ФЕТХУЛЛАҺ ГҮЛЕН: «ҚАЗАҚСТАНҒА ТҰРАҚТЫЛЫҚ АУАДАЙ ҚАЖЕТ»

1998 жылы Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Камал Смайылдың жетекшілігімен бір топ журналистер мен жазушылар Түркияда бір апталық сапарда болып қайтты. Бауырлас түрік елінде қазақ қаламгерлері «Жазушылар және Журналистер Қауымдастығының» Құрметті төрағасы Фетхуллаһ Гүленмен кездесті. Кездесу барысында Ф.Гүлен қазақ журналистерінің қойған бірқатар сұрақтарына жауап берді.

Қазақстандық делегация құрамында Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Камал Смайыл, белгілі жазушы Мұхтар Мағауин, Хабар агенттігінің Жаңалықтар бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Нұрғазин, «Қазақстан-1» Ұлттық телеарнасының жауапты хатшысы Ұлбосын Айтөлен, «Заман Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы Жұмабай Шаштайұлы және «Заман Қазақстан» газетінің Ақпараттар бөлімінің меңгерушісі Энес Жансевер болды.

Шамамен үш сағатқа созылған кездесуде Ф.Гүлен Қазақстандық журналистердің саясат, қоғам, халықаралық жағдай, мәдениет және ғылым саласындағы мәселелерге қатысты қойылған бірқатар сұрақтарға кең көлемде жауап берді.

Камал Смайыл: Түркі әлеміне жасап жатқан қызметтеріңізді көріп, біліп отырмыз. Менің сұрамақ болғаным, түркі әлемінің іргелі елдерінің бірі Қазақстан жер асты қазба байлықтарының мол қорына ие болып отыр. Осы байлықты қалай игілігіне жарата алады. Осыған қатысты не айтасыз?

Фетхуллаһ Гүлен: Жер асты қазба байлықтары елдің ырыс-дәулетін арттыратын мүмкіндік екені даусыз. Алайда, осы байлықты игеру ісін ұтымды басқара білмегенде бақ емес, елдің маңдайына біткен сор болып, қақтығыс пен қантөгіске дейін апаруы мүмкін. Кезінде Османлы мемлекетінде осындай қателіктерге жол берілді. Мәселен, Қырым, Керкук, Сауд Арабиясындағы жер асты қазба байлықтары көптеген қақтығыс пен араздық отын тұтатты. Сондықтан мұндай байлық бір жағынан ырыс-дәулеттің артуына сеп болғанымен, енді бір жағынан елдің болашағына қауіп-қатер төндіруі де мүмкін.

Мол жер асты қазба байлықтарына ие болған елдер әлемде қанау мен тонауды ғана білетін бірқатар күштердің түрлі қитұрқы ойындарынан етек-жеңін жиып отыруы қажет. Бұған жалғыз өзінің күші жетпесе, өзіне жанашыр өзге елдермен одақтасуы қажет. Сіздерге бір мысал айтып берейін, парсы шығанағында соғыс өрті тұтанбай тұрғанда АҚШ-тың мұндағы мұнай өндірісіндегі үлес салмағы 5 пайызды ғана құрайтын. Сөйтіп, жоқ жерден жанжал шығып, соғыс өрті тұтанды. Соғыс біткенде АҚШ-тың парсы шығанағы мұнайындағы үлес салмағы 45 пайызға бір-ақ көтерілді. Кейбір күштер қаласа мұндай соғыс өртін әлемнің кез-келген аймағында тұтата алады. Америкаға дұшпандық мақсатта айтып отырған жоқпын. Шындық осы. Америка әлемді билеп-төстеп отырған алпауыт ел. Осы күшін қолынан шығарып алмаудың қамын жасауда.  

