Адамзат бақытына арналған ғұмыр

Бейбітшілік пен адамзат бақытына арналған ғұмыр

Ерекше діндарлығымен танымал Фетхуллаһ Гүлен – ірі ғалым әрі белгілі қоғам қайраткері. Ол – діни төзімділік пен өзара түсіністіктің соны бастамаларын жұртшылыққа жеткізуді мақсат еткен тұлға. Сонымен қатар оның қазіргі заманның кезек күттірмес әлеуметтік мәселелерін шешуге қосқан үлесі өз алдына бір төбе. Бүкіл ғұмырын адами құндылықтарды дәріптеуге, рухани қажеттіліктердің шынайы орнын белгілеуге арнаған Ф.Гүленнің пікірлері бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен өз қолдаушыларын тауып отыр. Оның басты ерекшелігі ретінде ой-пікір сонылығын, парасат пайымының биіктігін, күрмеуі қиын заманауи мәселелерді шешудегі өмірлік тәжірибесінің молдығын атауға болады. Оның бүкіл болмысы әділетсіздік пен күпірлікке қарсы. Ф. Гүленнің өрелі ойлары мен мәселелерді әркез ақылға сүйеніп шешетін қасиеті оның иманы мен сезім тереңдігін толықтыра түседі. Ғалым өзінің аса сезімталдығына қарамастан байыптылық пен байсалдылықты ғажап үйлестіре біледі.

Түрік ғалымдары мен зиялы қауымы Фетхуллаһ Гүленді тек түрік елінің ғана емес, дүниежүзілік ауқымдағы ең беделді жазушы әрі ойшылдардың бірі деп санайды. Бүгінде ол – мұсылмандардың рухани-әлеуметтік өмірі мен интеллектуалды деңгейінің үздіксіз жаңарып тұру идеясының көш басында тұрған ерекше тұлға. Ол:
«Атақ-даңқ у жағылған тәттіге ұқсайды, оған құмарту жүректің рухани күш-қайратын жояды» дейтін алтын ережеге бағынады.

Фетхуллаһ Гүлен ғұмыр бойы мұсылман жұртшылығының ғана мүддесін емес, сондай-ақ тұтастай адамзаттың иманын, ұмтылысы мен үмітін қызғыштай қорғап келеді. Ол өз қиыншылығынан гөрі өзгелердің бақытсыздығына келгенде, ет жүрегі елжіреп, қабырғасы қайыса күйзеледі. Адамзатқа жасалған қандай да бір әділетсіздікті ол өзінің жүрегіне тиген зіл батпан ауыр соққыдай сезінеді. Бірде ол ішкі рухани қайғы-қасіретінің болмысын былайша сипаттады: «Әрбір күзгі жапырақтың ағаштан үзіліп түскенін көрген сайын солармен бірге қолдарым қоса жұлынып кеткендей қатты қиналамын...»

Фетхуллаһ Гүлен 1938 жылы Түркияның оңтүс-тігіндегі Ерзурум ауданының Қорыжық деген ауылында дүниеге келген. Оның рухани кемелденуіне ең алдымен өз жанұясының ықпалы зор болды. Бұл жөнінде Фетхуллаһ Гүлен: «Маған атамнан гөрі әжем Мунисаның әсері көбірек тиді. Ол табиғатында бос әңгімелерді ұната бермейтін, қайсар мінезді әйел еді. Ол кезең – Құранды оқуға қатаң тыйым салынған уақыт. Бірақ әжем соған қарамастан көрші ауылдың әйелдерін жинап алып, Құраннан сабақ берді, мен де оның шәкірттерінің біріне айналдым. Тәрбиеме әкем де белсене араласты. Ол өте иманды, діндар, тақуа, ұқыпты әрі қырағы кісі еді. Менің білетінім, әкем де уақытын босқа өткізбейтін»,- дейді.

Фетхуллаһ Гүлен алғашқы білімін медреседен алды. Алварлы Ефе, Осман Бекташ, Қажы Сыдқы Ефенди сынды т.б. сол кезеңнің бірқатар белгілі ислам ғұламаларынан дәріс алады. Ол өзін тек діни жағынан ғана жетілдіріп қоймай, жастайынан басқа да ғылым салаларымен таныса бастайды, әдебиетпен де айналысады.

1958 жылы емтихандарын ойдағыдай тапсырған жас ғалым Едірне қаласында ұстаздық қызмет атқарып, қоғамдық өмірге белсене араласа бастайды. Әскери борышын өтеген соң Едирне қаласындағы қызметіне қайта оралады. Алайда ол Түркияда көлемі жағынан үшінші қала болып табылатын Измирге Діни басқарма тарапынан уағыз айту қызметіне тағайындалады. Бұл болашақ ғалымның өміріндегі ең үлкен бетбұрыс еді. Тек Измирде ғана емес, сонымен қатар басқа да қалаларда дарвинизмнің қателігін әшкерелеуден бастап, әлеуметтік әділдік, ислам құндылықтары жөнінде әр түрлі тақырыптарда дәрістер оқи бастайды. Фетхуллаһ Гүлен тыңдармандарға өз ойын толық жеткізу үшін, көбіне қарапайым халық жиналатын көпшілік орындарды таңдады.

