ЖҮРЕКТЕРГЕ ЖОЛ ТАПҚАН


Алланың ақырзаман пайғамбары етіп таңдап алған сүйікті құлы Мұхаммед Мұстафаның өнегелі өмір жолы жайында ата-бабаларымыз даламызға Ислам діні тарала бастаған сонау VII-ші ғасырдың екінші жартысында-ақ қаныға бастаған. Ислам дінінің мың жыл бойы дәуірлеген тұсын айтпағанның өзінде, қазақ халқы кешегі Қазан төңкерісіне дейін Пайғамбарымыздың өмір жолынан жырлар, қисса-дастандар мен аңыз-әфсаналар арқылы хабардар болып келгені мәлім. Оның өмірбаяны бейнеленген түрік-шағатай, татар тіліндегі бірқатар кітаптардың да ел арасында болғаны анық. Бірақ Кеңес өкіметі билік құрған жетпіс жылда халқымыз бұлардан көз жазып қалды. Бүгінге дейін мектеп оқулықтарында «Мұхаммед саудагер болған», «Құранды ойдан құрастырған» деген жала пікір таратылып келді. Пайғамбарымыздың өмір жолы турасындағы шындық өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында ғана там-тұмдап газет-журналдарда жариялана бастады.

Ол басылымдар батыстық зерттеушілердің еңбектерінен тікелей аударылғандықтан түрлі бұрма-лаушылық пен қате түсінік, теріс ұғымдар да орын алды. Дегенмен, бұлар жұртшылықтың Исламға деген ынта-ықыласын тудырып, оны танып-білмекке құштарлығын оятуға себепші болды.

Бүгінгі күні өз ана тілімізде Мұхаммед пайғамбар жайында жан-жақты мағлұмат беретін, оқырман талабын толық қанағаттандыратын кітаптар жоқтың қасы. Жоғарыда айтқанымыздай, басқа діндегі батыс зерттеушілерінің еуропалық ұғым-түсінікпен жазылған еңбектерінде мұсылмандыққа қайшы келетін, жаңсақ ұғым тудыратын, оқырманды хақ жолдан тайдыратын  тұстары да жоқ емес. Сондықтан, ондай аудармалардың пайдасынан зияны басым. Пайғамбарымыз жайында туыстас түрік тілінде шынайы жазылған кітаптардың орны бөлек. Бірақ кәсіпқой аудармашы жетіспегендіктен, ана тілімізге орашолақ тәржімаланған ондай бірлі-жарым жарияланымдар оқырманның, жалпы дінге бет бұра бастаған көпшіліктің рухани сұранысының үддесінен шыға алмай отырған жайы бар.

Осы орайда, «Ғаламның Рахым Нұры» деген кітап Пайғамбарымыздың екі дүниеге рақым етіп жіберілгендігін нақты дәлел, келісті қисын, бұлтартпас шындық арқылы алдыңызға жайып салады. Оның өнегелі өмір жолын сан қырынан талдап, түп-тереңінен алып, көркем тілмен кең түрде толғаған ана тіліміздегі тұңғыш басылым екенін айта кеткім келеді. Атап өтер бір жайт, мұнда автор құрғақ сандарға жүгініп, жалаң баяндаулармен шектелмей, поэзия тілімен көсіле сөйлеп, қара сөзбен жырлағандай әсер қалдырады. Пайғамбар деп кімдерді түсінеміз? Олардың ұлы мақсаттарының сыры неде? Алла Тағаланың адамзатқа үлгі етіп, бөлекше жаратқан құлы Мұхаммед кім? Оның пайғамбарлыққа дейін-ақ «Мұхаммед Әмин», яғни Сенімді жан аталуында нендей ғибрат бар? Иә, бүгінгі оқырманның діни сауатына аса қажетті осы іспеттес мәселелер кітаптың алғашқы кіріспе бөлімінде тартымды әңгімеленеді.

