ӨЗІН-ӨЗІ ТАНЫҒАН АДАМ

Адам баласының өсу-өркендеу эволюциясы неткен күрделі десеңізші! Ана құрсағындағы тоғыз ай, тоғыз күн. Шыр етіп дүниеге келген сәбилік кезең, тәй-тәй басқан, былдырлап сөйлеген, бара-бара мынау аппақ әлемге құштарлық, білмек талпыныстар! Мектеп табалдырығын аттап, білім теңізіне шомылу. Одан соң өсіп, ер жету, жан-жағымызға қарап, бағдарлап, өмірдің мәні мен мағынасына үңілу. Бес күндік фәни жалған осылайша сусып, жылжып жүре береді екен-ау!

Балалық шағымыз атеистік тәрбиеге тұспа-тұс келген кеңес кезеңінде, үлкен абыройы – тоғыз жасынан сәждеге жығылып, Алла біреу, Алла хақ деп сенімін жүрегіне бекіткен әжеміздің қасында болғанымыз үшін Тәңірге сансыз шүкіршілік айтамын! Сонда әжем сегіз жастағы маған, балам оң қырыңмен жат, «бісіміллә» деп айтуды ұмытпа деп құлағыма күнде құятын. Әжемнің тахарат алып, қысы-жазы аяғынан шешпейтін мәсісіне мәсіх тартып жатқаны, құбылаға қарап жайнамазда тұрғаны әлі күнге көз алдымда. Сегіз жасымда әжеме еріп, Аякөздегі ескі мешітте тарауық намазына қатысқаным да бар. Қыс. Түн іші. Далада шақшиған аяз. Автобустан түскен соң недәуір жер жүргенімізді білемін. Кемпір-шалдар ғана қатысқан тарауық намазының ұзақ оқылғаны сондай, қалғып кетіппін. Оянсам, намаз аяқталмаған екен...

Әлқисса, танымал дінтанушы, белгілі философ, ағартушы-ғалым Фетхуллаһ Гүленнің  қазақ тіліне аударылып жарық көрген жинақтарын оқығанда, менің есіме, бұл дүниеден баяғыда озған, тақуа әжем, балалық шақтағы сол бір қымбат, аяулы сәттер елестеп өтті.

Ғалым Ф.Гүленнің жоғарыдағы кітаптарында айтылған ой сондай тұнық, сондай айқын және шынайылығымен баурады бізді. Шілденің шіліңгір ыстығында маң далада шаршап, шөлдеп келе жатып жолда кезіккен мөлдір тұманың кәусар суын ішіп, рахаттанғандай күй кештік!    

Төрт жасында Құран Кәрімді анасы Рәфиға ханымнан үйренген Ф.Гүлен 11 жасында қари атанған екен! Не деген қабілет, не деген жады!
Фетхуллах Гүлен әкесінің ауылды жерде көбірек қызмет істегеніне орай бастауыш мектепті ғана тәмамдайды. Негізгі білімді медреседе алыпты. Онда оқып жүргенде дарынды шәкірт ұстазының берген тапсырмасын жылдам орындап, қалған уақыттарында діни кітаптардың арасына жасырған Батыс пен Шығыс классиктерінен бас алмай қадала оқыған екен. Оның оқуға, білмекке, үйренуге деген ерекше құлшынысы ұстаздарын таңқалдырған көрінеді. Өзімен қатарлас балалардың бір жылда оқитын дәрістерін қабілет-алғырлығының  арқасында небәрі бір-екі айдың ішінде меңгеріп шығыпты. Содан болар, шәкірт Фетхуллаһ әкесінің және ұстаздарының қолдауымен еңбекке, қайнаған өмірге ерте араласыпты. 15 жасында мешітте уағыздар айта бастапты.Әлбетте, мұндай дарынды оған нәсіп еткен  Алла Тағала екені даусыз!            

* * *

«Қаздың балапаны жұмыртқаны жарып шыға салысымен жүзуді біледі. Жұмыртқадан шыққан құмырсқалар лезде ұя қазуға кіріседі. Бал арасы аз ғана уақыттың ішінде нағыз өнер туындысы болып табылатын омартасын сала бастаса, өрмекші жіп-жіңішке өрмегін тоқи бастайды. Бұлар және осы сияқты тірі жәндіктер басқа әлемде өздеріне үйретілген қабілеттерімен жаратылысынан тума талант болып өмірге келеді. Алайда адам баласы бүкіл тіршілік атаулының ішіндегі ең қабілеттісі бола тұра, барлық нәрсені бұ дүниеде үйренуге мәжбүр», – деп жазады Ф.Гүлен «Иман аясында» кітабында.

