Жамандықтардан алыстату

Жамандықтардан алыстату

Сұрақ: Жаман сөздер сананы улайтыны анық. Сол жамандықтың расында да нашарлығын жұртқа жеткізе білудің жолы қандай?

Жауап: Әлденені «жаман» деп қана қою мен сол «жаманды» бүге-шігесіне дейін анықтаудың арасында үлкен айырмашылық бар. Жеке тұлғаларға және көпшілікке зиянын тигізетін қасиеттерді жұрт үйренбеуі үшін, әдеттеріне сіңіп кетпеуі үшін жағымсыз қасиеттерге қарсы адамдардың бойында жеккөрініш қалыптастыру керек. Ол үшін жаман нәрсенің жамандығын айтып сақтандырып отырған жөн. Мынаны мықтап есте ұстаған дұрыс. Егер күнә мен жамандықтарды жиіркендіре, сақтандыра отырып, олардың шын құбыжық бейнесін аша отырып түсіндірмесеңіз, бейтарап немқұрайлы айтыла салған сөз керісінше қарсы тарапқа басқаша әсер етіп, оның сол жамандықтарға құштарлығы оянуы да ғажап емес.

Осы тұрғыда айтылған ойдың өз дәрежесінде түсінілуі үшін күнә мен қателік, жамандықтардың шын бейнесі ашылып, қос дүниемізде де опа әпермейтіні, тіпті қауіпті екені анық түсіндірілуі керек. Мысалға, дәйім күнә жасап, жамандықтарға әуес адамның рухани құндылықтарды сезінбейтіні, құлшылық-ғибадаттардан ләззат ала алмайтыны, көрегендіктен мақұрым қалып, көкірек көзі көр болатыны, ықыласпен әрекет етпейтіні, рухани әлемнен қол үзетіні, сырттай ғана мұсылман болып көрінуден арыға бара алмайтыны, Аллаһтың алдында тұрғанын тұрақты түрде сезінбейтін жағдайға жетіп, ақыреті аянышты болатынын айту керек.

Теріс мағынасын қабылдаудың зардабы

Өздеріңізге мәлім, шайтан адамзатты азғыру жолында неше түрлі теріс сезімдерді өте шебер қолданады. Сол үшін мұндай нәпсілік сезімдерді оятып алмауға мән беру керек. Жаманды жақсы етіп көрсету болса осы сезімдерді оятып, адамды құрдымға құлатуға сеп болуы мүмкін. Бұл шайтан үшін таптырмас мүмкіндік.

Жаманды жаман демей, күнәні күнә демей, мәселені теріс түсіндірудің маңызы зор. Күнәні айтқанда егер ол сөзіңіз жаныңыздағы адамды сол күнәға қызықтыратын болса, онда мұныңыз қауіпті. Мысалы, сіз екіжүзділіктің жамандығын түсіндіргіңіз келеді. Егер сіз осы қасиетті айтып жатқанда оны кісінің ерекше қабілеті, артықшылығы деп айтсаңыз, онда жаныңыздағы адам сөзіңізден сабақ алмайды, керісінше сіз оны зиянға соқтырасыз. Керісінше, екіжүзділіктің жамандығын айтып, оның ақыретте қандай азаптарға алып келетінін, мұнафықтықтың діндегі орнын, о дүниедегі жазаны айтып, екіжүзділіктің шын бейнесін ашыңыз.

Тіпті шірк жайлы сөз қозғағанда да өте мұқият болу керек. Құдай сақтасын, Аллаһ тағалаға шірк етілуі мүмкін кейбір дүниелер мен нәрселердің көп еске алынбағаны абзал, егер мәжбүр болмаса. Осылай шіркке байқаусызда болса да кіріп кеткен жанның Аллаһ разылығын мәңгі жоғалтатыны секілді, мәңгі тозақта өртенуі де ықтимал.

Сол секілді ата-анаға қарсы келу, жалған куәлік ету, ұрлық жасау, жала жабу, ғайбат айту секілді күнәлар жайлы сөз қылғанда тыңдаушыда олардан тітіркендіретін сезімді оятып, бұлардың ақыреттік ауыр азаптарын еске салып отыру керек.