Қазақстанның мол шикізат қорына ие екенін және халқының біліктілігі жоғары екенін бұрыннан білетінмін. Қазір әлем елдері қазақ мұнайына, алтынына және уранына көз тігіп отыр. Қазақстан жас мемлекет. Тіпті елдігін қалыптастырғанына бірталай уақыт болған Түркияның өзі алтын секілді қазба байлықтарын қалауынша игілігіне жарата алып отырған жоқ. Түркияның да алтын кеніштерінің көпшілігі өзге алпауыттардың еншісінде. Кеніштерді ғарыштан жер серіктері арқылы анықтап, сол жерді қалайда иеленудің жолын табуда. Бұл игілікті өзіңіз игермек болып, оларды шеттетсеңіз болғаны әлгі күштер ел ішінде жоқ жерден түрлі лаңкестік пен бүлік шығарып, қорқытып, өз дегендеріне ақыры көндіріп отырады.  

Бүгінде алпауыттардың барлығы Қазақстанға анталап, көз тігіп отыр. Қазақстанда түрлі қитұрқы ойындар ұйымдастырып, байлыққа ентелейді. Әрине, олардың өздерінің арасында да бақталастық пен бәсекелестік бар. Мәселен, АҚШ-пен бірге ағылшындар осы байлықтан қарпып қалу үшін жанталасады. Германия да үлестен құр қалмау үшін аймақта АҚШ-пен бақталастыққа түсуі мүмкін. Міне, осыларды ескере отырып бірқатар мәселелерге баса назар аудару қажет деп ойлаймын.

Біріншіден қазба байлықтарын барынша ұтымды қолданудың ұлттық стратегиясын жасап, осымен айналысатын арнайы орталықтар құру қажет. Қажет болса сырттан арнайы мамандар да шақырту артық болмайды. Ұлттық мүддені негізге алатын мықты стратегиялық жоспар жасалмаса, алпауыттардың айдауында кету қаупі бар.

Екіншіден, елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету керек. Қазақстан да өзге тәуелсіз елдер секілді әлі жас мемлекет. Түркия республика болып құрылғаннан кейін 15-20 жылдан кейін ғана буыны бекіп, тәуелсіздігін сезіне бастады. Ел болғанына, мемлекет құрғанына сенім орнап, дамуға қадам басты. Сондықтан, енді ғана тәуелсіздік алған жас республикалардың елдік іргетасы 20-25 жылда ғана толықтай орнығып, өз-өзіне сенім пайда болады. Тәуелсіздікке қол жеткізу қаншалықты маңызды болса, сол тәуелсіздікті сақтап қалу одан да маңызды. Мәселен, алпауыттар ел ішіндегі саяси тұрақтылықты шайқалту үшін демократия сынды түрлі желеулермен Нұрсұлтан Назарбаевтың билігін әлсіретуге тырысып бағады. Меніңше, елде дәл қазір тұрақтылық болса, мұны ең үлкен игілік деп білу қажет. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, осы игілікті сақтауға, қорғауға жұмылу қажет. Елдің және мемлекеттің болашағын ойлайтындар ұсақ-түйек мәселелерге бола халық пен мемлекеттің арасына жік түсірмеуге баса назар аударғаны жөн. Мемлекет мықты болмаса ешбір нәрсенің баяны болмайды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Қазақстанның жағдайы өзгеше. Орналасқан геосаяси аймағы өте күрделі, этникалық құрылымы да өте күрделі, осыған жіті мән беру керек. Іштегі ауызбіршілік бұзылып, тұрақтылық шайқалатын болса, онда алпауыттардың шылауына айналып, көп нәрседен айрылып қалу қаупі бар.  

Үшіншіден, мемлекеттің мүддесін барлық мүддеден биік қойып, құдды михрап секілді абыройын асқақтату қажет. Елдегі тұрақтылықты нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет.

