Баланың көкейіндегі күдігін әуел бастан сейілту

Діни мәселелерде баланың түсінбеген бірқатар сұрақтары болуы мүмкін. Әсіресе, тұйық мінезді бала-лар дінге қатысты көкейіндегі сауалды ата-анасына ашып айта бермейді. Баланың ішкі ойларын ретін тауып біліп отырудың маңызы зор. Бала есейген сайын өзі түсінбеген ұғымдар ол үшін күрделеніп, сыры ашылмай қалған діни ұғым, сенімге қатысты мағынасы мен хикметі түсініксіз қандай да бір мәселе оның жүрегіне уын жаятын жылан не шаянға айналады. Кейде қандай да бір күмән оның жан дүниесінде жара секілді тез ұлғайып, ақиқатқа апарар жолын тұмшалап тастайды. Күндердің күні көңілін күпті еткен күдіктен қалай сүрінгенін өзі де байқамай қалады. Ол сізбен мешітте күн сайын намазын оқып, «Лә иләһа иллаллаһ» деп тәсбихін тартып, Аллаһқа мақтау айтып зікір салып отыруы мүмкін. Ал шынтуайтында, ойындағы күдік-күмәннан жеңіліп, уәсуәсалардың ығында кеткен болуы әбден мүмкін.

Болашағын ойлап, баланы беделді оқу орнына түсіргенімізбен жат әдеттерін дер шағында түзеп отырмасаңыз, діни сауаты шала болғандықтан ұнамсыз ойымен, шикі қылықтарымен ертең жүрегіңізді ауыртуы мүмкін. Осы себепті оны жас шамасына қарай рухани нәрмен үнемі уыздандырып отырған дұрыс. Ертеректе балалар рухани ұстаздарға табысталатын. Олар балалардың жан дүниесіне үңіліп, рухани сырқаты болса сылап-сипап емдеп жазуға тырысатын. Әсілі, мұндай тәрбиені ата-ананың өзі қолға алуы тиіс. Егер бұл қолынан келмесе, міндетті түрде тәлімгер тәрбиешілер тауып, үй істеріне қызметші жалдағаны секілді осынау істі соларға табыстағаны жөн. Қалай болғанда да баланың тәрбиесін ақсатпауы тиіс. Балаңыздың Құдайға деген құлшылығы мінсіз болуы, мінезінің көркем болуы өзіміздің қайрат-жігерімізге байланысты.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.