Пасықтық және одан құтылудың жолдары

Пасықтық және одан құтылудың жолдары

Сұрақ: Пасықтық деген не? Иманды адам пасықтықтан сақтануы үшін не істеу керек?

Жауап: Пасықтық дегеніміз – діннің шеңберінен шығып, үлкен күнәларды істеу немесе кішкентай күнәларды шімірікпей тұрақты түрде істеп Аллаһқа бағынбай, белгілі бір түрде қарсы келу. Пайғамбарымыз хадистерінің бірінде: «Халал нәрселер де, харам нәрселер де (күмәнсіз) белгілі. Бірақ осы екеуінің арасында кейбір күмәнді нәрселер бар, адамдар оны білмейді. Кімде-кім осы күмәнді нәрселерден бойын аулақ салса, діні мен арын қорғағаны» дейді (Бұхари, Иман, 39, Мүслим, Мүсақат, 107).

Яғни, мемлекеттің өзіндік шекараларды белгілегеніндей, Аллаһ тағала да адам баласына халал-харам арасында белгі қойған. Ал бұл шекарадан асып кеткен адам пасық атанбақ. «Мәида» сүресінің бір аятында дұрыс жолға түскеннен кейін шектен шыққан кейбір жандарға қарата былай делінген:

وَمَنْ لَمْ يَحْكُمْ بِمَا أَنْزَلَ اللّهُ فَأُولَئِكَ هُمُ الْفَاسِقُونَ
“Kімде-кім Аллаһтың шегінен шықса, міне, солар пасықтар” (Мәида, 5/47)

Араб тілінде тоқтауы керек жерде тоқтай алмаған адамдарды үйдің тесік-тесігінен кіріп, зиян келтірген шаян, жылан, тышқан секілді жәндіктерге ұқсатқан. Олар "фәуасиқул бүйіт" деп аталады. Бір хадисте де осы жайлы:

خَمْسٌ فَوَاسِقُ يُقْتَلْنَ فِى الْحِلِّ وَالْحَرَمِ
“Бес түрлі пасық бар. Бұлар Хилл және Харам жерінде өлтіріледі” (Мүслим, Хаж, 67; Ибн Мажә, Мәнасик 91)

дейді. Хадистің мағынасы аталмыш жәндіктерді көргенде өлтіру емес, зияндарын білсе, өлтіруге рұқсат берілуінде. Негізінде Харам аймақтарында жануарларды өлтіруге болмайды. Бір жәндік өлтірілсе де белгілі бір түрде ораза ұсталады. Бірақ аталмыш жәндіктер пасықтыққа теңеліп, өлтірілуге рұқсат етілген. Басқа бір жерде адамдардың осы хайуандардан осылай қорғана алатындығы айтылған.

Мүмин бойындағы пасықтық

Құранда мұнафық немесе мүшріктер жайлы аяттарда алдымен олардың сипаттары айтылып, олардан сақтану жолдары көрсетілген. Өйткені иршат пен тәблиғ жағынан маңыздысы адамдардың жеке басы емес, олардың бойындағы қасиеттері. Бұл негізінен иман еткен әр адамға қатысты. Өйткені ғалымдардың сөзімен айтқанда, кәпірдің барлық сипаты кәпір болмағаны секілді, әр мүминнің барша сипаты да мүминдікіндей болмайды. Кейде байқасаңыз, мүмин адам өмірінің белгілі бір кезеңінде кәпірдің кей сипаттарын арқалап жүргендей кейіп танытады. Осы тұрғыдан алғанда, әр мүминге кәпір мен мұнафық жайлы айтылған аяттардан алатын сабақ бар.

Иман етіп, бес парызын қаза етпеген адам Аллаһтың тыйымдарына немқұрайлылық танытып, күнә жасай берсе, екіжүзділікке барған болуы да мүмкін. Құдай сақтасын, өтірік пен өсек айту, жала жабу секілді үлкен күнәларды жасаған адам Аллаһ алдында күнәлі болып, өзіне өзі кесір іс жасаған болады. Иманы қанша жерден күшті болса да, әлгілердің бірін істесе, пасықтыққа қадам басты дей беріңіз. Ал пасықтық сипатын иеленген жан өз дәрежесінде дінді насихаттауға қызмет қыла алмайды. Өйткені тек мүминнің сипатын өз дәрежесінде иеленген жан ғана Аллаһпен байланыс құра алады..

Иман ету, иман еткеннен кейін оны дамытуға күш салу, одан кейін ирфан дәрежесіне шығып, ирфанын махаббатқа айналдырып, ғибадатын тереңдету мүминнің сипаттары. Осы қасиеттерді алып жүре алғанда ғана адам баласы Аллаһтың дінін жер-көкке жая алады. Өйткені бастысы – адамның өз міндетін орындауы. Мысалы, тарихта артынан мүлде кісі ермеген үмбетсіз пайғамбарлардың да болғанын білеміз. Бірақ барша адам баласын жинасаңыз да әлгі пайғамбарға тең келмейді. Өйткені олар Аллаһ тарапынан әдейі таңдалынып алынған адамдар. Ал кейбірі екі-үш кісіні ғана артынан ерте алса да, дін жолындағы тұрақтылықтарынан, бойындағы қасиеттерінен айырылмаған.

