Сүйіспеншілік

Тіршіліктің негізгі тірегі – сүйіспен-шілік. Сүйіспеншілік – тіршіліктің сәні мен мәнін келтіретін нұр әрі ең басты қуат көзі. Жарық дүниеде барша кедергі-кесепатты жеңетін күш те осы сүйіспеншілік. Көңілі сүйіспеншіліктің түбіндегі әрбір тасын санап алуға болатын кәусар бұлағынан мейірін қандырған жанның рухы кемелдік көгінде қырандай қалықтап, мәңгіліктің жасыл жайлауына қанат қағады. Мұндай көңілі көктем, сезімі сел боп аққан ізгі жандар мәңгілік бақыт әлеміне қатысты сезіп-білгендерін, рухани дүниесіне жиған-терген жауһарларын жер-жаһандағы барша жанмен бөлісу үшін алып-ұшып тұрады. Осы мақсатта «мың өліп, мың тіріледі». Өлсе де, тірілсе де, жүрекжарды ұраны, басты қаруы осы сүйіспеншілік сөзі болмақ.

Жан дүниесі сүйіспеншіліктен жұрдай жандардың рухы тартылған судай сор тартып тұрады әрі тартылған судың түбіндегі қолтырауынға жем болады. Мұндайлар жүз жыл, мейлі ғасырдан да ұзақ өмір сүрсе де, рухани танымы бір қарыс алға жылжи алмайды. Көңілінде тырнақтай сүйіспеншілік жоқ мұндай жандар өктем өзімшілдіктің, менмендіктің тар қыспағында тұралап қалғандықтан, ешкімді шынайы сүйе алмайды. Жаратылыстың өзегі жан толқытып, мән толғайтын махаббатты сезіне алмастан шырағы сөнген тұлдырдай семіп, сөніп, жоқ болады.

Сүйіспеншілікті адам алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап сезіп-көре бастайды. Мейірімін төккен ата-анасының ыстық құшағында олардың аялы алақанын сезіне жүріп, өмірге төселеді. Есейе келе толағай сүйіспеншілікті айналасынан көру-көрмеуі екіталай. Әйтсе де, адам өмір бойы сүйіспеншілікті іздеп, дауыл алдындағы шағаладай шарқ ұрып өтері анық.

Барша ғалам шынайы сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі десе болғандай. Мәселен, шуағын төккен күн көзі және судың буға, одан бұлтқа айналуы, сонан соң жауын болып топыраққа нәр шашуы – ғаламдағы сүйіспеншіліктің жарқын мысалдары. Масатыдай құлпырған сан алуан гүлдер көз жауын алатын әсемдігімен қараған жанның жанын жадыратып, көңілін шалқытады. Жапырақ бетіндегі таңғы шықтың күмістей мөлдіреген пәк бейнесінен сүйіспеншілікті қалай сезінбессің?! Иен даланы басына көтере жамырай маңыраған қозы-лақтың берекелі де бейбіт тірліктің бесігін тербеткен үнінен, құлақ құрышын қандыра сайрап, жүрекке шаттық сыйлайтын құстардың әсем әнінен сүйіспеншіліктің әуезді әуенін тыңдау қандай ғанибет!

Барша тіршілік ғаламдағы ғажайып сүйіспен-шілікті өзіндік нақышын келтіре отырып, «құлақтан кіріп, бойды алар әсем ән мен тәтті күйге» бөлеп, жаратылыстың өзегі болған махаббат пен ғашықтықты жарыса жар салып, жариялап жатқандай.

Адамның жан дүниесінде терең із қалдыратын тылсым бір күш бар. Ол – махаббат. Тегінде, адам баласы махаббат үшін бар асылын құрбан етеді. Махаббат жолында қаншама Мәжнүн «Ләйла» деп шарқ ұрады. Осынау сүйіспеншілікті жан-дүниесімен сезіне алмаған, сезінуге дәрменсіз жандар мұндай сезімдерді мәжнүндікке балап, адасатыны өкінішті-ақ!

Өзгелер үшін өмір сүру, өзгелер үшін жанын пида ету – адам баласына ғана тән асқақ сезім. Бұл сезімнің қайнар бастауы сүйіспеншілікте жатыр. Ендеше, жұдырықтай жүрегі сүйіспеншілік деп соққан жандарды адамзаттың ең абзалына балау орынды-ақ. Ізгілік қаһармандары бойларындағы өшпенділік, жек көру секілді әдеттерді біржолата жоя біледі. Үмітсіздік, тіпті өлім де ізгілікті ту еткен мұндай қаһармандардың сағын сындырып, тауын шаға алмақ емес. Олар күн өткен сайын жан дүниелерінде сүйіспеншіліктің жалынын лаулата түседі. Адамзаттың барлығын бауырындай көретін пейілдері көл-көсір, жайылған дастархандай дарқан. Сондықтан да баршаның көңіліне қалай шаттық сыйлау керектігін жақсы біледі. Жаратушы тарту еткен мәңгілік бар болудың бақытына бөленгені сонша өмірдің пәнилігі мен өлім де олардың ізгілік деп соққан жүректеріндегі жалынды жігерді әсте жасыта алмайды.

Баласы үшін өлімге бас тіккен ананың жанкештілігі мейірімділіктің сақарын ұқтырмай ма? Осы секілді елі үшін еңіреп, етігімен су кешкен ұландар – ұлтының жанкештілері. Ал енді адамзаттың бақыты үшін басын бәйгеге тіккен, бары мен жоғын ортаға салып, баршаның көңіліне тақ құрған ізгілік жаршыларын өзі өлсе де аты өлмейтін нағыз қаһармандар деуге әбден лайық. Ізгілік жаршыларының қолында кез келген дұшпанды тізе бүктіретін қару және барлық қақпаны айқара ашатын сиқырлы кілт бар. Ол – сүйіспеншілік. Міне, дәл осы қару мен кілтке ие болғандар бүгін болмаса да болашақта жер-жаһанның барлық қақпа-ларын айқара ашып, жүректерін тербеген махаббат шам-шырағы арқылы төрткүл дүниені бейбітшілік пен бақытқа бөлейді.

Сүйіспеншілік – елдің ыстық ықыласына бөленудің ең төте жолы. Өйткені, сүйіспеншілік – пайғамбарлардың қастерлі жолы. Бұл жолдың жолаушылары жолдан жазып, тығырыққа тірелуі мүмкін емес. Тұйыққа тірелген күннің өзінде жабылған бір есіктің орнына басқа жерден мың есік ашылады. Иә, сүйіспеншілікпен барша адамзатты бауырға басып, жүректерге жол таба білсек, дүниеде шешімін таппаған мәселе қалмас еді.

Сүйіспеншілікті өмірлік ұстанымына айналдырған жандар қандай бақытты! Ал енді жүрегі сүйіспеншіліктен жұрдай бақытсыз бейбақтардың қараңғы дүниесі мен сал болған рухани әлемі неткен аянышты...

Уа, Ұлы Раббым! Өзіңнің шексіз сүйіспеншілігің-мен бүгінгі төрткүл дүниенің төрт бұрышын жайлаған өшпенділіктің қараңғы түнегінен сақтай гөр! Азуы түскенше азғындаған опасыз құлдарыңның көңілдерін сүйіспеншілік пен ізгілікке бұрып, жарылқай гөр!..

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.