Соңғы тамшы

Фетхуллаһ Гүлен: Соңғы тамшы

Сұрақ: Кейбір аймақтарда қолданылатын «сылтау Тәңірі» сөзі қандай мағынаны білдіреді? Бұл сөздің астарында нендей ой бар?

Жауап: Көне түркі тілдерінде «Тәңір» сөзі табынатын құдай деген мағынаны білдіреді. Жалпы сенім жүйелерінің көбінде табиғаттан тыс, ұлы құдірет иесіне осы тектес атаулар қолданылып келген. Сан ғасыр бұрын Ислам дінін қабылдаған түркі халықтары да, Ислам діні туралы келелі еңбектер жазған түркі ғалымдары да «Тәңір» сөзін көбіне Аллаһ сөзінің орнына қолданып отырған. Дегенмен, «Тәңір» сөзі Хақ тағаланың тікелей «Затының» (болмысының) атауы болып табылатын «Аллаһ» сөзіне балама бола алмайды.

Аллаһ атауының орнына «Тәңір» сөзі

Аллаһ дегенде күллі ғаламда көрініс тапқан ұлық есімдерімен Ұлы және Құдіретті Күш ойға оралады. «Аллаһ» деген қастерлі атауда «Мағбуду Мутлақ» – ғибадат етуге лайықты жалғыз құдай, «Халықу Мутлақ» – абсолютті жалғыз жаратушы, «Мақсуду Мутлақ» – жалғыз Өзі ғана мақсат-мұрат болып табылатын теңдесіз иләһ, «Раззақу Мұтлақ» – түрлі рызықты молынан беретін жалғыз ғана рызық беруші құдай, «Барииу Мутлақ» – барлық нәрсеге Өзіне тән сипатта үкім етіп, болмысқа қауыштыратын теңдессіз Раб және «Жәмилиу Мутлақ» – барша көркем сипаттардың жалғыз Иесі және барлық әсемдіктерді жарататын иләһ секілді т.б. иләһи есімдер топталған. Яғни, Аллаһ атауы Хақ тағаланың көркем есімдерінің барлығын түгел қамтитын Ұлы есім болып саналады.

Аллаһ сөзі – Хақ тағаланың баламасы жоқ айрықша атауы. Оның мағынасын басқа ешбір сөз қамти алмайды. Әрине, түркі тілдеріндегі «тәңірі», арабшадағы «иләһ», фрацузшадағы «диеу», ағылшыншадағы «гад» және парсы тіліндегі «худа» сөздері «Аллаһ» атауының орнына қолданыла береді. Алайда, бұлардың ешбірі «Аллаһ» деген қастерлі ұғымның қамтитын мағынасын бере алмайды.

«Сылтау тәңірі» деген ұғымда қолданылған «сылтау» сөзі «дәнекер», «себеп» деген мағынада айтылған. Белгілі бір нәрсенің басты себебінің орнына айтылатын формальды, сөз жүзіндегі себеп дегенді білдіреді. Бәлкім, ата-бабаларымыз «шын себеп емес, сылтау» деген мағынаны білдіргендіктен, бұл сөзді Аллаһтың «Заты-Улухият» яғни, тікелей Өзіне телуден қорыққан болуы мүмкін. Сондықтан, «сылтау» деген сөзбен бірге Аллаһ деген қастерлі атауды атамай, өте биязы тапқырлықпен, терең мағына білдіретін «Сылтау Тәңірі» деген тіркес арқылы өз ойларын жеткізуді көздеген болуы ықтимал. «Сылтау» деген сөзді Аллаһ деген қастерлі атауға тіркемей, дәл осы мәселеде «Тәңір» сөзін қолдануы Анадолы (Түркия) халқының Ұлы Жаратушыға деген терең құрметі мен тәрбиесін паш етеді.

Сылтау Тәңірі

«Сылтау тәңірі» сөзі Эрзурумнан[1] бастап, Анадолының көптеген аймақтарында жиі қолданылады. Бұл сөз құлдарын кешірімге бөлеу үшін оларға әрқашан тәубе ету, күнәлардан арылу мүмкіндігін беретін Хақ тағаланың рақымдылығының шексіздігін паш етеді. Адамдарды Хақтың рақымына бөлену үшін Аллаһтың разылығына сай жақсы дәнекерлерге, себептерге ие болуға шақырады.

