Диалог негізі

Сүйіспеншілік – адам тұлғасының ең маңызды бөлігі. Бұл – кез келген күшті тойтарып, оны жеңе алатын ұлы қуат әрі толассыз нұр. Сүйіспеншілік адам жанын көктерге шарықтатып, оны мәңгілікке дайындайды. Сүйіспеншілік арқылы мәңгілікке қол жеткізгендер өзгелермен өз ләззатын бөліседі. Олар осы үшін бүкіл ғұмырын арнайды, кез келген қиындыққа төтеп бере алады.

«Альтруизм» – сүйіспеншілікті тудырады. Осындай мол сүйіспеншілікке ие болып, өз бойындағы бүкіл өшпенділік пен қатігездікті тамырымен қоса жоя алғандар – адамзаттың нағыз қаһарманы. Мұндай қаһармандардың өлгеннен кейін де өмірі жалғасады және бүкіл өмірінде олар ең сүйікті жандар болып, ел есінде сақталады.

Адам жүрегіне бастайтын жол сүйіспеншілік арқылы іске асады. Бұл – пайғамбарлар жолы. Қазіргі күнде де олардың ізбасарларын қолдамайтындар кемде-кем, қабылдағысы келмейтін бірен-саран жандардың кездесіп жатқандары болмаса, оларды көпшілігі құшақ жая қабылдайды. Ал шын жылы шырай таныта қабылдағанда, олар әрқашан өз мақсаттарына қол жеткізеді.

Тіршіліктегі барлық нәрсе мейірімділік пен жанашырлықты жоққа шығармайтындықтан, мұны бір мейірімділік симфониясы деуге де болады. Ал адам болудың ең басты шарттарының бірі барлық тіршілік атаулыға мейірімділік таныту болып табылады. Мейірімділік пен жанашырлық адамға ерекше шабыт сыйлайды.

Аллаһ елшісінің көрсеткен мейірімділігі өте табиғи еді, оның махаббаты күллі тіршілік иелерін қамтыды.

Мәселен, Ол жан - жануарларға мейірімді болу тұрғысында төмендегідей нақты әрі ғибратты мысалдарды алға тартады:
«Аллаһ бір әйелдің барлық әдепсіз қылықтарын бір итке жасаған жақсылығына бола кешірді. Қатты шөлдеген ит құдықтың қасына келіп тілі салақтап тұр еді. Дәл осы мезет итті байқаған әйел оны аяп кетті. Дереу беліндегі жіпті киіміне байлап, итке құдықтан су әперді. Ит бір өлімнен құтылды. Әйелдің итке көрсеткен осы бір жанашырлығына бола Аллаһ оның бар күнәсін кешіріп, оған жәннатты нәсіп етті».

Ал енді осыған қарама-қарсы жағдай да болған:
«Бір әйел бір мысыққа бола тозаққа тасталды. Өйткені нәр татырмай бір жерге қамап қойғандықтан, мысық аштан өліп еді. Әлгі әйел осы қылығы үшін жәһаннамға кірді».

Кешірімділік те – ең ұлы құндылық. Кешірімге ие болу – пенденің тәубесіне келіп, іштей тазаруға, бастапқы болмыс бітіміне қайта оралуға тырысуы. Сондықтан да Аллаһтың шексіз мейрімділігі тұрғысынан ең құнды да ізгі амал - осы бастапқы кейіпке қайта оралу мен ізденісті терең сезінуге апаратын жолбасшы әрекет болып табылады.

Ғаламзат кешірімділікті адамзат арқылы таныды. Адамдарды мысалға ала отырып Аллаһ өзінің Мейірімділігі мен Аса Кешірімділігін қалай байқатса, Ол бұл әдемілікті пенделерінің жүрегіне де солай ұялатты. Адам (ғ.с.) қателікке бой алдырғанда да Аса Құдіретті Аллаһ оны кешіріп пайғамбарлық дәрежесіне дейін көтерді.

Қай кезде болмасын қателік жасағаннан кейін артынша сол қателікке өкініш білдіріп, іштей ұялып кешірім тілеуіміз бізді шексіз мейірімділік пен рақымдылыққа бөлейді, соның арқасында біз өзгелердің қатесін көрмеуге тырысамыз.

Бірде жабыла тас атып бір күнәһарды жазаламақ болған қауымға Иса пайғамбар: «Кімде-кім өмірі күнә істемедім, пәкпін десе, тасты бірінші болып сол лақтырсын» (Иоанн, 18:7) дегенде, көпшілік өз күнәларын ойлап тосылып қалып еді. Егер біз мұны түсінсек, қалай ғана өзгелерге тас атпақпыз?

Зұлымдық пен кекшілдік жер бетін талан-тараж алаңына айналдырды. Біз кімде-кім тауқыметке ұшырап, сол үшін құрдымға кететін болса, онда оларға ең алдымен мейірімділік пен кешірімділік танытуымыз қажет. Кешірім мен сабырлықтан жұрдай пенделер тарихтың соңғы бір-екі ғасырын ең тұрпайы деңгейге түсірді. Сондықтан қазіргі ұрпақтың балаларына берер ең құнды сыйы оларды жастайынан Аллаһ дарытқан кешірімділік пен сабырлыққа тәрбиелеу.

Біз біреулердің кемшілігіне көңіл аудара бергеннен гөрі, өзгелердің ой-пікірлерін құрметтеуді үйреніп, кешіруге болатын нәрселерді кешіре білуіміз керек. Осы аталғандарды жүзеге асыру біздің борышымыз, ол рухани жанымыз бен ойымызды кіршіксіз ұстауға септігін тигізетін қазыналардың пайдалы жағын ала білуіміз үшін керек.

Рухани тәртіп пен мейірімділіктің қайнар көзі болып табылатын сабырлық рухани - күштің ең маңызды бөлігі. Ол жақсы адамды жаңа бір тереңдік пен кемелдікке жеткізгенде, кемшіліктер мен қателіктер көзге көрінбей кетеді. Құдіретті Аллаһтың рақымы әркез сабырлық сүзгісінен өтеді, ал біз болсақ оның бізді және күллі ғаламды қамтып алуын күтеміз. Оның құшағының кеңдігі сондай – ішімдікке салынған адамның өзі кенеттен бүкіл тәуелділігін тәрк етіп Пайғамбарымыздың ізбасарына айналады, ал қылмыскер болса, ақиқатты танып аса ұлық дәрежеге жетеді.

Біз ең алдымен Аллаһтан сүйіспеншілік пен мейірімділік, сабырлық пен кешірімділік, жомарттық пен жақындықты күтеміз. Ал біз өзгелерге осы айтылғандардың бірін де көрсетпей тұрып, осылардың орындалуын күтуге құқылымыз ба?

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.