Фетхуллаһ Гүлен көп жылдар бойы ғылым-білім мен рухани құндылықтарды қатар игерген жас ұрпақ тәрбиелеуді армандады. Осы мақсатта жаңа үлгідегі заманауи мектептер ашуға бастама көтеріп, оның мән-маңызын халыққа түсіндірумен болды. Измирде дәріс алған ең алғашқы шәкірттері оның ұлық идеяларының жолымен жүруге дайын кейінгі жас ұрпаққа бас-көз бола білді. Шәкірттері ешбір материалдық мүдде көздеместен оқу-ағарту ісінде адамзатқа қызмет етуге жұмыла кіріс-ті және сол істерін әлі де жалғастырып келеді. Әрине, мынадай нарықтық заманда материалдық мүддеге негізделмеген шынайы ықыластылықтың мұндай көрінісін елестету өте қиын. Бұл игілікті істің қатарына рухани ағартушылық, педагогикалық іс-шаралар, әлемнің барлық жерінде жекеменшік оқу орындарының ашылуы, баспа ұйымдары мен телеарна және радио бағдарламаларының жарыққа шығуы, сонымен қатар, жағдайы төмен студенттерге арнайы шәкіртақы тағайындайтын мекемелер кіреді. Аталмыш іс-әрекеттердің саясатпен яки саяси мақсатпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны да жалпақ жұртқа белгілі.

Сонымен қатар, Фетхуллаһ Гүлен халықтар арасындағы достықты нығайтуға атсалысуымен де танылды. Оның айтуынша, дүниежүзі халықтарының жекелеген ерекшеліктерінен гөрі, олармен ортақ белгілерінің көптігін негізге ала отырып байланыс құрған жөн. Осы мақсатта ол түрлі қоғам өкілдерінің арасындағы өзара түсіністікті арттыруға бағытталған «Журналистер мен жазушылар Қорын» құруға түрткі болды. Бұл бастама сан алуан көзқарас иелері мен көптеген дін өкілдері тарапынан жылы қабылданды.

Фетхуллаһ Гүлен түрік елінің алдыңғы қатарлы ірі қайраткерлерімен ғана емес, бүкіл әлемнің зиялы қауымымен байланыс жасап, оларды қабылдап, пікір алмасып отырды. Ол баспасөз мамандарымен, жазушы-қаламгерлермен және басқа да әлемнің зиялы қауым өкілдерімен әркез байланысын үзбеді. Өзінің бүкіл ғұмырын қоғамдық мәселелерді шешуге арнаған Мұхаммед Фетхуллаһ Гүлен білім беру жүйесінің құндылықтарын аса терең бағалады. Оның пікірінше, бұл жүйе қоғам арасында өзара түсіністікке, діни төзімділікке және адам құқығын құрметтеуге негізделуі тиіс. Сондықтан да Ф.Гүлен зиялы қауым өкілдерін, ірі қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлерді көп жылдар бойы білім беру жүйесін жетілдіруді қолдауға шақырды.

Фетхуллаһ Гүлен: «Егер адамдар надан күйде жүріп, азатпыз деп ойласа, онда олар өмірлерінен ешқашан болмаған әрі болмайтын нәрселерді күтеді»,- дейді.

Ол қоғамды әрдайым өткір мәселелермен дер кезінде хабардар етіп отыру үшін, әсіресе білім мен ақпарат алуға мүмкіндігі төмен жандарға қажетті бұқаралық ақпарат құралдарының (мәселен, телеарна) қызметін арттыру керектігін қолдайды.
«Ал саяси және мемлекеттік жүйеге қатысты айтар болсақ, бірден-бір баламалы мүмкіндік ол демократия болып табылады», – дейді. Оның айтуынша, адамзат баласы әлі де дұрыс мемлекеттік жүйе қалыптастыра қойған жоқ, сондықтан аталған кемшіліктеріне қарамастан, демократия бірден-бір дұрыс таңдау болып табылады. Гүлен демократияның қарқынды жұмыс істеп, жетіле түсуі үшін біз демократияның жолын берік ұстануымыз қажет деген пікірде. Адамдар өз мақсаттарын таңдауда, әсіресе өзінің рухани әрі діни құндылықтарын жеткізуде әрдайым еркіндікті қалайтыны анық.

Ол үнемі: «Сәтсіздікке қынжылмаңыз, анархистерге берілмеңіз», – деп, қандай жағдай болмасын үмітсіздікке бой алдырмауға үгіттейді. Үмітсіздік – адамзаттың алға жылжуына кедергі келтіретін сусыма құм тәріздес, жеңіске деген бойдағы ерікті жояды. Ол мойынды буындыратын арқан тәрізді.

