ҮЗДІКСІЗ ӨЗГЕРІСТЕРІ БАР ТАРИХИ ҚАЙТАЛАУЛАРДАН ТУҒАН ТІЛЕК ПЕН АРМАН

Адам баласы жаратылғалы бері, күннің қасынан түн, жарықтың қасынан түнек еш уақытта кеткен емес. Жер бетінде нұр мен зұлмат кезек-кезек алмасатындай жарық күндердің артынан көзге түрткісіз қараңғы күндер де әрқашан жалғасып отырды, содан сауық-сайран дәурендер жайына қалып, дағдарысты жылдармен аяқталып жатты. Кей-кейде дүниежүзінің түкпір-түкпірінде дінсіздік пен жанжал зұлматтар барынша етек алды. Жолдар бүтіндей қараңғылыққа оранды. Адамзат қараңғылықтың құрбаны болды. Әрбір жерді санасында саңылау жоқ, бос кеуде жандар биледі. Дүниежүзі олардың өктем, озбыр дауыстарынан зардап шекті. Кейде қоғамдық сана мен ар-ұждан әлгілердің айғай-шуымен тұншығып, үнсіз есепке тартылып жатты. Сөйтіп, қасиетті сөз төрден көрге қарай төмендеді. Иләһи пәрмен күзетшілер мен бекшілердің қолдарына түсті. Қоғам қызыл кеңірдек дау-дамайдың ордасына айналды. Олар ел-жұртты қалаған шағында ұйықтатып, қалаған уақытында оятып, көтеріліс жасатты. Болмайтын ез біреулерді жұлдыздарға теңеді. Ал, көптеген талант иелерінің жарқыраған жұлдызын сөндіріп үлгерді. Қисын мен ой-пікірдің орнын дүмшелік пен диалектика басты. Мардымсыз ойлар құнды пікірлердің жолын кесті. Қоғамның мейір-шапағат күткен мекемелері кекшілдік пен дүрдараздыққа бағынған анайы рухтардың қолдарына түсті және адамдардың арасына жік пен жүзге бөліну тәрізді «вирустар» тарап, қоғам ішіндегі әрбір қандас азамат тақ пен табысқа таласқан қасқырға айналды. Діншілдіктің рухы мен санасын тұншықтырған жаралардың беті тырналып ашылды. Тәтті шәрбаттың орнын улы сусындар басып алды. Дәмді құжырға толы, берекелі дастарқанның орнын жын-шайтандар асыр салған харам тағамдар алмастырды.
Мұндай сұм заманда ой мен пікірдің төмендеп қалғаны соншалық, енді адамның кіршіксіз таза нәрселерге де жаны ашымайтын болды. Бір-біріне қол ұшын бермеді, адамға адам сенуден қалды. Сенбейді, оның үстіне бәрі бір-бірін жабайы жыртқыштармен тең көрді. Ал, егер қоғам ішінде дін, діншіл және ар-ұжданды адамдар бар болса, оларға ешкім де көңіл бөліп жатпады, тіпті, оларды үнемі кемсітіп, адам құрлы көрмейді. Қараңғылықтың құлдары құлшылықтарын жасап жатады. Ал жарықты көксеген көңілдер болса, ылғи да таңғажайып ілтипаттардың шоғырланған жерінде мейірлі-қамқоршы қолды күтіп отырады. Сондай-ақ, күннің шуағын және шапағатпен туатын кездерін түсінде көріп, қиялдарында армандайды. Кейде осы ойға қатысты, кейде өзге де себеп-салдардың нәтижесінде жүздерінен мұң-қайғы арылмаған жандардың езу тартар сәттері де болады. Алайда, арт жақтан тоқтамай соққан қара дауыл барлық жақсылықты үйіріп-сыпырып әкетеді және бірнеше минуттық қуаныштардың орнын ай мен жылдар бойы жалғасатын жаңа қайғы-қасіреттер басып отырады.
Тарихи қайталаулардың үздіксіз өзгерістері бүгінгі таңда да белең алды. Қарап отырсаң, рауандап атқан таңның көкжиегінде қапелімде көк түтін жайылып, көз көзді көрмейтін болды. Төңіректі қайғы мен қасірет жаулады. Сауық-сайран дәурендер келмеске кетті. Ой мен пікірде қасиет қалмады. Еріктің сағы сынды. Үміт ұшқыны бір-бір сөніп жоғалды. Күн ұясынан шықпай қалды, күндізгі уақыт та бұдан былай болмайтын сияқты. Ал михрабынан адасып, оны қайтып таба алмаған рухтар үнемі күдер үзіп, үздіксіз азап шегіп отырды...
