Діннің атынан жасалатын қылмыстардың обалы (1)

Фетхуллаһ Гүлен: Діннің атынан жасалатын қылмыстардың обалы

Сұрақ: Бірқатар ұйымдардың, сыртқа дін үшін болып көрінетін қылмыстар, тірідей бомба жарылыстарын ұйымдастыру мен соған ұқсас оқиғалар тек сыртқы күштер мен сыртқы күштердің бағыттауларымен түсіндіруге келе ме? Бұндай оқиғалардың бүгінгі күні мұсылман жағрапиясында да кездесуінің себептері қандай?

Жауап: Мұсылман болып көрінетін әлдекімдердің бомба тиелген құралдармен ештеңеден хабарсыз бейкүнә адамдарды өлтіруін, дәл сол кейіпте ғибадатханаларға шабуылдауларын Құранмен, Сүннетпен, не мұсылмандықпен байланыстыруға келмейді. Алайда, өкінішке қарай, қазіргі уақытта сенетін адамдарды жерге қарататын, бізді ұятқа қалдырып отырған бұндай жайттар баршылық. Сыртқы күштердің бұл мәселеде астыртын әрі ұйымдасқан бағыттаулары бар болумен қатар, Исламды қате түсіну әрі қате тұжырымдаудан туған бұндай лаңкестік оқиғалар Крестшілердің бізге басқыншылық жасауынан, Моғолдардың ислам әлемін жайпағанынан да жаман, бұның ислам әлеміне берген залалы одан да орасан. Өйткені бұндай зұлымдық пен қылмыстар мұсылмандардың бетіне салық деген сөз.

Қате түсінілетін батылдық пен өжеттік

Менің әлсіз ғана пайымдауымша, бұндай оқиғаларға себеп болатын қате түсіну мен қате тұжырымдаулардың ең бастысы – хикметтің тереңдігін құрайтын батылдық пен өжеттіктің қазіргі күні қате түсінілуі. Әрине, сенетін адамның бойынан батылдық пен өжеттік табылуы керек, алайда бұл екі мінезбен қатар мүминде хикмет пен көрегендік те болуы керек. Олар өздерін басқа адамдарға сенімділік пен қауіпсіздік сезімін ұялататындай етіп байсалды ұстай білуі керек. Қандай жағдайлар болмасын діндегі негізгі өлшемдерден аспай әрекет еткен жөн. Сондай-ақ игі мақсатқа тек дұрыс жолмен ғана бару керектігін ешқашан ұмытпаған жөн. Басқаша айтқанда, батылдық пен өжеттік мұсылманның өз құндылықтарын қорғауға жанын салуы, ақиқат деп білген мәселелерде әрдайым табандылық танытуы, осы тұрғыда қанаты қайырылып, қабырғасы қайысса да барлық қиындықтарға шыдай білуі деген сөз. Осы тұрғыдан Бақытты ғасырға қарағанымызда Адамзаттың мақтаулы тұлғасы хазірет Мұхаммед (с.а.с.) пен жанындағы сахабаларының қасиетті Меккеде он үш жыл бойы адам төзбейтін небір қиындықтарға шыдағанын көреміз. Тіпті ардақты сахабаларымыз көбіне көздері жасқа толған қалпы Хақ тағаланың шексіз құдіретін, екінші жақтан адамзатты құтқаруға жіберген Сүйікті елшісіне әрі соның ізінен ергендерге жасалған озбырлықтарға қарап, өздері хикметі мен астарлы мәнін жіті ұғына қоймаған осы жағдайларға куә болғанда таңырқағандарын білдіріп

مَا اَحْلَمَكَ يَا رَبَّنَا
«Уа, раббымыз, сен не деген жұмсақмінездісің» деген. Бәрімізге мәлім, Адамзаттың мақтаулы тұлғасы хазірет Мұхаммед (с.а.с.) Қағбаның алдында маңдайын жерге тигізіп сәжде жасағанында, сол кездегі Құдайға сенбей, надандықта жүргендер оның басына түйенің тезегін қотарған (Бұхари, Уду, 69; Мүслим, Жихад, 107)

Өз бастарына тас жауғыр залымдар қаншама рет оған тас боратқан да еді (Бұхари, Бәдулхалқ 7; Мүслим, Жихад, 111). Алайда пайғамбар ешқашан «Өз бастарыңа да тас жаусын» демеген. Қайта тас лақтырған, тісін сындырған, бетін жарақаттаған, басын қан жуғызғандарға қолын жайып

اَللّٰهُمَّ اهْدِ قَوْمِي فَإِنَّهُمْ لاَ يَعْلَمُونَ
«Аллаһ тағалам, қауымымды тура жолға түсіре гөр! Өйткені олар білмеуде» (Қады Ияз, әш-Шифа, 1/105)