Сөйтсек, адамнан өзге тіршілік иелеріндегі бұл ілім мен қабілетті оларға Жаратушы дарытқан. Тіпті мыңдаған шақырым жерлерге барып ұрық шашқан жылан балықтардың шабақтары жұмыртқадан шыға салысымен ұзақ-ұзақ сапар шегіп, өз енесін адаспай тауып келеді. Бұл дағы Алла берген түйсіктен өзге не болуы мүмкін?!
Ал Жаратушы сана берген, ақыл берген адам баласы Алланы қапысыз тани ма?!

* * *

«Адам баласына сан мыңдаған сезім берілген. Әр сезім материя әлемінен тыс тылсым әлемнің хабаршысындай. Алайда адамда Жаратушының бар екендігін сездіріп тұратын ерекше сезім болады, ол – мәңгілікке құштарлық», – дейді ойшыл түрік ғалымы Ф.Гүлен. (Иман аясында)
Расында, қасиетті Құраннан, имандылықтан алыс кез келген пенденің басына бір ауыр жағдай түссе, болмаса оқыстан қорықса: «Алла сақта!» деген осы сөздің еркінен тыс аузынан шығып кеткенін өзі де байқамайды.

Бақсақ, ол дағы Жаратушының адам баласына берген сыйы. Сол сенім арқылы адам үнемі мәңгілік ғұмыр сүретіндей барын салады. Себебі, өткінші нәрселердің ешбірі оның көңіліне шын мәнінде жұбаныш сыйлай алмайды.  Мәңгілікті аңсау сезімін өзге пәни болмыстың беруі мүмкін емес. Ендеше мұны әлмисақтан бері Ұлы Жаратушы дарытқан.
Қызмет барысында танысқан бір танысымыз екі сөзінің бірінде, «Алла қаласа, Құдай бұйырса»  деген сөзді жиі қайталағанын байқап, «неге» деген сауал қойдым.
–    Бес-алты жылдың жүзі болды-ау, деймін. Онда ауылда тұрамын. Жаз айы болатын. Аяқ астынан бір жұмыс шығып, 30 шақырым жердегі аудан орталығына жиналдық. Күн кешкіріп қалған кез. Машина руліндегі жолдас жігіт жер қара, күн жылылығын пайдаланып төте жолмен жүруді ұсынды.
–    Ол да дұрыс шығар. Алла қаласа, қазір-ақ жетеміз дедім, – мен оған.
–    Не айтып отырсың! Ат шаптырым, тиіп тұрған жер емес пе?! Алла қаласа да, қаламаса да барамыз, – деді ол ашуланыңқырап.
Мен досымның бұл сөзін көңіліме алып, тіксініп қалдым.
Сонымен төте жолмен тартып кеттік. Көп кешікпей күн ұясына қонақтап, төңіректі қараңғылық қымтады. Өзіміз білетін жол сорабы дұрыс сияқты. Жылдам жетіп барамыз деген үмітіміз ақталар емес. Бұралаң-бұлтарысы көп дала жолы алыстап кеткендей. Жүріп келеміз, жүріп келеміз.  Қысқасы, біз адасқанымызды таң ата бір-ақ білдік. Бәсе, бір жүрген жерімізге неше рет айналып соғыппыз. Міне, сол оқиғадан соң, қандай бір шаруа жасасам да «Құдай бұйырса!» деп айтуды әдетке айналдырдым.
Бұған байланысты қасиетті Құран Кәрімнің «Қәһф» сүресінің 22-23 аяттарында: «Еш нәрсені: «Осыны ертең істеймін» деп айтпа. «Алла қаласа (жасаймын) де. Ұмытқан заман Раббыңды есіңе ал да: «Раббымның мені бұдан да туралыққа жақынырақ жолға салуынан үміткермін» де», – деген жолдарды оқып, Аллаға тәубе айттым, – деді танысым  әңгімесін аяқтап.

