Басқару ісіндегі байыптылық пен мейірімділік

Мұсылман – адал әрі сенімді жан

Сұрақ: Мінезі жұмсақтау басқарушымен қарамағындағы жұмысшылары жақсы мәміледе болады. Себебі ол жұмыс тәртібінде оларға біраз жеңілдік береді. Ал, егер басшы қаталдық танытып, тәртіпті қатаң бақылауға алар болса, жұмысшылардың оған деген жеккөрініші артады. Нәтижесінде ол мекемеде ұйымшылдық болмай, жұмысшылар өзара іштей ренжулі болып, береке қашады. Мінсіз басшы болу үшін қандай ұстанымдар керек?

Жауап: Басшылық – әуелде ата-анадан басталып, содан соң отбасында одан әрі қоғамда әркез алдымыздан шығатын міндет һәм жауапкершілік. Мектепте директор, сыныпта староста, әскерде командир, фабрикада жұмыс беруші адам басшы болғанындай тек бір адамға ғана жауапты кісінің өзі белгілі бір дәрежеде басшы болып саналады. Ол да басқару ісімен айналысып жатқан жауапты адам. Алайда басшылық ісі әсіресе әділ басқара білу біз ойлағандай жеңіл нәрсе емес. Қайта қиынның қиыны. Сондықтан да тарихта бұл істе жетістікке жеткендер өте аз.

Ісінен бас алмайтын адам ба әлде «істің адамы» ма?

Басшылықты дұрыс алып жүру үшін жұмыс этикасын білу, ондағы тәртіптің қатаң болуы әлбетте маңызды. Алайда, дұрыс басшы болу үшін бұл сипаттар жеткіліксіз. Мәселен, базбір адамдар жұмысына өзін толықтай арнап, қатаң тәртіптің арқасында атқарған ісін жетер жеріне жеткізе орындайды. Жиырма сағат табандап жұмыс істеп, үйіне оралғанда да сол ісімен әлек болып жатады. Нәтижесінде ондай адамдар айналасынан демалуды білмейтін шаруақор деген атау алады, бірақ оның жаны мұндай өмірден жай таппайды және бірте-бірте ол жалғыздықты сезе бастайды. Алайда, жұмысқа көзсіз беріліп соның тұтқыны болу, сол арқылы оның құмарына кіріп ертелі-кеш салыну мақтауға тұрмайды.

Иә, қолына алған ісін барынша нәтижелі ету үшін ертелі-кеш еңбек етіп жұмысты кемшіліксіз атқару жолында бар қажыр-қайратын төккен адамды еңбекке өзін-өзі салған адам деп емес керісінше оны «істің адамы», «өз ісінің хас шебері» десек болады.

Әсіресе, жалқаулық пен жұмысты баяу істеу мәселесі сөз болған қазіргі кезде әркім өзі ісіне аса бір жауапкершілікпен қарап, ата-анасының, бала-шағасының және басқа да адамдардың алдында қызметін кемшіліксіз атқаруға тырысса қандай жақсы, шіркін! Жоғарыда сөз еткеніміздей, бұл жұмысқа көзсіз салыну емес, қайта мұндай сипат өресі биік жандардың бойынан табылатын әрі жоғары бағаланатын мақтаулы сипат. Мұндай сипаттағы өресі биік жандардың атқарып жатқан ісіне адалдығы сондай, олар дәрет пен истибра арасындағы уақытты да бос жібермей дұрыс пайдаланады. Егер ондай адамға бір істі тапсырсаң, ол істің үлкен-кішілігіне қарамайды. Жатса да, тұрса да ішкі уайымы сол болады. Міне, мұндай адамға әлгіндей сипат жат. Оған қарап «Неткен барлық нәрсені үйлестіріп, ебін тапқыш икемді жан», «Неткен өз ісінің қаһарманы» деп таң-тамаша боласыз.

