Мұсылман – адал әрі сенімді жан

Мұсылман – адал әрі сенімді жан

Сұрақ: Бір хадис-шәріпте мұсылман кісіні сипаттағанда «тілімен де, қолымен де қауіпсіз адам» делініпті. Осы қасиеттерді қайта бойға сіңіру үшін қандай кеңес бересіз?

Жауап: Сенімді хадис кітаптарында кездесетіндей Аллаһ елшісі (с.а.с.) «Шынайы мұсылман қолынан да, тілінен де өзгелер қауіптенбеген (зияны тимейтін) кісі» (Бұхари, Иман, 4; Әбу Дәуіт, Жиһад, 2) деген сөзімен шынайы мұсылманды өзгелер тілінен де, қолынан да залал көрмейтін кісі ретінде сипаттаған. Сіздің сұрақта назар аударған мән мен мазмұнға ойысу үшін әуелі осы хадис-шәріптегі «әл-мүслим» сөзіне аз-кем тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын.

«әл-Мүслим» сөзінің хадисте ләм-тағрифпен (анықтауышпен) айтылуы бұл жерде меңзелген мұсылманның шынайы мұсылман екендігін білдіруде. Яғни, бұл жерде айтылған мұсылман сырттай мұсылман болып көрініп жүрген жан емес, Хаққа шын көңілімен ұйыған, жан-тәнімен бағынған, дін талаптарын мүлтіксіз орындаған кісі деген сөз. Тағы біраз кеңірек мәлімет берер болсақ, тілдік тұрғыдан «силм» мен «саламат» түбірінен тарайтын «әслама» етістігінің есім сөзі (исми файыл) болған «мүслим» сөзі «Хаққа мойынсұнған кісі» деген мағынаны берумен қатар «бейбітшілікке бастаған, тыныштық орнатқан, өзара қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етуші» деген мағынаға келуде. Осы тұрғыдан «мұсылман» деген кезде «Аллаһқа мойынсұнған, Жаратушының бұйрықтарын қалтқысыз орындаған, осы арқылы өзін бейбіт ауанда ұстаған жан» деген мәнді бергеніндей, «басқалар одан қауіп күтпейтін, бейбітшіліктің рәмізі, өте сенімді жан» деген мағыналарды білдіреді.

Мұсылман мен «әс-Сәләм, әл-Мүмин» есімдері

Мұсылмандардың өзі жүрген ортада сенімділік пен қауіпсіздікті орната білуі иләхи мінезден үлгі алуды көрсетеді. Өйткені «әс-Сәләм» мен «әл-Мүмин», Жаратушы иенің есімдерінің қатарында. Өздеріңіз білетіндей «Хашр» сүресінің соңында, «Аллаһ қана шын құдай. Одан басқа құдай жоқ. Ол Мәлик, Құддус, Сәлам, Мүмин, Мүхәймин, Азиз, Жаббар, Мүтакаббир» делінумен (Хашр сүресі, 59/23) осы екі есім бірінен кейін бірі аталған. Сәлам есімі кемшіліктен ада, жаратқан нәрселеріне амандық беруші деген сөз. Мүмин болса, адамдарға иманды жаратқан әрі қауіпсіздік уәде етуші, уәде еткен нәрселерін орындаушы деген мағыналарды білдіреді. Сондықтан Аллаһ тағала құлдарына бір нәрсе уәде еткен болса, соған бек иланған жөн. Негізінде мүминдегі үрей сезімі де осы иманға сүйенеді. Олай болса, Аллаһтың мінезінен (ахлақ) мінез жұқтыруға тырысқан, басқаша айтқанда, Жаратушы иенің есімдері мен сипаттарының ұшқынын бойына жұқтыруды өзіне мақсат еткен жан да маңайындағыларға қауіпсіздікті уәде етіп, ешкімге одан қауіп-қатер төнбеуі тиіс. Ондай жан шын көңілімен Аллаһқа сеніп, жай-күйімен маңайындағыларға тыныштық мен есендік сыйлауы тиіс. Тіпті халық еш қиналмастан ең құнды заттарын әкеліп соған аманаттап, артына қарайламастан алаңсыз кете алатындай болуы керек.

Адалдық пен сенімділіктің пайғамбарлардың қасиеті болуы да мәселенің маңызын көрсету тұрғысынан аса маңызды. Иә, Пайғамбарымызды (с.а.с.) кемелдікке жеткізген қасиет турашылдығы болғанындай, кәззап Мүсәйләманы құрдымға кетірген нашар қылық оның өтірікшілігі екені белгілі. Негізінде күпірдің өзі кәпірлердің Аллаһқа қарсы айтқан зор өтірігі. Бұған қоса, ол ғаламдағы Аллаһты көрсететін бүкіл дәлелдерді өтірік санау, жаратылыстардағы ғажап жүйе мен үйлесімдікті ұғына алмау, көз жұмып қарау, ғалам мен Құран арасындағы үйлесімдікті де мойындамау. Осы қырымен ол сұмдық қылмыс екені соншалық, бұндай ауыр қылмыстың жазасы тозақ ретінде белгіленген. Иман болса, адамды биікке көтеруімен оны жұмаққа лайық күйге келтіреді. Хазірет Әбу Бәкірден бастап, бүкіл сахабаларды биік мәртебелерге шығаратын да, иманға жеткізген де осы турашылдық қасиеттері.

