Фетхуллаһ Гүлен: Бұл мектептер зиянды деп айтқан бірде-бір адамды естімедім

Фетхуллаһ Гүлен: Бұл мектептер зиянды деп айтқан бірде-бір адамды естімедім

Құрметті Фетхуллаһ Гүлен түрік лицейлерін шетелдіктерге жамандау әрекеттерін естігенде, қатты қайғыратынын, ондай әрекеттерден сақтай гөр деп Жаратушыға сиынатынын білдірді.

Қиратуға деген құмартушылықтың адамдық аядан шығып кеткенін айтқан Ф. Гүлен «Әлемнің түкпір-түкпіріне мәдениетімізді, тілімізді жеткізген бұл кісілердің еңбектерін елемеу надандық. Күнге балшық жаға алмайсыз. Не істесе, істесін. Парасатты қоғам бәрін де көріп, білуде» деді. Қызмет ерлерінің үмітсіздікке салынбауын баса айтқан Гүлен ұлтқа, тіпті бүкіл адамзатқа жасалған қызметтердің Аллаһтың қалауымен тоқтамайтынын, керуеннің алға жылжи беретінін тілге тиек етті. Құрметті Гүлен Гези оқиғаларына байланысты мынаны айтты: «Демократиялық талаптар, экологиялық қырағылық танытқан бейбіт акциялар болды. Толеранттылықпен оларға жақындауға болатын еді. Барып тамырын байқап көріп, жан күйзелістерін тыңдау керек еді. Керісінше күшпен басты. Сол жерге салынатын Сауда орталығы бір тамшы қанға тати ма?»

Анкарада Төтенше және өкілетті елшілер конференциясында «Бұл ұйымды барған елдеріңе жеткізе айтыңдар» деп, шетелдердегі лицейлерді сол елдің басшыларына жамандау тапсырылды. Бұл тұрғыда не айтасыз?

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген жамандау әрекеттерін естіген сайын қабырғам қайысып, сақтай гөр деп Жаратушыға сиынамын. Өкінішке қарай, қиратуға деген әуестік адамдық шектен шығып барады. Бұл білім ошақтары Анадолы халқының үлкен жанқиярлығымен құрылды. Түркиядағы көпшілік қауым сол лицейлерді барып көрді. Оңшылы, солшылы, ұлтшылы, діндары, атеисті… AK партиялығы, ЖХП-лығы, МХП-лығы, БПП-лығы, Саадет партиясынан, БДП-лығы... Қоғамды құрап отырғандардың бәрі де көрді. «Бұл мектептер зиян. Бұларды жабу керек» деген бірде-бір адамды естімедім. Қисындық, не саяси ешқандай өлшем, дәлелсіз бұл мектептерге қарсы шығу мүмкін емес.

Мектептерді ашқан азаматтар ешқандай материалды я рухани пайда көздеместен барды. Сол аймақтарға Анадолы адамының бауырмалдығын жеткізді. Толеранттығын жеткізді. Жалпыадамдық құндылықтарды жеткізді. Әлемнің түкпір-түкпіріне мәдениетімізді, тілімізді жеткізген бұл кісілердің еңбектеріне көз жұмып қарау надандық. Күнге балшық жаға алмайсыз. Не істесе, істесін. Бұл парасатты қоғам бәрін де көріп, біліп отыр. Сондықтан болып жатқан осы жағдайлардың алдын ала алмау, жарығын сөндіре алмау, олардың ашуын қоздырса керек. Байыптылықтарын сақтай алмай аласұруда. Бұның да білінгені жөн.

Аллаһтың қалауымен керуен тоқтамайды

Сіз ерікті адамдар арқылы Түркияны сырттан қолдауды қамтамасыз ете алмасаңыз, жаһанданған әлемде Түркияның жеке өзі, әлемнен алшақтаған қалыпта тұра алуы мүмкін емес. Бұдан кейін тек Түркия емес, ешбір мемлекеттің жеке өзінің тік тұра алуы мүмкін емес. Түркияның әлемнің түкпір-түкпірінен Түркияны жақсы көретін, ұнататын адамдар тарапынан қолдау табуы керек. Әлемдік бейбітшілік үшін әр елдің бір-бірін тануы, түсінуі керек.