* * *
 

«Құран Кәрімнің Ұлы Жаратушының сөзі екенін дәлелдейтін барлық дәлелдері Алла Тағаланың бар екеніне дәлел. «Құран – Алланың сөзі» деген тезисті ешбір шүбәсіз, айқын дәлелдейтін жүздеген дәлел баршылық», – деп жазады Ф. Гүлен.
Ислам тарихына назар аударсақ, сонау көне дәуірде де, осы кезде де дүние жүзі халқының арасында екі түрлі көзқарас немесе екі түрлі сенім бар. Біреуі бұл әлемде ие жоқ, өзінен-өзі кездейсоқ түрде жаралды. Өзінен-өзі құбылып, иесіз  басқарылып тұрады дейді. (Астапыралла!) Бұл  көзқарасты атеизм  (Алласыз) деп атайды. Оған дәлел: күні кешегі Кеңес дәуірінде адам баласы маймылдан жаратылған деген – Дарвиннің тұжырымын еске түсірсек те болады.
Екінші көзқарас (сенім) бойынша, әлемді басқарып тұрған, табиғаттан үстем бір күш бар. Алайда ол жеке-дара емес, оның серігі не серіктері бар деп, кейбір табиғат күштерін, мәселен: айға, күнге, жерге, отқа, суға тағы басқаларға сыйынып, табынатындар болған. Мұндай сенімдерді «шерік», серік қосу деп, яғни мұндай сенімдегілерді «мүшрик» – серік қосушы деп атайды.

Алла Тағала нәсіп етіп, 2004 жылы қажылық тәуафқа барғанда, қасиетті Мекке шаһары маңындағы Мина қалашығында, біз тоқтаған қосқа келіп уағыз айтқан араб азаматының төмендегі әңгімесі есіме түсіп отырғаны.
Имам ағзам Әбу-Ханифа бес-алты жас шамасында медреседе оқып жүреді. Бір күні ұстазының көңілсіз түрін аңғарып:
–    Сізге не болды, ұстаз... Ұнжырғаңыз түсіп кетіпті ғой, - дейді.
–    Ия, көңілсізбін...
–     Себебін білуге бола ма?!
–     Бізді осы елдің патшасы шақырып, Алланы көзіме көрсетіңдер. Мен сенетін болайын, сол үшін үш күн мұрсат беремін деді. Ертең патшаның берген мерзімі аяқталады. Соны уайымдап отырмын...
–     Мені ала барыңызшы, – дейді Әбу-Ханифа.
–     Не істейін деп едің?
–     Патшаны көрейін. Қандай әңгіме айтылады, соны тыңдайын, – дейді жас шәкірт.
–    Олай болса, ертіп апарайын, – деп келіседі ұстазы.

Ертеңіне ұстазына еріп жолда кетіп бара жатқанда Әбу-Ханифа бармақ басындай бірнеше тас теріп, қалтасына салып қояды.
Кең сарай. Сән-салтанат. Төрдегі тағында патша. Қасында уәзірлері. Жиылған жұрт тым-тырыс. Патша жамағатқа Алланы көрсетіңдер деген сауалын қояды. Ешкімде үн жоқ.
–    Кім айтады?! – дейді қаһарланған патша ағзам.

Алдыңғы қатарда отырған кішкентай Әбу-Ханифа қалтасынан бармақ басындай тасты алып, патшаның шекесін дәлдеп жіберіп қалады. Шекесіне тас тиген патша басын ұстай алады. Қасындағылар:
–    Әй, бала! Бұның не? Патшаның шекесі ауырды ғой, – деп дауыстап жібереді.
Сол кезде Әбу-Ханифа екінші тасты лақтырады. Патшаның шекесі одан сайын ауырып, жылауға шақ қалады.
–    Бұның не? Бір емес, екі рет лақтырдың тасты, – дейді патшаның қасындағы бір уәзір балаға тап беріп.
Сонда кішкентай ұл орнынан тұрып:
–    Уа, халайық! Патша шекесінің ауырғанын дәлелдесін! – дейді қайсарланып.
–    Ауырғанын көрсете алмаймын... Бірақ сезіп тұрмын, – дейді патша.
–    Ендеше, біз де Алланың барлығын көрсете алмаймыз! Оны жүрекпен сезіну керек! Шын ниетпен, шын көңілмен! – деп жауап қайтарыпты бала Әбу-Ханифа...
Баяғы заманнан бері Алла Тағала тарапынан дүниеге жіберілген күллі пайғамбарлар, жоғарыдағы екі көзқарасқа тойтарыс бере отырып, елді тәуһидке шақырып, Алла Тағаланың бірлігін үгіттеген, насихат айтқан.

