Фетхуллаһ Гүлен: Мен шын жүректен сенемін...

Таяуда Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының екінші құрылтайы бүкіл әлемдегі айтулы оқиға болды. Қазіргі кезде мұндай биік дәрежелі форумның өткізілуін саясаткерлер де, діни қайраткерлер де жоғары бағалап отыр. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға философ, жазушы әрі ақын Мұхаммед Фетхуллаһ Гүленмен болған сұхбатты ұсынамыз.

— Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының екінші құрылтайын Сіз қалай бағалайсыз? Өйткені сіз тоқсаныншы жылдардың басынан бастап түрлі дін өкілдерімен кездестіңіз ғой.

— Мен диалогты, діни сабырлылықты және толеранттықты дініміздің негізгі қағидалары ретінде түсінемін. Ол өз кезегінде алдағы түрлі қауіп-қатерден де белгілі бір дәрежеде сақтайды  деп сенемін.

Адамның ақыл санасы мен жүрегі әсіре ұлтшылдыққа, антагонистік сезімдерге толы болса, ешқандай қайырымды іс істей алмайды. Басқалай айтқанда, өзгеге жаулық ойлаған жағдайда ешқандай да дұрыс әрекет жасалмайды. Бір біріне деген қарсылық пен жеккөрушілік емес, керісінше бір біріне түсіністікке асығу, бір бірімен жақынырақ танысу – адамзатаралық қарым қатынастың негізі болып саналады.

Міне дәл осы себепті әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының екінші құрылтайының өткізілуін жоғары бағалаймын. Және тағы да айтып өткім келеді, бұл құрылтайдың қорытындысы адам баласы өздерінің қордаланып қалған мәселелерін бір біріне деген түсіністік арқылы, танысып, сөйлесу арқылы шеше алатындығын айқын дәлелдеді.

Ал бұл құрылтайдың – өтуіне ұйытқы болған Нұрсұлтан Назарбаев – бүгінгі күнде жалпыадамзаттық өркениет құндылықтарының маңыздылығын және бір әлемге паш етті. Және де кез келген бірлік пен өзара түсіністік диалогтан бастау алады.

Негізі дінаралық диалогтың да, өркениеттер арасындағы диалогтың да негізгі мәні осында. Себебі бүкіл әлемде келісім мен бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін әу баста бір қайнардан жол тартқан түрлі дін өкілдерінің позитивті диалогы аса қажет.

—  Президент Нұрсұлтан Назарбаев мұнымен қатар Орталық Азия елдерінде және де көрші аймақтардағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатындағы бірқатар жобалардың иесі. Солардың қатарына Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы жатады. Сіз бұл бастамаларды қалай бағалар едіңіз және бұл мекемелердің келешегі туралы не айтасыз?

— Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялаған алғашқы күннен бастап аса құрметті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мен үшін ірі мемлекет қайраткері ретінде танылды, сондықтан да менің оған деген құрметім шексіз екенін шын жүрегіммен айта аламын. Мен оның жоғарыда аталған барлық бастамаларын қолдаймын, және Жаратушыдан сол істерінің жемісті болуын тілеп дұға етемін.

Мен бұл бастамалардың барлығының да әлемдегі бейбітшілік пен аймақтардағы тұрақтылық пен жан жақты даму, халықтар арасындағы қарым қатынасты орнықтыру, қала берді, бүкіл жер шарындағы тыныштық үшін қызмет ететіне шын жүректен сенемін.

— Жаппай жаһандану кезеңінде жергілікті мәдени ерекшеліктерді  қандай жолмен сақтап қалуға болады? Бұл ретте, солардың бірі Қазақстан болып табылатын, әсіресе, жас мемлекеттер нендей әрекеттер жасау керек?

— Әрине, жекелеген мәдениеттер жаһанданудың жойқын ықпалына қарсы өзін өзі қорғау рефлексін ұстанады және өз құндылықтарын, ежелгі салт дәстүрлерін сақтап қалуға тырысады. Бірақ, егер жекелеген мәдениеттердің бұл қарсылығы ғалымдар, ойшылдар, жазушылар мен діни қайраткерлер тарапынан жөнге келтіріліп, заманға бейімделіп отырмаса, оның соңы біржақтылыққа да ұласып кетуі мүмкін. Ал бұл болса, салдары аса қауіпті жайт, демек бұл мәселеде тіпті қол қусырып отыруға болмайды.

Жаһанданудың ең басты күші болып саналатын коммуникация мен көлік саласындағы қарқынды дамудың арқасында мемлекеттер мен халықтардың арасындағы шалғайлық лезде жақындай түсті. Бір бірінен өте шалғай тұратын елдер көршіге айналды. Бірақ бұл процесс бір текті халықтар не жергілікті мәдени құндылықтар жойылып кетеді дегенді білдірмейді. Керісінше, болашақта да бұл әрбір ұлт пен ұлыстарға тән өзгешелік сақтала береді, бірақ енді олар қақтығыстарды туындатушы ретінде емес, керісінше, ортақ адамзаттық бірлікті құрайтын әлемнің түрлі халықтары толықтыра түсетін бөлекше күш ретінде болады.