Көз жеткізу тәсілі және дерт ортақтығы

Шынайы көшбасшы жеке-дара өз білгенімен жүретін адам емес. Ол қол астындағы адамдардың қабілет-қарымы мен күш-қуатын тиімді қолдана отырып, олардың барлығын ұлы мақсат төңірегінде топтастырып, дұрыс бағыт-беретін адам. Оның мұндай әрекеті айналасындағыларға көркем насихат болады әрі сол арқылы олардың жүрегіне жол тауып, жалпы жұмыстың мақсаты мен маңызына көз жеткізеді. Иә, осылайша басшының уайымы қоластындағылардың да уайымына айналады. Сөйтіп ол бүкіл әлемнің уайымына ұласады. Өзіне жауапкершілік жүктелген басшы: «Аллаһ тағала бізге осыншалықты мүмкіндік пен жақсылықтарды нәсіп етіп, бізге өте қолайлы орта жасады. Ендеше, бізге бұйырған мұншалықты артықшылықты зая кетірмей дұрыс әрі пайдалы ете білуіміз керек. Ал, егер де бұл нығметтерді қадірін біліп, бағалай білмесек, Раббымыз мұның есебін ертең жеке-жеке сұрамай ма? Мұндай ауыр жауапкершілікке ертең қалай өз деңгейінде жауап береміз?» деп, істеген ісіне асқан жауаптылықпен қарай отырып, қоластындағылардың да бұл істің маңыздылығына көзін жеткізуі қажет. Сонда олардың жүрегіне жол табады әрі олардың санасындағы қандай да бір қарсылықтардың алдын алып оны жояды. Жұмысын өз деңгейінде атқара алмай жатқан қызметкерлер болса, басшысымен сөйлестіріп, сол арқылы жеткізу қажет. Егер қажет деп тапса, сол бір мәселеге бір немесе бірнеше семинар өткізу артықтық етпейді. Конференциялар ұйымдастырып, осы мәселенің маңыздылығын ортаға салады. Әйтпесе жұмысты басшының көрсеткен бағытымен атқармай керітарпалыққа салса, істің алға басуына айтарлықтай кедергі келтіреді. Сөйтіп ондай жекелеген адамдардың мәселесі басшының мойнына жүк болып ақыр аяғы басқарушы адам жауапкершілікті көтере алмастай күйге түседі. Сондықтан да көшбасшы адам қоластындағыларды бір мақсатқа жұмылдырып, әрі оларға өздерін бейне бір марафонда бірге жүгірушілердей сезіндіруге тырысуы қажет. Осы негізбен барлығы бүкіл қажыр-қайратын атқарып жатқан ортақ іске жұмсап алға қарыштауы керек.

Мұндай ауызбіршілікті ұжымды қалыптастыра білуі үшін басшыға әрбір қызметкердің еңбегін бағалап, ешбірін назардан тыс қалдырмау шарт. Қайта қызметкерлердің жұмсаған қажыр-қайратына ерекше көңіл бөліп, жемісті қызмет етуге қамшылауы ләзім. Мәселен, кейбір кездерде атқарған шаруа өз деңгейінде болып шықпаса да: «Жолдастар! Осы іске төккен терлеріңіз бен жұмсаған қажыр-қайраттарыңызға дән ризамын. Бұл істе сіздердің еңбектеріңіз орасан» деген секілді жылы лебіз айтып, қаншалықты кемшіліктер орына алса да көбінесе мәселенің оң жағын қозғау қажеттігін ескеру маңызды. Бұл адамдардың өзіне құрметсіздік танытуының алдын алып, олардың алдында абырой-беделін сақтап қалуда маңызды. Себебі, басшы айналасындағыларды үнемі кінәласа, олардың да мұны кінәлауына алып келеді. Сөйтіп оларды өзінен қашырып, аралары алыстайды.

