ЖҮРЕККЕ ЖЕТКЕН СЫРЛЫ СӨЗ

Мазмұн-маңызы талайларды толқытып отырған бұл кітаптың соңғы парағы Мәулана Жәлаледдин Руми туралы толғамдағы мына бір өзекжарды сырмен қайырылған екен: «Кеш болса да, құнды тақырыпты өресіз ой-пікірлеріммен тарылтпау үшін және бұлыңғырламау үшін соңғы нүктемді қойып отырмын»[1].

Кітаптағы бастан-аяқ «Баян», «Әдебиеттің құдіреті», «Тіл мен ой тереңдігі», «Сұлу мен сұлулық», «Өлең ақиқаты», «Әйел табиғаты хақында бір үзік сыр», т.б. қадау-қадау, Жаратушы мен Жаратылыс құпиясын болмыс ақиқатын ұғынуға ұмтылған ой-толғаулар өзіне тарта түсті.

Кеудені қозғаған осы бір өрелі туынды авторының қарапайым жандардың қатып-семген ішкі дүниесін Хақ нұрынан дарыған құндылықпен қауыштыруға бағыттаған ынталы жүрегіне иландым. Ақиқаттың айналасында адасып жүргендердің тарс бітеу жан құрсауына барлау жасаған қызуы, жылуы мол қисындары адам баласына бастан таймас бақ табудың, ырысты, құтты ғұмырдың Жаратылыс баянындағы ақиқат құбылыстарын, бұлжымас заңдарын өзекжарды өткір пайымдармен бүгінгі дүние болмыс өресінен даралап саралайды. Тіршілік баянының тұғырлы ұғымдары, қадау-қадау құбылыстар, ой талқысы ұштасып жатыр.

«Шын жүрегімізден шығып, соның тұңғиық түбінде жатқан інжу-маржандарды үндестірген салмақты баян, біздерге үнемі рухтың сыры мен сарынын, жүректің дірілін, сөз сөйлеу шеберлігінің реңкі мен екпінін сездіріп, өз бояуының, кенеп байлығының және мақсатының қажеттілігі салмағында аспанды жарған дыбыстардың жаңғырығындай жүрек-терімізге ұялай бастайды... Соңында біздерге ең алғашында келіп түскен қайнар көзінен үнемі дәм таттырып тұрады...»[2]

Замана ойшылдарының бірі Фетхуллаһ Гүлен адамзат көп мәнде салғырт, самарқау, сүреңсіз тіршілікке айналдырып алған құштар өмірдің нұр шуағын аулайды.
Кітапта «Әдебиеттің құдіреті» бөлімінде сөз өнерінің теориясы, тарихы бар қырынан, дәстүрі, көркемдік құндылығы, жасалу қисындары тұрғысынан қамтылып айтылған. Әдебиеттің мәні мен мақсаты, парыз, міндеті, жаратылыс құпиясы қысқа да нұсқа ойлармен дәл бағаланады, айғақталады. Адамзат құндылығының ең асылдарының бірі – ана тілдің байып, дамуындағы «сөзге жан сыйлайтын» тарихи мәніне қатысты ақиқат пайымдар айтылады. Адам баласы болмысын «мәңгілік амалдармен жабдықтаудағы» әдебиеттің рухани миссиясына баға беріледі.

«Тіл мен ой тереңдігі» атты толғам бүгінгі уақыттың аса өзекті мәселелерін көтеруімен өркештене түскен.
Елдіктің ең негізгі ұстындарының бірі оның мемлекеттік тілінде екендігін атап көрсетуінде ғалым тілдің ұлттық болмыс, ұлттық бітім ұғымдарын тұтастырып тұрған ұлы күшін ғылыми негізде, білікті қоғамтанушылық өреде қисындайды.

