«ИМАНДЫЛЫҚ РУХЫМЫЗДЫ ӨСІРЕДІ»

 

Фетхуллаһ Гүленнің кітаптарын шығарудың негізгі мақсаты – ол кісінің пікірлерін, ойларын, имандылыққа құрылған пайымдауларын елімізге жеткізу екені белгілі. Есіңізде болар, ақын-жазу-шылар мен ғалымдардың назарына Ф.Гүлен шығар-малары ұсынылған болатын. Сіз үлкен жазушы, ұлттың қамын ойлап жүрген қоғам қайраткерісіз. Ф.Гүлен және оның ойлары туралы не айтар едіңіз?
Осыдан 15 жыл бұрын Мюньхенде, кеше ғана марқұм болған асыл ағамыз Хасан Оралтаймен бірге бір мешітке барып едік. Ауызашардан соң имамның бөлмесіне кірдік. Біз кіргенде, көзіме бірден түскені – әлгі ат шаптырым кең бөлменің есігінен төріне дейін сөрелерге тізілген діни кітаптардың толып тұрған-дығы. Төрт қабырғадағы кітаптың бәрі исламтануға арналған еңбектер деген кезде сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Мен таңғалғанымнан құлап түсе жаздадым. Исламтануда осыншалық бай кітап әлемі, мол мұра бар екеніне қайран қалдым. «Бізді социализм құрсаулап, көзімізді соқыр, құлағымызды керең етіп өсірген екен-ау!» – деп, сұмдық қайран қалып, сұмдық өкіндім. Себебі, соншалық жауһар қазынадан мақұрым қалғанымызға ішім ашыды. Оқығым келді, оқи алмадым. Араб және түрік тіліндегі әдебиеттерге тісім батпады. Бізді хайуанаттар бағындағы қамаудағы аң секілді ұстағандығына көзім жетті. Сондай сезіммен жүргенде, тәуелсіздіктің  арқасында діни әдебиеттер біздің елге ақырындап кіре бастады.
Солардың қатарында исламтанушы-ғалым, философ, үлкен ойшыл Фетхуллаһ Гүлен шығарма-лары да аударма арқылы рухани қорымызға келіп қосылды. Бұл кісінің еңбектерінің келуі қазақ қоғамына ықпал жасап, руханият әлеміне үлкен бетбұрыс алып келді. Жетпіс жыл бойы империялық идеология қолымызға Құранды ғайбаттайтын кітаптар ұстатып, соны оқытумен болды. Ислам әлемінен шекарамызды бөліп, оқшаулап тастады. Дін жолындағы, ақиқат жолындағы азаматтардың бәрін тұтқындады, тамырына балта шапты. Осылайша Құдайсыз қоғам қалыптастырып, томаға-тұйық өмірді қолдан жасады. Біздің санамызды мүлде теріс бағытта қалыптастырғанын мойындауға тиіспіз. Ең соңында бір ақиқатқа көзіміз жетті. Құдайды құртамыз деген социалистік қоғам жетпіс жыл қарсыласып, ең соңында төрт аяғы аспаннан келіп өзі құрыды. Ол қарғысқа ұшыраған қаратүнек қоғам еді. Оның басқа ақтайтындай ешқандай себебі жоқ. Тек қана қарғыс таңбасы басылған қате идеология екендігін тарих дәлелдеді. Қазақты қырған, төрт миллион бауырларымның түбіне жеткен, санамызды сансыратқан социализм ең ақырында өзінің әзәзілдігімен күлі көкке ұшты. Қызыл империяның құлауынан кейін, Ислам әлемінен бізге көктем самалы сезіліп, жылы жаздың аспаны ашылды. Қираған мешіттер қалпына келе бастады, имандылықтың нышандары білінді. Ендігі жерде ойсыраған руханиятымызды қалпына келтіру машақаты басталды. Біздің елде дін ғұламалары, исламтанушылар болмаған соң, бауырлас мұсылман елдерінің рухани көмегіне мұқтаж едік. Солардың қатарында бізге жақыны және үйлесімдісі, өзінің діни көзқарасымен де, ғылыми негізімен де, адамзаттық алға басарлығымен де, озық белсенділігі арқылы иландырған идеясы жөнінен ақылға қонымдысы Фетхуллаһ Гүлен болды.
