Ниеттің бағыты мен ерік күші

Ниеттің бағыты мен ерік күші

Сұрақ: Ниетті әрдайым ықыласқа негіздеу үшін не істеу керек?

Жауап: Хақ тағала разылығына жету үшін кісінің сөзі мен ісі ықыласқа толы болуы керек. Өйткені амал дене болса, ықылас оның рухы. Жансыз дене өлі саналғанындай ықылассыз амал пайда әпермейді. Ықыластың бағасы Аллаһ тағаланың алдында өте бағалы. Періштелер де ықыласты амалды мадақтап, мақтайды. Ауыздан шыққан әр сөз толқыныс пен тебіреніске толы болып, жүректің түкпірінен ықыласпен пәк күйде шыққанда Аллаһтың құзырына жетеді. Және де осындай бағалы сөзді кейінен де қайталап жүру кісіге зікір еткендей сауап әкеледі. Адамды бір рухани әлемге жетелейді.

Естірту үшін орындалатын риялы амалдар

Адам баласы қанша жерден ашық мақтанбаса да өзінің дауыс ырғағымен, бет-әлпетінің өзгеруімен өзін жарнамалап, мақтанға еруге құмар келеді. Мұндай жағдайда адамда ықылас болмайды, ол адам ұтып тұрып ұтылған саналады. Мысалы, адам баласын періштеден де жоғары дәрежеге көтеруге сеп болатын күнделікті бес уақыт намазымыздағы «Субхана Раббиал Азим», «Субхана Раббиал Алә», «Раббана ләк әл хамд» секілді зікірлер өте құнды. Алайда осыны айтып жатқан адамның ойына аздаған болса да «Менің қалай айтып жатқанымды өзгелер де естісін» деген ой келетін болса, зікір рухынан айырылып, намаз құрғақ күйге түседі. Сондықтан адам баласы әдейілеп ғибадатын жария етсе, ықыластың түбіне балта шабылады.

Тәсбихат айту, азан, қамат шақыру секілді ғибадаттарда алдымен әлгіндей ұстанымнан айырылмау керек. Мысалы, намазда адамның шынымен де қырағатпен оқуға тырысып, барынша намазды өз дәрежесінде орындауға күш салуы бөлек нәрсе де, өзін-өзі жарнамалап, мені естідің бе дегендей қылуы мүлде бөлек нәрсе. Ғибадаты мен құлшылығына адам өз нәпсісін қаншалықты араластыратын болса, соншалықты сауаптан алыстайды. Өзіне қаншалықты көңіл бөлсе, Аллаһтың назарынан соншалықты мақұрым қалады.

Ендеше, пенде әрбір ісінде ықыласты басшылыққа алуы тиіс. Сырттай қарағанда ықыласты адам қайғылы, мұңды көрінеді. Былайғы жұрт шын ниетін ішіне сақтап, ықыласты ту еткен хас құлдың бойындағы артықшылығын байқай алмайтындай болуы керек.

Екінші жағынан кісі өзіне өзі баға бергенде «Аллаhтың құдіретін-ай! Жан дүниесі жануарға ұқсайтын мына менің сыртқы пішінімді осылай әдемі адам кейпінен айырмаған Аллаh тағалам!» дейтіндей ойда болуы керек. Ал дін жолындағы қызметке келер болсақ, «Менде Аллаһтың атын жер-жерге жеткізуге қабілет, Құдайдың берген қуаты да бар. Алайда мен дініме опасыздық қылып оны тиісінше қолдана алмай келемін» деп нәпсісін есепке тартып, өлмей тұрып сауабы мен күнәсін таразыға тартып үйренуі керек.

Адам осылайша өзін есепке тартып үйренгенде рухында өзгеріс орнап, дәрежесінің жоғарылауына жол ашылады. Егер адам шынымен де биікке шыққысы келетін болса, алдымен ол өзінің төменде тұрғанын сезінуі керек. Аллаһ тағала: “Бүгін сендердің діндеріңді кәмілдікке жеткізіп, сендерге деген нығметті толық еттім” (Мәида сүресі, 5/3) деген аятта бізге кәмілдік пен пәктіктің жолын көрсетті. Олай болса, біз Аллаһқа деген ғашықтықта қомағайлық танытып, шама келгенше молынан қарпып қалуға тырысуымыз керек. Ал мұндай қасиет кісінің өзін өзі есепке тартуынан туындайды. Әйтпесе тұрған жерінде тұрып қалып, ешқандай да ілгерілеу болмағандықтан төмен қарай құлдырай береді.

Адамның өзін өзі есепке тартпауының мынадай кері жағы бар. Адам өзін өзі есепке тарпаса, онда өзгелерді сынағыш, тырнақ астынан кір іздегіш келеді. Ал бұған өзінің тәкаппарлығы мен нәпсісі араласса, жағдай мүлде шиеленісе береді. Өйткені ғалымдардың бірі айтқанындай, жамағаттың өзімшілдігі жеке бастың өзімшілдігін қоздыра түседі. Сондықтан мейлі жамағаттың өзімшілдігі болсын кісі басына бәле алып келеді. Осы пәлекеттен құтылудың бір жолы нәпсіні есепке тарту болып табылады.

Мысалы, әлдебір кісіге Аллаһ тағала дүниенің белгілі бір жерінде қызмет ету мүмкіндігін берді делік. Ол кісі жалғыз өзі сол аймақтың барша тұрғынына дінді түсіндіре алды делік. Сол кезде де әлгі кісінің ойы мынадай болуы керек: «кемшіліктерімнің кесірінен дінімді мен өз дәрежесінде түсіндіре алмадым. Егер менің орнымда жүрегі иманға, санасы тәфәккүрге толы басқа кісі болғанда Исламның бұдан да артық салтанат құруына сеп болар еді». Міне, ішкі есепке берік қызмет адамдарының өлшемі осы болса керек.

Айналадағы жұрттың сізді аспанға көтеріп мадақтауына елігіп тәкаппарлыққа салынбай, сабыр сақтауыңыз да осы қасиетке байланысты. Кісі өзі есепке тартатын болса, жұрттың ол жайлы мақтауына семірмей, тақуалықтан таймайды. Адамдардың мақтауын естігенде іштей мақтаныш сезімі бой көрсетіп жатса, тақуа адам оны шайтанның азғыруы деп біліп, дереу сәждеге бас қояды.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.