Ф. Гүлен және діни төзімділік идеясының ислам тарихындағы жарқын үлгілері

Фетхуллаһ Гүлен

ХХІ ғасырда әлем халықтарының өзара бейбітшілік пен татулық орнатуға айрықша күш салуын табиғи үрдіс деп қабылдауға болады. Өйткені өткен ғасырлардағы дүниежүзілік соғыстар, ашаршылық, қырғи-қабақ, тоң-торыс, салқын қатынастар халықтар арасындағы диалогтың маңыздылығын бүгінгі күні айқындай түсуде. Қазіргі заман әйгілі ойшылдарының бірі, түркі әлемінің рухани кеңістігінде өзіндік орны бар ағартушы мұсылман ғалымы Фетхуллаһ Гүлен – дін және мәдениет аралық қатынастарды орнатуға зор үлес қосуымен танылған тұлға. Бүгінгі күні Ф. Гүлен бастамасымен құрылған көптеген мәдени ошақтар, әлемнің 130 шақты елінде жұмыс жасап жатқан білім мекемелері, түрлі қоғамдық платформалар т.б. осы мақсатқа қызмет етуде. Ғалым өз еңбектерінде «Мен дін өкілдері арасындағы жарастық пен диалогты, діни төзімділікте болуды өз дінімнің негізінде бар ұстаным ретінде қабылдаймын»; «Түрлі дін өкілдерінің арасындағы диалогтың мақсаты – рухани бірлік пен келісімді жүзеге асырып, сонымен қатар діннің жан-жақты бесаспаптық қасиетін қолдау болып табылады. Дін барлық сенім түрлерін қамтиды, әрі оларды табыстыра отырып, үлкен талпыныспен алға жылжиды. Олар өз пайғамбарлары арқылы сүйіспеншілік, өзара сыйластық, сабырлық, кешірімділік, мейірімділік, адам құқығы, бейбітшілік, бауырмашылдық және еркіндікті ұлықтайды» деген пікір білдіреді [12]. Мен өз мақаламда ғалымның осы пікірін кеңірек ашып, дінаралық диалог пен діни төзімділіктің ислам тарихындағы негіздері мен нақты мысалдарына тоқталуды жөн көрдім.

Ғалым өзінің еңбектерінде діни төзімділіктің Ислам тарихында кездескен үлгілерін халыққа насихаттаумен келеді. Атап айтқанда, Құранның өзінде де діни төзімділікке шақыратын аяттар барын көрсетіп, мәнін жеке-жеке ашып түсіндіреді. Мәселен:

«Әй, адамдар! Біз сендерді бір ер мен әйелден жараттық. Бір-бірімен таныссын деп сендерді өзара ұлттар мен ұлыстарға бөлдік. Күмәнсіз, Алланың қасында ең құрметтілерің Одан ең көп қорқатындарың» [1/4].

Жаратушының бұл әмірі адамзат баласын бір-бірін тосырқап жатсынбай, кез-келген жеке тұлғаны жеріне, нәсіліне, ұлтына, дініне қарамастан бір-бірімен жақын танысуға шақыруда. Жер бетіндегі өркениеттер мен мәдениет өкілдерінің бір-бірімен жақын араласуы, бір-бірінің дүниетанымымен санасуы, діни т.б. ерекшеліктерімен таныс болуы ол тек қана әлемде бейбітшіліктің орнауына алып келері сөзсіз.

Тағы бір аятта діні бөтен болған жағдайда да тіл табысуға шақырып, ортақ сенімде мәмілеге келу керектігі былай баяндалған:

«Былай де: Әй, кітап иелері! Келіңдер, бәрімізге ортақ мына сөзге тоқталайық: Алладан басқаға құлшылық жасамайық. Оған ешкімді серік қоспайық. Ешкім Алладан өзгеге тәңір деп табынбасын» [1/4].

