Сүннетті түсіндіруде жеке бастың қалауын негіз ету

Сүннетті түсіндіруде жеке бастың қалауын негіз ету

Сұрақ: Кей адамдар өздеріне ұнаған нәрселерді айтқанда «Пайғамбарымыз осы заманда өмір сүргенде былай етуші еді» деп жатады. Ал ұнатпаған жағдайларда «пайғамбарым бұлай етпейді» деседі. Осылайша өздерінше үкім береді. Пайғамбарымыз жайлы осындай жорамалдарды қалай түсінуге болады? Осындай сөзді айтқан адамды біз қалай қабылдауымыз керек?

Жауап: Мұндай ойларды айтатын адамдардың білімі жағынан дәрежесі мен ішкі ниеттері түрлі болып келеді. Пайғамбарымыз Аллаһтан алған уахи хабарын елге жеткізген елші болуымен қатар, өзінің күнделікті тұрмысы мен жүріс-тұрысындағы көркемдігі арқылы дүйім елге үлгі болған дәуірдің жаңалаушысы. Уақыт пен кеңістің талаптарына қарай белгілі бір мәселелерге шешім табуда пайғамбарымыздың мүжтәһидтігін негіз етіп: «Егер пайғамбарымыз осы заманда өмір сүргенде былай істер еді» деп үкім беру белгілі бір дәрежеде рұқсат етіледі. Оған негіз де жоқ емес. Үкім беруде уақыттың маңызы зор. Жағдайға байланысты үкімнің де өзгеріске ұшырауы содан. Құран мен Сүннеттің кей жерлерде ижтихад пен жорамал жасауды (истинбат) заманның өзгеруіне қарай ыңғайлаған. Бірақ белгілі бір нәрсені осылайша жорамалын айтатын, астарлы мағынасын ашатын адамның сол тақырыптың Құран мен Сүннетте анық үкімі айтылған-айтылмағанын анық білуі керек. Өйткені Құран мен Сүннетте анық үкімі айтылған нәрсені мүжтәхидтердің пікірге салып, басқа үкім іздеуіне жол жоқ. Қанша жерден көпшіліктің ақылға салуымен қабылданған үкім болса да “Үмбетім ғапылдыққа бірікпейді”(Ибн Мажә, Фитан 8), “Аллаһтың көмегі мен құдіреті жамағатпен бірге”(Тирмизи, Фитан 7) және“Аллаһтан үмбетімнің теріс жолда ақылдаспауларын сұрадым, Аллаһ бұл тілегімді қабыл алды”(Ахмед ибн Ханбал, Мүснад 6/396) деген секілді хадистер әлгіндей адасуларға жол бермейді. Оның үстіне жүрегі таза, ақылы нұрлы, ұжданы адал жанның риясыз, пәк көңілмен ақылдаса отырып, Құран мен Сүннетті негізге алып шешім табулары шариғат үкімі бола алады.

Шариғат шеңбері Құран мен Сүннетке қарсы келмейтіні секілді осы екі қайнар көздің тәпсіріне негізделген иджтихади үкімдерге де қарсы келмейді. Осы тұрғыдан негізгі қайнар көзді былай ысырып тастап, нәпсінің құмарлығына еріп, өзінің шолақ ақылымен үкім берудің жөні мүлдем басқа. Кісінің жеке басы болсын, отбасылық жағдайы болсын, тіпті саясат пен ғаламдық мәселелер болсын, бәріне керек үкімді Құран мен Сүннеттен алуымыз керек. Егер бұл екеуінде аталмыш мәселе айтылмаған болса, осы екеуіне негізделген ғалымдардың өзара иждихады басшылыққа алынады.

Үкім бергенде жауапкершілікті сезіне білу

Екінші жағынан, әлдебір нәрсеге үкім беруде қолға алған істің немесе ғылымның кәсіби маманы болуы өз алдына, адамның тақуалығы да керек. Аллаһ дінінің үкімін жасауда мойнындағы жауапкершілікті терең сезіне білуі керек. Әйтпесе ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, қолайына жаққанды дұрыс деп табатын, жұртқа жағуды ойлайтын адамдардың «Пайғамбарымыз осы дәуірде өмір сүргенде осылай етер еді» деулері өзінің адасуымен қатар жұртты да адастырудың, күнәнің үлкені, дінбұзарлықтың нақ өзі.