«Қабырғалы ел ата-бабадан мұра болып қалған және қазіргі уақытта жаңа синтезге, жаңа бейнеге, жаңа кейіпкерге айналып үлгерген біртұтас зерделі, аңсар-мұратты, ғылыми жетістіктер мен байлықтарды игере алатын құдіретті тіл арқылы ғана мәңгілік тұрақтылығын сақтай алады. Себебі, халық қай деңгейде тілдің бай қоры мен көркемділігін сақтап сөйлейтін болса, соғұрлым өрелі ойлайды; қай деңгейде ойласа, сол деңгейде сөйлейді»[3].

Фетхуллаһ Гүленнің тілдің адамзат тіршілігіндегі айрықша құндылық есебіндегі мәнін топшылауы – айтыла бермейтін ақиқаттардың санадан тыс заңдылықтарын айғақ етудегі және бір ғылыми алымы, ойшылдық өрісі.
«Ана тілінің түп-тамырына балта шаппаған және тілге осы деңгейде кеңдік пен серпінділік танытқан елдер ұдайы өзіндік үні бар, емін-еркін сөйлейтін және терең ой қозғайтын ең серпінді қоғамға айналады, басқаша болуы мүмкін емес»[4].
«Сұлу мен сұлулық» атты толғамында ойшыл тіршіліктің серпінді екпінін, тереңге тартқан арналы ағысты ақша бұлт жапқан аспанның биігінен бақылап тұрғандай дәлдікпен сипаттап, саралайды. Жүрегімізден дін, иман қашқан, аулақтап бара жатқан мына беймағлұм дүние құшағындағы жадаған, жүдеген жанымызға үмітті діріл дарытар, көмілген көңілдің көкжиегін көтерер сауатты уағыз айтады.

«Баян» кітабын жазып отырған Фетхуллаһ Гүленнің тұспалмен, айшықтап айтқан ғашықтық жайлы толғамы астасып жатқан ақиқат жан баурайды. Біз болсақ, «Махаббатсыз дүние – босты» (Абай) әлі шектеулі шеңберде қабылдап, ұғынумен қалып отырмыз...
ХІХ ғасырда қазақ даласында Ислам негіздері құлашын кең жайған діни ағартушылық ағым ықпалымен мақсатты түрде ұғындырылды. Зарзамандық діни ағартушылық – аса сауатты ағартушылық. Кең даланы ен жайлап, мол жайылған дін қиссалары, діннен тіршілік тірегін іздеген Шортанбай жырау толғаулары, Ыбырай Алтынсарыұлының «Шариат-ул Ислам» оқу құралы, Абайдың діннің жайын қозғаған өлеңдері, қара сөздері...
Шүкір Аллаға, қазіргі рухани өмірімізге дін негіздері, кір басқан, мұң басқан жүрегімізді кәусарымен шайған діни ұстанымдар дендеп ене бастады. Алайда, көп мәселе жалпы ғана айтылатын сыңайда. Көңіл аулап қана ой қозғайтын, жалпы сарын басым. Ал, Фетхуллаһ Гүленнің «Баян» кітабындай жан жаулайтын терең пайымдар тапшылығын сәт сайын сезінеміз.

ХІХ ғасырдағы әдеби өрістің айқын бір бағыты Ислам дінінің арналы арқауларын рухани кеңістікке алып шығып отыру болғаны – тарихи шығармашылық факт. Ғалым Б.Майтанов айтқан мына бір пікірдің ар жағында көп дүние бар:
«Әдебиет пен өнер атақты діндердің ұлы миссиясын қарапайым тіршілік иелеріне неғұрлым жақын, ұғынықты жеткізу, олардың қасында тұрып саралау мақсатымен дүниеге келген»[5].

Осы мәнде қазақ әдебиеті көтеріп келген жүк жеңіл емес. Адамгершілік, имандылық негіздерін ауызша насихаттаған ұлттық тәрбие институтының дін уағыздарымен ұштасып жатқан бай көркемдік әлемі ұлт тарихында аса ықпалды рухани күш болды.