Төртіншіден, қаржылық ахуалды түзету керек. Қазақстан қазба байлықтарына өте бай ел болғанымен қазіргі таңда қолында қаржысы жоқ. Мәселен, алтын өндірісін алайықшы. Қазақстан алтын кеніштерін игеріп, пайдасын көру үшін миллиондаған долларлық қаржыға мұқтаж. Алтын өндірісі әлемде ең қиын өнеркәсіптік өндіріс салаларының бірі саналады. Менің білуімше бүгінде бұл саланың тізгіні көбіне АҚШ-тың еншісінде. Сондықтан, бұл мәселеде барынша тиімді жолдар іздеу қажет. Мәселен, қолында қаржысы бар кейбір елдермен біріккен жобалар арқылы мұны игеруге болады. Жалпы мұндай стратегиялық өндіріс салаларына бір мезетте бірнеше елді өндіріске қатарынан жегіп, сол елдердің арасында өзара бәсекелестік орта қалыптастырып, белгілі деңгейде тепе-теңдік құруға болады. Осылайша, әлгі елдердің өзара бәсекесі негізінде қандай да бір алпауыттың ықпалында қалып қоюдан құтылуға болады. Әрине, бұларды жанашыр жанның жалпы ақыл-кеңесі деп қабыл алыңыздар. Сіздер өз елдеріңіздің зиялы қауымы ретінде бұл мәселенің жай-жапсарын жақсы білесіздер. Мен әрдайым Қазақстанның қазіргі басшысының өте ақылды, көреген саясаткер екенін айтып келемін. Мәселен, Түркия сіздер секілді түрлі алпауыттарды саяси-экономикалық аренада тең ұстап, белгілі бір тепе-теңдік құра алмаған. Осы тұрғыдан көптеген қателіктер жіберді. Ал Қазақстан мен Азербайжан алпауыт елдердің қандай да бірінің ықпалында кетіп қалмай, араларында геосаяси тепе-теңдік құра алса, бұдан көп нәрсе ұтады, әрі бірнеше үлкен нарықтарға қатарынан шығуға мүмкіндік алады. Алпауыттардың өзара бәсекелестік жағдайын ұтымды қолдана білсе, өндірісті модернизациялау мен елге жаңа технологиялар әкелу ісін де өте арзан жолмен шешуге болады. Осы орайда, бауырлас елдер қашанда бір-бірлеріне сүйеніш болуы қажет екенін айтқым келеді. Соңғы 15 жылдықта өзгелердің өктемдігін көрген дамушы елдер бір-біріне жақындап, біріге бастады. Осы уақытқа дейін барлығымыз түрлі деңгейде бодандықта болдық. Тағдыр-талайымыз бір. Бұл ащы да болса шындық. Міне, енді тағдыр біздің басымызды тағы да қосып отыр. Өткеннен дәріс алсақ, осы көрген қиындығымыз жарқын болашаққа жетуде жігерімізді жанып, серпін беретін факторға айналмақ. Әрине, мұны ел билеушілер жүзеге асырады. Бұл жай тілек ретінде айтылған кеңес десек те болады.   

Камал Смайыл: Рұқсат етсеңіз тағы бір сұрақ сұрағым келіп отыр. Сіздің ойыңызша Каспий мұнайынан қандай пайда бар? Әлде парсы шығана-ғындағы секілді қайғы-қасірет әкеле ме?

Фетхуллаһ Гүлен: Осыдан алдын айтқан жауабымда бұл мәселенің бірқатар түйіндерін тарқатуға тырыстым. Тек қана мұнай емес алтын, уран яки алмас та болуы мүмкін. Әрине, мұнай қантөгіске де мол дәулетке де қатарынан сеп болатын күрделі мәселе. Каспий мұнайы үшін алпауыт елдер арасында өте үлкен ойындар жүріп жатыр. Менің ойымша бұл салада әлі талай қитұрқы ойын болады. АҚШ-тың өз мұнайы өзінің қажеттілігіне жетпейді. Мұнайға деген сұранысын әлемнің өзге елдерінен қамтамасыз етуде. Қазір көз тіккен аймақтарының бірі Қазақстан және қазақ мұнайы.

Мұхтар Мағауин: Қазақ әдебиеті мен мәдениетін түрік халқына жақыннан таныту үшін біздің мәдени мұраларымызды түрікшеге аударуға қалай қарайсыз? Осы мәселеге қатысты нендей ұсыныстарыңыз бар?