Ата-ананың мейірімінен де өткен мейірім

Шынайы басшы бір-бірімен келісе алмай қалғандар мен өзара мінезі сәйкеспейтіндердің арасын дер кезінде жарастырып, тепе-теңдікті сақтай білетін ер. Осы тұрғыдан алғанда ол ерекше парасат-пайым, асқан байсалдылық және тың жүйелілікпен айналасындағылармен көркем қарым-қатынас жасайды. Өзінің отырған орнына қарай барынша байыптылық танытады. Әрі сол байыптылығын сақтау үшін қоластындағылармен арақатынаста тепе-теңдікті сақтап, қарым-қатынас нормаларына ерекше мән береді.

Басқа бір қырынан қарағанда ол қарамағындағы жұмысшыларға жұмсақтық танытып, қиын сәттерде олардың жанынан табылады. Солар үшін қам жейді. Мәселен, олардың бірінің қабағы түюлі екенін байқаса ана мен әкеден де бетер бәйек болып, мейірім танытады. Сөйтіп, оның басындағы қиыншылықты анықтауға тырысады. Әйел, бала-шағасымен немесе басқа біреулермен арасында бір келіспеушілік болды ма әлде мойнында қарызы не өзге қиыншылықтары бар ма? Міне, осындай қиыншылыққа түскен адамның мәселесін оның ата-анасының құлағына жетпей жатып шешуге тырысып, жан-жақты жолдарын қарастырады. Жауапты басшы мұндай түйткілдерді шешуді өзіне міндет деп біледі.

Бұған көптеп мысал келтіруге болады. Мәселен, сіз мұғалімсіз. Оқушыларыңызбен арада белгілі бір қарым-қатынас нормасын сақтайсыз. Олардың алдында өзіңізді барынша салмақты ұстайсыз, әрбірімен ойын ойнап, қалжыңдаспайсыз. Өйткені, бірге ойын ойнаған соң мұғалім мен оқушының арасындағы айырмашылық жойылып, өзара теңескендей сезім пайда болады. Сөйтіп, оқушының алдында мұғалімнің беделі белгілі бір дәрежеде төмендейді. Сосын оқушы мұғалімнің тілін алудан қалады. Алайда қиын сәттерде мейірім танытып, олардың жанынан табылу, мұңын тыңдау бұл қажет нәрсе. Қабағы түсіңкі бір оқушыңызды байқаған сәтте оның басынан сипап, бар мұңын сізге шағатындай оған шынайылық көрсетіп, жанын ұғуға тырысасыз. Бала ата-анасына айта алмаған кейбір сырларын сізге айта алатындай жақын бола бастайды. Сізді сенімді сырлас дос көреді. Міне, қандай да бір басшы немесе бір іске жауапты адам жоғарыда айтылған осы екі мәселеге көңіл аударатын болса, онда басқару ісінде айтарлықтай жетістікке жетеді. Әйтпесе, үнемі тек біржақты қатаң тәртіпті талап етіп, қаталдық таныта берер болсаңыз, айналаңыз сізді «жұмысқа көзсіз берілген адам» деп тани бастайды. Нәтижесінде олардың алдында беделіңізге нұқсан келіп, сөзіңіз өтімсіз басшыға айналасыз. Сөйтіп, соншама күш жұмсап атқарған істеріңізді жуып-шаясыз. Еңбегіңіз еш кетеді.

Әсіресе, адам мұндай тепе-теңдікті сақтамастан жаңылыс істеген істерінің бұрыс екенін мойындамай сол ұстанымда қатып қалар болса, онда жағдай тіпті шиеленісіп кетеді. Айталық, сіз істеген қателігі үшін бір оқушыңызға сөгіс жариялап, оған қатаң ескерту жасадыңыз. Жүрегін ауыртып қатты сөздер айттыңыз. Міне, осындай сәтте дереу артынша оның көңілін аулап, қайта жылы сөздер айтып одан «Мені кешір, сені жақсы болсын деп қана ұрыстым. Егер кешірмесең артыңнан қалмай, кешірім сұрауды қоймаймын!» деп қалайда жүрегіне жол табуға тырысу керек. Сонда оқушы жасаған қателігіне сөгіс естіп, оны түзетуге мүмкіндік табады әрі сөгіс арқылы жараланған жүрегіне дауа тауып, сізбен арадағы қарым-қатынас қайта қалпына келеді. Иә, біздің ұстаным барынша мейірімділік таныту. Құрған жүйеде мейірімділік, қызметкердің бойында мейірімділік және тәртіпте де мейірімділік. Қысқасы мейірім, мейірім, мейірім...