Адамзаттың қос дүниелік бақытын мақсат еткен діни үкімдердің әлгіндей сандырақтарға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Алтын ғасырдағы құтты сәлаф жамағаттың ижтихадқа деген мұқияттылығы соншалық, қойылған сұраққа жауап бермес бұрын Құранды басынан аяғына дейін бірнеше рет хатым етіп шығатын. Имам Ағзам Әбу Ханифа секілді айтулы тұлғалар белгілі бір сұраққа жауап табу үшін бірнеше күн бойы шәкірттерімен пікір алмасып кеңес құрған. Пікірталас дегеніміз бүгінгі біздің көгілдір экраннан көріп жүрген қызыл кеңірдек айтыс-тартыс емес. Жалпы пікірталастың мақсатын қарсыластың айтқанын әйтеуір теріске шығарып, қайткенде де өзін мойындату деп түсінбеу керек. Шын пікірталас дегеніміз – түрлі көзқарастарды ортаға тастап, көпшіліктің жамағат болып ойланып, мәселенің ақ-қарасын ажыратуы. Пікірталас кезінде шәкірттері хазірет Әбу Ханифаның айтқанына құлақ асып тарқасқаннан кейін, ертеңіне имам Ағзам: «Мен кеше осындай бір жерін дұрыс түсінбеппін, сендердің айтқандарың дұрыс екен» деп дінге деген адалдық пен шыншылдықтың үлкенін көрсетіп, шәкірттерінің үкіміне жығылатын.

Тақырыпқа қатысты қара қылды қақ жарған әділдікті Әбу Хасан әл-Ашғаридың да өмірінен кездестіреміз. Құран мен Сүннетті түсінуде заманының ғұламасы Ашғари мұғтазилалардың «әркім өз ісінің жаратушысы» деген пікірін алға тартатын. Бірақ күндердің күнінде, мүмкін әлдебіреудің себепкерлігімен әһли-сүннеттің үкімін қабылдап, аталмыш мәселедегі көзқарасын өзгертеді. Сол күндері атағы алты қырдың артындағы халыққа жайылған үлкен ғалым жұртты жинап алып, «менің сендерге айтқан осы бір пікірімнің қате екенін мойындаймын, дұрысы мынау екен» дейді.

Нәпсілерін құдай қылғандар

Өкінішке орай, бұл күндері дінге негізсіз үкім беретін түрлі көзқарастар көп. Соның бірі әйел затының бүркенуі. Бұл әмір Құран мен сүннетте ашық әмір етіліп, сахабалар мен табиғиндар тарапынан сөзсіз қабылданған әмір болса да, кей адамдар оның шариғатта жоқ екенін айтып елді адастырып жүр. Біз бүгінге дейін сахабалар мен табиғиндардың ижмағбен берген үкімдерін мойындамай қарсы шыққандарға қатысты ештеңе айтпай келдік. Ал анық Құран мен Сүннетте шешімі айтылған үкімдерге қарсы шыққан жанның сипаты белгілі.

Олай болса жекелей, отбасылық, саяси әрі қоғамдық мәселелермен бетпе бет келгенде иждихат ету үшін алдымен Құран мен Сүннетті жақсылап зерттеп, үкімнің ол жерде берілген-берілмегеніне назар аудару керек, егер жоқ болса ғана осы екі қайнар көзді басшылыққа ала отырып үкім беру керек.

Мысалы, Құран кәрім аралары бұзылған ерлі-зайыптылардың араларын қайта жарастыру үшін өзара қазы тағайындауды кеңес еткенде “Ең дұрысы бейбіт бітім”(Ниса сүресі, 4/28) деп, екі жақты келісімге шақырады. Сол секілді «Хужурат» сүресінде қақтығысқан екі жақтың араларының қайта жақсартылуы әмір етіледі. Осы аяттарды негізге алып, бүгінде біз мемлекет арасындағы келіспеушіліктерді бейбітшілік жолымен шешуіміз керек. Екі адам арасындағы татулықты әмір еткен дініміз мемлекет аралық келісімді әлбетте қайырлы деп табады. Ерлі-зайыптылар ажырасып жатса, екі ортада қалған балаларға обал, сол секілді мемлекетаралық қақтығыстарда да қарапайым халықтың көбі жапа шегеді. Сондықтан бүгінде өзін мұсылманмын деген адамдардың алдарынан шыққан кез келген қиындықтарды бейбітшілік, диалог пен келісім жолы арқылы шешуге ұмтылуы керек.

Негізінде жоғарыда айтқан үкім беру жолы фықхта қияс деп аталады. Қияс дегеніміз – әлдебір тақырып немесе амалға қатысты үкімді соған ұқсас тағы бір амалмен салыстыра отырып белгілеу. Ақиқатты ту еткен діннің осы бір әдістемесі Аллаһтың хақ шариғатын мұрат еткендіктен, қателесіп кетсе де кісіге сауап әперуі мүмкін. Өйткені кеңеске түсіп берілген үкімге кем дегенде ниеті таза, Аллаһ разылығын көздеген екі кісі қатысады. Ал керісінше өзінің нәпсісіне еріп, біріншіден ешкіммен ақылдаспай, екіншіден өзінің қолайына жағатын үкімді берген адамдар жайлы Құран былай дейді: “Көрдіңдер ме, ол өз құмарлығын құдай еткендіктен, Аллаһ оны ілімінен адастырды”(Жәзия, 45/23).

Асылында қандай да болса іске үкім беру алдымен Аллаһқа, сосын пайғамбарымызға тиесілі. Олардың анық үкімі айтылғанда, адамның бар міндеті соған бағыну. Ал анық үкімді былай ысырып тастап өзінше тон пішкендер өз құмарлығын құдай етті деген сөз.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.