Расында да, Құран Хакимде: «Уа, иман келтірген-дер! Аллаһтың құқығын сақтаңдар. Оның құқығын бұзудан сақтаныңдар. Оған жақындауға дәнекер іздеңдер және Оның жолында күрес жүргізіңдер, осылайша қорыққандарыңнан аман қалып, үміттеріңе қауышасыңдар»[2] делінген. Марқұм Элмалы Хамди Яазыр сынды тәпсіршілер «уәсилә», яғни «дәнекер» сөзін «белгілі бір мақсатқа жеткізетін себеп, жақындататын дәнекер» деп тәпсірлеген. Демек, мүминдер «Махбубу-Хақиқи»[3] болып табылатын Аллаһ тағалаға жақындау үшін әрқашан дәнекерлер мен себеп іздегені жөн. Адамдар өздерінің Хақ тағаламен араларындағы алшақтықты жақындату үшін әрбір мүмкіндікті қалт жібермей, парыздар мен уәжіптерден басқа да ізгілікті істер жасаса нұр үстіне нұр болмақ. Аллаһтың разылығына бөлейтін ізгі амалдармен жақсылыққа ұмтылулары қажет. Шынайы ниетпен өздерін Аллаһқа жақындататын «қурбат», яғни жақындау жолдарын іздестіргені абзал. Көркем мінез бен ізгі амал сынды Хақ тағаланың разылығына бөлейтін дәнекерлерге және себептерге ұмтылу қажет.

Осы тұрғыдан алғанда «Сылтау Тәңірі» сөзі құлдарының болмашы ізгі амалдарының өзін зая етпейтін, олардың жақсы ниетпен жасаған титтей қайырлы ісінің өзін жауапсыз қалдырмайтын, бір амалды мыңдаған есе нығметтермен жарылқап, адамдарды болмашы бір себеппен де кешірімге бөлейтін Шексіз Рақым Иесінің мейірімділігін паш етуде. Аллаһ тағала кейбір құлдарын шынайы тәубелерін себепкер етіп, кешірімге бөлейді. Енді бір құлдарын бір қателікті жасап, артынан дереу жақсылық жасағаны үшін, осы бағытта қажыр-қайрат танытып, істеген жамандығын жуып-шайғаны үшін кешіреді. Аллаһ тағала кейде шынайы көңілмен жасалған дұғаны, өзегін өртеген өкінішті, енді бірде шынайы түрде көзден тамған бір-екі тамшы жасты, азын-аулақ садақаны, кейде елеусіз саналатын қайырымдылықты, енді бірде аса көп еңбекпен тер төгуді қажетсінбесе де, шынайы ниетпен жасалған ізгі амалды сол адамның кешірімге бөленуіне, жаннатқа кіруіне, Жамалуллаһты[4] тамашалауына, «Рыдуанға»[5] жетуіне себеп қылады.

Негізінде, барша қайырлы және ізгі амалдар сол ізгіліктің өзіне қауышу үшін жай бір себеп, ал адамдар тұрғысынан алғанда сылтау болып табылады. Өйткені, ешбір адам жаннатқа өз амалымен кіре алмайды. Жаннат пен оның арғы жағындағы шексіз нығметтер тек Аллаһтың рақымдылығымен, нәсіп етуімен ғана адамның қолы жететін игіліктер. Десек те, шексіз мейірімді Раббымыз құлдарының болмашы жақсылықтарының өзін бағалап, соны «қурбәт» (жақындық) және услат (қауышу) себебі ретінде қабылдайды. Сондықтан, тәңірі сөзін қанша жерден ұнатпасақ та, «Сылтау Тәңірі» сөзі өте терең мағыналарды қамтитыны рас.