Бізге келер болсақ, біз бүгінге дейін үзілмеген үкілі үмітіміз арқылы әлгі келеңсіздіктермен бірге белең алған соңғы шым-шытырық жағдайдың жақын бір келешекте көрге кіретініне кәміл сенеміз. Тағдыр жазған бір күні еліміз қадам басқан жолдарына су себетініне иланамыз. Мүбәрак күндер де жақын деп ойлаймыз. Асылында, біраз уақыттан бері үкілі үмітін үзбеген жандар әлемнің түкпір-түкпірінде көңілден шыққан хикаяларын міңгірлеп айтады. Әр жерді мекендеген кіршіксіз таза рух бір кездерде жоғалтқан жұмағын табу үшін шарқ ұрады. Жүз мыңдаған жандар үнемі осы оймен әрекет етеді және жаратылыстың түпкі мақсатын, адам табиғатының хикметін ойға салып жатады. Дегенмен де, жүрек пен рухқа негізделген рухани өміріміз бұлдыр-бұлыңғыр кезеңнен өтіп барады. Оның үстіне, кейде солтүстік-шығыстан ескен суық жел өңменіңнен өтіп, әр тарапта қоңыр күздің гуілдері естіледі. Тіпті, үкілі үміт пен қуанышы қойнына сыймаған жерлерде кей-кейде мұң-шер менмұндалап жатады... Алайда, баршамыз ендігі жерде мұңның да, наланың да аяқталатындығын өте жақсы білеміз. Ендеше, көкжиектер ашылып, ақ пен қара бір-бірінен ажыраған сәтте өзге жолдың бойында душар болған қиындықтар мен азаптар да жеңілденеді. Адамдар арасындағы арақашықтық салиқалы амалды арқалаған талпыныстарды жылы шыраймен қабылдай бастады. Төбелер тегіс жерге, ал тегіс жерлер тегістікке айналды. Сөйтіп, мұрат пен сапар бір-бірін қайта тауып, қитықсыз қауышып, қоян-қолтық араласты... және мақсат көкжиегінің көз қарықтырар жарығында машақаттың тозаңдай түйірі де сезілмеді.
Ендеше, аз болса да, қолдардың көңіл пердесіне ұмсынғаны сияқты жан-жақтан рухтар жар салады. Ақыл жүрекпен тілдеседі. Ой әлгі мидың жұмсайтын құндылықтары арқылы шабытпен сырласады. Қисын уахидің  алдында медреседе ілім үйреніп, тізерлеп дәріс тыңдайтын шәкірт іспетті. Ғылым діннің хабаршысы. Ілім мағрифаттың кильватерлік жолында ізін басып келеді. Зертхана ғибадатханаға шәкірт даярлайды. Ерік-күштер иманның қамтамасыз еткен әбілхаятының арқасында жанысірі және болаттай берік болып қалады. Көздер көрегендіктің көкжиегінде серуендейді және жан-жақтағы физикалық құбылысқа қарамастан метафизикалық көктем көгімен көріктенеді. Ал, енді сең қаншалықты серең етіп жүзсе де, рухтардың тұтатылған мәңгілік алауының қасында еріп кетеді. Қара дауыл қаншалықты долданып соқса да, пендешіліктің жанған алауын (егер Аллаһ рұқсат етпесе) ешқашан өшіре алмайды. Әйткенмен, көбіміз әлі де қызыл күрең түске айналып, түрлі уайымдардың әсерінен үрейленіп жататынымыз, сондай-ақ, кей-кейде қатты дауылдаған желдерге қарсы тұрып, қорқатынымыз бар. Алайда, бұған қарамастан, қауашағын жарып, күнге асыққан гүлдердей жан-жаққа сүйіспеншіліктен қуаныш жаудырғанымыз және бұтақтан бұтаққа ұшып қонатын бұлбұлдар іспетті көктем жырларын айтып қанаттанатынымыз шындық... және көңілдерімізде үміт пен іңкәрдің ояна бастағаны, алдымызда Қыдыр қайнарының сылдырап аққаны және маңдайымыздан «иәді бейзаның»  сипағаны да ақиқат. Бұл оймен әлдеқайда ерте оянған рухтар өз көңілдерінің шектеріне тірелген сияқты әлдеқайда сенімді және жұмақтың иісін алыстан да болса, сезінуі қандай ғанибет десеңші...
