұхари мен Мүслімде[4] айтылғандай, басқа бір сахабаға «Шіркін, сол жолы Пайғамбарымыздың айтқанын тыңдауым керек еді, өйткені қартайған шағымда ғибадаттардың арасын үзіп алмау қиынға соғып тұр, дегенмен нәпіл ретінде жасаған бұл құлшылықтарымды үзгім келмейді. Мені соңғы рет қалай білген болса пайғамбарымның алдына да сол күйімнен өзгермей барғым келеді»[5], – деген-ді.

Абдуллаһ ибн Амрдың бұл ісін өнегеге жатқызуға болады, өйткені адам дағдыға айналдырған құлшылы-ғын тастамауы тиіс. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл жайында бір сахих хадисінде «Ғибадаттың ең абзалы – аз болса да үзбей жалғасқаны»[6] дейді. Егер шамамыз жетпесе, баланың алдында қадірімізді қашырмау үшін парыздардан бөлек орындай алатын өзге құлшылықтарымызбен шектелгеніміз жөн. Тек парыздар мен сүннеттерді орындауға ғана мүмкіндігіміз жетсе, оларға қатысты осалдық танытпауымыз керек. Ал түнгі тахажжуд намазын бастаған болсақ, оны міндетті түрде дағдыға айналдырған дұрыс. Үтір уәжіпті баланың көз алдында оқу қажет болса, солай істеген дұрыс, ал егер түнде тұрып оқылғаны анағұрлым көбірек әсер ететін болса, түнде оқылғаны жөн. Әууабин, ишрақ, сәске намаздарын оқитын болсақ, оны жібермей оқыған жөн. Жібермей оқыған жөн деп айту себебім, бала «бұл намаздарды кейде оқымай қоя салуға болады екен» деген ойға бармауы керек. Сонда ғана бала ғибадаттардың байыбына барады, қаншалықты маңызды екенін ұғады. Тіпті сол мәселедегі сіздің кемшіліктеріңізді де байқап, сізге ескертсін. Бала керек кезінде «Әке, ишрақ намазын оқыдыңыз, бірақ дұһаны оқымадыңыз ғой» деп айта алатындай болуы керек. Бұған қоса, ғибадаттар өте бір терең, шын пейілмен беріліп жасалғаны дұрыс. Сонда ғана бұл балаға айрықша әсер ететін болады.

Осы жерге дейін айтқандарымыз дініне берік болғысы келген жандар үшін насихат, кеңес еді. Иә, егер балаларымыз сезімтал, діндар, ақылды, саналы болып өсіп әрі Исламды үйренгенін қаласақ, біздіңше, оның жолы – осы. Барлық нәрсенің өз жөні бар, осы жолмен жүргенде ғана оң нәтижеге қол жеткізесіз. Басқаша айтқанда, баланың тура жолмен жүруін әрі белгілі бір өмір сүру дағдымыздың болуын қаласақ, өзіміздің де өмір сүру тәсіліміз болғаны жөн. Ой-пікіріміз бен іс-әрекетіміз үнемі тұрақты болса, баланың да көзқарас-пікірлері тұрақты қалыптасады. Мұның іске асуы дүниедегі тіршілігімізді ғана реттеп қоймай, ақыретімізді жақсартады, әрі баланың екі дүниесін бақытқа бөлейді. Анығында, бұл айтылғандар дәрігердің ұсынысы секілді көрінуі мүмкін, дегенмен орындалуы аса қиынға соқпасы белгілі. Бұл – ертелі-кеш қолдануымыз тиіс дәрілерді үзбей алып отыру секілді нәрсе. Осылай істегенде ғана сіздің өміріңіз өз қалыбынан аумайды, тепе-теңдікті сақтайсыз әрі отбасыңызда үйлесім болады.

Бала жүріс-тұрысыңыздан, отырған отырысыңыз-дан, көзқарасыңыздан және барлық қылықтарыңыздан әдептілік пен шынайылықты сезіп, құдайдан қорқаты-ныңызды байқап, бұдан өзіне керекті сабақ алуы тиіс.