Оның Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) жайлы жазған «Ғаламның Рахым Нұры – Мұхаммед Пайғамбар» атты кітабы бар. Мен бұл шығарманы екі қайтара оқыдым. Онан имандылық негіздерін қамтыған «Иман аясында», сұрақ-жауап тәсілімен тамаша жазылған «Ғасыр тудырған күмәндар», «Баян» атты әдеби-философиялық ой-толғаулар және «Ақырет ақиқатына сенім» кітаптарын оқыдым. Бұл арқылы ізденуші ретінде исламдық құндылықтарды жаңаша тануға, нағыз өмірді білуге бетбұрыс жасадым. Мен секілді тамырсыз қоғамның тумаларына таптырмайтын оқулық. Осылайша, тарихи тіректерімізден айырған озбыр қоғамды түсініп, алдағы жарқын күндерімізді  құру жолындағы ой-арманымызды оятты. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей,  біз де Фетхуллаһ Гүлен еңбектерін, ол ұсынған рухани сауықтыру идеяларын ағып бара жатып жан сақтайтын жағалау ете білдік. Ф.Гүлен кітаптары және оның идеясы суға батып бара жатқан бізді құтқаратын, мейірімділіктің қол ұшы деуге болады. Қазіргі қолымызға тигендерінің өзі аздық қылады. Ойшыл философтың барлық еңбектерін онан ары да аударып, насихаттай берген жөн.


Фетхуллаһ Гүлен туралы кейбір ақпарат көздерінде шындыққа келмейтін жағымсыз пікірлер қылаң беріп қалады. Осы жөнінде не дер едіңіз?
Ф.Гүленге байланысты жағымсыз пікірлер, сыни көзқарастарға келсек, олар қарғысқа ұшыраған империялық идеяның бесігінде тербеліп, туын көтергендердің өлім алдындағы жанталасы мен дауысы. Олар құдайсыздықтың уын ішіп, оны ізгі әлемнің жас бүршіктеріне бүріккен қараңғы зұлматтың жендеттері. Ұлт-ұлысына қарамай, қарғысқа ұшыраған жеңіл өмірдің «жемісін» аңсаушы қалдықтар; олар тарих сахнасынан оңайшылдықпен түскісі келмейді. Адамзатты құтқаратын рухани өрлеуге өлермендене шабуыл жасайды.
Исламият Орта Азияда күшейсе, ол шағын мемлекеттердің тәуелсіздігін нығайтады. Бұл үрдіс империяға әрине ұнамайды. Қолынан сусып шығып, алыстауға әкеліп соғады. Олар содан алаңдайды. Тарихи Ислам елдері өздерін тауып, байырғы байлығы мұсылмандық қасиеті күшейсе, күш алып кетері белгілі... Олар содан шошиды. Империяның суық құшағы, сасық деміне тұншықтырмай, суырып алатын алып күш Исламиятта! Мінеки, сол себепті де солақай саясат жүргізіп, Фетхуллаһ Гүленді және жалпы имандылық атаулыдан бойын ала қашып өсектеп, арандатып отырады. Мың жерден экономикамыз өрлесін, мың жерден қалтамызға доллар толсын, материалдық дүние бізді рухани құлдыраудан ешқашан сақтай алмайды. Бізді құтқаратын Ислам ғана. Қызыл саясатпен ұлтсызданғандар және дінсізденгендер жалпы Ислам құндылықтарын тәрк етумен бірге Фетхуллаһ Гүленді де күстаналайды. Жоққа шығарады. Тіпті адамның ауызы бармайтын жала жауып айыптайды.