Осы игілікті қызметке қара бұлт үйіргендерге, шетелдіктерге жек көрінішті етуге әрекет жасап жүргендердің ісіне қынжыламын, қайғырамын. Алайда бәріне қарамастан бұрынғыша бұдан кейін де баршаға құрметпен қарауды жалғастыра береміз. Бес күндік жалған үшін артық сөз айтпаймыз, ешкімді ренжітпейміз, елдің бәрін сүйіспеншілікке шақырамыз, ұлтымызға қатысты қатынасымызға хазірет Бәдиуззаманның мына сөздерін ұстанамыз: «Көп жылдан бері тартқан барлық жәбір-жапам, өзім душар болған қиындықтар мен ауыртпалықтарды, бәрін де кешірдім. Сексен жылдан астам өмірімде дүниелік ләззат татпадым. Өмірім соғыстың өтінде, тұтқын қапастарында, мемлекеттің түрмелерінде өтті. Айлап ешкіммен көрістірмеді. Мемлекет соттарында қылмыскердің күйін кештім. Маған зұлымдық жасағандарға, мені ауылдан ауылға сүйрелегендерге, неше түрлі кінә жапқысы келгендерге әрі маған зынданнан орын дайындағандарға айтарым: бәрін де кешірдім». Иә, бір мүмин ретінде осы сезімдерді бөлісетініме уәде бердім. Ешкімге де өкпе артып, ренжімеймін. Ажалды қуана қарсы алуға, Жаратушыдан жақсылық келсе де, қайғы келсе де бірдей көтеруге серт бердім.

Ол жерлердегі достар, басқа жерлердегі достарымыз үмітсіздікке салынбасын. Осы ұлтқа, осы ұлттың бүгіні мен ертеңіне, тіпті бүкіл адамзатқа жасалған осы қызметтер Аллаһтың қалауымен жалғасады, керуен тоқтамайды. Бұл керуенді Аллаһтың қалауымен жала да, жамандаулар да тоқтата алмайды. Ұжданы мен жүрегі таза жандар бұл жалалар мен өтіріктерді көрегендіктерімен ұғар...

Осыған дейін де осы себепті айтуға тырысқанымдай, бірқатар керітартпа әрекеттер, біз жүрген жолды тұйыққа тірегісі келсе де, диалогқа ашық жандар, маңайына жылылық таратушы жайсаң жандар, күнәсін білетін ұждан иелері, қателіктеріне өкініш сезінетін адамдар, болашақты ақыл мен қисынға негіздегісі келген естілер өміршеңдігін жалғастырған жағдайда, рухымыздың шайқалған тұстарын қайта дұрыстап, қайтадан баршаны жақсы көруді жалғастыра береміз. Мәселенің бізге қатысты жағы осы.

Гези кезінде өкініштісі...

Екінші жағынан Түркияда қоғамдық топтарды, түрлі көзқарастағыларды бір-бірінен поляризациялау өте қауіпті деп білемін. Отпен ойнағандай нәрсе. Отағасы отбасындағы көзқарасы әртүрлі адамдарды бір-біріне қалай айдап салады? Біз тамыры ғасырларға жалғасқан үлкен отбасымыз. Бір-біріміздің ойларымыз бен көзқарастарымыз ұрысқа себеп ете алмаймыз. Әркім басқаның өзгеше жағдайына құрмет көрсетуі керек. Сөз бостандығын шектей алмайды. Көпшіліктің сөзі мен пікірі қаншалықты құрметке лайық болса, азшылықтың да сөзі мен пікірі соншалықты құрметке лайық. Массалардың мойнынан қыссаңыз, қоғамды бөлшектейсіз. Бұл ешбір саясаткер үшін тәуекел ететіндей абырой емес.