Пайғамбарлардың ешбір нұқсансыз ғаділет жолы әрбір момынның құлшылығын арттыра түсері шындық. Кітаптың Мұхаммед әлейһиссаламға пайғамбарлық келгенге дейін көрген азапты күндері жайлы тұстары да көзі ашық оқырманды еріксіз ой құшағына бөлей отырып, жүрек көздерін аша түседі.
Иә, кітапта Алла Елшісінің сипаттары мен ерекшеліктері жан-жақты айғақты дәйектермен сараланған. Еңбектің «үш құқық: Алла, мемлекет және дін құқығы» деген бөлімінде осы үш ақиқат Имам Тирмизидің риуаят еткен бір хадисі негізінде кеңінен сөз болады. Яғни, Алланың құқығы – тақуалықты, мемлекет құқығы – билікке құлақ асуды, ал діннің құқығы – сүннеттен ажырамауды талап етеді. Осы үш қасиеттің қай-қайсысын да түйсініп, ой елегінен өткізу бүгінгі рухани азаттықтың мәнісіне бойлай алмай жүргендер үшін аса пайдалы болмақ.

Кітаптың пәлсапалық жүгін «Салих құлдарға сый-сияпат», «Фәтәнат», «Пайғамбардың фәтәнаты», «Зұлымдық жазасыз қалмайды», «Дүние бір көлеңке» сынды бірнеше тақырыптар көтеріп тұр. Бұл тақырыптың кез келгенінде көптеген қайырлы істерге түрткі боларлықтай салмақ,  дініміздің қасиеттілігін жан-жақты танытатын терең ой-пікір бар. Дүниелік істерді ақыретінен биік санау нағыз орашолақ ойдың, қала берді қарабайыр қараңғылықтың салдары екеніне көз жеткізу, аят, хадистің терең мағынасын жатық тілмен түсіндіру – бұл кітаптың басты ерекшелігі деуге әбден болады.

Иә, әр дәуірдің өзіне тән жетістіктерімен қатар, өзіне тиесілі шешілмеген түйіні мен алынбаған асулары болатыны тарихи шындық. Бүгінгі күні орын алып отырған діндер, ұлттар, түрлі әлеуметтік топтар арасындағы дүрдараздық исі адамзаттың басты індетіне айналып отыр. Алауыздықтың алдын алмаса арты дау-дамай мен сұрапыл соғысқа ұласары бесенеден белгілі жайт. Әрбір көзі қарақты қаламгер, саясаткер, ғалым үшін де басты, өткір де өзекті мәселе – әлемдік біртұтастықты, татулықты, бейбітшілікті қалыптастыру болып отыр. Құны өте жоғары кітаптың басты кейіпкері Мұхаммед Пайғамбар: «Жарастыру, татуластыру – намаз, ораза, садақа беруден де абзал амал», – дейді. Сонымен қатар, «Ислам» терминінің мағынасы «бейбітшілік», жеке адамға айтылар «муслим», яғни «бейбітшілікті қалаушы» мағынасын беретінін шығарма иесі әсерлі жеткізе алған. Бүгінгі күні «Ислам терроршылдығы» деген ұғымдардың Исламмен үш қайнаса сорпасы қосылмайтындығы дәлелді айтылған.

Мұхаммед (с.ғ.с) – айтқанын тек сөз күйінде қалдырмай, өз өмірімен де өрнектей алған дана да асыл жан. Шығарманың орта тұсынан орын алған Хунейн соғысынан кейінгі олжа үлестіру сәтіндегі меккеліктер мен мәдиналықтардың арасына түскен сызатты Мұхаммед (с.ғ.с) дипломаттық дарынды қабілетімен тез арада екі жаққа да тең төрелік айтып, орынды шеше алды. Егер Мұхаммед (с.ғ.с) дауылға айналғалы тұрған бұл дауды орынды шеше алмаған болса, қаз-қаз басып келе жатқан мұсылман қауымы екіге жарылуы әбден мүмкін еді.

Хижраның екінші жылы Мұхаммед пайғамбардың бірнеше араб тайпалары және еврей қауымымен қаланы ортақ басқару, пайдалану, қорғауға жасасқан келісім шарты діндер арасындағы диалогтың бастау бұлағы іспетті.

«Сынықты сына қағып жымдастырмайды, сылап жымдастырады» деген ғибратты сөздің дәлелі болар осы тәрізді дәнекерлікті Мұхаммед (с.ғ.с) ғұмырынан көптеп келтіруге болады.
Иә, нәсіліне қарамай бүкіл жұрттың жүректеріне жол тапқан, ғаламға рақым нұрын төккен сүйікті пайғамбарымыздың өмірі әрбір ақыл иелеріне үлгі болары хақ. Бұл еңбектің сол үддеден шыққан бірден бір туынды екені біз үшін үлкен олжа.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.