Жалпыадамзаттық тұрғыдан келгенде, он-сан әдеби жәдігердің негізгі миссиясы қай дәуірде де дін негіздерін тарату, діни бастауларға жүгіну, діни ұстанымдарға ұйыту болғаны анық. Осы орайда, Шығыс әдебиетіндегі нәзирагөйлік дәстүрінің, нәзира жанрының шығу төркіні ұлы діни кітаптардың мазмұнын жеткізу мақсатынан туғаны даусыз.
«Сұлулықтан – ғашықтыққа» толғамында сүй- геннің құлы болу сыры ғаламзаттық тұрғыда тағы бір қырларын ашады.

«Өлім өлеңдері айтыла бастап», айнала сұрқай тартқан, «жастықтың белі қайысып» қариялардың сәкісіне отыра бастағанда бойға қуат құятын құдірет, «бүкіл түстерді қамтитын түссіздік», т.б. мәңгі жас жаратылыстың таусылмайтын жыры тағы да ғылыми негізде, көркемдік келісімде кестеленеді.
Ақиқатқа кеудемізді сәт сайын айқара ашып, ынтыға ұмтылып отырып оқылған «Баян» кітабының келесі парағы – «Өлең ақиқаты».
Бұл өлең құпиясы мен сөз құдіретін ұғындырудың және бір тың тынысы, тылсымға тұнған ақиқаттың ақыл жетер өредегі айғағы.
Ф.Гүленнің өлең сырын, өлең құнын саралаған ойлары мен ХІХ ғасырда жасаған Дулат ақын пайымының үндестік туғызып жатуы – өнер ақиқаты. Исламдық дүниетаным өрісі.

Әдеби мұра, поэтикалық олжаның құны мен құнары ой түбіне мың-сан мәнде мызғымастай орнығады.
Ақындық өнерге қашаннан жаратылыс сынды құдірет игілігі деп қарап келе жатқан қазақ баласына Фетхуллаһ Гүленнің мына байламдары аса етене.
«Тіршілік бастан-аяқ жаратылыс заңдылығы бойынша өзара өлең құрылымы іспетті жүйелі түрде тәртіппен реттелген.
...Осыған орай, ақындарды жаратылыстың арғы жағындағы мағына мен мазмұнның бұлбұлдары деп санауымызға болады»[6].  Мақсатсыз, рухсыз, орынсыз сөздер көкжиегімізді көлегейлеген заманда шынайы өлеңді шөліркей аңсағанымыз анық дейді Ф.Гүлен.

«Әйел табиғаты хақында бір үзік сыр» атты толғамында Ф.Гүлен және де бір биік өреден бой көтереді. Әйелге мадақ айтады, әйелдің нәзіктік пен қайсарлық, құштарлық пен төзім қабаттаса жаратылған өзгеше болмысын жырлайды.

«Әрдайым сұлу жандарды ғана көріп, тек сұлулықпен ғана қоян-қолтық араласқысы келеді. Кейде аңсаған арманына жетеді, ал кейде жете алмайды. Кей-кейде жан-жағынан дауыл соғып, оған тиесілі дүниені күл-талқан етеді. Міне, сол сәтте күйзеліске ұшырап, асқар таудан асып, терең теңізді кешіп өтеді...»
«Сана-сезімдерімізге қажетті мәңгілік азықты пісіп-жетілдіретін» әйелдің мәртебесі жоғары, жөні бөлек.

Ф.Гүленнің осы толғамының айрықша маңызды бір қыры – ол әйел және Ислам мәселесін әлемдік деңгейде қозғап, ой қорытуы, пікір өрбітуі. Әйел баласын танып, бағалауда көптеген тарихи тұлғалардың жаңылыс басып, өресі төмен ой айтуын дәлелмен, дәйекпен айғақтап отырып, ғалым мұнда да Ислам дінінің негіздерін, әйел баласын бағалау ұстанымдарын соншалықты ыждаһатпен ұғындырған.