Адамзаттың мақтанышы Аллаһ елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) таңғажайып өміріне қарайықшы. Әлемдерге рақым етіп жіберілген ол кісінің кемшілігін еш уақытта бетіне баспаған. Мәселені жалпы көпшілікке айтқан болып оған білдіртетін. Жанындағы адамдарды әлдебіреулер ренжітсе, оны қызғыштай қорғайтын.

Бірде жаңадан мұсылмандықты қабылдаған бір кісі келіп жәрдем сұрады. Аллаһ елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оған сұрағанын берді. Алайда әлгі кісі алғанын азырқанып тағы да сұрады. Оның бұл дөрекілігіне кейбір сахабалар ашуланды. Бірақ Рақым пайғамбары әлгі кісіге қажетінше тағы да берді. Артынша сахабаларына бұрылып мынадай бір мысал келтірді: «Бір кісінің түйесі қашып кетеді. Түйесін ұстап бермекке айналасындағылар жануарды қуа жөнеледі. Алайда соншама адамның өзіне тап бергенінен үркіген түйе одан әрмен жан дәрмен қашады. Ақыры түйенің иесі бір құшақ шөп алып келіп әлгі көпке: «Түйемді өзіме қалдырыңдар. Араласпаңдар, өзім ұстаймын» дейді. Сөйтіп, түйесіне жақындап барып, арқанын мойнына салып ұстап алады».

Аллаһ елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) осы мысалдан кейін сахабаларына қарап: «Егер әлгі кісіні өзіме қалдырмасаңдар, сендер де оны менен алыстатып, отқа итерген болар едіңдер. Мені мен үмбетімнің арасына бөгет жасамаңдар» дейді. (Қады Яз, Шифа Шәриф, 1/124-125)

Мәселеге осы тұрғыдан қарап «қатаң тәртіппен жүреміз, сол арқылы адамдарды түзеп, тәрбиелейміз» деп оларға шектен тыс қаталдық пен үздіксіз қатаң тәртіп орнатар болсақ, онда өзімізден қашырып аламыз. Ал егер де байсалдылық пен байыптылықты сақтай отырып, оларға ерекше мейрім мен жұмсақтық, қамқор көңіл танытатын болсақ, кез-келген түйткіл шешіледі. Осылайша олар ата-ана, туғандарынан көрмеген бір мейірімді сізден күтетіндей дәрежеге жетеді.

Сөзіміздің түйіні, біздің тәрбие мәселесіндегі көзқарасымызда тәртіп пен жүйе сөз жоқ зор маңызға ие, алайда басқа бір қырынан ерекше мейірімділік пен қамқорлық та тәрбие ісінде аса қажет. Бұл екеуі де тәрбиеші үшін, қандай да бір басшы үшін құстың қос қанатындай зәру нәрселер. Себебі, бұл екеуін теңдей қолданғанда барып басшылық ісінде адам нәтижеге қол жеткізеді. Бұл иләһи бір ахлақ. Ұлы Жаратушы «Мені еске алыңдар, сендерді еске алайын» (Бақара, 2/152) дейді.

Демек, біз қоластымыздағыларды қанатымыздың астына алып, бауырымызға бассақ, оларға мейірім танытсақ, олар да бізге барынша адалдық танытып, істеген ісін кемшіліксіз атқаруға тырысатын болады.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.