Мейірімділік

Мейірімділік – жаратылысты уыздай ұйытқан ең басты құндылық. Мейірімділік болмаса, күллі әлем мағынасыз маңып, хаос белең алар еді. Өйткені, ғаламдағы барлық нәрсе мейіріммен жаратылған, мейірім саясында белгілі бір тәртіп пен үйлесім арқылы мән табады.

Ғайыптан келген мейірім шуағы арқылы жер мен көкті жарастырған тәртіп пен жүйе орнады. Алып ғаламнан ұсақ бөлшектерге дейінгі күллі жаратылыс адам ақылы жетпейтін осынау ғажап үйлесімділікке, сағаттың тіліндей мінсіз айналған керемет жүйелілікке мейірім арқылы қауышты.
 
Жаратылыстағы барлық нәрсе ұдайы қозғалысы-мен ұпайын түгендеп, мәңгілік болмысқа қауышуға дайындалып жатқандай ғажап әсер қалдырады. Тұтас тіршілік осы бағытта жанталасып жатыр десе де болады. Әр қозғалыстан алдияр тәртіп пен үйлесімділік байқалса, әрбір ұмтылыстан мейірімділіктің сәукеле киген сәулесі төгіледі.

Тек жел соққанда, тыныс алғанда ғана сезінетін жұтқан ауамыздағы көзге көрінбейтін мейірім мен мың бұрала аққан су сылдырының өзі неге тұрады! Көз алдымызда сайрап жатқан осынау мейірім шуағында қаншама ғибрат бар десеңізші?!

Ақша бұлттар айшықтаған көк аспан төбемізден мейірімін бірде күн шуағы боп төксе, бірде жаңбыр боп, райыс нұрындай құйылып, жер бетінің мейірін қандырады. Аспан төсін айқыш-ұйқыш тілгілеген найзағайдың жарқылы тылсым рақымнан сүйінші хабар жеткізгендей. Тұтас әлем Шексіз Рақым Иесін мадақтап, дастан жырлап жатқандай ғажап күйге бөленеді. О шеті мен бұ шеті айшылық алыс құрлықтар мен теңіздер, өсімдіктер мен жан-жануарлар бір-бірімен біте қайнасып, әрбірі өз тілінде мейірімділік туралы ән шырқап жатқандай әсер береді.

Қарапайым жауынқұртына назар аударып көріңізші. Табан астында тырбаңдаған, мейірімге зар жәндік емес пе? Осы түріне қарамастан, басқа тіршілік иелеріне шарапатын тигізетін талай іс тындырады. Топырақ жауынқұртын мейіріммен бауырына басады, ал жауынқұрты бір уыс топыраққа жүздеген тұқым тастайды. Осы арқылы жер ана нәр алып, құнарлана түседі. Яғни, топырақ жауынқұртына, жауын құрты топыраққа мейірім төгеді. Бүгінде табиғаттағы тепе-теңдікті бұзып, «артық қыламыз деп тыртық қылу» жаппай дендеді. Топырақты тыңайтамыз деген желеумен түрлі өсімдіктер мен олардың тамырын химиямен күйдіріп, сор мен сортаңға айналдырып жатқандарға не айтуға болады? Алысқа көз тіге алмайтын, көз тіккенмен көңіліне түк іле алмайтын, тек бір күндік ырысын ойлағандардың топыраққа да, жер құртына да қиянат жасап отырғанын сезбейтіні, көрсе де көрмегенситіні өкінішті...

Сан алуан гүлдің нәрін жиған бал арасы мен өз-өзін жіппен шандып, қапасқа қамайтын жібек құртына назар аударайықшы. Бұл жәндіктер мейірімділік атты күй төккен оркестрге қосылу үшін нендей ауыртпалық-тарды арқалайтынын ойлап көрдік пе? Олардың адамға балдың дәмін татқызып, жібектен киім кигізетін жанкешті еңбегін елемеуге қалай дәтіміз барады.

Балапанын құтқару үшін басын бәйгеге тігіп, итке қарсы айбат шегетін тауықтың мейірімділігі мен батылдығының бір-бірін қалай толықтырып тұрғандығын еске алыңызшы? Өзі аш бола тұра, аузындағысын жырып, тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен баласына жегізетін жан-жануарлардың мәрттігі туралы бір сәт ойланып көрдік пе?