Кішкене ықыласты амал және Зүбәйда ана

Ардақты елші (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Бауырыңды күлімдеп қарсы алу болса да, ешбір жақсылықты елеусіз қалдырма» деген екен. Иә, Аллаһ тағаланың разылығы үшін жасалған ең кішкентай амалдың өзі Жаратушының алдында аса қадірлі. Зәредей ықыласты амал Хақ тағала алдында тонналармен де есептеуге келмейтін салмаққа және бағаға ие болады. Аллаһ шынайылықпен жасалған жақсылықтарға кейде он есе, кейде жүз, кейде жеті жүз, кейде жүз мың, ал енді бірде бір миллион, тіпті кейде санын тек Өзі ғана білетіндей мөлшерде сый-сыяпат береді. Адам жасаған амалына қандай сыяпат беріліп, игілік жазылатынын біле алмайды. Алайда, ақыретте жасаған жақсылығының қарымы адамның арман-қиялы жетпейтіндей дәрежеде тосын сый ретінде алдынан шығады. Сондықтан, ешбір жақсылықты елеусіз қалдырмаған абзал. Ақыретте қайсы амалымыздың асығы алшысынан түсетінін осы дүниеде біле алмағандықтан, әрбір жақсы амалға үлкен мән беруіміз керек. Қайырлы іс жасау мүмкіндігін қалт жібермей, барлық жағдайда арғы дүниенің қамын күйттеу қажет.

Осы жерде бір ғибратты хикаяны айта кеткенді жөн көрдік. Харун Рашидтің әйелі Зубәйда Хатун өте жақсы адам еді. Ол қасиетті Меккеден Арафатқа дейін каналдар салдырып, су құбырларын төсейді. Киелі жерде қажылардың суға деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін 100 мың алтын жұмсағаны айтылады. Османлы мемлекеті кезеңінде осы каналдарға қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, таяу уақытқа дейін миллиондаған қажының суға деген қажеттілігі қамтамасыз етіліп келді. Зүбәйда ханым Хижаз каналымен қоса, керуенсарайлар, моншалар, жарлы-жақыбайларға тамақ тарататын орындар, шипажайлар салдырып, көптеген қайырымды істер атқарды. Өмірін қайырымдылыққа арнаған осынау ізгі әйел күндердің күнінде дүние салады. Дүниеден өткесін бір кісі Зүбәйда ханымды түсінде көреді. Әлгі кісі: «Дүниеде Аллаһ үшін қаншама қайырлы іс жасадың, осылар үшін Аллаһ тағала саған жаннатта қандай дәреже нәсіп етті?» деп сұрайды. Сонда Зүбәйда ханым былай деп жауап береді: «Иә, расында да рақымы шексіз Раббым өте биік дәреже нәсіп етті. Алайда, осы мәртебені ел мақтаған қайырымдылық істерім үшін емес, басқа бір амалымның құрметіне тарту етті. Бірде көпшілік бір отырыста иләһи ән шырқалып, қасидалар айтылып жатқан болатын. Өнерпаздар саз[6] тарта бастағанда, мұнаралардан азан даусы естілді. Азанды ести сала: «Азанмен тайталаспай тоқтатыңдар» деп тыйып тастаған едім. Сұрақ-жауап кезінде жасаған жақсы амалдарымның барлығы бір-бірлеп саналды. Арафатқа дейін канал салдырғаным да солардың ішінде аталды. Алайда маған: «Сені азанға деген сол бір құрметің үшін кешірдік делінді» деген екен.

Мәселені түйіндесек, адамның қаншама таудай амалдарының арасында азанға құрмет сынды кішігірім бір жақсылығы Аллаһтың рақымдылық дариясының асып-тасуына себепкер болған. Міне, «сылтау Тәңірі» осындай ізгі оймен айтылған сөз. Хақ тағала кішігірім қайырлы амалды құлының кешірімге бөленуіне себепкер етуде. Кейде адамдар Аллаһ тағала үлкен мән беретін және мұсылмандықтың рәмізі саналатын азанды құрметтеу арқылы, енді бірде Аллаһ үшін кез-келген тіршілік иесіне мейірімділік таныту арқылы биік дәрежелерге қауышып жататыны рас.

Хазірет Омардың есебі

Сияр кітаптарында хазірет Омар (р.а.) дүние салғаннан кейін хазірет Аббас (р.а) оны түсінде көру үшін қатты ынтық болғаны баяндалады. Алайда, қанша қаласа да алты ай бойы түсіне кірмейді. Алты ай өткеннен кейін барып хазірет Омарды түсінде көріп, неліктен өзін осылайша зарықтырған себебін сұрағанда, хазірет Омар: «Есебімді енді ғана беріп біттім» деп жауап берген екен.