«Бүкіл адамзатқа мәңгі бақи тіршілік ету ақиқаттарымен жеткен Ислам діні (бұл бір немесе бірнеше кітаптың орын алатын тақырыбы болғандықтан, қысқаша баяндап кетеміз) – әйелдің қоғам тарапынан заңсыз тартып алынған құқықтарын қайтарып, оны ашық және заңды түрде өз қорғауына алған және де осы мәселеде ең орнықты да қолайлы ережелерді уағыздайтын ең алғашқы дін»[7].

Кітапта ғалымның сөз жетпесті жеткізіп айту, ой жетпесті орайы келгенде ортақ игілікке ұластыру бағытындағы ойшылдық алымы сәт сайын таңырқатып отырады.
Әрі қарай жалғасқан тақырып – «Жүрек пен рух көкжиегі».
Болмысты бүтін қалпында сезіну – бізді құтқарады.

Ой жүйесі, өнегесі оқшау ойшыл Фетхуллаһ Гүленнің «адам ақиқатының, тіршілігінің өзегі» жүрек туралы толғамы Алланың қалаған ісін жасау, оның қашан да қасыңда екендігін сезіндіріп, сендіретін Құран Кәрім аяттары, Пайғамбар хадистері, өмір қағидасы мәнінде ұғындыратын ежелгі дін қиссаларының дәстүрінде жалғасқан, жан пидасы, рухани жүрек – көңілдің күйін көкейге құяды.

Адам иләһи сырларға жүрек тазалығы мен рух биігі арқылы жетеді дейді ғалым.
«Көңіл» сөзімен атап жүргеніміз әлгі «ләтипа сезімі» – адамдық кемелдікке қарай шығатын саты, заттық және физикалық дүниедегі жаратылыстың арғы жағының кескін келбеті, адам денесіндегі рухани дүниелерге үнемі жол ашатын кең есік, кісілігіміздің қалыптасуында орын алатын бірегей зертхана және жақсылық пен жамандықты екшейтін ең маңызды бақылау орталығы».

Көңілдің адамды көтеріп апармас биігі бар ма! Ақиқатты Алла сипатында тану жолы көңілін кір  басқан жандарға бұйырмаған...
Сабыр, төзім көңіл көзін түбінде ашып тынады дейді ойшыл. «Көңіл жан тілімен сөйлейді» дейді. Ф.Гүленнің ақиқат шарпыған қисындарына, Ислам құтын ғылыми негізде ұғындыру тәсілдеріне, келісім кемелдігімен ұштасқан болжам-пайымдарына, күнделік күйбең тірліктің астасып жатқан арғы сырларына бойлатқан сұңғыла танымына үздіге түсесің.
Адам арпалысып, аласұрып ұмтылатын жан рахаты қайда екенін ішкі түйсік сезеді. Бірақ соған жетудің қиындығы оны қорқытады, оңай тәсілдерге төселдіреді. Ол қиындық асу бермес асқар таудан асып, терең теңізді кешіп өтуден де қиын жол. Адамдықты, ар-иманды сақтап ғұмыр кешудің жолы. Кімнің кемел жан болғысы келмейді дейсің?
«...Адам кісілігіне қаншалықты тәуелді болып қалса, бір ғана тозаңның түйірінен, бір ғана тамшыдан, тіпті, бір ғана жоқтан құтыла алмайды. Қайта кісілік шамын өшіріп, көңілдің кеңпейілдігі арқасында басқалармен аралас-құралас болып, өзінің тар дүниесінен тысқары басқа дүниелерге жетіп жататын болса, қапелімде нұр құйған күнге, айдай анық әлемге және мықтылардың малтып жүзген мұхитына айналады».

Келесі, «Үздіксіз өзгерістері бар тарихи қайта-лаулардан туған тілек пен арман» атты толғамда адамшылық нұры, оның қуат көзі, тілек пен арман туралы ой дами түседі. «Басыңды иманның мөлдір бұлағымен тазалап жуын» дейді.