Расында, бүгінгі таңда болып жатқан түрлі оқиғаларды жүрек пен рух расытханасынан қарап тамашалай білгендер ұлыстың ұлы күні – наурызбен мәз-мейрам болып, қуанышқа кенелгендей, көңілдерінде әманда той шаттығы мен жүздерінде жазғытұрымның сіркіреп жауған ақ жауыны, көкжиектерінде күлімдеп көтерілген күн мен табан астындағы көкорай шалғын көрінеді... Мархабат пен талпыныс өзені иләһи құт пен ілтипаттардың ағысымен бірде-бір бөгеттерге тоқтамай, мұхит айдынына толассыз сарқырай құйылады. Алдынан шығатын бөгеттерден асып, кейбір тосқауылдарды орап өтіп, артына қалдырған иірімді іздерімен тағдырдың ұйғарымы арқылы өздеріне жүктелген міндетті толық өкілдей атқаруға тырысады. Олар сапар шегеді, ал жолдар олардың құзырында. Жүрген әрбір жерлердегі өткел берместей болып көрінген кедергілер олардың алдында сәждеге құлап, теп-тегіс жазыққа айналады. Иә, өзгереді және мына құтты қонақтардың аяқтарына жүзін сүртеді.
Негізінде, мұндай қалыпқа келген рухтардың хал-ахуалы мынадай: Бұлар үнемі кадило іспетті түтейді және жан-жағына хош иіс таратады. Қураған ағаш сияқты жанады, мұң-зарымен баршаға жану ләззатын сездіреді. Қажет кезде арыстандай айбаттана ақырады, өр мінездерін көрсетеді. Қажет болса, бұлбұлша сайрап, рухқа қуаныш пен рахат сыйлайды. Олардың маңдайларында «ғазиз бен кішіпейіл болудың» мөрі бар. Олар жабырқаудың азапты сезімін білмейді, қысым жасап күш көрсетпейді. Яғни, бұлар айбатты мінезі әрі жайма-шуақ әдебімен бір-біріне үйлескен сондай бір ер-жігіттер. Ал, оларды ішкі дүниесінің тереңдігімен тану бақытына жеткендер олардан еш уақытта ажырағысы келмейді.
Осындай терең құпияларға бойлап, Раббымның алдында тәнімнің әр уақытта жапырақтары дірілдеген ағаштар іспетті қалтырауын және екі қолымның Оның есігінің тұтқасынан ұстап өтуін қалаймын! Кезіп жүрген кез келген жерлерде өзіме тиесілі жұмыстармен қарбалас болып, өзгелердің қателерін байқамауды қалаймын! Жүрегімнің лүпілімен, тамырымның соғуымен әрбір сәтте өзімнің кемшіліктерімді сезе білуді қалаймын! Өмірімнің таразысына салынатын құндылықтардың, ішкі есеп-қисаптың нәтижесінде сүзіліп шыққан ұждандық есебімнің өнімі болуды қалаймын... Табыстың үнемі көп болуын және тапқан барлық несібемнің Аллаһтан екенін әрқашан білуді қалаймын! Рахат, құмарлықты толығымен ұмытып, жүрек ләззатын бейнетке байлауды және машақат пен рахаттың қатар жүруін ұдайы тілеймін. Жаңсақ басқан жаңылыстарымда титтей қате іс-әрекеттерімнің салдарынан үнемі Әйюб (ғ.с) пайғамбарша зарлауды, Дәуіт (ғ.с) пайғамбардай жылауды... қаншалықты өмір сүретінім маңдайыма жазылғанша, адамзаттың жайлы да рахат өмірі үшін өз-өзімді ұмытып, үнемі соларды ғана ойлауды... сүйіспеншілікте әрбір жанға ықыласпен жақындап, кішіпейілдік шыңына жетуді... ал, ашу-ызада, кекшілдікте, дүрдараздықта болса, ұмытшақ болуды қалаймын...
