ЖҮРЕК ПЕН РУХ КӨКЖИЕГІ

Жүрек – кеудеміздің сол жағында және сол жақ омыраудың астында орналасып, жүйке мен бұлшық еттің негізінен құралған; қарыншалары мен құлақшаларының қызмет етуімен адам ағзалары арасында өз-өзімен әрекет ету ерекшелігіне ие, бүкіл дене тіршілігі мен қан айналымының кепілі, тыныс жолы мен өкпенің әрекеті арқылы қатысты және қатарлас болған... қарағай тамырындай маңызды мүше. Бірақ, біз бұл жерде жүректің тәндік жағынан гөрі, кейде «көңіл» деп атап жүрген жүректің рухани жағын, ұжданның төрт негізгі құрамдасының бірі – сезім, ой, сана, түйсік, ұғыныс пен рухани дүниеміздің кіндігі, рухани және иләһи «ләтипа»  – «жүрек» жайында бірер ауыз сөз қозғағанды жөн көрдік. Біздің ойымызша, адам ақиқатының, тіршілігінің өзегі де, негізі де – осы жүрек.
«Көңіл» сөзімен атап жүргеніміз әлгі ләтипа сезімі – адамдық кемелділікке қарай шығатын саты, заттық және физикалық дүниедегі жаратылыстың арғы жағының кескін-келбеті, адам денесіндегі рухани дүниелерге үнемі жол ашатын кең есік, кісілігіміздің қалыптасуында орын алатын бірегей зертхана және жақсылық пен жамандықты екшейтін ең маңызды бақылау орталығы. Біздің рухтан тұратын қарым-қатынасымыз, ақылды тура жолға салып әрекет еткізуіміз және пенделік бейімделгіштікке сыни көзбен қарауымыз әрқашанда осы орталыққа тәуелді болып жатады. Міне, осы түсініктегі «жүрек» уақыт өткен сайын рухымыздың көзі мен құлағына айналады. Жүректің «иманға тәуекел ету» және «медет тілеу» жақтарымен жасақталған ішкі түйсігіміз оның көзқарасы, ақылымыз оның сыншысы, ал еріктеріміз оның ниеті мен басшысына айналмақ.
Осы жүрек рухының негізгі нәрі – иман, ал оның сенімге жету жолы – үнемі Аллаһты еске алу... Иә, «Жүректер Аллаһты еске алуымен ғана тынышталады»  және көңілдер жай табады... Соның арқасында рухтағы барлық мұң-шерлер басылады... Күйзелістер мен қиындықтар артта қалады... және сезім сарайымызда тұрақты түрде сенімділік самалы есе бастайды, себебі, барлығы Аллаһ разылығымен басталған-ды. Аллаһ Тағала – «Мебдеи Әууәл». Шынжырдың айналғаны сияқты барлық себептер оралып келеді және соңында Аллаһқа жетіп, мәлім болады. Тілек пен арман-ойлар Аллаһтың құзырына жетеді. Иә, Ол – «Мебдеи Әууәл», яғни, әуелгісі болмаған алғашқы, екіншісі болмаған біріншісі, жалғыз ғана, нәтижесіз саты, шек және соңғы нүкте. Оның арғы жағы туралы дүние заңдылығы мен ақиқат әлем бойынша айту әрі ішкі әлем мен ұждан тетігі арқылы сөз ету мүмкін емес. Ол арғы жақтың арғы жағында... Арғысының арғысында және Одан арғысы жоқ. Қай кезде сезіліп еске түссе, адами ой ең соңғы көкжиекке жетіп, ақыл мен қисын тіптен толыса түседі және рух пәни жандардың жететін ең соңғы шекте кемелденетін болады. Бұл шекте үміттер жүзеге асып, дүние тірлігі мен күмән-күдіктер бәсеңдеп, оның себептері де біртіңдеп жоғала бастайды және әрбір нәрсе тәухид  бояуымен боянады.
