Дінді жеткізу (иршад) мамандығы және ар-ұят шеңбері

Дінді жеткізу (иршад) мамандығы және ар-ұят шеңбері

Сұрақ: Пайғамбар жолының өкілдерінде болуы керекті ар-ұят түсінігін айтып берсеңіз?

Жауап: Бүкіл пайғамбарлар көктен түскен уахиды адамзатқа жеткізуге жанын салып, сол ісі үшін ешкімнен ештеңе дәметпеген. Барынша кішіпейіл қалыпта әрі Құдайдан қорқа отырып өмір сүрген. Ысырапқа жол бермей, қанағатты ұстанған, зүхдке сүйеніп, өте қарапайым ғұмыр кешкен. Айталық, хазірет Дәуіт пен Сүлеймен (алайхим сәлам) секілді кейбір пайғамбарларға да патшалық берілген. Алайда олар ешқашан қарапайым өмірден бас тартпай, бар мүмкіндігі мен күшін ақиқат діннің жалауын желбіретуге арнаған. Жаратушы ие нәсіп еткен сән-салтанаттың буына мастанбаған. Иә, олар ешқашан ар-ұяттарына кір жуытпаған, маңайларына үнемі сенімділік ұялатқан. Өмір бойы пайғамбарлық қасиеттеріне адалдық танытқан. Осы тұрғыдан пайғамбар жолымен жүрген адамдардан да талап етілетін жайт пайғамбарлардың бірден бір қасиеті болып табылатын осы ерекшеліктерге ие болу. Бұл жолда жүрмегендердің болса, дін насихатын (иршад пен тәблиғ) атқаруы былай тұрсын, мұсылман болған күннің өзінде әркез шайтанға алданып қалу мүмкіндігі бар.

Сен тек өз атыңды ғана кірлетпейсің

Иршад жолында тер төккендер, әсіресе, жоғарғы бір кеңесте орын алған болса, істеген күнәлары, тіпті ар-ұяттарына кір келтіретін кішкене ғана ағаттықтардың өзі сол кеңестегі топтың бәрін жерге қаратуы мүмкін. Өйткені бұндай кеңес біртұтас дене секілді. Оның қандай да бір мүшесіне балшық шашырағанда, нәтижеде бүкіл денеден маза кетеді. Сондықтан балағына балшық шашыраған адам «Бетіме, қолыма, көзіме балшық шашыраған жоқ, ештеңе етпес» дей алмайды. Осы секілді қандай да бір жамағатқа (жамия) тән адам да көзін, құлағын, қолын, аяғын, тілін бақылай алмауы, өзіне рұқсат етілген адалға қанағат етпей аздап болса да күнә істерге жақын баруы әрі «мен жай тобықпын, табанмын, тіземін.. Маған шашыраған нәрсе басқаларға зиян тигізе қоймас» деуі дұрыс емес.

Осы тұрғыдан ақиқатқа қызмет жолында тер төгіп жүргендердің міндеті өздеріне балшық шашыратып алмауды қадағалау, үнемі таза күйде болуға мән беру, жегенде, отырғанда, түрегелгенде, қол, аяқ, тіл мен көз секілді мүшелерімен ұят сақтау. Ақиқатқа тілмәш болғысы келетін шынайы дін насихатшысы (мүршид) ар-ұят мәселесінде қолын жайып еш қиналмастан «Алла тағалам, егер саған ұнамсыз бір нәрсеге көз тоқтатып қарап я болмаса құлақ қоятын болсам, одан да менің жанымды ал» дей алатындай өз мұратына адал, табанды әрі жігітше іс жасап, ешқашан исламның келбетіне дақ түсірмеуі тиіс, бойын кірлетпеуі керек. Неге десеңіз, иршад жолының шынайы өкілдері болған пайғамбарлар ар-ұятын қорғауда өте мұқият болған. Балақтарына титтей де балшық тигізбей, арларына кір жуытпаған.