Фетхуллаһ Гүлен: Өкінішке орай осы кезге дейін мәдени байланыстарымызды бір-біріне жалғайтын ешбір дәнекер болмады. Құдды бітеліп, ақпай қалған қан тамырлары сынды арадағы байланыстар да тұйыққа тірелген еді. Сіз айтқан мәселенің оң шешімін табуы үшін Түркияда қазақтың мәдениеті, әдебиеті және өнерін зерттейтін институт секілді бір орталық құруымыз қажет. Дәл осы секілді Қазақстанда да түрік мәдениеті мен әдебиетін және өнерін зерттейтін орталық ашу керек. Сонда ғана екі халық бір-бірінің мәдениеті мен әдебиетін жақыннан тану мүмкіндігіне ие болады. Мәселен, Қазақстанда Сүлеймен Демирел және Ахмет Ясауи университеттері бар екенін білесіздер. Жаңа айтқан институттарды осы оқу ордаларының қабырғасында да құруға болады. Осылайша үзіліп қалған мәдени байланыстарымызды қайта жаңғыртуды жылдамдата түсеміз және бұл мәселенің оңды шешімін табуы үшін ең дұрысы да осы шығар деп ойлаймын. Ал, Түркияда мұндай қызметті Фатих университетінің атқару мүмкіндігі бар. Осы университетте қазақ тілі және әдебиеті кафедрасын ашуға болады. Шынын айтсам, мен де бұрыннан осыны ойлайтынмын. Орта Азияның тамаша мәдениетін қайта жаңғыртып, әлемге танытуды армандайтынмын. Атадан қалған асыл мұраны қайта жаңғыртуда Түркия мен Қазақстан секілді іргелі екі елдің өзі-ақ көп шаруаның есебін түгендеп тастайды деп ойлаймын. Ал енді осындай мәдени ынтымақтастыққа өзге салалардағы ынтымақтастығымыз қосылатын болса, әлемдік аренада алып күш туар еді.

Жұмабай Шаштайұлы: Біздің еліміз бүгінде тек экономикалық қана емес, рухани тоқырауды да бастан өткеріп жатыр. Жазушы ретінде, ойшыл гумманист ретінде осынау тоқыраудан шығудың жолы не деп ойлайсыз?
Фетхуллаһ Гүлен: Расында да рухани құндылықтарымыздан қол үзіп қалсақ, жерасты қазба байлықтарының да, экономикалық дамудың да ұлтқа келтіретін ешбір пайдасы жоқ. Ұлттық құндылықтарымызды қызғыштай қорғай білсек қана байлықтың игілігін көре аламыз. Әйтпесе, алтынның ішінде бөгіп отырған күннің өзінде өзіміздің төл болмысымыздан жырақтасақ ондай дамудың ешбір мәні жоқ. Сіздер көптеген рухани құнылықтарыңыздан қол үздіңіздер. Мұндай жағдай бізде де болды. Кейбір алпауыт күштер өз мүдделерінің қамы үшін біздердің осындай жағдайға келуімізді көксеп, ұлттық болмысымызды ұмыттыруға күш салды. Кез-келген ұлтты тарихи тамырынан ажыратып, ұлттық рухын өшірмейінше бодандық қамытын кигізу мүмкін емес. Социологтардың: «Кез-келген елді отарлау үшін ең алдымен ол ұлтты бодан екендігіне сендіру қажет» дейтін сөзі бар. Иә, біздер де саяси болмағанмен, мәдени бодандық езгісін көрдік. Рухани құндылықтар жалпыадамзаттық ортақ құндылықтар болып саналады. Мәселен, сенім мен мораль, бұлар барлық адамзатқа тән ортақ құндылықтар. Бұлардың да ішінде әлбетте дініміз, Құранымыз, пайғамбарымыз біздің ортақ құндылықтарымыздың қайнар бастауы болмақ. Адамзат ұзақ уақыт бойы руханияттан жырақ өмір сүруі мүмкін емес. Генри Линг өмір бойы атеизмнің жаршысы болып, кейіннен «Дінге қайта оралу» атты кітабын жазғаны белгілі. Дін – адам баласының табиғи және рухани қажеттілігі. Дінсіз қоғамның болуы мүмкін емес. Дін өмірлік күш пен қуаттың қайнар көзі. Діннің осы қуатынан нәр алған адам күллі әлемді аузына қарата алады. Мұндай асылдан адамзаттың ұзақ уақыт бойы жырақ қалуы мүмкін емес. Адамзат міндетті түрде бір кездері жоғалтқан асылына қайта қауышатын болады. Біз, Анадолы халқы Ахмед Ясауидің ұрпақтарымыз. Ясауи біздің ұстазымыз, піріміз. Бүгін сол Ясауи көтерген тудың астында қайтадан бас қосып, рухани құндылықтарымызды жер-жаһанға паш етуіміз керек. Адамзат қайтадан сенімге, дінге бетбұратын күн туса, бұл Ислам діні болатыны даусыз. Өйткені, Ислам ақылмен, ғылыммен қайшылыққа түспеген. Тіпті, бүкіл ғылым-білімнің қайнар бастауы – Ислам діні екенін айтсақ та болады. Ел бастайтын зиялысы көп, білімі жоғары қазақ халқы өзінің төл құндылықтарына қайта қауышатынына сенемін. Еуропа бүгінде қайтадан дінге бет бұруда, дәл осы секілді Азия да төл дініне қайта қауышатын болады.

