Үлгі-өнеге болу

Алға қойған мақсатқа қол жеткізуде іс-әрекеттері-мізге аса ұқыпты болудың маңызы зор. Мысалы, намаз оқып жүрсек, Аллаһтың алдында тұрғанымызды барынша сыпайы, әдепті болу арқылы аңғартамыз; қиям, рукуғ және сәжде жасау осы жайында кітап оқып бергеннен гөрі әлдеқайда тиімді. Бұл балалардың «Аллаһқа қаншалықты құрметпен қарау керек?» деген сұра-ғына ең нанымды жауап болып табылады. Керісінше, намазды хадис шәріпте айтылғандай, «тауықтың жем жегеніндей»[1] асығыс-үсігіс оқысаңыз, мұны көрген адамның намаз туралы түсінігі мен тәрбиесі де сол деңгейден аспай қалуы мүмкін. Мынаны жақсы білу керек, намазды бұлайша оқу адамды жаманшылықтан тыймайды, өзіңіз тәрбиелеп жүрген адамдарға сіздің Аллаһқа деген құрметіңізді сездірмейді.

Иә, намазды шын пейілмен оқу аса маңызды. Үлкен құрмет, әдеп, аса бір терең мойынсұнушылықпен Аллаһтың алдында тізе бүккен адамның бейнесі көзі түскен пәк жандардың ыстық ықыласын тудырады.

Жақсы әдеттерде үлгі көрсетумен қатар жағымсыз қылықтарға қарсылық танытуда табанды болудың маңызы зор. Бала мектеп пен көшеден күдік-күмән «жұқтырып алуы» мүмкін. Мұны уақыт өткізбестен сейілткен дұрыс. Қолына алғаны, былай қарағанда, баланың сенімі мен тәрбиесіне келіп-кетер зияны жоқ көркем туынды болса да, бұған бей-жай қарауға болмайды. Оқыған кітаптарында наным-сенімге қайшы келетін қандай да бір жайттар кездессе, әрі сіз оған қарсы шара қолданбасаңыз, аңдаусызда оның ойында қандай да бір күмән пайда болуы мүмкін. Осы себепті баланың тек үй ішіндегі жағдайына ғана көңіл аудармай, бұған қоса, оның ой-пікірінің қалай қалыптасып келе жатқанын да қадағалауыңыз керек. Оқылатын кітаптарды алдын-ала анықтау және таңдау, өресі биік ұрпақ тәрбиелеуде өміршең мәселе болып табылады. Иә, белгілі бір кезеңнен кейін баланың неге қызығып, неге қызықпайтынын, нені тыңдайтынын анықтау, жора-жолдастарын ажырата білу, қажет болса достарын таңдап беру, және т.б. мәселелердің барлығына дәрігер секілді шұқшия қарап, егер бойында қандай да бір кінәрат кездессе дұрыс ем қолдану – уақыт оздырмайтын мәселе.

а) Оқушы, мұғалім және ата-ана

Бүгінгі таңда белең алған келеңсіз жағдайлардың бірі – ата-ана мен ұл-қыз арасында, басқаша айтсақ, алдыңғы толқын мен кейінгі буын арасындағы мәдени алшақтық; осы алшақтықтан тууы мүмкін кері нәтижелер тек «тәрбиемен» ғана жөнге келеді, ал оның уақыты баланың кәмелетке толуымен шектеледі. Бұдан кешіксе, тәрбиенің әсері азаяды. Егер оқымаған сауатсыз кісілердің балалары жоғары білімді болса, мұндай жағдайда балалары сырттай сыр алдырмаса да, өздерін іштей ата-аналарынан білімді санап ақыл сұрамауы да мүмкін. Иә, бүгінгі күні өзін діндармын деген адамдардың балалары мектепте, тіпті бастауыш сыныптарда-ақ жаман ойлармен уланып, көргенсіздік танытып мектеп басшыларына, ел басқарған азаматтарға тіпті еліне қарсы шығады. Іштегі және сырттағы арандату әрекеттеріне бейім, түрлі қарсылық акцияларына қатысып, бойындағы жүгенсіз сезіміне еркіндік беріп, шөлде сағым қуғандай утопияға беріледі. Алдыңғы және қазіргі буынның осындай күйге неліктен және қалай түскені сарапталғанда, баланың жүріс-тұрысын қадағаламаудан, оған дұрыс тәрбие берілмегендігінен осындай бассыздыққа баратындығы байқалған. Тәрбие мәселесінде біздің кемшіліктерімізден туындаған кері нәтижелер үшін әбден болары болып, бояуы сіңіп қойған соң артынан өкініп, опық жеу, басыңды төпелеу бекершілік. Іштей тартатын ұждан азабынан келіп-кетер ешбір пайда жоқ.

Құран кәрімде басқаларға еліктеп өскендер жайында:

«Уа, раббымыз! Біз басшыларымызға және үлкендерімізге ердік, олар бізді тура жолдан тайдырды» дейді» – дейді[2].