«Уа, Аллам, мені достарымның алдында, достарымды менің алдымда ұятқа қалдырма»

Бұл мәселеде тиісті мұқияттылық көрсете алмаған адам жалпының құқын бұзып, оларға тура шайтан секілді зиян келтіруде деген сөз. Қоғамның (жамия) әрбір мүшесі «мен сені кешірдім» демейінше, ондай адамның Жұмаққа баруы күмәнді. Осы себепті біз дұғаларымызда үнемі «Алла тағалам, мені жолдастарымның алдында, жолдастарымды менің алдымда ұятқа қалдырма» деп жалынып, жалбарынуымыз керек.

Өкініштісі сол, қазіргі әлемде мұсылманмын дегендер сондай бір күнәларға жол бергендіктен, оны көріп жүрегіміз ауырады. «Қап, нәпсіге еріп бұны істемегенде ғой. Қап, ары мен адалдығын сақтауда мың өліп, мың тірілсе де бұған бармағанда болар еді» деп қабырғамыз қайыса қиналамыз.

Сөйлегенде ұятты сақтау

Енді бір қырынан біз секілді қарапайым адамдарға қатысты болмаса да белгілі бір деңгейдегі адамдардың айтатын нәрселерін аузына қараған тыңдаушылардың құрметі үшін он рет ойланып барып айтуы керек. Олар деңгейлеріне сай ауыздарынан шықпай тұрып әр сөзді он рет ойланып, саралап, өлеңдей ұйқастарындай әрлеп барып халыққа жеткізуі керек. Өйткені тыңдаушылардың қалай қабылдайтыны, қандай қарсылық білдіретіні есепке алынбастан айтылған сөздер кейде қанжар сұққандай жаралап, көбіне ол жаралардың жазылуы қиынға соғады. Кейде ойланбай айтыла салған сөздер адамдардың арасына іріткі де туғызады. Кейде бір сөзбен басы араз екі көпшілік татуласады, кейде бір сөзбен бір ұлт құрып кетуі мүмкін.

Жоғалтып алған құндылықтарымыз

Ар, ұят, адалдық пен опа, өкінішке қарай, біздің жоғалтып алған құндылықтарымызға жатады. Бұлар біз жоғалтып алған жұмақтың негізгі іргетасы. Егер сіздер қайтадан жұмақты орнатуды қаласаңыздар, ол жұмақтың іргетасын осындай қасиеттер құрауы тиіс. Онсыз да бұндай өркениет ғимаратының сәулетін баяғыдан пайғамбарлар анықтаған. Кейінгі дәуірлерде заманның талабына сай мүжтахид, мүжаддид, әулие мен асфиялар түрлі ою-өрнектерімен бұл сәулетті назарға ұсынып, тыңдаушыларға мынаны білдірген: «Осы шеңберге сай өрнектеңдер. өйткені шынайы құлдық түсінігі осы сәулетке бағыну арқылы болады».

Марқұм Сайыд Құтып «Біз қайда, шынайы мұсылмандық қайда?!» деген. M. Акифтың осыған қатысты айтқаны тіптен ауыр:

«Мұсылмандық тұрмақ біз адамдықтан да кетіп қалдық,
Жұртты алдау мақсат болса, алданған адам жоқ.
Шынайы мұсылман тапсам, олар қабірде ғана жатыр,
Мұсылмандық қайда екен, сірә көкте шығар?!»

Мен осыны айтып сіздерді үмітсіздікке салғым келмейді. Адам о бастан үмітсіздікті артқа ысырып, ешқашан үмітсіздікке бармауы тиіс. Бірақ бұған қоса адам жиі-жиі өзін есепке алып тұрудан да тартынбауы тиіс. Өйткені бұл дүниеде есеппен өмір сүрсеңіз, ақыретте тым ауыр есептермен кездеспейсіздер. Ардақты расулымыздың (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) «Менен кейін пайғамбар келсе, ол Омар болар еді» (Тирмизи, Мәнақиб 17) дегені мәлім. Сол ұлы тұлға Омар (р.а.) «Есепке тартылмай тұрып, өздеріңді есепке тартыңдар» (Тирмизи, Қиямет 25) деп, үнемі өзін таразылау түсінігімен өмір өткізген.

