Бақытты ғасыр (аср сағадат) және Аллаһ елшісін таныту

Жоғарыда айтылғандарға қоса, Пайғамбарымызды (с.а.с.) бар қырынан терең таныту керек. Аллаһ елшісінің атын естігісі келмейтіндерге келсек, олар бала кездерінен Пайғамбарымыздың өмірі мен өнегесін білмей өсті. Ал жақыннан танығандар болса, отқа ұмтылған көзсіз көбелектей оған ғашық болып, Аллаһқа иман келтіріп жатты.

Арада қаншама ғасырлар өткеніне қарамастан, хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ізімен жүру-шілердің қатары күн санап көбейіп келеді. Осыншама құрметке бөленген жанды адамзат тарихынан көрсетіп беру мүмкін емес. Бір кездері бақытты бір қауым ел Пайғамбарымызды өз көзімен көрді. Кейінгі толқын оны көрген сахабаларды көріп, абыройға бөленді әрі оны солардың көзімен көруге тырысты. Аллаһ елшісінің «Ең игі ғасыр – менің ғасырым, одан кейінгісі – одан кейін келгені»[1] деген хадисі де осы сөзімізді растайды.

Расулаллаһ (с.а.с.) өз баласын тірідей жерге көміп, арақ-шарап судай аққан, азғындаған, күпірліктен көз ашпаған қоғамды ширек ғасырға жетер жетпес аз уақыттың ішінде адам айтса нанғысыз биікке көтеріп, ең үлгілі жамағатқа айналдырып, теңдесі жоқ ерлік жасады. Бұл – арғы-бергі тарихта кездеспеген ұлы құбылыс.

Кезінде Римде, Грецияда және тағы басқа ірілі-ұсақты мемлекеттерде төңкерістер болған, бірақ бұлар адами құндылықтар тұрғысынан әлемге игілік сыйлай алмады. Бұл төңкерістердің көбісі қып-қызыл қырғын арқылы жүзеге асты. Төңкеріс деп, адамның жүрегін, санасын, жанын жаңғыртып, заттай әрі рухани өміріне, сана-сезімі мен ойына өзгеріс енгізіп, оларды нәпсіқұмарлықтың терең шұңқырынан адамдықтың биік тұғырына шығарып, ізгі сабақтастыққа жол ашатын тарихи бетбұрысты атаймыз. Күллі адамзатқа жіберілген Аллаһтың ақырғы елшісі ғана тарихта бір-ақ рет болатын Ұлы төңкерісті жүзеге асырып кетті. Мұның маңызын кім қаншалықты ұқты және ұрпағымызға қаншалықты ұғындырып жеткізе алдық? Асыл тастай бір міні жоқ бекзат болмысты ұрпағымызға сүйдіре алдық па?

Өткен ғасырдың заңғар тұлғасы айтқанындай, жүздеген кемеңгер, данышпанды алып, Араб түбегіне барсақ, бүгінгі күннің осыншама мүмкіндіктеріне қарамастан оның бір жылдағы ісін жүз жылда тындыра алмаймыз. Ол бұдан да қарапайым мысалға жүгініп былай дейді:

«Темекі тарту секілді болмашы әдетті қойғызудың өзі былайғы жұртқа оңай емес».

Қаласаңыздар, мұны одан да қарапайым тәсілмен былай айтуға болады: шылым шегетін адамның қасына он адам жиналды делік. Бәрі жиналып шылымның қатерлі ісікке апаратынын ең мықты дәлелдермен түсіндірсе де, оларға бұл әдетті қойдыра алмайды. Ал, Пайғамбарымыз (с.а.с.) маңайындағы адамдарды қанға сіңісті боп кеткен жаман дағдыларынан бірден арылтып, есесіне жұлдыздай жарқыраған адами құндылықтарға баулыған.