Мұхтар Мағауин: Сіз күллі түркі әлемімен қоса әлемнің өзге де 55 елінде білім ошақтарын ашуға ұйытқы болып, мыңдаған адамды білім беру ісіне жұмылдырып отырсыз. Осындай лицейлердің саны Қазақстанда 28-ге жетіпті. Лицейлердің саны жағынан біздің еліміз қазір өзгелерден көш ілгері көрінеді. Алайда, Қазақстанның Ақтау және Петропавл секілді қалаларында лицейлер ашыла қоймапты. Осы жерлерде де лицей  ашылсын деген тілек бар.

Фетхуллаһ Гүлен: Осы орайда мына мәселені баса айтқым келіп отыр. Біз Түркия ретінде Өзбекстан, Қазақстан, Түркменстан сынды бауырлас елдерге «ағалық» жасау ниетінен аулақпыз және ондай жағдайымыз да жоқ. Жалпы біздің арамызда тамыры тереңге бойлаған бауырластық бар. Бір кездері құлын-тайдай тебісіп, бір төскейде бас қосып, бірге өмір сүрдік. Селжук мемлекетінің астанасы Мерв қаласы болған. Жалпы Селжук мемлекеті Орта Азияда құрылған деседі. Кейіннен Анадолыға келіп табан тіреген. Мен бұрындары Орта Азиядағы бауырларды көз алдыма келтірсем болғаны отаршылдықтың қамытын киген жайын ойлап, қабырғам қайысатын (Осы жерде Фетхуллаһ Гүленнің көңілі босап, көзіне жас алды). Бас қосатын барыс-келістің өзінің жоқ екенін ойлап ішімді от жайлағандай қаншама рет егіліп жыладым. Темір перде қирап, Орта Азиядағы бауырларымызбен қайта қауышу мүмкіндігі туғанда қуанышымда шек болмады. Сол күндері қуаныштан толқығаным соншама, әлде-біреу келіп маған «Бұл елдер аяққа тұрып кетуі үшін Түркия барлық мүмкіндігін сарқа жұмсауы қажет. Бұлар Түркияны тұралатып барып қана аяққа тұрып кетеді» десе еш ойланбастан «бауырлар үшін барлығы садаға кетсін» деп әлгінің ұсынысына келісе кететіндей терең тебіреністе жүрдім. Бауырлар үшін еш нәрседен аянбай көмек көрсетуді жанқиярлық деп емес, адамгершілік борышымыз деп есептедім. Түркиядағы ел-жұртқа «ешбір мүдде-пиғыл көздеместен, шынайы ниетпен Орта Азиядағы бауырларымызға қолымыздан келген барлық көмекті жасауымыз қажет екенін жалықпай айтумен болдым. Патшалық Ресейдің, кейіннен коммунизмнің езгісін көрген бауырларымызбен осы кезге дейін көңіліміз, тілеуіміз бір еді, енді міне тәуелсіздікке қауышқасын оларға нендей пайдамызды тигізе аламыз деп елге ой тастадық. Бұл әуелі адамдық, сонан соң бауырластық борышымыз деп есептедік. Кейіннен ойланып-толғанып, қай салада көмек бере аламыз деп бас қатырдық. Алғашында түрік іскерлерін сіздер жаққа жөнелтіп, инвестиция салуына кеңес бердік. Одан кейін ең негізгі және ең қажетті қызметіміз осы болар деген ниетпен білім беру саласына көмектесуге кірістік. Осы мақсатта іскерлерге және оқу-ағарту саласындағы бауырларымызға Қазақстанда білім ошақтарын құруы үшін үндеу салдық. Түрік халқы осы ойды құп көріп, іске бел шешіп кірісті. Жалпы дінімізде де «адамдардың ең ізгісі өзге адамдарға пайдасы тиген жан» деген қағида бар. Содан да болар, халық бұл іске қол ұшын беруге өте ықыласты болды. Тағы бір айта кетерлік жайт, Орта Азияға кетуге бел буғандар сіздер жаққа бара жатқанда бейне бір ғибадат етуге бара жатқандай керемет құлшыныспен, ықыласпен кетті. Тіпті олардың арасындағы кейбірі Орта Азияға баруды, сол жақтағы бауырларына қызмет етуді, Ахмет Ясауи бабамыз басқан топырақты басуды құдды жаннатқа баратындай қабылдап, толқығанына куә болдық.