Тәуелсіздігін енді ғана алған елдер үшін тілі, ділі, діні, ұлттық салт-сана дәстүрлері төрт аяғынан тік тұрғанда ғана тәуелсіздігі бекемделеді. Ал империялық жат пиғыл осының бәрін болдырмауға жанталасады. Біз бүгінде тәуелсіз ел болсақ та, осымен болдым, толдым деуге ерте. Алып империялардың ортасында, от пен судың қыспағында өмір сүріп жатырмыз. Біздің күшейгенімізден гөрі, әлсірегенімізді күтіп жүргендер бар. Өте-мөте сенімі берік елге айналуымыз, олардың тәтті қиялын бұзып, шырын ұйқысынан шошытып оятады. Соңғы кезде орыс елінің ақпараттық шабуылы бұрынғыдан да үдеп кетті. Жат идеологияның тасқыны астында қалдық. Қанша арам пиғылды кітаптар мен газет-журналдардың нөпірі қойны-қоншымызды аралап кетті. Бірақ оларға қарсы сөз айтылмайды. Ал, Фетхуллаһ Гүлен идеясына теріс пікірлерді тарата береді. Осы арқылы жаңадан жол тауып келе жатқан рухы әлсіз, сенімі орныға қоймаған халықты қорқынышқа итермелеп, қағынан жерітеді. Назар салып қарасаңыз, тәуелсіз елдің төл ақпараты шала жансар күйде табанға тапталып, әлсіз хал кешуде. Демек, Ф.Гүлен көзқарасын жоққа шығарғысы келгендердің негізі – империяның сойылын соғушылар. Сол арқылы тәуелсіздікке тас лақтыруды көздеген жат пиғылдың туындысы. Ал кейбір қазақ басылымындағы қаралауға келсек, уақытпен санаса алмаушылық, мемлекеттік құндылықтарға сергектікпен қарамаушылық, ұлттық сананың қалыптасуындағы негізгі факторды ескермеушіліктен, әлде біреулердің айтақтауынан болып отырған жағдай деп айта аламын.
Сонда Ф.Гүлен туралы туындап жатқан алып-қашпа әңгімелердің төркінін танымағандығынан ба?
Әрине. Фетхуллаһ Гүлен ешбір елді көтеріліске шақырып отырған жоқ. Діни алауыздықты тудыруды көздеп отырған кісі емес. Ф.Гүлен философиясы – бірлік пен келісімге шақырады. Ф.Гүлен диалогы – адамзаттың бейбіт өміріне, имандық қарым-қатынасына шақырады. Онда күш көрсету, мәжбүрлеу атымен жоқ. Ол терроризм мен лаңкестікке қарсы, қателіктер мен қатыгездікке, қан төгіске қарсы. Дінаралық, мәдениетаралық сұхбатқа келіп, ынтымақты тіршілік етуге үндейді. Бүгінгі заманның тамыр соғуын байқап, уақытқа диагноз қойып, оның емін тауып, шығар жол ұсынып отыр. Тура жолға түсуге, бейбіт қатар өмір сүруге бағыт-бағдар көрсетеді. Адамзаттың саналы ғұмырындағы шын бақыты – екі дүниенің рахатын көру болса, оған жеткізетін жол Исламда ғана екенін дәлелдейді.
Фетхуллаһ Гүленнің туы – Алланың сөзі – Құран, Пайғамбардың сүннеті. Ондағы өзекті мәселелерді бізге ең түсінікті тіл, иландыратын тәсілдер арқылы жеткізіп отырады. Тағы бір жағынан ол ортаға қойған мәселелердің қағаз бетінен жанданып, нақты өмірге көшіп, іске асып жатқандығында. Түркияда және әлемнің өзге 130 мемлекетінде Ф.Гүлен бастамасы бойынша мектептер ашылып, қолға алынған шаралар шындыққа айналуда.