деген. Оның бұл сөзіне түсіндірме ретінде былай деуге болады: Егер олар мені, арқалап отырған мінетімді, өздері үшін мың өліп, мың тіріліп жатқанымды білсе, бұлай істемес еді. Өйткені Құран кәрім сенбейтіндердің қисық жолға түсуінде Аллаһ елшісінің (с.а.с.) жай-күйін былай суреттеген:

فَلَعَلَّكَ بَاخِعٌ نَفْسَكَ عَلَى آثَارِهِمْ إِنْ لَمْ يُؤْمِنُوا بِهذَا الْحَدِيثِ أَسَفًا
«Бұл сөзге (Құранға) сенбейді деп олардың артынан қалмай өз-өзіңнен таусыла жаздайсың!” (Кәхф сүресі, 18/6)

Иә, көңілді жаулап, жүректі жұмсартқан, баршаны шынайы адамдыққа бағыттаған әрі адамды өз болмысындағы адамдыққа үйреткен Адамзаттың мақтаулы тұлғасы (с.а.с.) өзіне дұшпандық жасағандарға ашумен қарсылық танытпаған, тіпті қазіргі уақыттағыдай қарсылық таныту түрлеріне мүлдем жуыспаған. Тіпті өзіне он бес жыл дұшпандық жасаған Әбу Жәхил үшін «Құдай сені жер түбіне батырсын» демеген. Демегені үшін Әбу Жәхилдің қызы Жүуайрия мен ұлы Икрима бір күні келіп, мұсылмандықты қабылдаған. Мұсылман болғаннан кейін мүлдем өзгеше, ғажап өмір сүрген. Ярмук соғысында Римдіктерге қарсы соғысқан хазірет Икрима ауыр жараланып күркеге жеткізілгенде, бірден бойын тіктеп «Уа, расулалла! Өзіңіз келіп, бөлмені нұрландырдыңыз ба?» деген. Бұл Адамзаттың мақтаулы тұлғасымен жақыннан танысқанына енді ғана екі жыл болған уақыт еді. Анығында, Әбу Жәхилдің ұлы хазірет Икриманың (р.а.) осындай аз ғана уақыт ішінде қалай тез жаны ізгілікке толы тұлғаға айналып шыға келгенін мен түсіндіруде қиналамын. Иә, түсіндіруде қиналамын, осындай аз ғана уақытта мағрифат шыңына қалай тез жетті, қалай рухани тереңдеп кетті? Егер Адамзаттың мақтаулы тұлғасы (а.с.) дұшпандарына да жұмсақмінезділікпен, хикметпен мәміле жасамаса, осылардың барлығының жүзеге асуы мүмкін бе еді.

Негізінде Аллаһ елшісі (с.а.с.) Меккедегі әлгі ауыртпалыққа толы кезеңде сәл ғана ишарат жасаса, Меккедегі алғашқы өжетмінезді, қайсар ерлердің қай қайсысы да соңғы қаны тамғанша мүшріктермен соғысар еді. Бірақ шынжырланғандай әрі өте ауыр қиындықтарға тап болуына қарамастан, олар сабырлы болуды таңдап, сенімділікке сызат түсіретін жеке, топтық, эмоциялық ешқандай әрекеттерге бармаған. Өте-мөте бұндай айуандықтарға еш жүгінбеген. Өйткені мейірімділік жаршысы пайғамбардың жолы адамдардың мәңгілік бақытына себепкер болу үшін жүректерінің кілтін тауып, көздерін жеткізуде. Бұл болса хикмет, мейірімділік, сыпайылықпен қатынас жасауды қажет етеді. Иә, тағы бір рет айтар болсақ, ондай айуандық әрекетті Құран, Сүннетпен, Адамзаттың мақтаулы тұлғасының әдіс-тәсілімен, стратегиясымен, ойлау кейпімен байланыстыру мүмкін емес.

Жеккөрушілік егіп, сүйіспеншілік ора алмайсыз

Бақытты ғасырда бұның мысалдары көп. Мәселен, Құдысты азат еткенде хазірет Омар (р.а.) қаланың кілтін алу үшін жанына қызметшісін ертіп Мәдинадан жолға шығады. Жолда үстіндегі шапаны жыртылған сайын ала шыққан ине, жіппен жамап отырады. Қазынаға тиесілі екі көлікке мінуге құқым жоқ деп ойлағандықтан, бір ғана көлікке қызметшісі екеуі кезектесе мініп жол тартады. Тура Құдысқа жақындағанда, көлікке міну кезегі қызметшісіне келеді. Ол кезегін хазірет Омарға (р.а.) бергісі келсе де көндіре алмайды. Иудей мен христиандардың рухани көсемдері қаланың кіре берісінде оларды күтіп алады. «Қаламызды азат ететін тұлғаның келбеті осындай екенін біз қасиетті кітаптарымыздан білетінбіз» деп, ерекше құрмет көрсетеді. Қала кілтін Құдыс патриархы Софрониос табыс етеді. Намаз уақыты кіргенде, хазірет Омар (р.а.) рұқсат сұрайды. Олар «Уа, мүминдердің әміршісі! Ғибадатханамыздың бір шетінде намаз оқысаңыз болады» дейді. Алайда хазірет Омар (р.а.) «Егер мүминдердің әміршісі бұл орында намаз оқыса, кейінгі мұсылмандар бұл жерді тәбәрік етіп, намаз оқитын мешітке айналдырып жіберуі мүмкін. Онда сендердің құқықтарың аяқ асты етіледі» деп сыртқа шығып, қырға барып намаз оқып қайтады. Ал енді бір жағынан хазірет Омардың өзге дін өкілдерінің ғибадатханасына деген құрметіне, сыпайылығы мен көрегендігіне, екінші жағынан исламның атынан жасалып жатқан қазіргі жиіркенішті шабуылдауларға қарап көріңдер.