Осы түстің жалғасын айтпай тұрып алты айлық есеп беру мәселесіне қысқаша тоқтала кеткенді жөн көрдім. Расул Әкрамның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «жер бетіндегі екі уәзірімнің бірі» деп атаған және «менен кейін пайғамбар келер болса, ол – Омар болушы еді» деп, абыройын асқақтатқан екінші халифа хазірет Омардың «есебім алты айда әрең бітті» деуінің терең мағынасы бар. Осы оқиғаға қарап, ақыретте барлық нәрсенің есебін беретінімізді, барлық нығметтен міндетті түрде сұралатынымызды терең ойлану қажет. Әрине, үмітсіздікке салынуға да болмайды. Алдымызда барлық нығметтердің есебі сұралатын үлкен күн күтіп тұрғаны шүбәсіз. Сол күні Хақ тағала: «Сендерге, аяқ, қол, көз, құлақ, тіл және ауыз бердім. Сендерге материалдық әрі рухани түрлі қабілеттер нәсіп еттім. Өмір сүру үшін қажетті барлық нығметтерді алдарыңа жайып салдым. Осы нығметтерді қандай мақсатта қолдандыңдар? Мұның барлығы сендерге ой салды ма? Осынау нығметтердің қадіріне жете білдіңдер ме? Құлшылық пен сынақ әлемінде екендеріңді парықтай алдыңдар ма? Демдерің біткенше адамгершілікпен ғұмыр кештіңдер ме?». Міне, ақыретте осындай са-уалдар міндетті түрде қойылады. Хазірет Омардың: «Есебімді алты айда әрең бердім» деген сөзі арғы жақта беретін есебімізді ойландыруы, ақырет азығын дайындауға құлшындыруы қажет.

Осы орайда айта кететін тағы бір жайт, хазірет

Омар (р.а.) жарты жылда болсын әйтеуір бүкіл ғұмырының есебін бере білген. Демек, алты айдан кейін хазірет Омар үшін есебі берілмеген ешбір мән-жай қалмаған деген сөз. Осы жерде түс те болса, хазірет Омар бізге насихат жасағанын ұмытпаған абзал. Оның сөзі муқаррабинге[7] тән үндеу мен ізгі лебізден тұрады. Ол өз дәрежесіне сай құлшылық пен амал жасауы қажет еді. Есебі де соған сай болса керек. Әйтпесе, жай қатардағы пенде оның атқарған істерін жасаса, үлкен сауапқа кенеліп, арғы дүниеде нағыз сый-сыяпатқа бөленетіні белгілі.

Түстің жалғасында хазірет Аббас: «Уа, Омар! Хақ тағала сені қандай ісің, қандай амалың үшін кешірді?» деп сұрайды. Сонда хазірет Омар (р.а.): «Бірде көшеде бір баланың құс ұстап алып, қинап жатқанын көрдім. Дереу әлгінің жанына барып, қалтамнан үш-төрт тиын-тебенді беріп, құсты сатып алдым да қоя бердім. Мизанда[8] сол амалыммен кешірімге бөлендім» деген екен.

Мейірімділік және кешірім үкімі

Адамның сәті түссе бір жануарға жасаған мейірімділігінің өзі оның тозақтан аман қалуына және жаннатқа кіруіне себепкер бола алады. Хақ тағала Өзінің өнер туындылары ретінде жаратқан күллі тіршілік иелеріне мейірімділік танытуды Өзіне деген құрмет ретінде қабыл алып, осы амалдың өзімен құлын ақыретте игілікке бөлейді. Осындай елеусіз көрінетін амалдың өзін құлының кешірімге бөленуіне себепкер етеді.

Бұхари мен Мүслим сынды ең сенімді кітаптарда осы ойымызды растайтын хадистер бар. Мәселен, сүйікті Пайғамбарымыз (аләйһи әкмәләтут-тахайя) арын былғап, зинақорлыққа салынған бір әйелдің кешірімге бөленгені туралы: «Бірде зинақор әйел сахарада қатты шөлдейді. Тілі тамағына жабысып, шөлден қаталаған кезінде бір құдыққа тап болады. Әйел құдықтың ішіне түсіп, шөлін қандырып, су ішіп сыртқа шыққанда құдықтың аузында бір иттің әрең дем алып, шөлден топырақты жалап тұрғанын көреді. «Бұл да мен секілді әбден шөлдесе керек» деп, қайтадан құдықтың ішіне түсіп, теріден жасалған аяқкиіміне су толтырып, аяқкиімін аузына тістеп сыртқа шығып, итке су береді. Аллаһ тағала әлгі әйелдің итке жасаған жақсылығы үшін оның күнәларын кешірді» – дейді.