Осы кезде біздің көкейімізге «Небары екі-үш үмбеті ғана болған пайғамбардың жіберілуіндегі мақсат не?» деген орынды сұрақ келуі мүмкін. Алдымен мынаны айтайын, дінді өз дәрежесінде насихаттағандықтан, Аллаһ оған тиесілі сауапты әлдеқашан беріп қойған. Екінші жағынан, ол пайғамбарлар артынан ерген екі-үш кісімен келер ұрпаққа тура жолдың көрсетушісі болып, келесі пайғамбардың пайғамбарлық ісіне қолдау көрсетіп, алдын ала көмек берген, негізін қалаған. Оның үстіне кейінгі келгендердің сауаптары алдыңғы толқынның амал дәптеріне жазылатыны да белгілі. Мысалы, өткен ғасырдағы белгілі ғалымдар өз кезеңінде ерлікпен иманға қызмет етпегенде, біздің жұрт қазіргі күйінен әлдеқайда төмен болып, азаматтар қазіргідей жер-жерге дін қызметі үшін аттанбас еді. Осы жағынан тағы да айтамын, адамның сипаттары ғана нәтижеге жетуіне сеп болмақ.

Пасық жандарға келетін болсақ, Аллаһтың халал еткен нәрсесіне тоймай, қанағатсыз нәпсісінің жетегіне еріп кете бермек. Жалғанға деген бітпес бір іңкәрлігі болады. Сөйтіп нәпсісін тойдыра алмай, ақырында орынсыз қайғырып, өткінші жалғанға өкпесі қара қазандай болады. Бұл да пасықтықтың бір түрі. Әрине, бұл діннен шығу деген сөз емес. Бірақ Аллаһқа наразылық көрсеткені үшін пайғамбарымыздың «Ол теріс айналды. Аллаһ та одан теріс айналды» деген адамдар тобына қосылады.

Халал етілген нәрселерге тоймай, одан да бөлек нәрселерді күту, бойындағы қасиеттерін алға тартып өзін өзгелерден артық деп білу де пасықтық. Осындай пасықтық адамды дүниеде мақсатынан бұрмалайтыны анық. Ал ақыретте болса оған «Бетке алған тура жолыңнан неге тайдың?» дейді.

Мансап қуу және пасықтыққа апарар жол

Адамға берілетін ең үлкен сынақтардың бірі – мансапқақұмарлық. Кейде тағдырдың жазуымен сізден жиырма жас кіші біреу келіп сізге басшылық етуі мүмкін. Мұндай кезде бағынышты кісі тәкаппарлыққа салынбай, әрқашан басшыға бағынуы керек. Әйтпесе әлгі кісі пасықтыққа баруы мүмкін.

Усама ибн Зәйдті еске алайық. Пайғамбарымыз көз жұмардан аз уақыт қана бұрын Рим империясына қарсы әскер жасақтап, оған қолбасшы етіп он сегіз жасар Зәйдті қояды. Хазірет Әбу Бәкір, Омар секілді сахабалар сол әскерге қарапайым жауынгер болып қатысты. Бірақ әскер қаладан шығып кеткеннен кейін пайғамбарымыздың қайтыс болған хабары жетіп, әскер кейін қайтып, Зәйд туды пайғамбар босағасына әкеп қояды. Осы кезде Сақифа тайпасы Әбу Бәкірді халифа сайлайды. Әбу Бәкір болса пайғамбарымыздың бастаған ісін аяқсыз қалдырмай, әскерді Мәдина сыртына қайта шығарып салады. Сөйтеді де немересімен жасты (пайғамбарымыз тағайындаған) қолбасшы Зәйдке келіп: «Омарды қасыма көмекші етіп алуыма бола ма?» деп рұқсат сұрайды. Мүминнің көрінісі, міне, осындай болса керек.

Кім болса да бір істің басшысы болса, онда мүмин секілді әрекет етіп, ешқашан да ол жайлы жаман ойламау керек. Әйтпесе Исламға зиян келтіреді. Пайғамбарымыз бір хадисінде:

اسْمَعُوا وَأَطِيعُوا وَإِنْ اسْتُعْمِلَ عَلَيْكُمْ عَبْدٌ حَبَشِيٌّ كَأَنَّ رَأْسَهُ زَبِيبَةٌ
“Сендерге басшы етіп тағайындалған адам шашы бұйра зәңгі құл болса да тыңдап бағыныңдар” (Бұхари, Ахкам 4)

дейді. Өйткені ақыреттің жеңісі де, құтқарылу да осы жерде. Әйтпесе әркім өз білгенімен әрекет етсе, бүлікке себеп болады. Сондықтан өзінің мансапқұмар нәпсісімен күресіп, алдымен өзін есепке тартып, берілгенге риза болу керек.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.