Иә, екі ел арасындағы рухани-мәдени байланыс-тардың дамуы болашақта өз жемісін молынан беретін болады деп үміттенемін. Қазақ халқынан біз үйренетін қаншама жақсы нәрселердің бар екеніне сенімім кәміл. Екі жақты қатынас артып, танып-біліскен сайын, бір-бірімізден көп нәрсе үйренетін боламыз. Осылайша, екі халық, қос мәдениет бір-бірінің жақсы жақтарын бойына сіңіріп, ізгі құндылықтармен байып, кемелдене түседі. Жалпы, қазақтар және Орта Азиядағы өзге де бауырлас халықтардың бізден әлдеқайда жомарт, ізгілікке жаны құштар, рухани құндылықтарды қайта жаңғыртуда өте жігерлі екенін көріп, сүйсіндік. Бұларды сіздердің алдарыңызда әдейілеп айтып отырмын. Ізгіліктің, жақсылықтың шегі жоқ. Қазақ халқы кеңпейілділігін көрсетіп, өз елдерінде білім ошақтарын ашып, көмек жасағысы келген Түркиялық бауырларына ыстық құшағын айқара ашып, мәрттік танытты. Расында да біз ашқан білім ошақтарының барлығы сол елдердің ниеттес, тілеулес болып, қолдауымен арқасында ғана аяққа тұрып кетті. Осы орайда өзге елдерде ізгілік үшін қызмет етуге бел буып, Түркиядан аттанған ерікті оқытушылардың ерен еңбегін айрықша атап өткім келеді. Олар көптеген қиындықтарды елемей, жанкештілікпен еңбек етуде. Мәселен, көптеген жан сіздің елдеріңізге Түркиядан 2000-3000 доллар жалақымен ғана барады. Алайда, осы түрік лицейлерінің ерікті оқытушылары айына 300-400 доллар жалақыны місе тұтып, еңбек етуде. Олардың жалақысын төлеуді түрік кәсіпкерлері мойнына алғандықтан кей жағдайларда айлап жалақы жүзін көрмейтін кездері де болады. Түркиядағы кез-келген жан елін-жерін тастап, өзге елге ізгілік мақсатында қызмет ету үшін мұншалықты жанқиярлықты жасай алмайды. Осы білім ошақтарына демеушілік жасайтын кәсіпкерлер де үлкен азаматтық танытуда. Бүгінде тек қана пайда табуды мақсат тұтатын Түркиядағы бірқатар кәсіпкерлерді Орта Азиядағы бауырларымызға оқу-ағарту саласында қол ұшын созуға көндіру қиын. Осы тұрғыдан Қазақстанның болашағы үшін біріккен жобаларды жүзеге асыру, елдің дамуына, әл-ауқатының көтерілуіне қызмет ету секілді ізгілікті ойларды жүзеге асыруға әрбір түрік іскері тәуекел ете алады деп айта алмаймын. Алайда, сіздің еліңізге шынайы ниетпен қызмет еткісі келетін мұғалімдер мен іскерлерді көптеп жіберуге күш саламыз. Өкінішке орай, Түркияда осынау жанқияр жандардың ақ ниет, адал пиғылын көре алмайтындар да баршылық. Мұндайлар батысқа басы бүтін берілген, өзінің ұлттық, рухани құндылықтарын менсінбейтін маргиналды топтар. Олар Түркияны тек батысқа телуді әдетке айналдырғандықтан Орта Азия мен Түркия арасындағы мәдени-рухани қарым-қатынастардың дамығанын қаламайды. Олар Түркиялық мұғалімдер мен іскерлердің ізгілік үшін сіздің еліңізде қызмет етпек болған адал ниетін қате түсініп, сіздерге қате мәліметтер мен жалған ақпараттар берумен әлек болуда. Ал енді, Мұхтар Мағауин мырзаның Ақтау және Петропавл қалаларында түрік лицейлерін ашу туралы ұсынысын қазақ халқының шынайы тілегі деп қабылдаймыз. Түркиядағы іскер, кәсіпкер достарым бұл мәселенің оң шешімін табуына үлес қосады деп үміттенемін. Іскер достарыма жаңа сіз айтқан ұсынысты орындауы үшін өтініш айтамын. Ең болмағанда қарыз алып болсын осы істі жүзеге асыруды өтінетін боламын. Сіздің шынайылықпен айтқан ұсыныс-тілегіңізді мұндағы іскерлер ескерусіз қалдырмас деп үміттенемін.