Иә, мұны адамның кешірілуі үшін себеп демегенде басқа не дейміз? Рақымы шексіз Аллаһ тағала бір итке су шығарып беріп, мейірімділік жасаудың өзін жаннатқа кіруге себепкер етуде. Сондықтан, ешбір жақсылықты елеусіз көрмеу қажет. Кейде кішігірім секілді көрінетін бір жақсылық Аллаһтың рақымына бөленуге сеп болады. Тіпті болмаса, адамның басқа да жақсы әрі сауапты амалдарын толықтыра түсетіндей маңызға ие екенін ұмытпаған жөн.

Тасаууыф ілімінің алып ғұламаларының бірі Имам Шиблидің бір ғибратты хикаясында осы ақиқатқа ишарат жасалады. Имам дүние салғаннан кейін достарының бірі оны түсінде көріп, халін сұрайды. Имам Шибли досына: «Аллаһ мені өз құзырына алып, қайсы амалыммен кешірімге бөленуді үміт ететінімді сұрады. Мен біраз амалдарымды айттым, бірақ Хақ тағала айтқандарымның ешбірі ондай амалға жатпайтынын білдіріп, соңында: «Бірде суық түнде жаның ашып, шапаныңа орап жылытқан мысық үшін кешірдім» дегенін жеткізген екен.

Аллаһ Құран кәрімде: «Зәредей қайыр жасаған оның қарымын алады. Зәредей жамандық жасаған оның жазасын тартады»[9] деп бұйырып, ең кішкентай жақсылық пен жамандықтың Хақ тағала алдында ескерілетінін және міндетті түрде қарымы берілетінін білдіреді. Әбір жақсылықтың өзінше салмағы мен қадірі бар. Сондықтан, ешбір жақсылыққа немкеттілікпен қарамау қажет. Елеусіз болса да ешбір жақсылық жасау мүмкіндігін зая жібермеген абзал. Бұл жамандыққа да қатысты жағдай. Кейде кішігірім бір жамандық адамның опық жеуіне себепкер бола білуде. Осы мәселеге де жіті назар аударып, үмбетіне ескерту жасаған Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Бір әйел мысықты қамап тастағаны үшін азапқа ұшырады. Ол мысықты үйіне қамап тастап, су мен тамақ бермей, жердегі жәндіктердің өзін жегізбей азаптады. Міне, осы себептен жаһаннамға тасталды» деген екен.

Кілттеулі құлыпты ашатын амал

Адам баласы жақсылықты да, жамандықты да елеусіз қалдырмай, барлық ісіне жіті мән бергені абзал. Көзінің қиығымен харамға назар салу, харамға құлақ түру, Аллаһ разы болмайтын бір сөздің ауыздан шығуы сынды жайттардың өзіне үлкен мән беріп отыруы керек. Осылардың кез келген бірінің кесірінен құрдымға кетуден қорқуы оның тақуалығының көрінісі болмақ.

Аз ғана амалдың да ауыр салмағы болатынына қатысты Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жарты құрмамен, әдемі сөзбен болсын оттан сақтануға тырысыңдар» дегені белгілі. Бірде хазірет Айша (р.а.) бір дана жүзімді садақа ретінде беріп: «Осының өзінде қаншама салмақ бар» деп, «Зилзал» сүресінің соңғы аяттарын меңзеп, кішкене ғана қайырлы істің өзі міндетті түрде үлкен сияпат көретінін еске салған.

Иә, жұма күнінде «уақту ижәбә»[10], адамдар арасында әулие құлдар, Рамазан айында Қадір түні, Әсмау Хуснә[11] арасында Исму-Ағзам[12] жасырулы екені сынды, барша ғибадат-құлшылықтар арасында Аллаһтың разылығына қайсысының себепкер болатыны да жасырын күйде қалдырылған. Осы арқылы мүминдердің әрқашан рухани тұрғыдан сергек әрі мұқият болуына, құлшылықты кәміл атқаруына, жақсылық жасаудың ешбір мүмкіндігін қалт жібермеуіне насихат айтылған.