Имансыздыққа апаратын жол көп. Оны тосудың, шектеудің орнына, өршітіп отырған күштер де жетерлік. Ал келесі ұрпаққа ертеңгі болашақты сақтап қалудың, жамандыққа жақындатпаудың бірден бір тәсілі – түбірінен жаңару. Шыт жаңа озық оймен қайта құрылу. Өлі жүректі оятып қайта тірілу. Міне, осындай өркениетті өскелең рухқа ие болудың жолын Фетхуллаһ Гүлен ұсынып отыр. Алланың біреу болғаны секілді, оған апарар тура жол да біреу. Ол жолды алғаш ұсынған жолашар, сең бұзар, ізашар – Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) болса, оны дамытушы, жалғастырушылар әулиелер, ғұламалар, таңдаулы ұстаздар. Пайғамбарлардың алауынан жарық алып, соңғыларға жеткізетін ізбасарлар осыдан он бес ғасыр бұрынғы сахабалардан басталып, бүгінге дейінгі данышпандармен жалғасып, Ф.Гүлен сынды ұстазға дейін келіп жетті. Шығыстың ұлы ақындары, қазақтың даңқты ұлдарының бәрі Исламды жырлады, имандылықты насихаттады. Арғы тарихтарды айтпағанның өзінде Абай, Шәкәрім, Мағжандар тура жолдың ту ұстаушылары еді. Бірақ, империя билеп-төстеген жетпіс жыл асыл арнамызды суалтты. Адастырудың сан қилы амалын жасады. Үзілген уақытты жалғаудың, бостықты толтырудың ең тиімді жолы – Ф.Гүлен сияқты ғұламалардың үніне құлақ түру. Қазақ руханиятына қосылған мөлдір бұлақтың бірі осы деп білемін. Өзімізде исламдық жүйе мен рухани тұтастық бұзылғандықтан, бізде қалыптасқан мектеп те жоқ. Ендеше, ең лайықты жүйе – біз ілесер идея Ф.Гүлен идеясында жатыр.

Тәуелсіздікті сақтайтын фактордың ең негізгісі – имандылық екенін айтып өттіңіз. Бірақ, біздің қоғамдағы көп санды ағайындар дінсіз-ақ, иман-дылықты керек етпей-ақ, тәуелсіздікті дамыта аламыз деп төтесінен тартып жүр. Имандылық болмай, тәуелсіздік тұғырының берік болмайтынына қалай сендіреміз?
Әсілінде, тәуелсіздікке қатер төндіріп жатқан имансыздық. Елді басқарып отырғандар Құдайға сенбейтіндер болса, онда біз кімге сенеміз? Жүрегінде иман жоқ адам – бақылаусыз адам. Оның артынан мыңдаған сақшыларды қойсаң да, алдап кете береді. Себебі, ұяты жоқ алаяқ адамнан қулық қашып құтылмайды. Ал, иманы бар адамның бақылаушысы жүрегінде тұрады. Сондықтан да өзін-өзі меңгеруге, нәпсісімен бетпе-бет күресуге қуаты жетеді. Иә, имандылық қазақ қоғамын құтқаратын бірден-бір жол.
Герольд Бельгер: «40-шы жылдардағы қазақтар – құшағы ашық, пейілі кең қазақтар еді, қазіргі қазақтардан қорқамыз», – дейді. Мен ол кісіге «40-шы жылдардағы қазақтар – Құдай деген қазақтар, ал қазіргі қазақтар – «мұнай» (ақша) деген қазақтар», – дедім.
40-жылдарда жүрегінде иман, пейілінде кеңдік болған соң, өзге ұлт өкілдерін де төріне шығарып, өзі босағада жатса да жанашырлық танытқан. Ал, бүгінгі қазақтар – ол кездегіден мың есе бақуатты болса да, шетелден келген қандас оралманның өзін босағасынан сығалатпайды. Себебі, заттық байлығы көбейгенмен, рухани дүниесі соншалықты қайыршыланған. Осыдан-ақ имандылық пен имансыздықтың қандай болатынын көре аламыз. Иман жолындағы елде жемқорлық, әділетсіздік, қиянат, СПИД, арақкештік, зинақорлық болмас еді. Оның бәрі тектеусіз елде, бақылаудан айырылған шектеусіз елде, Құдайдан қорықпайтын тәкаппар адамдар өмір сүрген қоғамда ғана күшіктейтін жағдайлар.
Тұтас қоғамға ықпал етіп отыратын адам факторы. Ал, адамды адам етіп тәртіпке салып талпындырып отыратын нәрсе – тағы да сол иман.