Жұмабай Шаштайұлы: Ватиканда Папамен кездесудегі мақсатыңыз не болатын? Кездесудің нәтижесі қалай болды?    

Фетхуллаһ Гүлен: Күні бүгінге дейін жер бетіндегі барлық қақтығыстың, қантөгістің басты себебі ретінде діндер көрсетіліп келгені белгілі. Мәселен, крест жорықтары кезінде Анадолы халқы жеті-сегіз мәрте қанды қырғынға ұшырады. Бірақ бұлардың барлығының астарында діндер емес, саяси себептер бар еді. Өзге елдерді жаулап алу үшін адамдардың діни сезімдері саяси мақсатта қолданылып келді. Алайда, мәселенің төркініне үңілген адам діндердің керісінше адамдарды келісімге шақырып, біріктіретін қасиеті бар екенін көреді. Ендеше, діндерге қатысты мұндай қате пікірді түзету қажет. Діндердің бір-біріне деген ымырашыл, келісімшіл жақтарын көбірек насихаттау керек. Қазір арамыздан мұсылманшылық атын жамылып алып, террор жасаумен белгілі бір мақсатқа жетеміз деп ойлайтындардың шығып жатқаны өзекті өртейді. Сондықтан террор десе болғаны барлық күйені Исламға жаға салатын сұмдық жағдай қалыптасты. Алайда, Ислам мен террор бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жат ұғымдар. Ислам діні бойынша жазықсыз бір адамды өлтіру күллі адамзатты өлтіргенмен бірдей деп қаралған. Өзгелердің жауыздығын желеу етіп, ашу мен ызаның жетегінде жазықсыз адамдарды өлтіруге болмайды. Бұған жол бермеу керек. Ватиканда Папамен кездескенде осы мәселені қозғадым. Осы айтқандарымды ресми құжат ретінде жазбаша түрде Ватиканға табыстадым. Бүгінде кейбір сарапшылар мен ғалымдар дін негізінде өркениеттердің бір-бірімен қақтығысатынын алға тартып жүр. Кейбір елдер осы пікірді іс-жүзіне асырудың жоспарын да жасап жатыр деп ойлаймын. Осыған жол бермеу керек. Адамзат баласының басына төнуі мүмкін осы бір қара бұлтты келісім мен диалог арқылы сейілтуге күш салуымыз қажет.
Христиандар мен мұсылмандардың дін негізінде бір-бірімен қақтығысуы мүмкін емес. Егер, діни қайраткерлер өзара диалог құрып, ымыраға, келісімге келіп жатса, халықтардың арасында да діни негіздегі төзімсіздік, өшпенділік жойылып, бір-бірімен тату-тәтті, бейбіт өмір сүретін болады. Міне, осыған қол жеткізсек, саяси мақсатта соғыс пен қантөгісті көздегендер дінді желеу етуге сылтау таба алмайтын болады. Ал енді, ядролық қарудың қандай қасірет әкелетінін сіздер жақсы білесіздер. Ендеше, әлемде қантөгіске жол бермеуіміз керек.   