Ғаламдағы барлық нәрсе айналасына шашу шашқан мейірімділіктің жырын жырлап, әнін шырқайды. Әрбірі мейірімділікті өзінше паш етеді. Осы тұрғыдан жаратылысты мейірімділікті әніне қосқан симфониялық оркестр десе болғандай. Олардың барлығы мейірім-ділікті мекен еткен үйлесімділіктің үлгісін паш етеді. Осының барлығын ой елегінен өткізгенде, тәнті етіп, таңдай қақтырған мейірімділікті паш ететін түрлі құбылыстардың астарындағы осынау үйлесімділіктің егесін, күллі әлемді тұтас қамтып, баурап алатын шексіз рақымдылықты жан дүниемізбен сезінбеу мүмкін емес. Әттең-ай, мұның парқына да бармайтындардың жағдайы қандай өкінішті!
Ендеше, осының барлығын көріп-біліп, ерік-жігері-мен, түйсігімен, сана-сезімімен түпкі мәніне бойлап, байыбына барған адам баласы да мейірімділіктің осынау ғажап симфониясына өз үнін қосуға міндетті.

Әрі-беріден соң айналасына, адамзатқа, барша жаратылысқа мейірім шуағын шашуы адамның ардақты борышы болып табылады. Мейірімді болған сайын адамдық абыройы асқақтайды. Жауыздыққа, ынсапсыздыққа бой ұрған сайын кісілігін кір шалып, адамгершіліктен алшақтайды.

Адамзаттың ең тура сөзді тұлғасының баяндарына зер салайық: бірде күнәһар әйел шөлден қаталап, титықтаған итке мейірімі түсіп, құдықтан су алып бергені үшін жаннатқа қанат қағады, енді бірі қарауындағы мысықты аштан өлтіргені үшін тозаққа түседі.
 
Мейірімді болсаңыз ғана мейірімге бөленесіз. Кез келген жаратылысқа мейірімділік танытып, меселін қайтармаған жан мәңгілік әлемінен сол сәтте қарша бораған мыңдаған сүйіншінің астында қалады. 

Міне, осы сырды жақсы түсінген ата-бабаларымыз табаны тиген барлық жерде мейірімділіктің түтінін түтетіп, ошақтарын орнатты. Адамды былай қойғанда, жан-жануарлардың өзін қорғап, пана болу үшін түрлі қоғамдық қорлар құрды. Ата-бабаларымыздың бойындағы терең мейірімділіктің олардың адамгер-шілігімен ұштасқанының жарқын көрінісін осыдан-ақ көруге болар.

Құс екеш құстардың мүшкіл жағдайы да олардың қағылез назарынан тыс қалмағанын аңғаруға болады. Үйірінен адасқан құстар үшін баспана жасап, қамқорлыққа алуы неткен ізгілік! Олардың бойындағы осынау ізгі қасиет қалай қалыптасты?

Әттең, ата-бабаларымыздың жан-жануарларға деген мейірімін адамдарға көрсете білсек қой! Бір-бірімізге мейірімді болуды былай қойғанда, болашақ ұрпақтарды да тасбауыр етіп, ессіздіктің құрбанына айналдырдық. Қазіргі қоғамдық өмірімізден көріп жүргеніміздей, бір-бірімізді жағадан алып, жардан құлату секілді жаман әдеттердің жаппай белең алуы – өз қателіктеріміздің нәтижесі болса керек...

Осы орайда айта кетер бір жайт: орынсыз, жөнсіз мейірімділік даңғойлыққа, дарақылыққа даңғыл жол ашумен қоса, тұнық суды лайлағанмен бірдей өрескел әрекетке бастауда.
 
Шынайы мейірім шырын тіршіліктің нәрі яки абылхаят болса, орынсыз мейірім таныту зәрлі умен тең. Осынау тепе-теңдікті теңгермешілдікпен шатастырмай, дұрыс түсіне білген жөн. Мәселен, оттегі мен сутегі бірігіп, белгілі бір түзілісті құрап, жаңа элементтің пайда болуына жол ашады. Алайда түзіліс бұзылса немесе бір-бірінен бөлініп, ажыратылса, айналаға қатер төндіріп, қауіп тудыруы да мүмкін. Міне, дәл сол секілді мейірімді болуда да тепе-теңдікті ұстанудың, қандай мөлшерде және кімдерге мейірім көрсетудің маңызы зор. Жауыздыққа бой ұрған, жақсылықты білмейтін жандарға мейірім көрсету оның талқандауды ғана білетін тағылығына қолдау білдіріп, қолпаштағанмен бірдей өрескелдік. Улы жыландай көрінгенге зәрін шашатындарға мейірім танытуға болмайды. Мұндай мейірімділік жауыздардың қолына қару ұстатқанмен бірдей, «қолынан келсе, қонышынан басуына» жағдай тудырады.

Сол себепті, қандықол қанішерлерге көрсетілген мейірімің – жәбір-жапа шеккендерге танытқан ең үлкен қатыгездігің болмақ. Бұл – қасқырдың қамын ойлап, қозыларды қараусыз қалдырғанмен тең сұмпайылық. Әлгі қылығың қасқырды риза еткенімен, шеңгеліндегі зар илегендердің наразылығы мен наласына қаларың анық.

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.