«Көрші көршінің күліне зәру» деген халық даналығы бар. Егер сіздің өзгеге берер ең болмағанда күліңіз болмаса, онда сізге ешкім де назар аудармайды. Ал негізі әрбір халықтың өзгеге берері де, өзгеден алары да жеткілікті. Түрлі мәдениет пен өркениеттер арасында саналы түрде дәстүрлі алмасуды жолға қою керек, сонда ең керемет үлгіде жүрек пен ақылды, қисын мен сезімді, дүниелік пен руханилықты, керемет үйлестіре білген Шығыстан Батыс, ал Батыстың сан ғасырлық даму жемісінен Шығыс нәр алған болар еді.

— Сіз өркениеттер арасындағы диалогты қолдап, және дінаралық диалогқа шақырасыз. Бірақ, мұның пайдасынан гөрі зияны мол деп санайтын, бұл бастамаға қарсы пікірдегі адамдар да аз емес. Сіз диалог тақырыбын өз ұстанымыңызға қарсы жақтың тарапынан қалай бағалар едіңіз?

— Менің өркениеттер мен дінаралық диалог турасындағы түсінігім өзінің бастауын ең алдымен, Қасиетті Құран мен сүннеттен, екіншіден, өмірдің түрлі жақтарына қатысты дін ғалымдарының қорытындылары мен ұсыныстарынан, үшіншіден, он төрт мың жылға жуық ислам тарихынан бастау алады.

Діни төзімділік дегеніміз, ең алдымен, Аллаһтың ең ұлық жаратылысы болып табылатын  адам баласына деген сүйіспеншілік көрсету. Екіншіден, өзгелермен достық қарым қатынас құру, үшіншіден, «әртүрлілікті ол әуел бастан қалай болса дәл солай деп қабылдау», «әр нәрсені сол қалпында қабылдау», дүниетанымға деген құрмет, өзгелердің діни ұстанымдарына деген құрмет.
Адамдардың түрлі пікірлері мен көзқарастары болуында таңданатын ешнәрсе жоқ, бірақ, бұлар пікір қайшылығына, түсініспеушілікке және қақтығыстарға алып бара алмайды және апармауы да керек.

Ашығын айту керек, «діни төзімділік» түсінігі өз бастауын исламның бұлжымас қайнар көзінен алады. Жаратушының бұлжымас ақиқаттары адамды діни төзімділікке, диалогқа, сабырлылыққа, келісімге келуге итермелейді. Исламның қағидалары диалог идеясын қолдайтын көптеген айғақтардан тұрады. 

Сондықтан да диалог пен діни төзімділіктен тұратын бұл тәсілдің ғұмыры қысқа, өткінші емес, керісінше, Құран мен сүннеттің мызғымас тұрақты қағидаларын бойына сіңірген мәңгілік тәсіл.

Олай болса, егер менің дінім мен діни әдебиеттер диалог пен төзімділікті өзге адамның ұстанымын құрметтеу ретінде түсіндірсе, мен тек сол дінімнің өсиетін жүзеге асыруға тырысушы ғана адаммын.

Оның үстіне, менің пайымдауымша, бүгінде, дінаралық диалог, исламның өз болмысына сай шынайы нұрлы сипатын өзгеге жеткізудің бірден бір дара жолы болып тұр.

— Сіз бір сұхбатыңызда дінді емес, діндарлардың санасын жаңарту қажеттілігі жайында әңгіме қозғадыңыз. Бұл дегеніңіз, діндарлар дінді заманның талаптарына сай дұрыс түсіне алмады дегенді білдірмей ме?

— Діндар адамның өзгелерден бір артықшылық болып есептелетін қасиеті - ол, өз өмірін өзгертіп, жақсартып, бір сөзбен айтқанда өз өмірін өзі құра білуге міндетті дер едім. Бірақ осы міндеттердің маңыздылығымен қатар оны өмірде нақты жүзеге асыра білудің әдістемесін білу де аса маңызды, басымдықтарды дұрыс таңдай білу және бастапқы мәселе мен кейінгіні ажырата білу. Ал ол үшін бүгінгі күннің шынайы тіршілігін өте сауатты түрде талдай білу керек. Ал болмыстың заңдылықтарын білу мен бүгінгі күннің бет пердесін сауатты түрде талдай білу дегеніңіздің екеуі екі бөлек дүние.