Сондықтан, адамның кешірімге бөленуіне қандай амалы себепкер болатыны белгісіз болғандықтан, әрбір мүмкіндікті Аллаһтың рақымына бөлену пәрмені ретінде пайымдау қажет. Біреуге күлімсіреген болуыңыз мүмкін, енді бір кісіге сәлем беріп, жүрегіне жол таптыңыз, тағы бір кісіні адам деген ардақты атты арқалағандықтан бауырға басып, құшақ жайдыңыз, тіпті шалшық суда тұншығып жатқан құмырсқаны құтқарған болуыңыз мүмкін. Міне, осылар бұл дүниеде елеусіз көрінгенімен, Аллаһтың алдында үлкен салмаққа ие болуы әбден мүмкін. Бұлардың барлығы ақыретте сізге шарапаты тиетін сауапты амал ретінде жазылуы ғажап емес. Бәлкім арғы дүниеде осындай кішкене амал көрсетіліп: «Осы үшін кешірілдің» деуі мүмкін. Осындай амалдардың бірі арқылы қанаттанып, жаннатқа жол тартуымыз ғажап емес. Иә, Аллаһтың рақым дариясының асып-тасуына себепкер болатын соңғы тамшы, кілттеулі құлыпты ашатын ең соңғы әрекет және сауап таразысын ауыр басатын зәредей амалдың қайсы екенін білмейміз. Ендеше, әрбір қайырлы іске «Бәлкім осы болып қалар» деп қарау қажет.

Негізі адам қорқыныш пен үміттің ортасында белгілі бір тепе-теңдік ұстанып, өмір сүргені абзал. Десек те, үнемі «Аллаһтың қаһарына ұшыраймын» деген қорқынышпен, үреймен күнелтуі де өте сенімді жол саналады. Осы жерде айта кетер бір жайт, егер адам қателіктері мен кемшіліктері салдарынан үмітсіздікке салынса, әзәзіл шайтан оны үмітсіздік тұзағымен аяқтан шалса, мұндай жағдайда өткінші де болса, «Сылтау Тәңірі» деген түсінікті жүрекке үміт, көңілге медеу еткен жөн.

Жаннаттың шексіз нығметтеріне қауышу бірнеше жылдық амалмен емес, шынайы ниет, мүмкіндігінше жақсылық жасауға деген құштарлықпен ғана мүмкін болмақ. Ендеше, адам баласы дінде жақсы, ізгі деп саналған барша амалды жасауға талпынуы қажет. Сонда ғана жасаған амалдарының бірі арқылы кешірімді үміт ете алады. Мүмин өзінің қайсы амалымен кешірілетінін білмегендіктен, істеген әрбір сауапты амалын ақыретке тосын сый қобдишасы ретінде жолдап отырғаны абзал. Бір күні осы жолданған қобдишалар міндетті түрде біртіндеп ашылады. Осылайша, адамның көз көріп, құлақ естімеген, ақыл-ойға кіріп-шықпайтын ғаламат тосын сыйларға қауышуына себепкер болмақ.

[1] Эрзурум – Түркияның шығысында орналасқан, халқының өте діндарлығымен танымал провинция.
[2] «Майда» сүресі, 5/35
[3] «Махбубу Хақиқи» – шын сүйікті, шынайы сүйюге лайықты жалғыз Аллаһ
[4] «Жамалуллаһ» – Аллаһтың шексіз сұлулығы.
[5] «Рыдуан» – Аллаһтың «Мен сендерден разымен» деп үн қататын мүмин үшін ең жоғары дәреже болып табылады.
[6] Саз – музыкалық аспаптың атауы
[7] «Муқарраббин» – Аллаһқа өте жақын болған жандар
[8] «Мизан» – ақыретте адамның жасаған жақсылықтары мен жамандықтары тартылатын таразы
[9] «Зилзал» сүресі, 99/7-8
[10] «Уакти-ижәбә» – дұғалардың жаппай қабыл болатын сағаты, сәті.
[11] Әсма-и Хуснә – Аллаһ тағаланың көркем есімдері.
[12] «Исми-Ағзам» – Аллаһ тағаланың ең ұлық есімі, мағынасы жағынан барлық есімдерін түгел қамтитын ең үлкен есімі.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.