Осы жерге дейін адам баласының бет алған ырысы мен тәубәсі, жайбарақаттығы мен орнықтылығы, табыстары мен тұрақтаулары одан әрі кемелдене түсу үшін жалғасады... Содан осы жерде тоқтағанда, барлық нәрсе бірден аяқталады... Иә, Оған жеткенде, тілек пен армандар аяқталып таусылады, ұзақ жолдың уайымы қапелімде ұмыт болады және сана-сезімдер «шық шыңына» шыққан ылғалдық іспетті тазарып, рақымға толады. Сонымен бірге, себеп-салдардың аясында өршіл талаптар мұратқа жетеді... Келесі сатыны іздеудің қажеттілігі ұмытылады... және адам биік мақсатқа жеткен сияқты қуанышын сезе бастайды. Алайда, бұдан кейін де, кез келген сана мен сапаға жатпайтын түрлі толқындар бойындағы жайбарақаттық белгілері тұрақты түрде сағыныш пен сүйіспеншілік аралас ләззатына бөленеді.
Адамның болмыс-бітіміндегі осы рухани жүрек пен денедегі жүрек арасында тән мен рух арасындағы қарым-қатынасқа ұқсас сырға толы байланыс бар. Алайда, бұған дейін осы екі байланыстың сапасы мен әлеуеті жөнінде нақты тұжырым айту мүмкін болмаған. Бұл тақырыпта әзірге шейін айтылып жазылғандардың барлығы інжу-маржандар сынды құнды, дегенмен, мұндай егжей-тегжейлі мәселелерді талдап көрсетуді қажетсіз деп санаймыз.
Рухани өмір мен руханияттың рухпен қатысы бар екені сөзсіз. («Жүректің Зүмірәт Шыңдары» (ав.Ф.Гүлен) болып саналатын осы танымдық тақырыптар егжей-тегжейлі саралануы керек.) Құран Кәрім: «Рух - Раббымның әмірі»  дейді. Раббының білетін бір нәрсесі бар екенін және Алладан басқа ешкімнің Оның ақиқатын толық біле алмайтындығын көрсету мақсатында айтылған мұндай үлгідегі сөз өте терең мәнге ие. Рух – «сыртқы» болмыс-бітімді заңдылық және саналы ұждан. Тұрақты, бірқалыпты жаратылыс заңдары іспетті «әмір» әлемінен және «ерік» ерекшелігінен келген заң мен ұждан. Рух та, әлемдегі қазіргі заңдар да әмір әлемінен келген... өзгермейтін бұл екі ақиқаттың қайнар көздері бір. «Егер Әзәли Құдірет  түрлердің заңдарына сыртқы және ішкі болмыс-бітімді бергенде, олар да жеке рух болар еді... егер рухты санадан бөле қараса, ол да әртүрлі түрлердің заңдары тәрізді жеке заң болар еді.» («Ақиқат Дәндері», ав.Ф.Гүлен) Құран Кәрім осылайша бір-екі ауыз сөз арқылы тұспалдап, рух ақиқаты туралы пайымды да айдан анық түсінік беріп жеткізеді, ал рухтың өзегі, негізі және ішкі бет-бейнесіне қатысты өзге метафизикалық талқылауларға орын бермей келеді.
Асылында, Аллаһ бірде-бір себепке, шартқа, құралға және материалға сүйенбей, әрбір істі «Бол!» деуімен ғана оңай болғыза салады. Оның осы жаратушылық әмірі кез келген нәрсенің сыртқы болмыс-бітімімен пайда болуы үшін жеткілікті. Басқаша айтқанда, заттың түрлі сапа мен мағынада жаратылуын иләһи ерік пен ықтиярымен тілеу әлгі затты болдыру үшін жеткілікті. Мұндай жаратылыс үрдістері ақылдың сыртқы көзімен қарағанда «қалыпты құбылыс» болып көрінсе де, осыған ұқсас барлық құбылыстардың керемет екені күмәнсіз... және шынайы әмір етуші иесіне қаратып байланыстырылмаса, онда бұны түсіндіру мүмкін емес.