«Анкабут» сүресінің 46-аятында Алланың: «Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылықпен әдептілік сақтап пікір таласыңдар» деуі мұсылмандарды олармен үн қатысу кезінде сыпайыгершілікке, өзара түсіністікке, сыйластыққа шақырып тұрғанын айқын аңғартады. «Анкабут» сүресінің 49-аятында да былай делінген: «Іштеріңдегі зұлымдық жасағандарынан басқа кітап иелерімен көркем түрде пікір таласыңдар. Оларға: «Бізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Және біздің Құдайымыз да сендердің Құдайларың да біреу-ақ. Біз Оған мойынсұнғандармыз» деңдер».

Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) өз өмірінде Құранның әмірлерін қалтқысыз орындап, кітап иелерімен жылы қарым-қатынаста болуға тырысқан. Христиандармен диалогы алғаш рет уахи келгенде-ақ басталған. Өйткені оның пайғамбарлығын растаған Уарақа ибн Нәуфәл Інжілге қанық білімді христиан еді.

Пайғамбарлықтың үшінші жылында Византия Ираннан жеңіліс тапқанда, мұсылмандар бұған іштей қайғырған да болатын. Тіпті бұл жөнінде аят та түскен.

Өзге дін өкілдеріне жасалған кеңпейілдіктің үлгілерін Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) жеке өмірінен көптеп кездестіреміз. Айталық, бір жолы бір еврейдің табытын көтеріп бара жатқан топты көргенде, дереу орнынан түрегеліп құрмет көрсетеді. Жанындағылар оның мұсылман еместігін ескерткенде, Алланың елшісі «Кім болса да адам емес пе?» деп ойлы жауап қатқан.

Ислам діні келген алғашқы уақыттарда өзге дін өкілдері бұны жылы қабылдамағаны тарихтан белгілі. Ата-бабалары табынып келген пұттардан бас тартқаны үшін мүшріктер алғашқы мұсылмандарға көп қысым жасаған. Қинап өлтіріп тастауға дейін асқынған бұл қысымнан мұсылмандар қатты зардап шеккен кезінде, Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) сахабаларына көршілес Эфиопияға көшуге кеңес берген. Өйткені Эфиопия патшасы Ашама ибн Әбжар христиандықты ұстанатын еді. Мұсылмандардың сол уақыттарда басқа сенімдегілерден емес христиан елден пана табуы расында да тарихи тұрғыдан өте маңызды. Өйткені кейінгі ғасырларда христиандардың да мұсылмандардан әділеттілік көрген оқиғалары жиі кездеседі. Эфиопияны таңдауын Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) былай түсіндірген:

«Хабашистанды сағалағандарыңды жөн көрем. Неге десеңдер, ол жақтың патшасы қарамағындағыларға зұлымдық жасамайды. Ол жақта әділеттілік үстемдік құрған. Алла сендерге бір жол көрсеткенше сол аймақта бола тұрыңдар» [2/10].

Еврей ұлтынан Абдуллаһ ибн Үбәй ибн Сәлүл мұсылмандарға дұшпандықта тым шектен шыққандардың бірі еді. Алайда екіжүзді Ибн Сәлүл қанша қастық пиғылдан бас тартпай кетсе де, Алла елшісі ол қайтыс болғанда, өз шапанын шешіп беріп, сонымен жерлеткен. Тіпті әлгінің жаназа намазын да өзі бастап оқытқан. Хазірет Омар оның көзі тірісінде мұсылмандарға жасаған жамандықтарын тізбелеп айтып бұны қанша жатырқап, жақамаса да Пайғамбарымыз «Алла бұл істе таңдау еркін өзіме қалдырды. Қаласам жетпістен аса мәрте кешірім тілеймін» деп жауап қатады. Осы кезде «Тәуба» сүресінің сексен төртінші аяты түсіп, мынандай үкім беріледі:

«Олардан өлгендердің ешбірінің жаназа намазын оқыма. Қабірінің басына барып дұға тілеме!».