Алла Тағала Құран Кәрімнің «Ықылас» сүресінде өзінің ЖАЛҒЫЗ екендігі жайлы былай деп түсіндіреді: «Ол Алла Тағала біреу-ақ. Алла Тағала мұңсыз. Еш нәрсеге мұқтаж емес, барлығы оған мұқтаж. Тумады да, туылмады. Әрі еш нәрсе оған тең емес» деп айт. Хазірет Пайғамбарымыз – кімде-кім шын ықыласымен – «Алла Тағаладан басқа ешбір Тәңір жоқ» десе, жаннатқа кіреді. Және «Алла Тағаладан басқа ешбір тәңір жоқ деген сөз жаннаттың жемісі», басқа бір хадисінде: «Жаннаттың кілті» деген.
 « ... Құран тек күллі жаһан халқы үшін ақыл-кеңес. Мәлім кезден соң оның шындығын білетіндерің даусыз» («Сад» сүресі, 87-88 аят).
 «Егер құлымызға жібергенге (Құранға) күдіктерің бар болса, онда, қане, оған ұқсас бір сүре әкеліңдер. Алладан басқа көмекшілеріңді де шақырыңдар, егер бәстеріңде шыншыл болсаңдар» («Бақара» сүресі, 23 аят).   «Жоқ әлде оны (Мұхаммед) ойдан шығарды дейді ме? (Оларға) айт: Егер сендер шыншыл болсаңдар, Алладан басқа арқасүйерлеріңді де шақырып, оған ұқсас сүре әкеліңдер» («Юнус» сүресі, 38 аят).

Адам өмір бойы бір кітапты қайталап оқи алмайды. Ал Құранды қайталап оқудан еш жалықпайды. Мәселен намазхан кісі күні бойғы бес уақыттағы намазында – «Фатиха» сүресін 32 мәрте оқиды. Жалыға ма? Жоқ, керісінше оқи бергісі келеді. Өйткені, Құран сөздері мазмұн, мағына, өзектілік, шынайылық жағынан өзіндік мәнін, құндылығын жоғалтудың орнына, уақыт өткен сайын адамның жан дүниесіне, ой-түйсігіне сәуле түсіріп, иман-байлығын арттыра түсуде.
Және Құранның әрбір сөзіне, тіпті әрбір әрпіне сауап жазылатындығы көптеген хадистерде айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Алланың кітабынан (Құраннан) бір әріп оқитын болса, оған бір жақсылық жазылады. Ал әрбір жақсылық он еселенеді. Мен Әлиф, Ләм, Мимді (бәрін қосып! Бір әріп демеймін, Әлиф – жеке бір әріп, Ләм – жеке бір әріп, Мим – жеке бір әріп (Әрқайсысына жеке-жеке сауап жазылады)», –  деген.

* * *

«Сөз патшалары – әдебиетшілерге белгілі топтар сенім білдіріп, олардың талпыныстарын көріп қошеметтеп, еңбектерін бағалады. Көп ретте оларды пір тұтып құрметтегенін байқауға болады. Олай болса, әдебиетшілер сөз сөйлеу шеберліктерін және көркем өнер қабілеттерін үнемі хақ пен жақсылықтың әміріне бағындырып, шәкірттері болып саналатын бұқараны дұрыс жолдан адастырмай, жалғандықтан бойын аулақ ұстау керек. Ел-жұрттың кіршіксіз ойын лас қиялдармен былғамай, нәпсіқұмарлықты суреттеп Алланың құлдарын еш уақытта тән құмарынан құтыла алмас, азаттыққа жете алмас «тәннің құлдары» болуға ынталандырмауы керек» - деп жазады ғалым Фетхуллаһ Гүлен «Баян» кітабында.

Жаратушы жазушылық қабілет дарытқан сөз шеберлерінің, әуелі Алла, содан соң оқырмандар алдындағы жауапкершілігі не деген ауыр десеңізші! Осындай зіл батпан жауапкершілік жүгін ақын-жазушыларымыздың бәрі бірдей сақтай ма? «Шөп те өлең, шөңге де өлең» деп оңды-солды сілтеп, атыс-шабыс, нәпсіқұмарлықты қоздыратын, Аллаға серік келтіретін  шығармалар аз ба? Әсіресе, кешегі кеңес дәуірінде, мыс қорытатын, аккумулятор жасайтын зауыт-фабрикалар жайлы да роман, повестер тапсырыспен жазылды емес пе? Ондағы кейіпкерлердің көбі роботтарға ұқсайтын. Жүрегі қатып мұз болған, дүние мақтанға құл болған авторлар көп арамызда. Ертеңгі махшар күні тілдің әрбір айтқан сөзінен, қолдың жазған әрбір әрпінен сұрау болады.
 