Құлшылық, мүминдік жайы баяндалады. Аз күндік мастану, аз-кем дүниені малдану кембағалдығын айыптайды. Фетхуллаһ Гүлен Алланы сүю, Алланы тану жолындағы жанкештілік бақытының бір мәні адам еркімен, адамның азаттығымен астасып жатқан теңдесіз әділетті құбылыс екендігі туралы ағылып, төгіліп сөйлеуден таусылмайды, сарқылмайды.
«Хаққа құл болғандар құлға құл бола алмас».
«Мәуліттен туған ой» бөлімінде Мұхаммед (с.ғ.с.), оның адамзат, Ислам әлеміндегі ұлы миссиясы туралы баяндалған. Оған шейін «Көңіл құрлығы көктем мен көкорайды көрмеген».

Ф.Гүлен Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбардың туған айында оны сағына сарқылып, адамзаттың ендігі дәуірдегі күйігі мен күйзелісін көз жасындай селдете төгіп, баян етеді.
«Киелі мекеннің бақсыз жылдары» қайшылығы көп мына заманның өзекті жайларымен суарылған. Қоғамтанушылық биік өреде ой-тоқтамдар жасалады.
«Рухты жаныштаған жатсыну» – бұл тіркес қазіргі дүниенің пішініндегі ең бетке шыққан белгісі.

Елінің жайы, елдіктің қамы қозғалады. Арғы тарихы бай, рухани құты мен құндылығы ортаймаған елдің жаһандану дүрмегінде өзіне өзі опасыздық жасауы, берекесіз әрекеттері жүрегін жаншиды. Жержүзілік ырыстардың талан-таражға түсуі алаңдатады. Хаққа бет бұрайық, оған ішкі сарайымызды ашайық, сонда игілік, ізгілік, іргелі елдік орныққан олжаға кенелеміз дегенді үнсіз ұғындырған ұлт перзентінің үндеуі жан тыншытады.

«Жылайтын кез келді» – тағы бір таңғажайып кеңістік, тамсандырып, ынтықтыра түсетін толғам. Көңіл толқуын көз жасына қарағанда аса мөлдір көрсететін басқа еш нәрсе жоқ дейді ойшыл. Ф.Гүлен аңғармаған, ол саралап, сырын ашпаған, қамтылмаған құбылыс қалмаған сияқты.
Образды сөзбен ашады, ой көзімен аңғарады. «Нұрын жоғалтқан және қартайған дүние» дейді ол. Күнәға белшеден батқан адамзаттың арылу амалы – ол Хақтың алдында кешірім сұрап, көз жасын төгу. Опасыздығымыз, шындықты айтпағанымыз, түзу жүрмегеніміз, басқа қонған бақытты бағалай білмегеніміз, орынсыз сөздеріміз үшін жылауымыз керек.
Адамзат Хақтың алдында жан шошытар әрекеттерінің салдарына жауапты. Фетхуллаһ Гүлен осыны ойлап, зар төгеді. Осы тұста қазақ әдебиетінің тарихындағы айғақты, айтулы ағым – зар заман ақындары толғауларының негізгі сарындарымен үндестік даусыз.

Дөңгеленген дүниеде діннен сая іздеген, ХІХ ғасырда жасаған Шортанбай ақын мен ХХІ ғасыр зарына жанын байлаған Фетхуллаһ Гүленнің тоқтамдары, қазақ туған жер мен қазақ тұрған кеңістікте Ислам өркениетімен ұштасып жатқан діни өрістің сол ХІХ ғасырдағы ауқымы қандай болғанын болжатады.
Қазақ әдебиеті тарихындағы айтулы тұлғалар – Бұхар жыраудың, Шортанбайдың, Ыбырай мен Абайдың, Ақан сері, Базар жырау, Мәшһүр Жүсіп, т.б. ақындардың, ХІХ ғасыр бойы қазақ жеріне кең жайылған діни қиссалардың имандылық негіздерінен құйылған қуатты, құнарлы ой ағысындағы желілер мен қазіргі дәуірдің мазмұнды дін уағызшысы, ойшыл хакімі Фетхуллаһ Гүлен ойларының жүрек, иман, ақыл, жан, ар тазалығы, көңіл құштары, Алланы сүю, мойындау, тану бағытындағы тәжірибелерінің сабақталып жатуы біздің өткен ғасырлардағы рухани әлем өрісін, тарихи тағылымдарымызды айғақтай түседі.