Міне, көріп отырсыздар, үйіңді мүлікке толтырғаныңмен, аулаңды көлікке толтырғаныңмен, өрісіңді малға толтырып, өміріңді барлыққа жеткіз-геніңмен кеудең қуыс, жүрегің беріш қара тас болса, тірлік те қызық болмайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Алла кішіпейіл кедейді жақсы көреді, ал, кішіпейіл байды онан да жақсы көреді. Алла жомарт байды жақсы көреді, ал, жомарт кедейді онан да жақсы көреді», – деп айтқан екен. Міне, бұл жерде иманға салмақ салып отыр.

Бүгінгі қоғамда кейбір адамдар тарапынан «Біз неге Ф.Гүлен секілді ғалымдарды ғана оқимыз, оның бастауы болған Құран мен Хадис жеткілікті», – деген пікірлер қылаң беріп жүр. Бұл туралы не айтар едіңіз?
Бұл ой тар өрісті, көлеңкелі көзқарас, ойы келте, білімі таяз адамдардың пікірі. Құранға тәпсір-түсіндірме Пайғамбардың көзі тірісінде-ақ басталған. Бұл Алла Елшісінің салған жолы. Құран – қысқаша ишаралар және сырлы баяндар жиынтығы. Оны адамдар санасына жеткізу, озып туған ғұламалар мен ғалымдардың міндеті болып жалғасып келеді. Пайғамбар алауынан алған жарықты әлемнің түкпір-түкпіріне жеткізуге асыққан жүгірушілердің бірі – бүгінгі күннің ғұламасы Фетхуллаһ Гүлен. Құраннан қуат алған Абайды, Шәкәрімді, Кердеріні оқып жатырмыз. Сол секілді Ф.Гүлен де біз үшін жақын адам, оқылуға лайықты кісі.
Егер діни тақырыпты алып тастаса, байырғы Еуропа мәдениетінде де түк қалмайды. Оның музыкасы, суреті, әдебиетінің бастау көзі әуел баста діни тақырыптардан келіп шыққан. Біз де Ф.Гүлен секілді исламтанушыларды оқымасақ, көркем өнерге иман сіңбесе, түкке тұрғысыз бір нәрселерді жасаған болар едік. Оған дәлел: Кешегі жетпіс жыл тұсында жазылған қаншама жұмыстар сыпырындыға айналды. Құдайсыздықты көкке көтергендердің бәрінің соңы құрдымға кетті. Мүлде атаусыз қалды, аты өшті.

Ф.Гүленнің кітаптарының қатарында сізге әсері күшті болғаны қайсы?
Мен сөзімнің басында бес кітапты атаған едім, солардың ішінде Пайғамбарымыз туралы жазылған «Ғаламның Рахым Нұры – Мұхаммед Пайғамбар» маған айрықша ықпал жасады. Бұған дейін өзге діндегі бөтен пиғылдағы авторлардың Сүйікті Пайғам-барымыз туралы жазғандарын оқығанбыз. Ал, бұл кітап сүйіспеншілікпен, махаббат сезімімен жазылғандықтан жанды нұрландырады. Жүректі қуаныш кернейді. Онан ары «Иман аясында» атты еңбекті атауға болады. Оның ерекшелігі; қазіргі заман оқырмандарына лайықталып, қабылдау дәрежесіне сәйкестендіріп алға тартылады. Содан кейінгі кітаптардың бірі «Баян»; ол бірыңғай тәпсір кітабы болмағанымен, өзегі – иман, өрімі – әдебиет. Алланың адамға берген аманаты – сөз өнері туралы тереңнен толғайды. Яғни, сөз өнері – «Баян» адамдардың қалауымен жасалған нәрсе емес, оны Алланың еркімен жоғарыдан берілген қасиет деу керек. Міне, осы мәселелер «Баянда» жан-жақты көрсетіледі. Ондағы «Әдебиеттің құдіреті», «Өлең ақиқаты», «Мәулана Жәлалледдин Румиға» арналған мақалалардың қай-қайсысы да құнды, формасы да, пікір өрбітуі де, біз оқып жүрген ешбір еңбекке ұқсамайды. Жалпы мен тағы да айтар едім, Ф.Гүлен еңбектерінің нашары жоқ. Әлі де болса, қазақ оқырмандарына жеткізе беру керек.