« ... Әдебиет те дін, дәлірек айтқанда, бейнелер арқылы уағыздалатын дін. Яғни, әдебиет пен дін о баста тамырлас, қандас, тектес, тілектес ұғымдар, – деп жазады талантты жазушы Айгүл Кемелбаева «Шығармашылық жұмбағы» атты эссе-мақаласында («Жас Алаш», Маусым, 2000 жыл) – Осы екеуін бір-бірінен ажыратып алам деушілік бекершілік. Мен өз басым ұлы жазушылардың ұлылығын олардың шығармасындағы діни сарынмен өлшеймін.

Имансыз шығармаларда дарын жоқ, яғни онда Құдайшылдық жоқ, олар жалаң, жалған, мағынасыз, шалажансар туады, елеусіз өледі. Өйткені өнердің миссиясы көркемдік көкжиегін кеңітіп, сұлулықтың шұғыласын шашуына қызмет ету, оның түбі мен негізінде адамсүйгіштік, гуманизм болғандықтан солай...»
Иә, көркем әдебиеттегі имандылықтың көрініс беруіне келер болсақ, арыға бармағанның өзінде хәкім Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздері тұтастай Құранның қазақ тіліндегі тәпсірленуі. Бұл мен ашып отырған жаңалық емес. Өкініштісі, Кеңес кезеңінде Абай шығармаларының түпкі мәнінен гөрі, сыртқы көркемдігі, жаңашылдығы ғана сөз болып, иләһи қуатынан нәр алудан бастартушылық болды.

Осыдан бірнеше ғасыр бұрын жазылса да, қазақ ертегілерінің, Асан Қайғының, Бұқар жыраудың, Шал ақынның, Шортанбай Қанайұлының, Дулат Бабатайұлының, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының, Сұлтанмахмұт Торайғырұлының, Махамбет пен Исатайдың, Абай Құнанбайұлының, Шаһкәрім Құдайбердіұлының, Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, т.б. ақын-жазушыларымыздың шығар-малары несімен құнды? Бақсақ, ол кітаптарда имандылық мәселесі көтерілген екен! Жаратушы Раббымыздың мұғжизалары өрнектелген екен!
Абай бабамыздың өлеңдерінен тағы бір мысал.

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті,
Алланы танытуға сөзі айрылмас.
«Әмәнту» оқымаған кісі бар ма?
«Уа куту биһи» дегенмен ісі бар ма?
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлықпен ол сіздерге, сіз де оларға...
Замана, шаруа мінез, күнде өзгерді,
Оларға кез-кезімен нәби келді,
Қағида шариғаты өзгерсе де,
Тағриф Алла еш жерде өзгермеді...
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жолы осы деп әділетті.    

Осында бәрі бар. Құран Кәрімнің рухы, иманның жұпар иісі аңқып тұр...

Шәкәрім бабамыз айтады:

Айтқан сөзің шын болса,
Ішің толған жын болса.
Жүрегіңде мін болса,
Айтқан сөзің ем емес.

Жоғарыда ғалым Фетхуллаһ Гүленнің «Баян» кітабынан алынған үзіндіге мағыналас емес пе бұл сөздер! Жазушының жан тазалығы қай деңгейде? Мәселе сонда! Осы тұста тағы да

Абай бабамыздың бәрімізге аян мына бір сөзіне назар аударайық:

Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Сырын, нұрын көруге,
Көкірегінде болсын көз.

Яғни, иманды әдебиетті тудыру үшін сол қаламгердің өзі иманды, ізгі ниетті, жылы жүректі, терең талғамды болуы шарт немесе ақиқат айтыла бастаған жерде ойлану, іздену керек, тоңмойындыққа салынбай, өзі іштей түлеп, қайта құрылуы керек!