Турашылдықпен бірге пайғамбарларға тән екінші бір қасиет ол – сенімділік. Олардың қай-қайсысы да сенімді адам ретінде әрекет етіп, өзгелерге үнемі сенімділік ұялата білген. Ең сенімді жан Аллаһ елшісі (с.а.с.) іс-әрекетімен сондай бір сенімділік ұялатқандықтан, ел-жұрт бір жаққа сапарлап кетерде әйелдері мен қыздарын ең сенімді адамға табыстағысы келгенде, ойларына бірінші болып хазірет Мұхаммед (с.а.с.) оралатын. Өйткені олар хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) бөгде әйел-қыздарға басын көтеріп қарамайтынына бек сенетін. Бұған қоса, ол өте әдепті жан еді. Хазірет Хадиша оған үйленуді меңзеп ұсыныс жасағанда, сүйікті пайғамбарымыздың (с.а.с.) әдебі сондай борша-борша болып терлеп кеткен. Иә, сенімділік оның қанына сіңісті қасиет еді. Бастан-аяқ осыншалықты сенімді болғандықтан, ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) барша халықтың сеніміне ие болған.

Сенімділік кредосы

Мұсылман үмбеті ретінде бұл жағдай қазіргі уақытта бізге де қатысты. Әсіресе, Аллаһ пен елшісін сүйдіруге өмірлерін арнаған асқақ арман ерлері маңайына үнемі сенімділік ұялатып, өзгелердің өзіне деген сенімін қалыптастыра білуі керек. Өздері жайлы сенімділік ұялатқандары сондай, басқа кісілер олар жайлы «ол солай десе, рас айтқаны. Сөзіне сенуге болады» дей алуы керек. Негізінде бүгінгі күні халық әйтеуір сіздерге сүйкіммен қарап, арттарыңыздан еріп, сіздерге қолдау білдіріп жатқан болса, оның негізінде осы сенімді бола білу қасиеті жатқаны аян.

Иә, ел-жұрт сөз етпестен яки аңдатпастан сіздерді сырттай көп рет сынау арқылы соңында барып «Бұл кісіге сенуге болады» деп түйеді. Мәселен, елде не шетелде етін қажет еткен мекемелерге жіберу үшін құрбан сойғыңыз келетінін айтқаныңызда, еш кідірместен елу я жүз құрбан малын сіздерге әкеліп табыстайды. Міне, өте бір мұқияттылық пен турашылдық арқылы осындай сенімділікке ие болу мен соны жалғастыра білу өте маңызды.

Егер бүгінгі күнгі дін қызметіне берілген жандар бүгінге дейін қалыптастырған сенімділіктеріне сызат түсірмесе, Аллаһтың қалауымен бұдан кейін де олармен танысқан, оларға сенім артқан, әрі өздерімен араласқан кісілер қателеспегендерін байқап, кері қайтпайды. Осы себепті асқақ арман иелері қандай қиын жағдайда болмасын өз тұғырына лайықтылық танытып, тұрған орындарынан тапжылмай, үнемі негізгі ұстанымдардан босаңсымауы тиіс. Дүниені таңдау арқылы, Құдай өзі сақтасын, «Шындық мынау: сендер осы жедел дүние тіршілігіне құмарсыңдар. Сондықтан ақыретті тәрк ете бересіңдер» (Қиямет сүресі, 75/20-21); «Олар біле тұра ақыреттің орнына дүние тіршілігін таңдады» (Нахл сүресі, 16/107) аяттарының шапалағы тие ме деп қорқуы тиіс. Дүниеге дүниенің пәнилігіндей, ақыретке ақыреттің шексіздігіндей көңіл бөлуі керек. Негізінде ақыретке өз деңгейіне сай көңіл бөлгеніңізде бұл дүниенің де бағасын арттыра түсесіз. Неге десеңіз, осы өлшеммен өмір сүрген адамдар сондай адал, сондай опалы әрі сенімді болып өмір сүретіндері соншалық, олар барлық нәрсеге жауапкершілікпен қарайды. Еш нәрсені зая етпейді. Сондықтан бұл дүниедегі істері де алға басады. Иә, еш күмәндарыңыз болмасын, өзін ақыретке және Аллаһтың разылығына арнаған аманатқа берік, сенімді адамдар бір кезеңде Андалусияны, Османлы кезінде төрт-бес ғасыр бойы өздері тұрған аймақты гүлдендіргеніндей, біршама қажыр-қайрат жұмсаған уақытта қазіргі әлемді де қайтадан гүлдендіре алады.