Жаман әдеттерді пышақ кескендей сап тыятын Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сұңғылалығы аузы арақ-шараптан құрғамайтын ішкіштерді де тоқтатқан. «Ішімдікке тыйым салынды» дегенді естіген сәтте олар аузына енді апара берген отты суды жерге төккен. Тәрбиедегі осыншама жетістіктің сыры неде деп ойланған кім бар? Тәрбиешілеріміздің өзі мұның құпиясын қалай түсінеді? Біздің міндетіміз – Аллаһ елшісінің пайғамбарлық қасиеттерін алдымен өзіміз зерделеп, оны басқаларға түсіндіру, сол бір ардақты жанға деген сүйіспеншілігін ояту. Осыны іске асыра алсақ, балаларымыз хазіреті Мұхаммедпен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тілдеседі, хазіреті Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ойлайды және жүректерімен сезінеді.

а) Пайғамбарымыздың мұғжизаларын түсіндіру

Қияметке дейінгі болатын оқиғаларды көзбен көргендей бүге-шігесіне дейін баяндаған Аллаһ елшісін тану әрі балаларымызға таныту Пайғамбарымызға деген сенімімізді жаңартуды білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда, Пайғамбарымыздың нақты әрі ешқандай түсіндіруді қажет етпейтін хабарларының бар екені соншалық – хадис шәріптерінде өзі дүниеге келген бақыт ғасырынан күні бүгінге дейінгі аралықта болатын ең маңызды оқиғаларды, себеп, нәтижелерімен қоса жіпке тізгендей көрсетіп, алдын-ала ескертіп кеткен. Моңғол шапқыншылығы, Сирияның шапқыншылыққа ұшырауы[2], Евфрат өзенінің құнының артуы[3], Талиқан мұнайлары[4], ақырзаманда азғындықтың жайылуы[5] секілді көп жайттан дәл хабар берген, бұларды көре тұра оның айтқандарына сенбеу тіптен мүмкін емес.

Иә, осылардың барлығын рет-ретімен ұрпақ санасына құйсақ, бала Пайғамбарымыздың жай адам еместігіне көзі жетіп, ерекше құрметпен қарайтын болады. Мұндай баланың санасынан ешкім де Аллаһ елшісін өшіріп тастай алмайды. Ілім, жаратылыстану не техникада ешкімнен сабақ алмаған, ғұмырында екі ауыз сөз жазып көрмеген, Аллаһтан басқа ешкімнен ештеңе үйренбеген хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұрынғы әрі болашақтағы барлық білімдерді білгенін[6] әуелі өзіміз түйсініп, содан соң басқаларға да үйрету біз үшін қасиетті борыш.

Расулаллаһтың медицинаға қатысты айтқандарын сол дәуірдің ғылыми мүмкіндіктерімен түсіндіру мүмкін емес еді. Демек, Аллаһ оған жаратылыстың көп сырын баян еткен, ол да өз кезегінде білгендерін кейінгілерге жеткізген. Расында, ол Аллаһтың елшісі еді.

Аллаһ елшісінің адамның жеке әрі қоғамдық өміріне қатысты жасаған төңкерістері туралы байыпты еңбек жазылар болса, ол атан түйе тарта алмас жүкке айналар еді. Біз бұл жайында тыбб-ы нәбәуи (пайғамбарлық медицина), Пайғамбардың ғайыптық хабарлары және оның басқа да тұлғалық қасиеттерін осы төңіректе жазылған мыңдаған еңбектерге қалдырып, басқа бір тақырыпқа ойысқанды жөн көрдік.

[1] Мүслім, Фәдаилус-сахаба, 210, 211, 212, 214, 215; Әбу Дәуіт, Сүннә 9.
[2] Бұхари, Жиһад, 95, 96; Әбу Дәуіт, Мәлахим, 10; Ибн Мажә, Фитән, 36; Мүснәд, 5/40,45.
[3] Бұхари, Фитән, 24; Мүслим, Фитән, 30; Әбу Дәуіт, Мәлахим, 12, 13.
[4] Әли әл-Мұттақи, Кәнзул-Ұммал, 14/591.
[5] Тирмизи, Фитән, 39.
[6] Қады Ияз, Шифа, 1/354.
Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.