б) Қастерлі ұғымдарға құрмет

Ұлттық болмысымызға тән көптеген қастерлі ұғымдар бар. Бұл ұғымдардың астарында көптеген қасиетті мән бар. «Аллаһ» ұғымы біз үшін өте қасиетті әрі ол иманның бір тірегі. Аллаһқа сенбейтін кісінің Ислами әрі имани өмірі жоқ деген сөз. Бұл ұлы әрі қасиетті ұғымды өз ұлылығына сай белгілі бір жастан бастап, (көбіне ол жас 8-9 жас деп қабылданады) бала санасына сіңірудің бізге міндет екенін білуіміз керек. Баланың пайғамбарға еліктеп, соны жақсы танып өсуі үй ішінде пайғамбар жайлы әңгімелердің неғұрлым жиі қозғалуына байланысты. Егер үйде тек қана теледидар мен кино әртістері жайлы әңгіме қозғалса, баланың да бар есіл-дерті әртістер мен актерларға ауады емес пе? Сұрай қалсаңыз, ол сізге спорт шеберлері мен әртіс-әншілердің аты-жөнін мүдірмей атайды, өкініштісі, төрт сахабаның атын атай алмай күмілжиді. Бұны қадағаламаған жағдайда бүкіл есте сақтау қабілеті, сана-сезімі пайдасыз нәрселермен уланады.

Дінде қастерлі саналған нәрселердің барлығы үнемі қасиетті деп әспеттелуі тиіс. Мәселен, Қағба – қасиетті мекен. Сіз баланың қасында Қағба туралы айтар кезде аса бір құрмет көрсеткеніңіз жөн. Қағба аймағына кіргенде немесе Мәдинә мүнәууараға жақындағанымызда ол жерлерге құрметпен аяқ басуымыз керек. Аллаһ елшісі жүріп өткен сол жерлерде «Бұл жерлерде аяқкиіммен не қандай да бір көлікке мініп жүруге болмайды» деп Имам Маликтің құрмет көрсеткеніндей құрметтеу керек. Имам Малик алыс жерден Мәсжид нәбәуиге немесе басқа бір мешітке хадис оқуға не тилауатқа барарда немесе Мәдинаның аймағына кіргенде, көлігінен түсіп, ол жерлерде осылай жалаңаяқ жүру керектігін айтатын. Әрине, мұны көрген баланың пәк мешіт Рауза тахира мен сахабаларға деген құрметі арта түседі.

Құран кәрім үшін де осыны айтуға болады. Аллаһ тағала «Кімде кім Аллаһтың қасиетті нәрселеріне құрмет көрсетсе, күмәнсіз, бұл – жүректің тақуа-лығынан»[7] деген. Жүректің тақуалығы – Аллаһты тану, өзі таныған ұлы Аллаһқа құрметпен бетбұруы, Соған сиынып, Соған бағынуы және Жаратушы жайлы ақиқатты толық ұғыну арқылы жүзеге асады. Исламның қасиетті рәміздеріне құрметпен қарау өміршең нәрсе, мәселен, сондай орындардың бірі болып саналатын мешіт бала назарында өте қасиетті әрі құрметті орын болып қалыптасуы қажет, сонда ғана бала Аллаһты тануға апаратын жолдардың барлығы мешіт арқылы өтеді екен деген ойға қалмақ. Азаншының «Аллаһу әкбар» деген әуезді дауысы мұнаралардан естілгенде баланың назары, бүкіл есіл-дерті соған ауғаны жақсы, «Аллаһу әкбар» деген кезде, ол да сол сөздерді қайталап, азан біткенде қолдарын көтеріп, «Аллаһуммә рабба һазиһид-дағуатиттаммати уәссалатил-кәмилә, әти сәйидинә Мұхаммадинил-уәсилата уәл-фадиләтә уәбасһу мақамән махмуданилләзи уәадтаһу иннәкә ла тұхлифул-миад (Уа, осы кәміл шақырудың әрі оқылатын намаздың иесі Аллаһ тағалам! Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Хаққа жақындау, жаннатқа және одан да биігіне жетуді нәсіп ет, әрі оны өзіне уәде етілген Мақам махмудқа жеткізе гөр! Күмәнсіз, сен уәдеңді орындаушысың)»[8] деп ішкі тілегін жеткізе білуі тиіс.

Егер Аллаһты танып, жақсы көре алсақ, жүрегімізде тақуалық пен діндегі құрметті нәрселерді ұлықтау сезімі болса, осы сезімдерімізді баланың бойына да сіңіріп, Аллаһтың ұлылығын көрсетіп, сүйдіріп әрі Мабуд мұтлақтан (Құлшылық жасауға лайық абсолютті құдірет) басқа Махбуб (сүйікті), Мақсұд (қаланған), Матлуб (талап етілген) жоқ екенін оның бүкіл болмысына сіңіреміз. Табаранидің Әбу Үмәмәдан жеткізген бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Аллаһты пенделерге сүйдіріңдер, сонда Аллаһ та сіздерді сүйеді»[9], – деген.