Құран кәрімнің жүрегімізге үрей салатын осы бір аяты имансыз ұрпақтың Құдірет азабын тартқаннан шығатын жанайқайы ретінде әкелерге, шешелерге, көкелерге, туыстарға, ұстаздарға, тәлімгерлерге, мектептердегі мұғалімдерге ащы әрі ашық ескерту екені рас. Иә, бұл иләһи баянда суреттелген жағдай, Құдай сақтасын, ақыретте жаманшылыққа ұрынғандардың өздеріне жауапты жандарды меңзеп «Иә, Аллаһ тағалам! Бізді тура жолдан тайдырғандар, біздің бұзылуымызға себепкер болғандар, бізге қарамағандардың азаптарын еселеп арттыр, оларды жерге қарат, лағынетіңе ұшырат, ешбірін өз құзырыңа жолатпа» дейтін ызасы не қарғысы секілді.

Тәлім-тәрбиеге жауапты жандардың өз істеріне ыждағаттылық танытып, мүлтіксіз орындауы өздері үшін де, басқалары үшін де екі дүниеде де игілік болары сөзсіз. Ал, бұлай етпесе тәрбиеге жауапты жандар тек өздерінің ғана емес, балаларының да екі дүниеде бақытсыздыққа ұшырауына себепкер болмақ.

ә) Бетімен кеткендердің жанайқайы

Баланың материалдық әрі рухани, дүниелік әрі ақыреті үшін еш пайдасы жоқ нәрселермен айналысуына, өмірін босқа өткізуіне мүмкіндік берсеңіз, «Аллаһ (о дүниеде): Сізден бұрын өткен жындар және адамдармен бірге сендер де отқа түсіңдер! Әр ұлт ол жерге түскен сайын жолдастарына лағынет жаудырады. Барлығы сол жерде (Жаһаннамда) жиналғанда, адамдар өздерін ертіп жол бастағандарды меңзеп: «Уа, Раббымыз! Бізді тура жолдан тайдырғандар осылар. Сол үшін оларға оттың азабын еселей түс», – дейді. Аллаһ оларға: «Онсыз да әркімге екі есе азап бар, бірақ сендер білмейсіңдер», – дейді»[3]. Бұл аяттан байқағанымыздай, ертең махшарда бір-бірінің бетімен кетуіне, тура жолдан таюына себепкер болғандардың мүшкіл жағдайы көз алдымызға келеді. Әсіресе, ұрпақ жауапкершілігінің салмағы ауыр болатынын меңзейді.

Иә, Құранның айтуынша, бір кездері бауырыңызға басып өзіңіз өсірген, тәрбиеледім деп ойлаған балаларыңыз өзіңізге жөн-жосық көрсетіп бірауыздан қарғап, лағынет жаудыруы ықтимал. Аз да болса ақыретке сенетін адам бірауыздан айтылатын мұндай қарғыстан үрейі ұшып, Аллаһқа сиынуы тиіс. Өзін күтіп тұрған кесапаттан құтылудың жолы – бізден үлгі алатындарға жақсы өнеге болу. Аллаһ пен елшісін сүюден бастап, тәрбиелі өмір сүруге дейін барлық іс-әрекетімізде оларға үлгі бола білу керек.

Аллаһ пен пайғамбарына деген сүйіспеншілік берік орнаған шаңырақта бала оқыған, көрген, естіп көңіліне тоқығандарына қарай Аллаһқа жақындап, жан-жүрегімен берілетін болады. Бір шаңырақта Аллаһ және Пайғамбарымыз жайлы айтылған әңгімені баланың қаншалықты сіңіргендігін оның рухани тереңдігіне қарап-ақ білуге болады. Мүнкәрат[4] пен мағруфтың[5] жүзеге асқанын да, аспағанын да содан білуге болады. Иә, бала – жанұяның сыртқа көрініс беретін экраны, жанұядағы дыбысты сыртқа естіртетін микрофон тәрізді. Осы экран мен микрофон арқылы сіз жанұядағы ең жасырын жайттарды тамашалап, ең құпия сыбырларды да ести аласыз.

б) Жаннатқа не жаһаннамға бастайтын екі айрық жол

Жаһаннам нәпсіге ұнамды, ал жаннат кісіге ұнам-сыз нәрселермен бүркемеленген[6]. Ғибадаттың салмағын еңсере алмаған, яғни пенделік құмарлығын тежей алмаған, күн сайын өзін алдап, жиіркенішті қылықтан бас алмаған пенде жаннатқа кіре алмайды. Міне, алдыңызда екі бағыт жатыр. Бірінде Жаратқанның әміріне қарсы шығу болса, екіншісінде дін үкімдерін толық әрі мінсіз орындауға әрі өзімізден кейінгілерге орындатуға тырысамыз. Сонда ғана Жаратқанның разылығына бөленеміз.

Бұған қарап «Біз – ата-бабаларымыздың, ал кейінгі толқын – біздің жемісіміз» деуге болады.

Бар кінәні заманға, қоғамға жапқанша, өзіміз көңіл бөлмей жүрген кемшіліктерімізге, олардың болашақтағы нәтижелерін топшылауға тырысып, міндет әрі жауапкешілікті ойлап, жүрегімізді, рухымызды жаңартып отыруымыз керек. Біздің бұл әрекетіміз өзімізге де, ұрпағымызға да пайдалы.

[1] Мүснәд, 3/247.
[2] «Ахзаб» сүресі, 67-аят
[3] «Ағраф» сүресі, 38-аят
[4] Дін тыйым салған істер
[5] Дін бұйырған ұнамды нәрселер
[6] Қараңыз: Мүслім, Жаннат, 1; Әбу Дәуіт, Сүннә, 22; Тирмизи, Жаннат, 21; Нәсаи, Иман, 3.
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.