Кісіліктің өлшемі – имандылық һәм білімділік! Себебі, Ислам діні – ғылымға негізделген дін. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің бір хадисінде: «Кімде-кім ғылымды сүйсе және ғалымдарды құрмет тұтса, ахиретте жаннатта ол менің көршім болады», – деп ізгі ниетін білдірген!
Ислам діні – ақырғы дін, ақырғы заман діні. Исламда ғылым мен дін тұтас бір нәрсе. Оларды айырып болмайды.
Әсілі, ақын-жазушы, ғалым, әнші-күйші т.б. өнер адамдарының біразының тәкаппар, мақтаншақ келетіні несі екен? Лағынет сайтан жүрегі нәзік, мінезі жұмсақ жақсы жандарға үйір болатыны неліктен? Себеп біреу. Олардың көбі тек дүниеауи ілімді меңгерген. Яғни, жалғыз қанатты. Екінші қанаты, әлбетте діни ілім. Осы екі ілімді меңгерген адам қос қанатты пырақ емес пе?

... Алла ішіңді айтқызбай біледі, ойла,
Бендесіне қастықпен кінә қойма.
Расымен таласпа мумин болсаң,

Ойла, айттым, адамдық атын жойма, – деп Абай бабамыз неге өсиет қалдырды?

«Рухани азық жинаңыздар, ол азықтың ең жақсысы – діндарлық» делінген қасиетті Құран Кәрімде («Бақара» сүресі, 197 аят). Ал белгілі ислам ғалымы Саид Нурси: «Адам рухани жағынан (дінді айтып отыр) байымайынша, мемлекет оңалмайды, тәртіпсіздік үстем болады» десе, атақты Ақсақ Темір: «Қай мемлекет діннен қайтса (илһад), дінсіздік күшейсе, һәм ол жердің халқы, әскері, жамағаты түрлі азғыруға ерсе, ол мемлекеттің күлі көкке ұшады,» - деді.
Осы айтылғандардың мысалын кешегі Кеңес өкіметінің тарихынан, көркем әдебиеттегі социалистік реализмнен аңғаруға болады. Әділ деп марапатталған алып мемлекет 74 жыл ғана өмір сүрді. Ол солай болуы керек еді.

Кеңес өкіметі кезінде мәдениет дамымады, өнер өркендемеді, әдебиет алға баспады, идеология болмады деп біреу айта ала ма? Айта алмайды. Бар гәп дінсіз мемлекет болуында. Кейбіреулер империяның құлауын Горбачев, Ельцин, Кравчук, Шушкевичтерден көреді. Олардан көретін еш негіз жоқ. Дінсіз мемлекетте Алланың жіберілген уақыты бітті. Бар мәселе осында.

* * *

«Қаншама ақын-жазушылар бар: олардың жазғанын оқығанда өзіңізді Иран бақтарын аралап жүргендей сезінесіз, жайқалған ағаштар, сайраған құстар, құлпырған гүлдер, күн шуақты көктем көз алдыңызға елестейді. Бірақ рухани өміріңізге әкелер пайдасы тұрғысынан оны тым жеткіліксіз деп бағалайсыз. Өйткені олар үнемі өнермен, табиғатпен шұғылданса да, ағынсыз судың тұңғиығында қалғандай қор сезініп, Жаратушыға жетелер жолды таба алмай, тұрған жерлерінде арқандалған аттай шыр айналып алысқа ұзай алмаған», – дейді белгілі дінтанушы ғалым Фетхуллаһ Гүлен «Иман аясында».
Ия, әдебиеттің нысанасы – а д а м. Ендеше, адамды жазған соң оның дүниетанымын, қуанышын, ренішін, бақытын, қайғы-мұңын, жан әлемін, ойдың бейнеленген түрі – сөзді жазбай амалыңыз жоқ.

Осы тұрғыдан келгенде, қоғам қайраткері, философ-ғалым, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғарифолла Есімнің: «Қоғамдық сананы қалыптастыруға қызмет етіп жүрген ғалымдар, ілімді тануда, әлемді тануда Құран Кәрімді негізге ала жүргізбесе, адамды да, қоғамды да адастырып алу қаупіміз бар екенін мойындайтын мезгіл келді. Сондықтан, біз бұдан былай қоғамға қызмет ететін мамандарды Құран Кәрімді меңгерген, зайырлы мемлекет қызметшісін дайындауды қолға алуымыз қажет. Сөздің қысқасы, сауатты, білімді мұсылман интеллигенциясын қалыптастыруымыз қажет», – деген сөздері  ( «Егемен Қазақстан», 21 қазан, 2006 жыл) қаламгер қауымға тікелей қатысы бар деп ойлаймыз!    
Ендеше, ғылым мен техника қарыштап алға озған  жаңа заманға, иманды, мөлдір бұлақтай таза көркем әдебиет керек! Өйткені, адам баласының жан әлемі сұлулыққа құштар, сұлулыққа ғашық!     