Сондықтан, адам өзін ақиқатқа қызмет етуге арнаған болса, қашанда жайлылықтан бас тартып, қарапайым ғана өмір сүріп, үйі де соған лайық болуы керек. Тіпті ол қайтыс болғанда достары кебінге ақша іздеп кетуі керек. Өйткені қызметке берілген адам байлыққа, дүниеге, лауазымға, жайлылыққа қызықпауы тиіс. Ол бар көңілін қызметке аударып, Аллаһқа ғана құл болғандықтан, басқа еш нәрсе оның аяғына тұсау болмауы тиіс. Саудамен айналысып, адалынан табыс тауып, қайырымды істерге көмек жасағысы келетін кісілер әрине бар, болуы да тиіс. Ол басқа мәселе. Алайда бар ісі қызмет ету болған адамдардан талап етілетін мұқияттылық басқа мәселеге жатады.

Басшылардағы өнеге

Сауапты жолға құлай берілген жандар өздерімен қызметтес кісілерге де сенімділік ұялата білуі тиіс. Олар жолдастарына сенімсіздік ұялататын істерден барынша алыс жүруі тиіс. Жолдастарына күмән салатындай, оларды сезіктендіретіндей жасырын істерден аулақ болып, үнемі таза, ашық әрекет етуі керек. Бұл тақырыпта барынша мұқиятты болуы керектігі сондай, олардың маңайындағы ешкім де өзін көп нәрседен мақұрым етілгендей немесе қимылы шектелгендей өзін жағымсыз сезінбеуі керек.

Осы себепті бірге жүрген кісілерге үнемі ашық болып, барлық мәселені ақылдасып, шешімге сүйеп, өрескел іс-әрекеттерден алыс болып, маңайымыздағы кісілердің сезімдері мен пікірлерін де міндетті түрде ескеруіміз керек. Бұған қоса, біз берген міндеттерді олардың алып жүре алатын-алмайтындығына көңіл бөліп, жұмысты да соған сай жүйелей білуіміз қажет. Бұл мәселеде маңайымызға аса бір сенімділік ұялатуымыз керектігі сондай, бір жерге тағайындалған кісі жоғарыдағы кісілердің бұны ақылдасып шешкеніне, оң ниетпен осындай қадамға барып отырғандарына әрқашан сенімділікпен қарай білуі тиіс. Бұдан бөлек, ұсынылған қызметке көндігіп, дағдылануы, әрі оған бой үйретуі үшін адамдар айтарлықтай сауықтырудан (реабилитация) өтуі тиіс. Қысқаша айтқанда, жұмыс бөлісінде, жұмысты жүйелеуде, әрі тағайындау істерінде таза әрі ашық жүргізу керектігі сондай, ешкімнің көкейінде «Маған сенбейді, мен сенімді адам емеспін» деген ой болмауы керек. Сенімсіздік ұяламауы тиіс.

Хазірет Омардың Халид ибн Уәлидті міндеттен босатқанда, сондай-ақ хазірет Османның Әбу Зәррді Рабазаға жібергенінде, олардың бұл шешімге қарсылық танытпастан, дереу бұйрыққа мойынсұнғандығының астарында осындай сенімді болу білу жатыр. Егер сіз қарамағыңыздағы кісілерге сол күнге дейін сенімді болып көрініп, пікір, сезім, ақыл мен қисын тұрғысынан ар-ұятыңызды ақ ұстай алған болсаңыз, олар жайлы шығаратын шешімдеріңіз де оң ретін табады. Әлдекімді басқа жаққа жұмысқа тағайындаған уақытыңызда еш кідірместен баратын болады. Мәселен, сіз оларға «Пәлен жақтан түген жаққа бар» десеңіз, олар «Бұл шешімді қабылдаған кісілер мен үшін осыны дұрыс көрген шығар» деп, барған жерінде сонша қиындықтарға шыдауға келіседі. Тіпті оларға «Сен әзірше мына лашықта тұра тұр» десеңіз, олар бір білгендері бар шығар деп ойлап, айтылғанды істейді. Яғни сіз қаншалықты сенімді басшы болсаңыз, ұсыныстарыңыз да маңайыңыздағы адамдар тарапынан соншалықты қабылданады. Өйткені адамдардың көңіл кілтін табудың ең маңызды жолы мен әдісі адал екеніңізді дәлелдеу арқылы сенімділік ұялата білуде. Бұл мәселеде өзгелердің сізге деген сенімділігі сондай, еш қиналмастан «Иман мен Құранға қызметте маған қай жерден қызмет ету үлесі бұйырмасын, Жаратушының қалауы солай болғаны кәдік» дей алуы тиіс. Бұның жүзеге асуы еш күмәнсіз басшылық қызметтегі кісілердің өз іс-әрекеттеріне мұқият қарап, үлгілі өнеге көрсете білуіне байланысты.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.