Кейде біз «рух» дегенімізде, «ең кемел рух» деген мағынаға келетін Женабы Хақтың  үрлеуі – «руху ағзам» деп ойлаймыз. Себебі, Аллаһтан келген, Аллаһқа ең жақын және иләһи әлемнің сырлары болмысына сіңген осы рух... және адамның Аллаһқа халифа  болуы, оның осы рухты бірге алып жүргеніне байланысты. Адамның болмыс-бітіміне сіңген әлгі рух – материя, дене және гауһар тастан қаланбаған бір әлемнен заттық әлемге түскен сый және метафизикалық ой-пікірлердің тілі мен тәржімашысы сияқты. Асыл рух – әрі ғылым, әрі жаратылыс әлемінің кескін-келбеті. Оның саналы әмір заңы (Аллаһтың тікелей жұмыс істейтін заңы), Аллаһпен тікелей байланыс құруы және нұрдай жарқырауы ғылымға толығымен лайықты болуына байланысты. Егер адам иләһи сырларға ашыламын десе (әлеуеті мен жаратылысына қарағанда, әрбір жанның бұған шамасы келеді), онда жүрек тазалығы мен рух биігі арқылы ғана жетуге болады. Ұлыхият  ақиқатына қатысты сырларды жалғыз көңіл көкжиегінен рух көзімен қарап тамашалауға болады. Сол сияқты ақыл, қисын, пайым мен себептерден асатын Хаққа деген жақындық та тек рух пен жүрек ережелерінің арқасында ғана жүзеге асады.
Рух – бақылаушы, көңіл – оның оңаша қарап тамашалайтын орны. Рух – Хаққа жақындау жолындағы спортшы, көңіл – оның ең өміршең динамосы. Рух – саяхатшы, ал көңіл – оны мақсатына жеткізетін жолбасшы, тіпті, жанның Жананмен (Сүйіктісі) әртүрлі сана мен сападан жоғары дәрежеде ортақтаса құрған қылуетханасы. Сондықтан да, адам шексіздікке, мәңгілікке бет бұрам десе, әуелі көңілдің кең керегесіне назар салуы керек, тұрса да, жатса да үнемі көңіл қиссаларын айтуы керек, көңіл кейіпкерлерімен аралас-құралас болуы керек, рухына көңіл қанатының қауырсынын тағуы керек. Соның нәтижесінде заттық дүниенің тартылыс пен үйкеліс сынды тосқауылдарына бөгеліп қалмайтын болады. Шексіздік жолындағы көңіл – адамның қол-аяғы және қайрат-күшін жаратылыстың арғы бетінен алатын динамосы. Көңілдің күшімен жүрген және оның серіктігімен кеңістікке саяхатқа шыққан кісілер басқа бір пырақты қажетсінбейді. Және саяхаттарын періштелермен бір саптың бойында өткізеді. Талып шаршамай, ғарыш өлкесіне қарай ұшқан осы рухтар – көп жағдайда тәннің қайғысынан азат болған көңіл шабандоздары. Олардың қанат қаққан осы бір ортасында үнемі періште қанаттарының суылы естіледі.
Жаратушының мөрі басылған көңіл рухани әлемдер мен заттық әлемдердің ұштасқан нүктесінде және барзах әлемінің адамдары арасында «кемел адам» мәртебесінде жаралған-ды. Дүние мен ақырет, мал-мүлік пен руханият, физика мен метафизика әлемдерінің бел ортасында барзахты сипатымен ерекшеленген жүрек пен көңілдің өте кең байланыс аясы бар. Осы кеңшілік арқылы ол – хат әрі хат қалтасы. Ол – дененің ішінде өмір сүргенде, дененің шынайы өмір қайнаркөзі; материалдыққа салынған болып көрінгенде, шексіздік жолындағы материалдықтың имамы. Рухтың жарыққа ашық болуы жүректің нұрына, ал дене-бітімінің сүйкімділігі оның ішкі сұлулығына байланысты.