Негізінде бұл әдіс пайғамбар әдісі. Пайғамбарымыз тіл күнәсі мен зинадан қашық болудың кісіге қандай мәртебе беретінін былай деп жеткізген: “Екі жағы мен екі саны арасына ие болуға кепілдік берген адамның жұмаққа кіретініне кепілдік беремін” (Бұхари, Риқақ 23) дейді. Байқағандарыңыздай, екі жағдайдың да қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Мынаны ұмытпауымыз керек. Ойы бүлініп, бұзық ой иектеген адамның санасы бірнеше күн бойы, тіпті бірнеше аптаға дейін тазармай, бұзық ойдың жетегінде жүруі мүмкін. Жағымсыз дүниелер оның ғибадатына кесірін тигізеді. Сондықтан әу бастан теріс ойлардан барынша сақтанған абзал. Тек қана жамандықтан сақтанып қана қоймай, жақсы дүниелермен толықтырып, көркем нәрселермен шұғылдану керек. Өмірін ізгіліктермен толтыру керек. Алдынан қандай да бір жамандық пен күнә кездескенде бір сәтке де аялдамай, дереу сәждеге бас қойып тазалануы аса маңызды.

Нұрлы ақыл, саф сана және ізгі ақибет

Бүгінгі таңда қоғамда кісінің ойын бұзатын түрлі пәлекеттер ашықтан ашық көрініс тауып жатады. Тіпті бұл біздің өз үйімізде де кездеседі. Мұндай дұрыс емес дүниелер кісінің санасын улап, жүрегін қарайтады. Нәтижесінде адамның бойындағы сұрықсыз сезімдерді оятады. Адамның санасындағы мұндай суреттер сезім мен ақылды ауыздықтап, өзінің дегеніне жүргізеді. Жігерсіз адам бұған оп-оңай еріп кетеді.

Осынау жаман қасиеттер мен құбылыстар еріксіз адамның санасына орнығады. Олай болса адам түсінде де руханиятының тазалығын бағуы керек. Негізінде біз пайғамбарымыздың дұғаларын жолбасшы еткенімізде, түнде жатар алдында «Уа, Раббым, мен өзімнің санам мен сезімімді Өзіңе аманаттаймын. Оларды ластықтан сақтай гөр» деген абзал. Бұл ең алдымен өзіміздің ақыретіміз үшін маңызды. Осы айтылған дұғалардың өзі жекелей де ғибадат түріне жататынын, олардың да сауапқа сеп болатынын да ескеруіміз керек. Тіпті санасы мен сезімін кірлетіп алмайын, еріксіз құлдырауға ұрынбайын деп қам жеп, күні-түні уайым қылу түнделетіп жүз рәкат намаз оқудан да артық болуы ғажап емес. Айналып келгенде кісінің Аллаһ алдында қандай да бір дәрежеге жетуі өзінің еркі мен жігеріне, істеген ісіне байланысты.

Кісі өзін қателікті жақсы көрсететін себептерден неғұрлым алшақ тұрса, соғұрлым күнә мен тозақтан аулақ деген сөз. Пайғамбарымыз бір хадисінде “Уа, Аллаһ тағалам, батыс пен шығысты бір-бірінен алыстатқаның секілді мені қателіктер мен күнәлардан алыстата гөр” (Бұхари, Дағуат 44) деп дұға ету арқылы қателіктен алыстаудың маңызын көрсеткен. Өйткені жан-жақтан қоршаған күнәлар ағымына титтей де болса араласып кеткен адамның кейін ағысқа қарсы тұрып жағаға жетуі өте қиын болады. Сол үшін әр адам тұрақты түрде санасы мен ойын, сезімдері мен рух әлемін кірлетіп алмаудың қамын ойлап, шайтанның тұзақтарына ұрынып қалмау үшін ақырын жүріп, анық басқаны жөн.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.