Истиғфар-1

Истиғфар

Сұрақ: Күнә атаулының жан дүниемізді әбден кірлетіп, руханияттан алыстата бастаған мына заманда истиғфар етудің маңызы қандай? Алладан кешірім тілейтін белгілі бір уақыттар мен арнайы кездер бар ма?

Жауап: Аллаһ расулының (с.а.с.) хадистеріне қарасақ, нәресте дүние есігін мұсылман болып ашады (Бұхари, Жәнаиз 80, 93). Адам баласының тумысынан негізгі міндеті осы саф жаратылысын сақтап өмір сүру. Ақтық демі үзілгенше Алланың аманат арына кір шалдырмау жұмыр басты пенденің бес күндік өмірдегі негізгі парызы. Адамды кәмілдікке жетелейтін салиқалы мінәжат амалдар жаратылысымыздағы тазалықты сақтай отырып өмір сүру арқылы жүзеге асырылатыны секілді, харам істерге жоламау арқылы да орындалады. Сол себепті адам баласы салиқалы амалдарды үздіксіз жасай отырып, жағымсыз әрекеттерден бойын аулақ салғаны абзал.

Жасалған күнәнің әрбірі кісі табиғатын бұзатын, деформация болып саналады. Ал осы деформацияны қайта өз формасына әкелу, табиғатына сай түзеу тек қана истиғфар арқылы болады. Басқа сөзбен айтқанда, күнә атаулы адамның болмысына кереғар пішін мен сипат алып келеді. Шынтуайтына келгенде, күнәмен кірленген жүректің уақыт өте келе өз функциясын атқара алмайтын күйге түсуі де әбден мүмкін. Оның үстіне, күнәнің адамды Жаратушысынан алыстатып, күпірлікке жақындататыны анық. Ал мұның бәрінен сақтану жолы, руханияттағы дертіміздің дауасы Алладан кешірім тілеп истиғфар ету. (Тирмизи, Сүре тәпсірлері (83) 1).

Рухани дерттің дауасы

Негізінде адам баласы ә дегенде күнәнің ең елеусіз кішкентайына да жоламауға бел байлап, мықтап сақтануы керек. Және соған сай өмір сүру салтын қалыптастыра білген жөн. Күнә мен қателіктерге ұрынбастай етіп ақырын жүріп, анық басуы шарт. Осындай жағдайда кісі әр күнәнің тозаққа итермелейтінін шын түсініп, ұжданында анық сезінеді. Егер күнәға қарсы жүректе тітіркену сезімі болмаса, ондай жүректі өлі жүрек деп атаймыз. Қателіктерге қарсылық көрсетпеген, жасаған күнәсі жан дүниесін мазалап түн ұйқысы төрт бөлінбеген адамды өлік десек те болады. Кісінің иманы кәміл болса, арсыздыққа деген жиіркеніш сезімі болады.

Мүимн «Астапыралла!» деп Алладан кешірім сұрағанда бүкіл жан дүниесімен өткен-кеткен күнәларынан арылып, қазіргі және келешектегі қателіктеріне де кешірім сұрауы керек. Бұл жерде уақыттың үш шағының да айтылып, барша кезеңді қамтуы да тегін емес. Кісі өткеніне кешірім тілей отырып келешекте болуы, жасап қоюы мүмкін қателіктердің алдын алады. Асылында, Аллаһ тағала құлының бір рет қана тәубе еткенін себепке ала отырып барша күнәларын кешіруі мүмкін. Бірақ адамның да бұл жердегі өз міндеті – көзі мен құлағы, тілі мен қолы жасаған кез келген күнәсіне бір рет қана кешірім тілеп сонысына болдым-толдым демей, ертелі-кеш дұғасына қосып, «Е, Аллаһ, тек сенен ғана кешірім тілеймін. Ақтық демім шыққанша өзегімді өртеген бұл өкінішті ұмыта алар емеспін. Тек Өзіңнің ғана рақымыңа сиынып, тек Саған ғана бас ұрамын» деп күнәсінен өмір бойы арылуымен өтеді. Ақ пен қараны ажырата тұрып, тура жолдан теріс айналып күнәға бой алдырудың қаншалықты орны толмас қате екенін ескергеніміз жөн. Жұмақтай Алланың ең үлкен нығметін былай қойып, сайтанның сапалағына еруі не деген көрсоқырлық десеңізші! Мұндай ойдың өзі санамызды торлағанда дереу Құбыламызды тауып, сәждеге бас қойған абзал. Кейбір күнә үшін мың рет истиғфар етудің өзі жеткіліксіз болар. Сондықтан истиғфарды тілімізден тастамағанымыз абзал.