Фетхуллаһ Гүленнің айтуынша, біз ХХІ ғасырда моралдық құндылықтардың кемеліне келіп, жаңа бір рухани белеске қадам басудың куәсі боламыз. Бұл өркениеттер арасындағы бірлікке бастайтын толеранттық пен өзара түсіністік ғасыры болмақ.

Фетхуллаһ Гүлен өз еңбектерінде қазіргі таңда адамзат көз ашпай отырған «материализмнің көшкін құмдарынан» арылуға шақырып, қоғам алдында тұрған проблемаларды шешудің жолдарын іздестіруге тырысады. «Қазіргі заманның адамы өзінің Жаратушысы мен жаратылысының мәнін іздейді», – дейді ғалым. Сондықтан өз еңбектерінде «Адам неліктен дүниеге жіберілді? Өмірдің мағынасы неде? Адамдар неліктен өледі?» деген секілді т.б. бірқатар мәселелерге сенімді әрі тұшымды тұжырымдар жасайды. Фетхуллаһ Гүленнің жарық көрген еңбектерінен: «Адамзат жолайрыққа жақындады, біреуі – опық жегізетін өкінішке, екіншісі – жақсылық табатын құтқарылуға апарады. Уа, Аллаһ тағалам! Бізге дұрыс таңдау жасарлық сана бере гөр!» деген ойды кездестіруге болады.

Фетхуллаһ Гүлен әлем материалдық игіліктен таршылық көріп отыр деген тұжырыммен келіспейді, сондықтан да миллиондаған адамның аштықтан өліп жатқандығына ешқандай ақтау таба алмайды. Ол әділетсіз түрде талан-таражға түскен материалдық игіліктер жекеменшік қайырымдылық қорлары арқылы нағыз мұқтаж адамдарға берілуге тиіс деп санайды. Ф.Гүлен тұрмысы төмен адамдардың мәселелерін жүйелі түрде шешуге арналған мұндай қорлардың ашылуын барынша қолдап отыр.
Фетхуллаһ Гүлен – әлеуметтік реформалар тұр-ғысынан бесаспап жаңашыл жан. Оларды іске асыру жолындағы тәсілдері де жаңаша.

«Өз ісіңнің дұрыстығына өзге жандардың көзін жеткізу турасында айтсақ, – дейді ол, – күшпен мойындатудың заманы өткен. Бүгінгі көзі ашық қоғамда өз көзқарасыңды өзгелерге қабылдату нақты деректерге сүйену арқылы ғана жүзеге асады. Ал білек күшіне сеніп жүргендердің жоспары әуел бастан-ақ іске аспауға бейім». «Адам өз өмірінде материалдық әрі рухани құндылықтардың арасында тепе-теңдік сақтауға тиіс, пейіл тарлығы мен сараңдықтан аулақ болғаны жөн. Сонда ғана ол шынайы бақытқа қол жеткізеді».

Сүннет қағидаларын ұстануды насихаттап жүрген рухани ұстаз Фетхуллаһ Гүлен – нағыз үлгі тұтуға тұрарлық жан. Хадис, Құран тәпсірі, ислам құқығы мен заңы (фиқх), тасаууф пен философия ілімінің білгірі болып табылатын ол қазіргі ислам ғалымдарының ішінде айтулы орынға ие.

Фетхуллаһ Гүлен – елуден астам кітаптың авторы. Мақалалары дүниежүзіне белгілі, беделді басылым беттерінде жиі жарық көріп тұрады.

Ғалымның бірқатар шет тілдерге аударылған шығармалары:

1. Асрын гетирдиги тереддүтлер ∕ Questions and Answers about Faith (Сомнения, порожденные веком, в 2-х томах, «Новый свет», М.,2004).
2. Чаг ве несил / This Era and the Young Generation.
3. Өльчү вея йолдаки ышыклар / Pearls of Wisdom, vol.1-4; vol.1.
Критерии или огни в пути. Көкжиек: А., 2007; Ғұмырлық өлшемдер А, 2008.
4. Заманын алтын дилими / the Golden Part of Time.
5. Ренклер кушағында хакикат томуржуклары / Truth Through Colors, vol.1-2; vol.1.
6. Кырык мызрап / Broken Plectrum: a collection of verses.
7. Фатиха узерине мулахазалар / The Interpretation of Sura al-Fatiha.
8. Сонсуз нур / Prophet Muhammad: Aspects of His Life, vol.1-2; (Пророк Мухаммед: венец рода человеческого, в 2-х томах, тт. 1-2, «Новый свет», М., 2004). Ғаламның рақым нұры Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.). «Көкжиек»:, Алматы, 2007.
9. Toward a global civilization of Love and Tolerance.
 Light: New Jersey, 2006
10. Йитирилмиш женнете доғру / Towards the Lost Paradise.
11. Инанжын гөлгесинде / The Essentials of Islamic Faith. Жизнь и исламская вера А. 2007.
12. Өлүм өтеси хаят (Вера в потустороннюю жизнь, «Новый свет», М., 2004, Ақырет ақиқатына сенім).

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.