Гези оқиғасы кезінде, өкінішке қарай, осы болды. Демократиялық талаптар, экологиялық сергектікпен бейбіт түрде жасалған акциялар болды. Толеранттылықпен оларға жақындауға болатын еді. Барып тамырын байқап көріп, жан күйзелістерін тыңдау керек еді. Керісінше күшпен басты. Сол жерге салынатын Сауда орталығы бір тамшы қанға тати ма? Адам өміріне тати ма? Әрине, бұл қысым қарсылықты күшейтті, бір аудан деңгейіндегі мәселе мемлекет қауіпсіздігі жағдайына келді. Осындай тәртіпсіздіктерді мүмкіндік деп білетіндер жат пиғылдылар да сахынаға шыққанда, сол күндері қатты алаңдадық. Әлемнің барлық жағындағы достарымыз дұға етті. Қажет намазын оқыды. Өкініштісі, осы оқиғаның артында да жамағаттың (Гүлен жамағаты - ауд.) қолы бар делінді. Аллаһ оларға ынсап берсін.

Бейбітшілік пен тыныштықты бұзбау керек, бітім аймақтың бәрін қамтуы тиіс

Шешім барысы және қазіргі жеткен жағдай турасында не ойлайсыз?

Бұдан бұрын да қаншама рет тілге тиек еттім. Мүмин әрдайым бейбітшілікті жақтайды. Бейбітшілік нені талап етсе, сол іс-әрекеттерді жасайды. Ол жерде қордаланып қалған проблемалар бар. Бұл проблемалар әр жолы қарумен шешуге тырысты. Сол себепті жағдай ушыға түсті. Қазір бір бейбітшілік пен тыныштық үдерісі бар. Соны бұзбау керек. Бұл екі жақ үшін де жауластықты ұмыту әрі қателерді байқау үшін жақсы бір мүмкіндік.

Мемлекет отандастарға бәрінен бұрын әділ болуы керек. Басқа құндылықтардың қасында негізгі құқықтар мен бостандықтарды саудаға салмауы керек.

Шешім үдерісі әлі басталмай тұрып, мен пақыр, ана тілде білім беру туралы пікірімді білдірген едім. Бір түрлі қадам жасалмады. Әлі бұлыңғыр. Жеделдетіп күрдше білім бере алатын мұғалімдер даярлау керек. Бұл халықтың сұрауымен болатын іс емес. Мемлекеттің қадам жасауы керек. Осы қадамды жасарда сөз яки іс-әрекеттерімізбен оларды ренжітпеуге көңіл бөлу керек. Ол аймақ тарих бойы мәдениеттерге бесік болған, өте парасатты адамдар шыққан жер. Түркия мұны жасағанда, күрд отандастарына қажетті құқықтар мен бостандықтарды мойындаумен қатар басқа аймақта өмір сүріп жатқан күрдтерге қол ұшын созудан тартынбауы керек. Ол адамдармен де мәдени әрі тарихи байланыстар жаңадан күшейтіліп, берік етілуі тиіс.

Үш негізгі проблемамыз бар: бұларды хазірет Бәдиуззаман шамамен бір ғасыр бұрын әуелі сауатсыздық, кедейлік және алауыздық деп көрсеткен. Бұлардан туған үмітсіздік, айла, алдау, өзара сенімсіздік секілді мәселелер туындағаны белгілі.

Саяси әрі саяси емес баршамен ортақ мүдде...

Осылардың барлығын ортақ платформада қолға алу керек. Бұл іс жоғарыдан қарап мұрын шүйірумен болмайды. Келісім болу керек болса, сол аймақты тұтас, басқаша ойлайтын бүкіл адамдарды қамтитын бітім болуы керек. Ешкімді шеттетпеген жөн. Саяси, саяси емес баршамен ортақ мүддеде тіл табыса білу керек. Сол жерде өмір сүріп жатқан адамдардың проблемаларын өздерінің шешуіне мүмкіндік берген дұрыс. Бұл мәселелерде уақыт өткізіп алса, шешім үдерісі тұйыққа тіреле ме деп қорқамын. «Қан ақпаса болды» дейміз, жарайды. Осының өзі белгілі бір прагматизмді қамтиды. Одан да ар жағын көздеу керек. Сол аймақтағы тұрғынның тынышы, бақыты, жайлылығы, түркімен, күрдімен, суннитімен, алавитімен, арабымен, сириялығымен бір отбасының мүшелері жағдайында өмір сүретіндей атмосфера қалыптастыру керек.