Жамандықты жақсылыққа айналдырудың жолы

Жіберген қателіктерімізді истиғфардың қайта орнына келтіріп түзегенімен қатар, жаманшылыққа деген иілуімізді де азайтып, күнә атаулыға қарсы тұрар күшімізді көбейтеді. Өйткені дәйім истиғфар етіп арылған жан өзінің ішкі әлеміндегі күнәға бейім келетін сезімдерін де тазалайды. Яғни, күнәға қарсы иммуниттеті күшейтіп, руханиятын ауру алып келуі мүмкін микробтардан тазалайды. Истиғфарды аузынан тастамаған адамның жан дүниесіне Аллаһ тағала күнәға иілмей, қарсы тұрар күш береді.

Аллаһ тағала «Фурқан» сүресінде:

فَأُولَئِكَ يُبَدِّلُ اللَّهُ سَيِّئَاتِهِمْ حَسَنَاتٍ
«Аллаһ олардың жамандықтарын жақсылыққа, күнәларын сауапқа айналдырады» (Фурқан сүресі, 25/70)

дей отырып, иман, салиқалы амал, истиғфар мен тәубеге бет бұрған адамның жамандықтарын жақсылыққа айналдыратынын айтып сүйіншілеген. Шынымен де, Аллаһ тағала күнә жасаған пенделердің Жаратушысына тәуажжүһ (бет бұру, жақындау) арқылы тазаланатынын айтады. Және де бұл Аллаһтың азабынан мейірімінің үлкен екеніне бір дәлел (Бұхари, Тәухид 22).

Бір мұсылман ғалым осы аятты басқаша бір жағынан алып қарастыра отырып, тәубе мен истиғфар арқылы адамның күнәға деген бейімділігі салиқалы амалдарға деген құштарлық болып өзгереді деп жориды. Осыған қарағанда, кісі жамандық жасағаннан кейін шын өкініп қателіктің орнын толтыру үшін салиқалы амал жасап, Аллаға бетбұрғанда Жаратушы әлдебір тілмен: «Сен жамандық жасағаныңа өкініп, Маған бет бұрғаның үшін, Маған қайта оралғаның үшін Мен сенің жамандыққа деген бейіміңді жақсылыққа икемдеймін» дейді.

Истиғфар етудің нағыз уақыттары

Парыз намазынан кейін үш рет Алладан кешірім тілеу сүннет (Мүслим, Мәсажид 135). Адамның Аллаһқа ең жақын келген және Аллаһтың жақсы көрген ғибадатын орындағаннан кейін истиғфар етудің абзалдығын былайша түсіндіре аламыз. Біріншісі, адам намазға шын беріле алмай, өзінің тар шеңбері мен өз дүниесінде жеке бас мүддесін ойлап ойының басқа жақта болуы мұсылмандардың миғражында Аллаһқа деген құрметсіздіктің бір түрі. Сол себепті ғибадаттағы азды-көпті осындай кемшіліктер біздің истиғфар қылуымызды керек етеді.

Екіншіден, мұсылмандардың миғражы саналған намазда пенде Жаратушысымен бетпе-бет келетіндіктен, сол ғибадаттан кейін жасалған дұғаның қабыл болу мүмкіндігі жоғары. Сол себепті осындай мүмкіндікті пайдалана отырып кісі басқасын былай қойып ең алдымен ақыреттік бақыттан қағатын қате мен күнәларынан арылу үшін үш рет «Астапыралла» деп кешірім сұрау керектігін пайғамбарымыздың өзі айтқан. Бес уақыт намаздың осы тұрғыдан тәубе ету үшін таптырмас мүмкіндік екенін ескерген жөн.