Бұл мысалдардан Мұхаммед пайғамбардың өзге дін өкілдеріне адам болғаны үшін-ақ құрмет көрсетуге, кешірім етуге лайық деп білгенін көреміз. Бұл түсінік әрине Ислам дінінің түп негізінде жатқан кеңпейілдіктен бастау алуда.

Мәдинаға хижраттың алғашқы күндерінде болған оқиға да мұсылмандардың өзге дін өкілдеріне қандай жақындық танытқанына дәлел.

Сол уақыттарда еврейлердің ораза ұстап жүргенін көрген Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) оның себебін сұрастырғанда, «Осы күні Мұса пайғамбар перғауынның зұлымдығынан құтылған. Мұса пайғамбар осы күнді ораза ұстаған» деген жауап естиді. Сонда Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) «Сендерге қарағанда Мұсаған біз анағұрлым жақынырақпыз» деп, мұсылмандарға да сол күні ауыз бекітуді бұйырған. Ол ораза «Ашура» деп аталады [3/3].

Исламдағы діни төзімділік алғаш рет Мәдина құжатында да көрініс тапты. Аталмыш құжаттың жиырма бесінші бабында мынандай үкім жазылған: «Еврейлердің діні өздеріне, мүминдердікі өздеріне». Бұл бап Мәдинадағы әрбір дін өкіліне наным-сенім еркіндігі берілгенін ұқтыруда. Яғни еврейлерге өз дінін, ал мүминдерге өз дінін ұстануына жол ашылған [3/9]. Бір қызығы, құжат заңдық күшіне еніп, еврейлер Мәдинадан ығыстырылғанға дейінгі аралықта еврейлерге мұсылмандыққа өту жөнінде ешқандай діни қысым жасалмағаны анықталған.

Мына бір мысал да ойымызға дәлел бола алады. Бәни Харис ибн Қағыб бастаған топқа Исламды үйретуді табыстап тұрып Мұхаммед пайғамбар жазбаша түрде берген кеңесте сол аймақтағы еврейлер мен христиандарды Ислам дініне күштеп кіргізуге қинамау керектігін баса ескерткен [3/6].

Жалпы діни төзімділік пен кеңпейілдікті негізге алған Ислам дінінде біреуді өз сеніміне күштеп кіргізу, қинау атымен болмаған. Мұхаммед пайғамбардың өнегесіне басшылыққа алған мұсылмандар қай кезде де қасиетті Кітап иелеріне зор құрметпен қараған. Кітап иелерінен қыз алуға болатыны, солар құрмет тұтатын бүкіл пайғамбарларға құрметпен қарауға шақыруының өзі де Исламның басқа дін өкілдеріне қаншалықты ілтипатпен қарағанына дәлел.

Халифалар дәуірінде де мұсылмандарды паналаған өзге дін өкілдеріне ешқандай қысым жасалған жоқ, қайта олардың құқы әркез қорғалып отырды. Діни төзімділік дәстүрі үзілмеді. Осының әсерімен еврейлердің Абдуллаһ ибн Сәләм сияқты айтулы ғалымдары Исламды қабылдағаны белгілі.

Ислам қоғамында христиандарға және олардың шіркеулеріне құрметпен қаралды. Шіркеудегі түрлі мүсінді тастарға, мозаикаларға, суреттерге, арнайы мерекелерде тағатын айқыштарына, қабірлері мен жаназаларына құрмет көрсетілді. Мәселен, Синай тауындағы Синай монастырлығы ІІІ ғасырда салынған ғимарат. Ол христиан тарихында алғашқы шіркеулердің қатарында болғандықтан мұсылмандардың қолына өткенде мешітке айналдырылмаған. Тек қана мұсылмандардың нышаны ретінде бір бөлмесі ғана намаз оқуға әзірленген.