Құран кәрімде Аллаһ: «Адамдар мен жындарды Өзіме ғана құлшылық етсін деп жараттым»[10], – деген. Ибн Аббас пен Мүжахид (р.а.) бұл жердегі «лийабудун» – «Маған құлшылық ету үшін» деген сөзді «лияғрифун» – «Мені танып-білсін»[11] деп тәпсірлеген. Демек, адам Аллаһты таныса ғана құлшылық жасайды, білмесе, көңілі соқыр күйінде жүре бермек. Олай болса, баланың бұл жөніндегі білімі толысқанда барып оның Аллаһқа деген құрметі арта түсетіндігін айтуға болады. Алайда әр деңгейдің өзіне тән таныту әдісі болғаны жөн. Аллаһты баланың жасына, сана-сезіміне қарай танытуымыз керек. Белгілі бір жастағы балаға алдына жайылған дастарханды дәлелсіз-ақ Аллаһ жайды деу жеткілікті болуы мүмкін. Тағы бір жасқа келгенде жауған жаңбырдың Аллаһтың көмегі, рақымдылығы екенін айту қажет. Жасы одан да үлкен балаға Аллаһтың теңіздердегі, өзендердегі булану заңдылығын, жаңбырдың жауу заңдылығын, оны кездейсоқтықпен түсіндіру мүмкін емес екенін, барлық құбылыстың Аллаһтың қолдауымен болатынын жеткізесіз. Сана-сезімі әбден толысқан балаға жаратылыстану ғылымдарына тән дәлелдерді қолдана отырып, оның деңгейіне сай Аллаһты танытып, сүйдіресіз.

Бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген:

«Берген нығметтері үшін Аллаһты жақсы көріңіздер. Елшісі болғандықтан мені Аллаһ үшін жақсы көріңіздер. Әһл-бәйтімді[12] мені жақсы көргендіктен жақсы көріңіздер»[13].

Жолын тапқан жан үшін Аллаһты сүю де, сүйдіру де қиын іс емес. Балаларымызға қажетсіз басылымдардың орнына Пайғамбарымыздың өмірі жазылған сияр кітаптарын оқыта алсақ, әрі оларға Мұхаммед Юсуф Кандахлауидің «Хаятус-сахаба» (сахабалар өмірі) секілді үнемі қажетсінетін бір кітапты жақсы көретін сүйікті кітабына айналдыра алсақ, Аллаһ елшісін әрі сахабаларды және олардың ұрпағын таныту мүмкіндігі туар еді. Бұлардың әрқайсысы олар үшін асқар таудай алып тұлғалы қаһармандарға айналар еді. Соларға еліктеп, Хамза секілді ержүрек, Али секілді айбынды, Әбу Бәкірдей адал, Фаруқу Азам (Омар) секілді қара қылды қақ жарар әділ болуға талпынар еді. Аллаһ бәріне мәңгі-бақи разы болғай!

Иә, үйіміздің төрінде үнемі Құран кәрім, одан кейін Аллаһ елшісінің өмірбаяны жазылған сияр және сахабаларымыздың өміріне қатысты кітаптардың болуы әрі балаларымыздың солармен сусындауына жағдай жасау, тарихи қаһармандарымыз арқылы олардың көкіректерін оятып, көздерін ашу әрі ата-бабаларын оларға сүйдіру аса маңызды.

Осы тұста тағы бір мәселеге назар аудартқым келеді. Пәлсапалық дүние оқығанда, ақыл тұрғысынан сенімімізге қайшы келетін күмән-күдіктерге тап болғанда, дәлелдерге жүгіну ақыл-ой, қисын тұрғысынан қажет болса да, тек бірыңғай жалаң қисынға шырмалып қалу кейде адамның рухани өмірін жұтатып, оны үмітсіздікке итермелеуі мүмкін. Адам ақыл-ойға қатысты барлық міндетін атқарғаннан кейін күнделікті өмірде осы сезінгені мен білген нәрселерінің қалай іске асып жатқанын білгісі келеді. Мысалы, сіз Аллаһтың бар екенін физика, химия, астрономия арқылы қанша дәлелдеуге тырысып, объективті әрі субъективті мыңдаған дәлелдер келтіріп, айды аспанға келтірсеңіз де, күнделікті өмірден мысалдар бере алмасаңыз, әрі баланың ой-өресі мұны қабылдай алмаса, сіз айтпақ болған діни мәліметтер оның санасында пәлсапалық теориялардың денгейінен аспай қалады.

Сіз түсіндірген я түсіндіретін діни құндылықтардың әрі ұлттық қасиеттердің тарихтың белгілі бір кезең-дерінде шынымен іске асқанын көрсете алмасаңыз, бұлардың барлығы утопия сияқты көрінуі мүмкін. Біз бұл оқиғалардың өмірде болғанын нақты мысалдармен көрсетуге тиістіміз.