Адамның болмысындағы бет-бейнесі де, жаны да жүректің жетегіне байланған бір-бір дара қасиеттен құралған. Негізінде бет-бейненің де, жанның да қадір-қасиеті толығымен жүрекке байланысты. Ақыл ең тұрақты туындыларын үнемі жүректің түкпіріне тоқып отырады. Жүректің шабыттары ақылды жан-жақтан орап алғанда, қисын мен пайымға қатысты барлық жалған шырақ шамдар сөнеді және тек жаратылыстың арғы бетінен алған майы мен білтесінің арқасында әлгі көңілдің шам-шырағы ғана жана бастайды.
Суы мен ауасы әрдайым шексіздіктен келіп құйылатын көңіл бұлағында тұрақты түрде ақ ниетті «әбілхаяттар» сылдырлап ағады. Жарық сәулесі, реңк-түсі жаратылыстың арғы бетінен түскен жүрек шамының айналасында рухани болмыстар ұдайы пәруаналар сияқты айналып жүреді. Мұндай әбілхаят бұлағына жете білгендер Қыдырмен бірге көкорай шалғында жайнамаздарын төсеген болып саналады, ал әлгі шамды көзінің қарашығындай көргендер де бұдан былай шексіз сәуле қайнарынан ажырауды еш уақытта ойламайды.
Көңілдің жүзін жауып тұратын бетперденің ашылып, жүрек пен көкірек көзінің шексіздікке бөленуі толығымен уақытқа және уақыт ішіндегі «белсенді сабырлылыққа» байланысты. Уақытты бағалап, сабырлылық танытқан көңіл көздері бүгін болмаса да, ертең міндетті түрде ашылатындығына және бұлардың тілдері уақыттың ағысымен баян бұлағына айналатындығына шүбә келтірмеу керек. Күн келеді, бұлардың жүректері көкжиектің нұрымен жарқырап, кезінде байланған тілдері де қайтадан сайрай бастаған кезде, айналасында пәруанадай шұбырып жүргендердің бастарын айналдыратын қандай сиқырлы әуендерді сыйға тартады десеңші!..
Көңіл иләһи сырларға жиі ашық болып құшақ жаятын кең көкжиек, ал сол көкжиектің екі қадам арасында әрдайым періштелердің зікірі мен қаққан қанаттарының суылдары естіледі. Мұндай сыр шоқжұлдызына жеткендер үшін «Сидре»  мен «Қағба» бір-біріне араласып бір денеге айналады... «Рауза»  «Фирдаус Жәннатына» жамылғы болады... «Әууәл»  «Ахир»  түсіне ауысады... «Захир»  «Батынның»  бояуымен боялады... Сезімдер үрке жөнеледі... Рух таңдайын қағады... Баян бір елі артқа шегінеді... Көңіл жан тілімен сөйлейді... және әрбір нәрсе шексіздіктің кереметімен өзгереді.
Көңіл сардарларының сөздері қаріпсіз және кәлимасыз. Бұл сөздер үнемі өз рухтарымен сырласады... Бір-бірімен үнсіз тілдеседі... Раушан гүлдер іспетті дидарларына шағылысқан жүрек көзі шуақ шашып, бір-біріне әсем күлкі қуанышын сыйлайды. Барынша көңіл пердесіне оранған осы рухтардың арасында «сен» және «мен» деген ой-пікір мүлдем ғайып болып, ортада «Оған» қатысты салыстырмалы «біз» ғана қалады. Сондықтан да, олар бір-бірімен үзілді-кесілді қақтығыспайды... Бір-бірінің жарығын сөндірмеуге тырысады және «менің шамым», «менің алауым» демейді. Асылында, жарық жарықпен жұлыспайды, нұр сәулемен соқтығыспайды, көктем көкпен күреспейді, дария тамшыны құрғатпайды, от отты ойсыратпайды, сәуле нұрға шуақ шашады, көктем көк-жасыл желекке оранады, дария тамшыға өлмеудің жолын ашып береді... Барлығы бізге «біз» жырларын жырлап жатады.