* * *

«Бұл кезеңде нәпсіміз рухтың тағын тартып алды... Жүрегімізге шайтан ұя салды... Құдайдың орнын әумесер жандар басып алды... Ар-намыс табанға тапталды... Ұят пен ар намыссыздыққа ұласты... Құрметсіздік кім көрінгеннің табиғатына жұқты... Бүкіл атырап жағымсыздық пен сүйкімсіздіктің жәрмеңкесіне айналды... Әдептілік, сыпайылық бұрынғылардың құнсыз жолы мен тәсіліндей етіп көрсетілді... Опа, адалдық, отансүйгіштік әуелі рухтарда ұмыт болды; содан соң сөздіктерден өшірілді...» – деп жазады Ф. Гүлен,

«Баян» кітабында. Жүрегіңіз алабөтен соғып, төбе құйқаңыз шымырлайтын сөздер! Ащы айтылса да ақиқат! Осы тұста әжем Қанымжан кәрияның, осыдан қырық жыл бұрын айтқан лебізі ойыма оралып отырғаны. «Иманды, арлы-ұятты адамдар азайды ғой бүгінде! Жын ба, сайтан ба, сапалақ па, қаптап кетті ғой түге», – дейтін кейіп.
Мектептің төменгі сыныбында оқитын, көп дүниеден хабарымыз жоқ біздер сонда, әжеміздің қара аспанды төндіре ренжіп, кейігеніне түсінбейтінбіз. Сөйтсек, адамдар арасындағы сыйластықтың, мейірім-қайырымның, үлкенді кішінің құрметтеуі жоғалып бара жатқанына налиды екен-ау жарықтық!..    
Мойындауымыз керек, бір осал тұсымыз – имансыздықтың белең алып отырғаны. Ұрлық-қарлық, өтірік-өсек, жезөкшелік, маскүнемдік, жала-қорлық, парақорлық, нашақорлық, қызғаныш, көре алмаушылық, ана  тілін  білмейтін, білсе де сөйлеуге арланатын мәңгүрт, дүбәра, байлық пен мансапты ғана көксеген, өз дінін сатқан жандар, әділетсіз басшылар... толып жатыр... мұның бәрі имансыздықтан туып отыр деп ойлаймын.
Қазір елімізде, ғаламторға қосылмаған компьютері жоқ отбасы кемде-кем шығар. Оның жақсылық жағы да бар әрине. Алайда оң-солын таныған жастарды былай қойып, мектеп қабырғасындағы оқушы балаларымыздың қаншама уақытын компьютер ұрлап жатыр. Телеарналардан күн сайын беріліп жататын кісі өлтіру мен тонау, зорлық пен зомбылықты дәріптеуден біздің бүгінгі ұрпақ қандай өнеге алуда? Мұнымен қоса телеарналар әдепсіздік пен эротиканы да көрсетуде. Ондай  «дүниелерді» тіпті, ата-ана мен балалар да бірге  көретінін қайтерсіз?!

Осы ретте Алланың мейірімі түскен екі шаһар – Мекке мен Мединаны үлгі ретінде айтсақ әбестік болмас. Мұнда ұрлық пен қылмыс атымен жоқ. Азан шақырылған кезде жайма базардағы сатушылар заттарын шүберекпен жаба салып, мешітке жүгіреді. Иесіз қалды екен деп ешкім заттарға тиіспейді. Екі қаладан да біз автотұрақты көрген жоқпыз. Қымбат шетелдік автомашиналарын есік алдына қоя салады. Әсіресе, Мекке қаласында көлік қатынасы соншама мол болғанына қарамастан, жол апаты жоқтың қасында. Алда-жалда көліктер өзара қақтығыса қалса, Алла разылығы үшін бірі-бірін кешіріп жүре береді.

Медина қаласының тұрғындары ерекше мейірімді. Біз тоқтаған қонақ үйдің иесі, араб азаматы, Алла разылығы үшін бес күн бойына жүздеген адамдарға екі мезгіл ыстық тамақ пен шәй берді. Орталық сауда үйінің алдында Пайғамбарымыздың мешітіне сауап үшін адамдарды тегін тасып жүрген шағын автобустың ондаған жүргізушілерін кезіктірдік.
Медина қаласында, таңғы намаз алдындағы елең-алаң шақта, Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафаның мешітіне қарай ағылған жұрттың нөпірін көрсеңіз! Сондай сәтте үлкендермен бірге оқушы ер балалардың жол қиылысында тәртіп сақшысы қызметін атқарып, кезекшілікте тұрғанын көріп, риза болдық.

