Еуразия Диалогы

Фетхуллах Гюлен – белгілі ғалым, жазушы әрі Түркияның көрнекті қоғам қайраткері, ол халықтар арасындағы достық мәселесін белсенді көтеріп, ел сеніміне ие болған жан. Оның пікірінше, тек бір ұлттың адамдарының арасында емес, бүкіл әлем адамдарының арасында өзгешеліктен гөрі ортақтық көп, сондықтан да олар өз араларында әрдайым диалогқа түсуді үрдіске айналдыру керек. Осындай игі бастамамен Гүлен мақсаты түрлі бірлестіктер арасындағы өзара түсіністікті арттыруға бағытталған Халықаралық журналистер мен жазушылар қорын құрды.

     - Соңғы кезде кейбір саясаткерлер мен әлеуметтанушылар «өркениеттердің қақтығысы» деген тұжырым туралы айтып жүр. Гүлен мырза, сіздің ойыңызша осындай жайт шын мәнінде іске асуы мүмкін бе?

     - «Өркениеттер қақтығысы» теориясын жақтайтындар (егер олар кешенді түрдегі жаппай тұрақсыздықты қалайтын әлдебір топтардың алысты көздеп отырған жоспарларының сойылын соғып жүрмеген болса), бәлкім, қазіргі жаһандану кезеңін бастан өткеріп жатқан тұста, ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрған діни және ұлттық мәселелердің соңы күрделі тұрақсыздыққа әкеліп соғады деген қорытындығы келген болар. 

     Менің ішкі түйсігім алдамайтын болса, адамзат соғыстан шаршады. Адамдардың бытыраңқылықта, бір біріне деген жаулықта өмір сүруіне ешқандай да қисын жоқ. Сондықтан да бүгінде барлық адамзат ауаға, суға, нанға зәру болғандай мейрімділік пен рухани қайрымдылыққа, бүкіл әлемдегі бейбітшілікке аса мұқтаж болып отыр. Мен бүкіл әлем елдерінің басым көпшілігі қақтығыстан гөрі өзара түсіністікке дайын екеніне және олардың бейбітшілік пен келісімді орнықтырудың жолдарын іздейтініне терең сенемін.

 Менің пікірімше, біздің қазіргідей технологияның Жер шарын үлкен бір үйге айналдырып жіберген жаһанданудың барынша жанданған уақытында адамдар бір бірін жақынырақ білуге міндетті, және қақтығыстар мен кек алушылықтың орнын өзара түсіністік алмастыруы тиіс. 

   1990 жылдардан бері сіз түрлі дін өкілдерімен кездесулер жүргізе бастадыңыз. Сізді осы бастамаға итермелеген басты жайт не болды?

     - Мен дініміздің негізгі қағидалары ретінде диалогты, діни сабырлылықты және толеранттықты түсінемін. Бұл шаралардың кедергі болуы мүмкін ірі апаттардан белгілі бір дәрежеде сақтайтынына да сенемін.

     Жалпы адам жаратылысынан қайырымды болып табылады. Және осы қасиет өмірге деген пікірі мен көзқарастары мүлдем бөлек өзге адамдармен болатын қарым қатынастарда да көрініс табуы керек. Бір біріне деген қарсылық пен жеккөрушілік емес, керісінше бір біріне түсіністікке асығу, бір бірімен жақынырақ танысу – адамзатаралық қарым қатынастың негізі болып саналады.

     Жалпыадамзаттық өркениет құндылықтарының маңыздылығы ешқандай дау тудырмайтын бүгінгі күнде адамзат өз проблемаларын тек бірлікпен ғана шеше алады. Және де кез келген бірлік пен өзара түсіністік диалогтан бастау алады.

Әсілі дінаралық диалогтың да, не өркениеттер арасындағы диалогтың да негізгі мәні осында. 

     Соңғы жылдарғы әлемде болып жатқан оқиғалар, жаңа мыңжылдықта діннің адамзат тағдырында басты рөл ойнайтынын көрсетіп берді. Олай болса, бүкіл әлемде келісім мен бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін әу баста бір қайнардан жол тартқан түрлі дін өкілдерінің позитивті диалогы аса қажет. Меніңше, біз бұл мәселеде аз кем кешігіп те қалдық.

     —  Президент Нұрсұлтан Назарбаев Орта Азия елдерінде және де көрші аймақтардағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатындағы бірқатар жобалардың иесі. Солардың қатарына   Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы жатады. Сіз бұл бастамаларды қалай бағалар едіңіз және бұл ұйымдардың келешегі туралы не айтасыз?

— Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялаған алғашқы күннен бастап, мен  аса ірі мемлекет қайраткері ретінде қадірлі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметімнің жоғары екенін шын жүрегіммен айта аламын. Мен оның сыртқы саяси бастамаларының барлығының да бүкіл әлемдегі бейбітшілік пен аймақтардағы тұрақтылық пен жан жақты даму, халықтар арасындағы қарым қатынасты орнықтыру, қала берді, жер шарындағы тыныштық үшін қызмет ететіне сенемін.

— Жаппай жаһандану кезеңінде жергілікті мәдени ерекшеліктерді  қандай жолмен сақтап қалуға болады? Бұл ретте, солардың бірі Қазақстан болып табылатын, әсіресе, жас мемлекеттер нендей әрекеттер жасау керек?