Осы себепті адам нық математикалық есепке қарай өмірін жүйелеуі тиіс. Өйткені бір жағынан бірді он, онды жүз, жүзді мың ету болса, екінші жағынан жіберген сәл бір ағаттықпен бұлардың бәрін жойып жіберу де есепке алыну тиіс. Басқаша айтар болсақ, адам өмірін мықтап есептей отырып, бірді мың етуге болса, есепсіз өмір сүру арқылы аз ғана қателiкпен морт сынып кетуі де мүмкін. Осы себепті рухымызға сәуле шашқан хазірет Пір Бәдиуззаман «Абайла, аяғыңды аңдап бас, сүрініп кетуден қорқ. Бір жұтым ас, бір сөз, бір қарау, бір сүюмен өз өміріңе балта шаппа. Бар адамдығыңнан айрылып қалма» (Ләмалар, 169-170 б. (Он жеткінші Лема)) деп ескерткен.

Адамзаттың мақтанышы (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) да харамға қараудың шайтанның улы оқтарынан бір оқ екенін айтқан (әт-Табарани, әл-Мұғжамул кабир 10/173) Өйткені кейде көз көреді, аяқ соған қарай адым атады, қол созылады, нәтижеде ұятсыз қылық жасалуы мүмкін. Егер ол адам бір жамағаттың (жамия) мүшесі болса, оның істеген жамандығы бүкіл көпшілікке жаман ат әкеледі. Бүгінгі таңда осындай қателіктер орын алса екен, сөйтіп бұл жамағатқа да кінә артсақ деп, осыған мүмкіндік іздеп отырғандардың да бар екенін есепке алар болсақ, бұл мәселеде өте абай болу керектігін түсінеміз.

Аманатты сақтау

Ендеше, келіңіздер, Алла үшін, бүкіл бір көпшілік қауымды жерге қарататындай бұндай тым нашар қылықтарға бармас үшін өзімізді қорғайтын айналамызға үсті-үстіне қат-қабат қорғандай қояйық. Тіпті оның есіктерін де еселей түсейік. Шайтанның жандайшаптары келген уақытта «Бекерге әуреленбе, есік жабық» дейік. Сөйтіп әрбіріміз өз деңгейімізде Алланың қалауымен амандықта дін насихаты (иршад пен тәблиғ) міндетімізді орындайық.

Алланың бізге бұйыртқан дүниелік әрі ондағы бірқатар әсемдіктерін нәпсінің ырқына жығылу арқылы құртпайық. Анығында Жаратушы ие бүгінгі күні бір-бірін де танымайтын сенушілерге ірі державалардың да қолы жетпеген, тіпті Осман мемлекетінің де шамасы келмеген небір нәтижелі игілікті істерді бұйыртты. Осыншама игіліктер үшін басқа ештеңе демей отырғанда-тұрғанда ылғи «Әлхамдулиллаһ» десек, те оған толық шүкір ете алмаймыз. Сади әр тыныс алған сайы екі рет шүкір етуіміз керектігін айтады. Ал біз айтып отырған игілік болса, бұл тыныс алудан да жоғары тұрған жақсылық.

Әсілі жүгіміз ауыр, арқалаған аманатымыз қасиетті. Бұл аманатты елу қорғаушы топпен алып жүрсеңіз де бәрбір жеткіліксіз. Өйткені бұл аманат Алланың аманаты, Расулалланың аманаты, мүжаддиттер мен сәлаф салихинның аманаты. Ендеше, келіңіздер, Алла үшін бұл мәселеде адамдарымызды ұятқа қалдырмайық. Арлы өмір сүрейік, өз құмарлықтарымызға жол бермейік, жеке бас құмарлықтарымызды жерге көміп тастайық. Көміп тастаумен шектелмей үстін қойтастармен бастырып тастайық. Сөйтіп иманымызды сақтайық, ақыретімізді құртпайық. Мүмкіндік туа қалса болды, қойны-қонышын, әмияндары мен дорбаларын ақшаға толтырып, ақыреттерін құртатындар секілді болмайық. Көзі тұнып дүниеге алданғандар секілді біз де алданбайық. Қарұндар секілді қарынбайларға айналмайық. Перғауындар секілді перғауынға айналмайық. Қайта ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) секілді, Әбу Бәкір, Омар, Осман және Алилер секілді (Алла ол кісілерге разы болсын) іс-әрекет жасайық!

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.