Сол жылы қажылық тәуафқа жер шарының түкпір-түкпірінен 5 миллионға жуық адам жиналды. Жалпы бір жыл ішінде кіші қажылық жасаушыларды қосқанда Сауд Арабиясына 75 миллион адам келеді екен. Осыншама кісіге қалтқысыз қызмет жасап, орналастыру тап-тұйнақтай жүргізіледі. Не деген ілтипат! Не деген  ұйымдастыру десеңізші!
Бұларды тәптіштеп айтып жатқан себебіміз, Алланың рақымы түскен Сауд Арабиясының жоғарыда аталған қос шаһарының  халқы пенденің әрбір іс-әрекеті Жаратушының назарында екендігін жақсы біледі. Сол үшін де нәпсі-шайтанның жетегіне еріп, жамандықтарға бармайды!

«Алла көздердің қиянатын және көкіректердегі құпияны біледі», («Ғафыр» сүресі, 19 аят), «Өздерінің ішкі сырларын, құпия қылықтарын, сөздерін Алланың түгел біліп тұратынын олар сезбейді», ( «Тәубе» сүресі, 78 аят).

Әсілі, бұл дүниедегі жамандықтардың бәрі Алланы ойламаудан, Алланы мойындамаудан, Алладан қорықпаудан болады!
Ислам адамның абыройы мен ар-ожданын бәрінен де жоғары қояды, отбасы мен қоғам бірлігін, ынтымақты сақтауды, әлеуметтік әділеттікті көздейді. Адамды айтпағанның өзінде, 18 мың ғаламдағы тіршілік иесінің бір де біріне қылдай қиянат жасауды қостаған емес. Өйткені: «Алла адамдарға еш зұлымдық қылмайды. Бірақ адамдар өздеріне-өздері зұлымдық қылады» («Юнус» сүресі, 44 аят).

Алла аса қамқор, ерекше мейірімді болғандықтан, адамдарға да мейірімді! Мейірімділігі сондай, «Бірер жақсылық істеген адам, он есе артық сауапқа ие болады. Бірер жамандық жасаған адамға тек оның жамандығына ғана лайық жаза беріледі, оларға зұлымдық істелмейді» («Әнғам» сүресі, 160 аят).  «...Адамдарға Алла мейірімді екені даусыз, бірақ көпшілігі соған шүкіршілік етпейді» («Жүніс» сүресі, 60 аят).

Осы орайда дінтанушы, ғалым Ф. Гүлен «Ақырет ақиқатына сенім» кітабында былай дейді:
 «Ғаламда бір ізгілік пен мейірімділіктің бар екенін айдан анық байқаймыз. Мейірімділік – жанашырлық сезімі. Мейірімділік – жәбір көрген жанға көмек көрсету, жылағанды жұбату сезімі. Мейірімділік – тәні де, жаны да жаралы адамның дертіне дауа болу сезімі. Ғаламдағы ең кішкентай жәндіктердің дүниесінен бастап ең үлкен ғаламшарлардың дүниесіне дейін мейірімділіктің жылы шуағын көруге болады...

Жылдың әр мезгілінде пісетін алуан түрлі жемістер де Алла Тағаланың сый-сыяпаты болып табылады. Егер ойланып көрсек, біз тіпті сол жемістер түгіл, оның бір дәнегін де жарата алмас едік.

Міне, осы өмірде Алла Тағаланың шексіз жомарттығын көреміз. Адам баласының көңілі үнемі керемет мұғжиза іздейді. Алайда айналамызда сан алуан құбылыстарды ғажайып емес деп  кім айта алады?»

Ия, ерте ме, кеш пе, табиғатынан білмекке құмар адам баласы «мен қайдан келдім, қайда бара жатырмын, өмірдің мәні неде?» деген сауалды ойлайтыны хақ. Былайша айтқанда, өзін-өзі тануға, өзін-өзі білуге әрекет жасайды.

Түптің түбінде, өзін-өзі таныған адам баласы, Алланы да таниды!
Ал, Алланы таныған адам, адамзаттың бір бөлшегі болып саналатын өз ұлтын да сүйе алады.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.