Таяу уақытқа дейін біз де бұл жайттар нақты өмірде іске аса ма, аспай ма деген күмәннан арыла алмай келдік, өз-өзімізге «Бұл оқиғалар бұрын өтті, әлем бұған бір-ақ рет куә болған. Ендігәрі қайталануы яки оның болуы қиын, тіпті утопия деген ой басым еді. Алайда Аллаһты, пайғамбарды таныған, Ұлы Жаратушы мен елшісін жан-тәнімен сүйетін жастарды көргенде сахаба тәрізді көпшіліктің енді қайта бой көтеретініне шын көңілден илана бастадық. Насстардың тұспалдауынша, Аллаһ елшісінің «Ғаріптер» деп сипаттаған[14] сахабаларға ұқсас көпшіліктің ислам дінінің абыройын асқақтататынына сеніміміз мол. Ғаламның айғақтарын (аяты тәкуиния) зерделеу деңгейінде жүрегіңіздегі тақуа, Аллаһқа деген махаббат, құрмет, мешіт, құлшылық орындары және осы секілді қасиетті ұғымдарға көрсеткен құрметіңіз бала танымында үлкен орын алып, бұлардың барлығы оны Аллаһқа жақындауға шақырудың белгілеріне айналады.

Азан – мұсылмандықтың ең маңызды нышаны әрі рәмізі. Азан адамды намазға іштей дайындайды. Бұған қоса, құлшылық ретінде намаздың ұлылығының белгісі әрі Аллаһтың шақыруы. Егер сіз де балаңызға осы негізде толық тәрбие бере алсаңыз, азанды естіген кезде олар да көздері жасаурап, бойын үреймен қоса сүйіспеншілік билеп айрықша толқитын болады.

Иә, қасиетті құндылықтарымызды паш етіп, оны болашақ ұрпаққа өз қасиетіне сай үйрете отырып, Аллаһты, елшісін және мұғжизаларды, теңдессіз Құранды баршаға сүйдіре білу – борышымыз.

Қорыта келе айтарымыз, үйімізде ғибадатымыз ешқашан үзілмеуі тиіс, бала ойына ұялаған дінге, руханиятқа қатысты қандай да бір күмәнді сұрақтарға дереу тұшымды жауаптар беріліп отыруы тиіс. Шаңырағымызда діндарлық, тақуалық мәселесі күн тәртібінен түспей, Аллаһтан жалбарына тілек тілейтін белгілі уақыттарымыз болуы қажет. Құлшылыққа, дұғаға арнайы сағат бөліп, осындай сәттерде құдды Пайғамбарымыздың өзі қасымызға келіп қарап тұрған-дай ыстық ықыласқа бөленуіміз қажет. Бұны бала мен әйел көруі керек.

Сіздің ықыласыңызға әрі сеніміңізге қарай балаға дарытқан баға жетпес құндылықтардың жемісін ол болашақ өмірінде көріп, сізге алғысын білдіріп, дұғасын арнайтын болады.

Қасиетті ұғымдарға құрмет – дінде ұлықталған құндылықтарды сіздің де сөз жүзінде әрі іс жүзінде қадір тұтуыңыз. Сонда ғана олардың дінге деген дұрыс ой-пікірі қалыптасады. Тек азанда ғана айтылатын «Аллаһу әкбар» яғни «Аллаһ ең ұлы» деген сөз шын мәнісінде жүректеріне жетеді. Осыны көргенде, өзіңізді тым бақытты сезінетін боласыз.

[1] Мүнәуи, Фәйзул-қадир, 2/529.
[2] Ибни Мажә, Иқама, 176.
[3] «Таһа» сүресі, 132-аят
[4] Бұхари, Саум, 55; Фазаилул-Құран, 34; Мүслім, Сиям, 182.
[5] Әбу Нұайм, Хилия, 1/285-286.
[6] Бұхари, Имам 32; Риқақ, 18; Мүслім, Мусафирин 216, 218; Мұнафиқун, 78; Әбу Дәуіт, Татауу 27; Нәсаи, Қиямул-ләйл, 19; Ибни Мажә, Зұһд 28.
[7] «Хаж» сүресі, 32-аят
[8] Бұхари, Әзан, 8; Тәфсиру сура (17) 11; Тирмизи, Салат 43; Нәсаи, Азан, 38; Ибни Мажә, Азан 4.
[9] Табарани, Мұғжамул-кәбир, 8/90; Али әл-Мұттақи, Кәнзул-Ұммал, 15/777.
[10] «Зариғат» сүресі, 56-аят
[11] Құртуби, әл-Жамиу ли Ахкамил-Құран, 17/55.
[12] Пайғамбарымыздың ең жақын ұрпағы
[13] Тирмизи, Мәнақиб, 31.
[14] Мүслім, Иман 232; Тирмизи, Иман 13.
Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.