Осыдан он екі жыл бұрын Мұхтар Мағауин, Камал Смайыл, Жұмабай Шаштайұлы ағаларымыз Ыстамбұл қаласында Фетхуллаһ Гүленмен кездескен екен, сол кезде ол кісі «Қазақ ұлты ақылды, талантты, ендігі жерде бауырларымыз рухани құлдыраудың алдын алып, жаңа руханият әлеміне көтерілсе, мықты елге айналады» депті. «Әдебиет айдыны» газетіндегі сұхбатта былай деп едіңіз: «Біздің ел 1991 жылы 16 желтоқсан күні өзінің саяси тәуелсіздігін жария етті. Содан бері экономикалық тәуелсіздіктің негізі қалану үстінде. Ал, ең керекті рухани тәуелсіздік бізде әлі жоқ.» Байқасақ, үндестік сезіледі. Ф.Гүлен еңбектері біздің рухани тәуелсіздігіміздің нығаюына қызмет етеді деп ойлайсыз ғой...
Негізінен бұл мәселені айттық. Ол жоғарыдағы әңгімеміздің өн бойында бар ғой деп ойлаймын. Қазақ ұлтының руханиятының негізгі құраушы күші – Ислам. Имандылық күшейсе, біз ұлт ретінде де, мемлекет ретінде де күшейе түсеміз. Мұндай бел алудан жауларымыз жасиды. Бізді аяқтан шалғысы келіп, шатастыра бастайды. Өйткені тарихқа көз жіберсек, түркі дүниесінен, имандылық күш-құдіретінен бұзауында қорыққан елдер өгізінде де зәресі ұша қорқады. Мен фундаментализмге шақырып отырған жоқпын, Ф.Гүлен де ондай бұратартушылыққа шақырмайды. Ф.Гүлен идеясы бір ұлттың немесе бір мемлекеттің қам-қаракетінен асып, әлемді құтқару, адамзатқа қызмет етуге ұласып кеткен үлкен масштабқа көтерілген қозғалыс. Соның ішінде біз де бармыз. Сондықтан біздің рухани тәуелсіздігіміздің айқындала түсуіне оның көмегі көп.
Адамзаттың санасы оянған сайын, көзқарасы көтеріліп тура жол іздеген сайын көркем әлемде өмір сүргісі келеді. Ал, ондай шұғылалы ғаламды иман ғана жарқырата алар еді. Түптің түбінде Ф.Гүлен диалогының нәтижесі – бар дінді Исламға қызықтыратын, керек десе олардың басын мұсылмандықтың айналасына топтастыруға алып келуі мүмкін.
Кейбір өркениеттер, кейбір діндер логикалық майданда шынымен Исламнан жеңілді. Ислам діні олардың өткінші, өтірік, тұрақсыз жәй нәрселер екенін дәлелдеп, дәйектерінің дәрменсіздігіне көздерін жеткізді. Осылайша біртіндеп бірігу іске асады деп ойлаймын.
Қазақстанда имандылыққа арналған әрбір қадам орныға түскен сайын тәуелсіздігіміз де бекемделе береді. Біз Құдай жаратқан қалпымызға қайта келуіміз керек. Бір кезде тілі, діні жоқ Кеңес халқы жасағысы келіп еді, ол мүмкін болмады. Ендеше ұлты жоқ, иманы жоқ халық та бола алмаймыз. Біздің тірегіміз – иман, тіліміз – қазақша, туымыз – аспан түстес көк, тұғырымыз – ұлт рухы!
Рухы әлсіз, ұстанымы бұлыңғыр адам – ескексіз қайық секілді, қай жағалауға барып соғыларын өзі де білмейді. Ендеше имандылық рухымызды өсіреді деп сеніммен айта аламыз.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Төреғали Тәшенов
Айқын газеті. 24.04.2010

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.