Стамбулдағы Аясофия мешіті де осының айғағы. Әлі күнге христиандардың шіркеуі ретінде тарихи естелік болып сақталған [4/8]. Бұндай үлгілерді бүкіл ислам әлемінен байқауға болатынын еске саламыз. Айталық, Дамаск мешітін кеңейту үшін Яхонна шіркеуіне сызат түсірген халифа әл-Уәлид ибн Абдулмәликтің қателігін халифа Омар ибн Абдулазиз түзеуге тырысқан [4/8].

Мұсылман билігіне қарасты төленетін салықтың өзі шамасы келетін еркектерден алынып, әйелдерден, балалардан, поптар мен мүмкіндігі жоқ науқас, соқыр, кедейлер мен құлдардан алынбағандығын христиан зерттеушілері зор құрметпен жазған [4/1].

Мұхаммед пайғамбар «Сендерге кітап иелерін, яғни христиан мен еврейлерді аманат етемін», – деп өсиет қалдырған.

Басқа бір хадисте «Кімде-кім кітап иелерін жәбірлесе, ақыретте мен оның дұшпанымын», – деп қатаң ескерткен.

Ендеше, өзге діндерді тілдеместен олармен ортақ тіл табысуға тырысу, ислам дінін оларға дұрыс жеткізу мұсылмандардың ең негізгі міндеті болмақ.

Қорыта келгенде, ойшыл қайраткер әр түрлі дін өкілдері арасындағы жарастықтың дәлелдерін Ислам дінінен іздейді. Жоғарыда аталған Ислам дініндегі нақты мысалдарға сүйене отырып, бүгінгі күні де өзара діни төзімділікте болуға шақырады. Өзге ұлт өкілдері мен өзге дін өкілдеріне түсіністікпен қарау, ксенофобияны болдырмау, олармен ортақ ымыраластықты сақтап, бейбіт қатар өмір сүре білу - ғалымның көтерген негізгі идеясы деуге болады. Бұл идея дінаралық әрі мәдениетаралық татулықты ту еткен Қазақстан республикасы үшін де аса маңызды екені даусыз. Бұған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезінде сөйлеген елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мына сөзі де дәлелі: “Жаратушы – жалғыз, дүние – ортақ, аспан асты – кең, ендеше, біз бір атаның баласы, бір ананың перзенті ретінде бір-бірімізбен береке-бірлік пен ынтымақта өмір сүруіміз керек”.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі::
[1] Арнольд. С. әд-Даутул илал Ислам. Арабшаға аударғандар: Хасан
[2] Ибрахим Хасан және жолдастары. Б. 157. Кахира.
[3] Бұхари, Әбу Абдуллаһ Мұхаммед ибн Исмайыл, Сахиху Бұхари
[4] Халифа Алтай, Құран кәрім: мағына және қазақша түсінігі
[5] Давуд Айдуз, Тарих боюнжа динлерарасы диалог. Ышык йайынлары, 2005.
[6] Ибн Хишам, әс-Сира, ІІ
[7] Мүслим, Әбу Хұсейін Мүслим Ибнул-Хажжаж, Сахиху Мүслим
[8] Левент Өзтүрк, Ислам топлумунда христианлара гөстерилен хошгөру өрнеклери, с. 2-3. Сайгы ве хошгөру семпозиуму, 15-18 майыс 2000 Чанаккале.
[9] Хамидуллаһ, «Хазрети Пейгамбер гайримуслимлере насыл давранды?» (Ауд: Суфи Сейф), Илим ве санат, 2, 7 сан, 1986.
[10] Хамидуллаһ, Мухаммед Ислам пейгамбери, (Ауд: Салих Туғ, Ирфан йайынлары, Стамбул, 1991, 1/117)
[11] http://www.religions-congress.org
[12] http://fgulen.com/kz

Қ. Бағашаров, ҚазҰУ PhD докторанты, дінтанушы

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.