Тақырыпқа қатысты тағы бір мысал, хазірет Алидің (р.а.) кезеңінде дәл қазіргідей бүлік көбейген үстіне көбейе түскен. Сол кезеңде хазірет Алиге қарсы шыққан Харижилер Харурада бас қосады. Сонда біреуі хазірет Алиге (р.а.) келіп «Әй, имам, харижиттер пәлен деген жерде әскерлерімен жиналып, саған қарсы шабуыл жасамақ. Олар саған шабуылдамай тұрып, сен оларға шабуылдап, көздерін құртсаңшы» дейді. Хайбар бекінісінің есігін жұлып алған арыстан жүрек, қылышын бір сілтегенде бірнеше кәлланы бірақ ұшыратын, Адамзаттың мақтаулы тұлғасының әулиелік шежіресінің басында тұрған ұлық имам сонда «Олардың бізге шабуыл жасайтыны әлі нақты емес» деп өзіне жарасатын сөз айтқан. Бұл көзқарастан мұқияттылықты байқап отырсыздар ма? Меніңше, нағыз арыстан жүректілік Хайбар бекінісінің есігін жұлып алуда, Амр ибн Абдиудты қылышымен бір шауып екіге бөліп тастауында емес, «мен, мен» деген менмендіктің асқынып кетуі мүмкін сындарлы уақытта өзін осылай бақылауға алып, ықтиярын дұрыс тізгіндей білуінде. Иә, меніңше, нағыз жігіттік, шынайы батылдық пен өжеттік осындай сындарлы уақытта «Бізге шабуыл жасайтыны көз жетіп тұрған нәрсе емес» дей алу. Ұлық имам хазірет Әбу Ханифа да оның осы сөзін негізге алып, қайда бет алатыны әлі белгісіз болып тұрған бір жерге жиналған көпшілікке шабуыл жасаудың жөн еместігіне үкім шығарған (әл-Марғинани, әл-Хидая, 2/170-171; әл-Қасани, Бәдаиус-Санаи, 7/140-142)

Онсыз да маңыздысы, стратегиямен әрекет етіп, аз шығынмен түйіткілді мәселелерді шешуге тырысу емес пе? Меккені азат ету оқиғасына қарағанда, Аллаһ елшісінің (с.а.с.) қан төкпеу, дұшпандықтардың асқынбауында әрі түйткілді мәселелердің жұмсақ шешім табуы үшін барлық сақтық шараларына жүгінгендігі байқалады. Иә, Адамзаттың мақтаулы тұлғасы (с.а.с.) кішігірім бір-екі оқиғаны қоспағанда, халқының басым көпшіліне жуығы мүшрік болған Меккеге қан төкпей, залал келтірместен кірген. Меккеге кіргеннен кейін «Сендерге не істейді деп ойлайсыңдар?» деп сұраған. Бала кезінен өзін жақсы танитын мүшріктер «Сен ардақты кісінің ардақты ұлысың» дегенінде, Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Онда, барыңдар, бәрің де боссыңдар. Ешбіріңді жазғырмаймын» деген (Ибн Хишам, әс-Сиратун-набауия 5/74) Оның аузынан шыққан бұл сөздер тура Жәбірейілдің тыныстауы секілді адамдардың жанына жағымды әсер еткені сондай, мүшрик Мекке халқы өздерінің қисық жолда екендіктерін түсініп, бір-екі күннен кейін-ақ Пайғамбарымыздың маңайына топтасқан. Иә, көп жылдан бері Аллаһ елшісіне (с.а.с.) дұшпандық жасаған ең қатыгез адамдардың өзі жұмсарып, мұсылмандықты қабылдаған. Жұмсақтық пен жақсы қарым-қатынас оларды исламның ізгілікті ауанына тартқан. Не ексеңдер, соны орасыңдар. Адам үнемі жақсы нәрселерді өнім ретінде жинағысы келсе, онда үнемі маңайына жақылық пен әсемдік дәнін еге білуі тиіс.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.