— Әрине, жекелеген мәдениеттер жаһанданудың жойқын ықпалына қарсы өзін өзі қорғау рефлексін ұстанады және өз құндылықтарын, ежелгі салт дәстүрлерін сақтап қалуға тырысады. Бірақ, егер жекелеген мәдениеттердің бұл қарсылығы ғалымдар, ойшылдар, жазушылар мен діни қайраткерлер тарапынан реттеліп, заманға бейімделіп отырмаса оның соңы біржақтылыққа да ұласып кетуі мүмкін. Ал бұл болса, салдары аса қауіпті жайт, демек бұл мәселеде тіпті қол қусырып отыруға болмайды.

Жаһанданудың ең басты күші болып саналатын коммуникация мен көлік саласындағы қарқынды дамудың арқасында мемлекеттер мен халықтардың арасындағы шалғайлық лезде жақындай түсті. Бір бірінен өте шалғай тұратын елдер көршіге айналды. Бірақ бұл процесс біртекті халықтар не жергілікті мәдени құндылықтар жойылып кетеді дегенді білдірмейді. Керісінше, болашақта да бұл әрбір ұлт пен ұлыстарға тән өзгешелік сақтала береді, бірақ енді олар қақтығыстарды туындатушы ретінде емес, керісінше, ортақ адамзаттық бірлікті құрайтын әлемнің түрлі халықтары толықтыра түсетін бөлекше күш ретінде болады.

«Көрші көршінің күліне зәру» деген халық даналығы бар. Егер сіздің ең болмағанда өзгеге берер күліңіз болмаса, онда сізге ешкім де назар аудармайды. Ал негізі, әр халықтың өзгеге берері де, өзгеден алары да жеткілікті. Түрлі мәдениет пен өркениеттер арасында саналы түрде дәстүрлі алмасуды жолға қою керек, сонда ең керемет үлгіде жүрек пен ақылды, қисын мен сезімді, дүниелік пен руханилықты керемет байланыстыра білген Шығыстан Батыс, ал Батыстың сан ғасырлық даму жемісінен Шығыс нәр алған болар еді.

— Сонымен бірге, тарихқа көз жіберсек, аса көп болмаса да түрлі мәдениет пен дін өкілдерінің арасындағы кикілжіңдер үлкен соғыстарға түрткі болды ғой.

     — Шындығында да, біз  бұл дәйекті жоққа шығара алмаймыз. Алайда, соғыстар діннің кесірінен болған жоқ. Олардың басты түрткілері діннің атын жамылып, адамдарды өзге адамдармен қырқыстырып қоюға итермелейтін нақты өз мақсаттары мен ішкі есептері бар кейбір күштер болды және әлі де солай болып келе жатыр. Дін мен мәдени құндылықтар көбіне адамзатқа іріткі салатын құрал ретінде қолданылады. Бірақ, бұл олардың кінәсі емес, бұл діни ұстанымдары мен қағидаларын өз нәпсілеріне айырбастаған, және дінді өздерінің саяси және идеологиялық мақсаттарына пайдаланатын кейбір адамдардың кінәсі. 

      Қазіргі кезде діннің адамдарды біріктіретін бірден бір күш екенін көп адамдар түсінді. Ендеше, ол өзара түсіністіктің жолбасшысы бола отырып, сенімдеріне селкеу түспеген жандардың арасындағы диалогты жандандыруы керек. 

     - 2001 жылдың 11 қыркүйегінде Америка Құрама штаттарында орын алған трагедиялық жайтқа байланысты Батыстың ислам мен мұсылмандарға қатысты теріс көзқарастарын қалай қалпына келтіруге болады?

   Соңғы кезде бүкіл әлемде әйтеуір қандай да бір жолмен болмасын исламға теліп отырған жайттар (террор мен зорлық зомбылық, артта қалушылық пен кедейшілік, сабырсыздық пен тұрақсыздық т.б.), түбірімен, қай жағынан алып қарасаңыз да исламдық сенімнің мәніне тікелей жат әрі қайшы келеді. Өкінішке қарай, мұсылман елдерінде болып жатқан лаңкестік әрекеттер мен өзге де қылмыстық әрекеттер жағдайды одан сайын ушықтырып тұр. «11 қыркүйекте» болған хайуандық оқиға, кімнің қолымен жасалса да мұсылмандардың арына үлкен қара дақ болды. Өкінішке орай, бұл сұмдық қылмыстың салдарынан болған жағдайды реттеп, жөнге келтіру үшін қаншама жыл, қаншама күш кетеді.

      Ислами сенім: адамның құқығы мен еркіндігі, жариялылық, кәсіпкерлік еркіндігі, «адам мен бүкіл жаратылысқа деген сүйіспеншілік», диалог, сабырлылық пен қайрымдылық, жеке тұлғаның өзін және оның еркіндігін құрметтеу секілді адамзаттың іргелі  құндылықтарына қайшы келмек түгілі соларды өмір сүрудің ең абзал түрі ретінде ұсынады және насихаттайды. 

     Исламды қазіргі адамзаттың барлық сұранысын дөп басатын өзінің шын мәнісіндегі құндылықтары тұрғысынан таныту тек қана диалог пен бейбіт өмірде ғана жүзеге асады. 

     Бір сөзбен айтқанда, түрлі дін өкілдері мен өркениеттер арасындағы диалог керек. Мұнымен қоса, Мәулананың «менің бір аяғым исламның ортасында, ал келесісі жетпіс елдің ішінде» («барлығы» дегенді білдіретін тұспалдау сөзі),  деген сөзімен айтар болсақ, диалог тек бір діннің өкілдерін  ғана емес бүкіл адамзатты қамтуы керек. Біреуді қорқыту мен зорлықтың уақыты өткенін саналы түрде ұғына отырып, өркениетті адамдар арасындағы қарым қатынастың диалогпен ғана іске асатынын естен шығармауымыз керек. 

Континент журналына берген сұхбатынан


 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.