Ендеше, келіңіздер, шын жүректі сезімдерімізбен өзімізді адамзаттың нұрлануына арнап, үнемі балауыз шамындай жанып ериік және өзімізден бұрын өзгелердің мүддесін ойлауға тырысайық! Барлық жерде хақ пен ақиқаттың тілі мен тілмашы іспетті, өзге үшін жасау рухымен кезіп, ұдайы Оны тілге тиек етейік және тек Оны ғана салауатымызға салайық! Келіңіздер, Хақпен қарым-қатынасымыз соншалықты құрметті де, Оған деген сеніміміз де соншалықты шын ықыласты болсын, сонда көктегі періштелер бұл хәлімізге қызыға қарасын. Бойға тұнған кісілігімізден төгілген мағыналарды көрген руханилер бірнеше қадам шегінудің қажеттілігін сезінсін. Келіңіздер, әр уақытта әлгі риясыз көңілден аһ ұрып, мұң-зардың биігіне бөлеген көкке түндердің таң рауандаған реңк-түсіне айналып, жаратылыстағы орнымызға қарай өзіміздей әрекет етейік және өзімізбен-өзіміз болып қалайық! Келіңіздер, рахатқа нүкте қойып, бейнетке еркімізбен бет алып алға қарай ұмтылайық. Алға ұмтылғанымызда, құстар қонақтап, біздерді тамашаласын және хақ пен ақиқатты шын жүректен асқақ үнмен әнге қосайық, арыстандар үрейленіп, үңгірлеріне тығылып сыйынсын. Келіңіздер, арыстандай айбаттанғанымызда, адамдардың арасына қорқынышты жаюдың орнына еркіміздегі бұғаулардың шынжырын үзейік! От болып жанып, атымызды шығарамыз деп жер өртегенше, балауыз шамдарды білтелермен түйістіріп, жан-жағымызға жарық шашайық! Жауынға айналғанымызда, әбілхаяттай бау мен бақшаларға құяйық! Жел болып ескенімізде, дән-дақылдарды көтеріп алып, жан-жақтағы атыздарға шашып егейік! Әуедегі дымқыл су буларын біріктіріп, бұлттарға және рақым-нұрға айналдыру әдептілігін үйретейік!..
Асылында, Женабы Хақтың бағалап, мән берген нәрселерін біз де шын жүректен құрметтеуіміз қажет. Аллаһтың адамдарға деген қарым-қатынасы да, көзқарасы да мүлде басқа. Ол кезі келгенде, адамды баршаның алдына михрабтай орнықтырып, өзіне тағзым еткізу үшін оны құбылаға айналдырады. Кезі келгенде, оның рухына тіршіліктің сырларын сыбырлап айтып, оны өзінің жеке «халиф»  атты мәртебеге шығарады. Иманымен, ілімімен көкжиегін кеңейтіп, оған ішкі дүниесінде болып жатқан өзгерістерді сездіреді. Жаратылыстың арғы жағында ол үшін мәңгі бақытты дайындап береді және жүрегінде жұмақты көрсетер саңылаулар ашып, мына дүние зынданын оған Фирдаус жұмақтардың күтетін бөлмесіне айналдырады. Бұл жерде әрбір ісін көрегендікпен атқаратындарды ол жерде өз сұлулықтарын тамашалату арқылы марапаттайды. Және бұл бір ғана өлшеммен өмір сүруге мыңдаған тереңдіктерді сыйға тартады. Олардың сиқырлы дүниелерінде теңіздері гүл бітіретін жұмақ жазирасына, ал көбіктеніп жатқан жәһаннамдарды әбілхаят қайнаркөздеріне айналдырып, оларға ақылға сыймас кереметтерден күн сайын жаңа дүниелер жаратады.
Дүниеде соқыр, керең және тірі өлік болып өмір сүретіндердің жаратылыстың арғы жағында бұларды біліп-сезуі қиын болады. Бүгін жылататын халіне қарқылдап күліп, ғапылдыққа ұрынып, әрекет еткендердің ертеңгі күні тұрақты түрде жылап өтетіндерінен қорқуға болады. Олай болса, келіңіздер, көз бен көрегендігіміздің хақын ақтап, үнемі ояу болайық, сонда ертеңгі күні демалыс пен ұйықтау дертіне ұшырамайық. Бүгін көз жасымызды төгейік, ертең ешқандай да пайда бермейтін өкініште қалмайық. Келіңіздер, әр уақытта жететін көкжиегімізге берік болайық, жүрген жолымыздың оң мен солындағы тартымды нәрселерден басымыз айналмасын, көзқарасымыз бұлдыр тартпасын. Мына дүниені сауда-саттық базары және табыс табудың көзі ретінде қабылдап, өмірімізді соған сай түзете алмасақ, яки, керісінше әрбір нәрсені заттық қалауларға ғана байланысты деп көретін болсақ, онда бір күні езгіге түсіріп, төбемізге шығатын болса, таңғалмайық. Негізінен, көкжиегі тар, мақсаты жоқ, көкірегін керіп, мұрнын шүйірген әлдекімдерге жасалатын іс осы болса керек. Адамның құны – Аллаһқа жақындығына һәм Оған деген шынайы құлшылығына тікелей сәйкестікте. Одан алыстап, дүниенің қызығын қуып қарайған адам бейнесіндегі тәнді алтынмен, күміспен, үлде-бүлдемен безендірсе де, қадірі жоқ және болмайды да.