Адам өз кісілігіне қаншалықты тәуелді болып қалса, бір ғана тозаңның түйірінен, бір ғана тамшыдан, тіпті, бір ғана жоқтан құтыла алмайды. Қайта кісілік шамын өшіріп, көңілдің кеңпейілдігі арқасында басқалармен аралас-құралас болып, өзінің тар дүниесінен тысқары басқа дүниелерге жетіп жататын болса, қапелімде нұр құйған күнге, айдай анық әлемге және мықтылардың малтып жүзетін мұхитына айналады. Бір-бірімен араласып нөсерлеткен жаңбыр тамшыларының өзенге айналғанындай, олар да өзенге айналып, мәңгі қалу жолына түседі және нарқы қымбаттап, бағасы жоғарылайды. Ал, мұндай бірлік пен ынтымаққа жетпеген жағдайда, тек дүние тірлігі мен заттық құндылықтарға ғана тәуелді болып қалады. Бұлардың қадір-қасиеті қабірге дейін ғана. Уақыты таяп, ажал келгенде, барлығы бітеді. Олар да қоңыр күздің сарғайған жапырақтары іспетті, саудырап түсіп, аяқ астында тапталады. Көңіл бақшасының гүлдері мен бәйшешектері болса, мәңгі бақи жап-жаңа және жас болып қалмақ және еш уақытта сарғайып солғын тартпайды.
Мінеки, барымен дүниеге байланған рухтың мұң-зарын шаққан сөзі:
Әлдекімдер ұжданды, әлдекімдер тән мен жанды,
Өкіндім мен, салғанымда рақаттыққа барымды...
(Намык Кемал)
Сондай-ақ, жан-жаққа күлімсірей қарап, шапағат нұрын шашқан және толығымен көңілдің үніне айналған мына самалдай ескен сөздер:
Дүниедегі бәйшешектер солғындайды,
Сайрандаған құстар бір-ақ сайрайды;
Мәңгі жадыраған жазды аңсаймын.
Жылайды жалғыз қалған бай-кедейлер,
Енді ғашықтық пен достық қашан келер...
Деп, мен де мәңгі қалар сүйіктілерімді ойлаймын...
(«Дүние», авт. Сюлли-Прюдом)
Ал, енді тіршіліктің мәніне үңілген, шексіз рақатқа бөленген дұға мен мінәжат еткен сөздерге зейін салайық:
Пәнимін, пәни болғанды көксемеймін,
Әлсізбін, әлсіз болғанды тілемеймін,
Рухымды Рахманға тапсырдым, басқаны қажет етпеймін!
Көксеймін, бірақ, Иәрі Бақиді  қалаймын,
Тозаңның түйірімін, бірақ, Шәмсі Сермедті  көксеймін,
Мен ешкіммін, алайда бүкіл тіршілікті бірге қалаймын.
(Саид Нұрси)
Қаланбайтын нәрселер – кейін бізді құтқармайтын нәрселер. Ал, қаланғаны – әрдайым көңіл көкжиегінде тылсым нұрға бөлеген Жанан (Сүйікті) Жаратушы. Жүрек түкпіріне тереңдеп, жан көзімен Оған қарап тамашалағандар әр нәрсені тапқан және сақталған болып саналады. Осылайша, төңірегінде болып жатқан түрлі құбылыстардан бейхабар өмір сүргендер болса, мәңгі бақи қасірет тартады. Ал, мұндай мәртебеге көтерілудің жолы – биологиялық өмір шеңберінен шығып, жүрек пен рухтың өміршеңдік қуат-күшіне ұмтылу. Бұл жолдың жылдам жеткізетін және тікеден-тік көтеріп алып баратын пырақтары – иман, тәухид және мағрифатуллаһ  ақиқаттарын әрдайым қабылдап отыру.
Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.