Құран кәрімде айтылған

كَانُوا قَلِيلًا مِنَ اللَّيْلِ مَا يَهْجَعُونَ وَبِالْأَسْحَارِ هُمْ يَسْتَغْفِرُونَ
«Олар түнде аз ұйықтап, таң ата истиғфар етеді» (Зәррият сүресі, 51/17-18)

аятында истиғфар ету үшін тиімді уақыттардың бірі таң алдындағы уақыт екенін көреміз. Бұл аятта бір жағынан таң атпай тұрып, жан-тәнімен Аллаһтан кешірім сұрап көзіне жас алған мүминдерді үлгі етеді. Екінші жағынан осындай жағдайда ғана күнәдан арылу мүмкін екенін айтады. Құран аяттарының бір ерекшелігі, онда Аллаһ тағала әлдебір қасиеттерді баяндай отырып мұсылмандарға үлгі етсе, екінші жағынан разылығына бөленудің жолын осылай мысалмен түсіндіреді. Олай болса, адамдардың ұйқыда жатқан таң атардағы уақытта кем дегенде екі бас тәһәжжүд намазын оқып, Алладан жалбарына тәубе ету біздің күнәларымыздан арылуымыздың бірегей жолы екен.

Және де кісінің жүрегі жұмсарып, күнәнің ауырлығын іштей сезініп бір руханиятқа бөленген уақытты да истиғфар тұрғысынан орынды пайдалана білу керек. Өйткені мұндай сәттер пенденің Аллаһқа жақындаған кездері.

Қателік пен күнәнің артынша дереу уақыт өткізбестен Жаратушы иемізге истиғфармен кешірім сұрап жалбарыну керек. Өйткені кез келген күнәдан дереу арылмаса, жеккөріп құтылғанша асықпаса, күнә ол кісі үшін үйреншікті іске айналады. Кейін одан арылу оңайға түспейді. Тіпті қандай да бір жамандыққа ұрынып қалған кісі жігерін барынша жани отырып сол жамандықтан шығуға күш салмаса, уақыт өте келе оны «қате емес, істей беруге» болады деген ой келіп, кейін басына бәле болып тиеді. Күпірлікке ұрынғандар да көбіне осындай кішігірім қателіктерді қателік деп білмеуге ұшырап, кейін ол сырқаттары меңдегендер. Сол себепті ұнамсыз болып көрінген қателіктен де «Күні ертең бұл іс одан да үлкен жамандыққа бастап, маған орны толмас өкініш болып тиюі мүмкін» деп, аулақ жүру керек.

Сөз соңында айтарым, мағфират (Аллаһтың кешірімі) үшін жоғары айтылған уақыттар негізгі тиімді кездер болып саналғанымен, истиғфар ету үшін уақыт таңдалмақ емес. Қай кезде де тәубеге жол ашық. Ал истиғфарды тек осы уақытта ғана жасау керек деу дінімізге томпақ келеді. Адам баласы таңнан кешке дейін, күні-түні Алладан кешірім тілеумен болып, өмірінің барлық сәтін, тірі жүрген кездерін истиғфар үшін берілген мүмкіндік деп қабылдауы керек. Иә, кісі уақыт таба салып дереу бір орынға барып истиғфар ете бастағаны абзал. Бір жерден екінші жерге бара жатқанда, көлікте, әлдебіреуді күтіп тұрғанда түрлі зікірмен истиғфар ете бергені артықтық етпейді. Негізінде кісі әр сәтін өзінің ақыретіне қолдануы керек. Өйткені өлімнің қай кезде келерінен хабарсызбыз. Истиғфар етіп талмаған және кешірім тілеп тұрғанда өлім келсе, кісінің о дүниеге иманды болып аттануына мүкіндік жоғарылай түседі деген сөз.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.