Олай болса, тәннің қасіретінен, дүние-малға тойымсыздық дертінен айығайық. Кісілігіңмен Оған бет бұр және иләһи сый-сыяпаттардың құнына жету үшін Одан еш уақытта ажырама! Және біліп қой, Оның қалауымен тамшы дарияға, тозаң түйірі күнге, ал әлсіздік керемет бір қуатты күшке айналады. Ал, керісінше өз күш-қуатыңа арқа сүйесең, ұшқынмен қазан қайнатқандай жолдан адасып, бүкіл әлемді өзіңе қаратып, күлкіге қаласың. Байлық пен құдіреттің шегін біл, соған қарай жоба-жоспарлар құр! Осы маңызды мәселені түсінбегендей болып, ақиқаттарды қиялдарға баласаң, ақырында жасаған нәрселерің алдыңнан шығады да, астында иманыңмен, үмітіңмен тапталып езілген қайтадан сен боласың. Жиі-жиі ішкі «мұракаба  мен мұхасаба»  сезімдері арқылы өзіңді түзет, мүмкіндік пен қабілетіне қарай ұстанымыңды нақты белгілеп ал, бойыңа сіңген иләһи сый-ілтипаттар арқылы жүзеге асырған жұмыс пен талпыныс арасындағы қарым-қатынасқа сақ бол. Әйтпесе, саған «опасыз нығмет тиеуші» деуі мүмкін, не болмаса, сені өзгенің жақсылықтарымен құтырған ақымақ деп есептеуі мүмкін.
Хақтың жәрдеміне сене білгеніңше сен! Алайда, еріктің хақын ақтауда ешқандай қателікке ұрынба және «қайталай соққан желмен» бір жерге жетемін деп жетесіздік жасама. Бүгін кәдімгі ескен желмен ауа жұтып, жоғары мәртебеге жеткендердің ертеңгі күні қара құйынмен қайтып шыға алмас шұңқырларға сүрініп құлайтындығын әбден ойла және өмірдің шын бейнесіне, бүгінгі шарттарға қарап, соған сәйкес өмір сүр!
Діншілдікті – Аллаһқа жақындаудың жолы деп біл және барлық күш-жігеріңмен, ынта-ықыласыңмен діннің етегінен мықтап ұста! Басыңды иманның мөлдір бұлағына тазалап жу! Жаратушыға жан-тәніңмен берілуге тырыс! Оған кәміл дәрежеде тәуекел ет және Онымен байланысқанда – әдептілігіңді сақтап, риясыз және айғай-шусыз құлшылығын атқаратын мүмин  болуға талпыныс жаса! Таза көңілдер іші гауһар тастармен лық толған құтылар іспетті сыртқа ешқандай дыбыс шығармайды. Таяз рухтар жалған інжулерге алданып, үнемі шыныдай сыңғырлағандарын бәріне естіртіп жатады. Сен әр сәтте қанша мәрте жүрегіңе назар аударылғандығын ойланып көр, көңілің үнемі кіршіксіз таза болсын және тек әлгі мәңгілікке жетелейтін михрабқа бетіңді бұр! Бұл күнге дейін әлгі құбылаға бет бұрғандардың ішінен жоғалтқандар да,  басқа есіктерден опа іздегендердің ішінен тапқандар да еш уақытта болмаған. Керісінше, әлгі есікке бет бұрғандар үнемі тірі-жанды болып қалған және мәңгілікке лайықты болған, сондай-ақ, оның табалдырығына маңдайларын тигізгендіктерінен өзгелерге құл болу қорлығынан сақталған-ды. Оны тауып, Оған бет бұрып, Оның алдында мұң шағып, іштегіні ақтару – тәсбих  және тағзым , ал үндемеу – мұрақаба және тәфәккүр . Оның жолына түскендер шөл далада өмір сүрсе де, түбінде әбілхаяттың төңірегінде айналып жүреді. Әрбір істі Оған байланыстырғандар (тікендер олардан алыс, бірақ) тікен еккенде де, гүл жинайды. Жолдары (Құдай сақтасын!) жалғасып барып, тозаққа тірелгеннің өзінде, бұлар саламатты өмір сүреді. Міне, олардың үнемі оқитын «уирді зебаны» :
Хаққа құл болғандар құлға құл бола алмас,
Құлшылыққа жеткендер жарты жолда қалмас...
Рухтарында сағыныш, рухтарында қуаныш,
Дүн-дүние алданса да, олар алданбас.
Кім біледі, сірә, басқа бір уақытта осы тақырыпты егжей-тегжейлі талдаудың сәті туар.
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.