Оларды дұрыс түсіну төмендегі жағдайларға дұрыс түсінуге байланысты: өзге қауымдар мен халықтар туралы және әлемдегі басым күштердің жоспарлары мен ұстанымдары туралы дұрыс мәліметіміз бар ма, біз қайырымды істер үшін ғылым мен техниканың жетістіктерін қолдану мүмкіндігіне иеміз бе және біз өмір сүріп отырған ғасырымыздың «жан жарасын» дәл тауып, соны емдеудің жолдарын таба алуға күшіміз бен ақылымыз жете ме.

Егер кімде кім өмірді жақсылыққа өзгертіп, нұрлы болашақты бір табан жақындатқызғысы келсе, ол өз мүмкіндігі мен ерік-жігерін өз кезеңінің толқындары мен сыртқы әлемнің шынайы бет пердесімен салыстырып көруге міндетті. Басқалай болған жағдайда, оның кешенді процесстерге араласуы оны құрдымға әкетуі мүмкін. Бірақ сонымен қоса, жер бетіндегі өркениеттің кешенді процестеріне араласпай өзін бәрінен шет ұстау – бұл мәселенің шешімі емес. Себебі, сәт сайын дамып, өзгеріп отырған біздің заманымызда, өзін өзі сыртқы әлемнен бөлектеу өзін өзі өлтіргенмен барабар.

— Кейбір мамандар жариялылық пен зайырлылық (мемлекеттен дінді бөліп тастау) исламға қайшы деп санайды? Бұған не айтасыз?

 — Исламның жариялылықпен және зайырлылықпен қарым қатынасына байланысты кикілжің аяқталмайды, себебі, бұл түсініктердің нақты әрі айқын анықтамалары жоқ. Сондықтан да оған әркім өзінше және өзінің таным деңгейіне қарай анықтама береді.

 «Мемлекеттен дінді бөліп тастау» қағидасының бүгінгі күндегі ең кең тараған түсініктемесі былайша жүйеленген: «Дін зайырлы қоғамға, ал мемлекет діни өмірге араласпайды және әрбір адам өзінің жеке өмірінің құқықтық негізінде қандай да бір дінді ұстануына толық ерікті». Осыған сәйкес әркімнің де ар ождан мен діни бостандыққа құқығы бар.

Бірақ, «мемлекеттен дінді бөліп тастау» қағидасы әр елде әр түрлі түсіндіріледі және іс-тәжірбиелік тұрғыдан олардың арасында үлкен айырмашылықтары бар. Кейбір қоғамдарда бұл қағида әркімнің ар-ождан мен сенім бостандығына деген құрмет, құлшылық бостандығы және діни шарттарды орындауға қатысу бостандығы, сонымен қатар өзінің пікірі мен ұстанымдарын ауызша не жазбаша, жеке не ұжымдық түрде тарату бостандығы болса, келесі бір  қоғамдарда бұл қағиданы зайырлы жүйеге теңей отырып, өте тар шеңберде талдаған, мұндай жағдайда діни құндылықтарға және дін аясында өмір сүруді саяси жүйенің ұстанымдарына қайшы келеді деп тауып тыйым салған.

Жариялылықтың да нақты анықтамасы жоқ, тіпті бұл жайында оның көп тұстары күңгірт не дүдәмал деп те айтуға болады. Сондықтан да «демократия» термині «әлеуметтік», «либералдық», «радикалдық» деген анықтауыштарсыз өте сирек қолданылады. Іс-тәжірбиеде демократияның бір түрі екінші түріне қарағанда тіпті де демократияның сипатына сай келмеуі де мүмкін. Мәселен, Гитлер «нацизмді» «нағыз демократия» ретінде ұсынды.

  Меніңше, ислам әлемінде бір жағынан демократияны жақтаушылар, бір жағынан діннің қорғаушылары бірдей қателікке ұрынып отыр. Олардың пікірінше, ислам Жаратқанның еркіне, демократия халықтың еркіне арқа сүйегендіктен, екеуі бір-біріне еш қабыспайды деп санайды. Бірақ, меніңше, бұл мәселеде өте маңызды бір жайт назардан тыс қалған.

 Егер ешбір жаққа бұра тартпай азат ойдың аясында бұл мәселені ислами әдебиеттердің қайнар көзінен іздер болсақ, онда «ең алдымен, өзге ешкім де емес, Аллаһтың өзі билікті көпшілікке, яғни, халыққа берген». Басқалай айтқанда, Жаратушы халыққа «сенген», сөйтіп, билікті жауыздар мен тирандарға қалдырмаған. Жариялылықтың бұл негізгі қағидасы сонау ардақты халифалардың, пайғамбарымыздың жақын сахабаларының уақытында іске асқан болатын.


- Сұхбатыңызға рахмет

Сұхбаттасқан Серік Темірғалиев
Нью Джерси, АҚШ 14.09.2006.
Материал «Казахстанская правда» газетінің сайтынан алынды.

 

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.