«Дүние тыныштықтан айырылды» бөліміндегі ұлт бостандығы, азаттық, ар-ождан жайында зар заман дәуірі ақындары мен Ф.Гүлен ойлары тағы да үндес, тағы да сарындас.
«Бұл кезеңдерде нәпсіміз рухтың тағын тартып алды... Жүрегімізге шайтан ұя салды... Құдайдың орнын әумесіл жандар басып алды... Ар-намыс табанға тапталды..Ұят пен ар намыссыздыққа ұласты. Құрметсіздік кім көрінгеннің табиғатына жұқты... Бүкіл атырап жағымсыздық пен сүйкімсіздіктің жәрмеңкесіне айналды... Әдептілік, сыпайылық бұрынғылардың құнсыз жолы мен тәсіліндей етіп көрсетілді... Опа, адалдық, отансүйгіштік әуелі рухтарда ұмыт болды, содан соң сөздіктерден өшірілді...»
«Сенімен өткен күндер-ай», «Ақиқат айнасы – жаратылыс», «Қара түнекке нұр шашқан аппақ Ай» бөлімдері Құран негіздерін ұғындыру, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың тарихи тұлғасы, Оның Ислам әлеміндегі ықпалы, қасиетті Рамазан айы туралы ой-тоқтамдардан тұрады.

«Мәулана Жәлаледдин Руми» бөлімінде ақындық туралы тағы да тамаша сөздер, бейнелі, образды ойлар бар. «Ол ертеде жер басып өткен биіктердің бірі болатын».
«Баян» кітабының күрделі ұғымдарды нұрға орап, күндей жарқыратып қисындап берген тіл кестесі туралы да арнайы сөз қозғауға болар еді. Шығармада «сәхли мүмтени» – «әрі күш, әрі жеңіл» деген анықтама келтірілген бір тұс бар. Аудармашы «жазылуы оңай болып көрінгенімен, жазуға мүмкіндік туғызбайтын туындылар» деп ұғындырған.
Фетхуллаһ Гүлен көп жағдайда «әрі күш, әрі жеңілдіктің» сынағына шыдас беріп, шығармашылық рахатына кенелген. Сол игіліктеріне басқаларды да ортақтастырып, өзгенің дүниетаным шегі мен дінтану өрісіне олжалы, қайырлы кеңістік дарытқан.

Автордың айтамын деген астар-қатпарлы, тұспалы мен тұңғиық тереңі мол құнарлы ойларының құтын қашырмай көкейге құйған аудармашы еңбегіне де ризашылық білдірдік.


[1]    Гүлен Ф. Баян. Әдеби-философиялық ой-толғау. Алматы. 2009 жыл, 175 бет.
    
[2]    Гүлен Ф. Баян. Әдеби-философиялық ой-толғау. Алматы. 2009 жыл, 13 бет.
    
[3]    Гүлен Ф. Баян. Әдеби-философиялық ой-толғау. Алматы. 2009 жыл, 25 бет.
    
[4]    Гүлен Ф. Баян. Әдеби-философиялық ой-толғау. Алматы. 2009 жыл, 29 бет.
    
[5]    Майтанов Б. Мұхтар Әуезов және ұлттық әдеби үрдістер: зерттеулер, эсселер. – Алматы, 2009. 5 бет.
    
[6]    Гүлен Ф. Баян. Әдеби-философиялық ой-толғау. Алматы. 2009 жыл, 66 бет.
    
[7]    Гүлен Ф. Баян. Әдеби-философиялық ой-толғау. Алматы. 2009 жыл, 75 бет.
   

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.