Қайткенде де «жоғарыдан ақыл айтушыны» іздесеңдер, Жаратушы иенің қолдауына қараңдар

Соңғы күндері кейбір топтар Қызмет қозғалысын қаралау үшін «жоғарыдан ақыл беруші» деген ұғым ойлап тауып, сыртқа тәуелділікті меңзеуде.

Бұл өзі үлкен қасірет. Ешбір кезеңде көпшілік осыншалықты көп өтірік пен жалаға тап болды деп ойламаймын. Өздері нақты білген мәселе болса, қоғамдық пікірге салуы керек, кері жағдайда мүминдерге жала жапқаны. Қаралаудың шектен шыққаны соншалық, күн сайын жаңа бір өтірік пен жалаға тап болудамыз. Адамның өзін мәңгілік көруі жүректерді қатайтады, еш нәрсені кіршіксіз таза қалпында ести алмайсыз. Руханиятқа көз жұмып қарайсыз, оларға жеңіл қарайсыз, тіпті келеке етесіз. Жүрек қатайғанда, мәңгілік қалып қоятындай дүниеге тістей қатып жабысқанда, барлық нәрсеге тек осы жалған дүние шеңберінде қарай бастайды. Әрі аузына келгенде айта салып, күнәға батам деп алаңдамайсыз. Құран қатты жүректі болмауды, жұмсақ жүректі болуды, нәзік жанды болуды ұсынуда. Жүрек қаттылығы рухтарды тұтқынға алғанда, адам дүниелік мақсатқа жету үшін заңды, заңды емесін ажыратып жатпастан барлық жолдарға барады. Өкінішке қарай, ауыртпалыққа толы осы күндердің бір себебі жүректің қаттылығы.

Міндетті түрде осы Қызмет үшін бір «жоғарғыдан ақыл айтушыны» іздесе, ол Жаратушы иенің ақылдасу мен бауырмалдыққа берген береке мен қорғау. Пәни ешбір күшке сүйенбейтін бұл Қызмет Аллаһтың қолдауымен осы күндерге жетті. Аллаһ қолдап, қорғап тұрғанда оған ешкім зиян тигізе алмайды. Мүмин байыпты, байсалды адам. Өтірік айтып бауырларын ғайбаттамайды, олар туралы жаман ойламайды, жала жаппайды. Үнемі «дүние, дүние» деп өлермендік танытқандар, өкініштісі, ақыретті ұмытады. Бұл болса адамдарды сенім жағынан да ауытқуға да апаруы мүмкін. Ақидаға тән өте қате, аузынан шыққан адамды қиын жағдайға қалдыратын сөздер айтылды. БАҚ бұл сөздерге кең орын берді. Бұлар дінге қайшы, алайда сөйлеуі керектердің өзі, өкінішке қарай, жұмған ауыздарын ашпауда. Күн сайын ой, пікір, санамызды жаңалау арқылы рухымызды бүліктен құтқара аламыз. Құрғақ сөздегі мұсылмандық өмір сүру салтына айналса, жүрек қатайып кетеді. Адам өз жауапкершілігін ұмытып, үнемі мүминдерді қаралай бастайды. Әрине, бір күні лайланған бұл су қайта тұнады. Елдегі адамдар бір-бірінің жүзіне қарайды. Бір құбылаға бет бұрып намазға тұрған адамдардың қандай себеппен болса да алдағы уақытта өздерін ұятқа қалдыратын сөздерді айтпауы керек.

Фетхуллаһ Гүлен: Бұл мектептер зиянды деп айтқан бірде-бір адамды естімедім

Құрметті Фетхуллаһ Гүлен денсаулығы көтерген кездері күн сайын сабақ оқытады. Бұл дәрістерде тәпсір, фиқыһ, хадис, тасаууыф секілді негізгі ислами ілімдерге тән еңбектер теологтардан құралған топпен талқыланады.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.