Нұрлан Нұрғазин: Түрік лицейлерінің түпкі мақсаты не? Панисламизм мен пантүркизм емес пе? Түркі халықтарының арасында мұсылман емес халықтар да бар. Түрік лицейлері осындай елдермен қоса түркі емес басқа елдерде де ашылуда. Мұны қалай түсінуге болады?

Фетхуллаһ Гүлен: Негізінде пантүркизм де, панисламизм де біздің ұстанымдарымызға, дүние-танымымызға қайшы келетін ұғымдар. Бұл пікірді ұстануға да, жүзеге асыруға да мүлде қарсымын. Панисламизм мен пантүркизм идеясының өріс алуы Осман мемлекеті ыдырай бастаған «Мешрутият» кезеңіне тұспа-тұс келеді. Өз басым бұл идеяларды Осман мемлекетіндегі сүттей ұйыған түрлі халықтардың арасына іріткі салып, бөлінуіне негіз қалаған пікірлер деп есептеймін.
Бүгінде жер бетінде бірқатар туысқан, қандас халықтар ортақ мәдени құндылықтары негізінде бір-бірлерімен тығыз қарым-қатынас құрып отырғаны мәлім. Бізде осындай игі ниетпен бауырластық қаты-настарымызды дамыта аламыз. Ал енді, пантүркизм идеологиясының астарында әсіре түрікшілдік пиғыл бар. Бұл біздің өзге елдермен арадағы достығымызға сызат түсіреді.

Сапар аяғында қазақстандық делегация мүше-лері өз ойларын білдірді:

Камал Смайыл: Түркияда өте маңызды, пайдалы және жылы шырайлы кездесулер өтті. Әсіресе, әріптесіміз Фетхуллаһ Гүленмен болған кездесудің жөні бөлек. Оның біздің елімізге қатысты айтқан пікірлерінен көп нәрсені көкейге түйіп, ой-өрісіміз кеңейіп қалғандай болды. Фетхуллаһ Гүлен халықаралық жағдайдан тарихқа, саясаттан әлемдік тәртіптің мән-жайларына дейін түрлі тақырыптарда ой қозғады. Бұл мәселелерде өте білікті, білімді екенін көрдік. Әсіресе, оның Қазақстанның жер асты қазба байлықтарын игеріп, елдің игілігіне жаратуда ақылды саясат жүргізілмесе, байлық емес, маңдайға сор болып, қақтығыс пен қантөгіске жол ашуы мүмкін екенін ескертуін расында тағылымды кеңес ретінде қабылдадық.

Нұрлан Нұрғазин:
Осы уақытқа дейін Түркияға он шақты рет барып-келдім. Алайда, бұл сапар бұрынғылардан өзгешерек болды. Фетхуллаһ Гүленге қатысты әр түрлі алып-қашпа сөздерді және ақпараттарды еститінмін. Бұл ақпараттарда Фетхуллаһ Гүленге қатысты мүлдем қарама-қайшы пікірлер болатын. Оның өзімен тікелей жүздесу арқылы көкейдегі көптеген мәселенің басын ашып алдық. Осылайша, Түркиядағы кейбір ақпарат көздері Фетхуллаһ Гүленге қатысты мүлдем жалған, теріс хабар тарататынына көз жеткіздік.


Энес Жансевер
«Zaman Қазақстан» газетінің журналисі
24 шілде 1998 жыл


 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.