Ақиқатқа құштарлық

Ақиқат – барлық нәрсенің обьективті шындығы әрі негізі. Сонымен қатар, асқар тау, аспан текті ақиқат – көріп, сезіп, ақылмен ұғуға келетін немесе келмейтін (адам санасынан тәуелсіз өмір сүретін) нәрселердің сыртқы көрінісінен бөлек, оның түпкі мәні мен мазмұнын білу.

Адам, ғалам және құбылыстардың түпкі мәні неде? Бұл ұғымдар жеке-дара немесе тұтас алған-да қандай мағына береді? Атомдардан көктегі алып галактикаларға, адам ағзасының ең кішкене бөліктерінен адамның материялық-рухани деңгейіне дейін барша жаратылыстың, жаратылыстағы тәртіп пен үйлесімділіктің, сұлулық пен хикметтің астарында нендей ақиқат бар? Шын мәнінде, жаратылыстағы осынау обьективтік шындықты кездейсоқтыққа жатқызу ақылға сыймайды. Ендеше, микро әлемнен макро дүниелерге дейін барша жаратылыстың негізі болып табылатын бір ақиқат болуы қажет. Иә, барша жаратылыстың негізі болып табылатын абсолюттік ақиқат бар. Мұны өзіне тән ерекшеліктерімен тану – әрбір адамның борышы, ал мұндай міндетті терең сезініп, ынты-шынтысымен іздену – «ақиқатқа құштарлық» болып табылады.

Күллі жаратылысты, құбылыстарды сарабдал оймен пайымдап, барлық нәрсенің түпкі мәні мен болмысын танып-білуге деген сезімді, ынта-ықыласты, қажыр-қайратты да ақиқатқа деген махаббаттың бір-бір шырағы, ерттеп мінер пырағы деуге болады. Бұл «абсолютті ақиқатқа» (Жаратушы) деген танымның ең жаза бастырып, жаңылтпайтын тура жолы болып саналады. Адамның жан сарайы кеңіп, ақиқатқа көзі ашыла бастағанда, оның бойында әрбір жаратылыстың астарындағы терең мән-мағынаны ұғып-білуге деген құштарлық та оянады. Мұндай жан дүниетанымындағы обьективтік және субьективтік мән-жайларды сали-қалы әрі салмақты түрде пайымдап, құлшылықпен ұштастыра біледі. Ғылымның жаңа белестері мен жаңаша пайымын қаперге ала отырып, болмысқа, құ-былыстарға қатысты көзқарастарын ақыл таразысына тартады. Осы кезеңдегі адам баласының білмекке құштарлығына еш нәрсе кедергі бола алмайды, ол төзімділік танытып, әліптің артын бағады.
Сондықтан да табандылық, ақылын орнымен қолдану, бірқатар құбылмалы мәселелерде дүниенің аяғы су құрдымға кетіп, заман ақыр, жер тақыр болса да, үмітсіздікке салынбау, тосын жайларда тосылып, дағдарып қалмау, қалай болғанда да танымын баспалдақ етіп, ақиқатқа жетуді өмірінің мақсаты деп білу ақиқатқа талпынудың ең қажетті негіздері болып табылады.

Бұл жолдың басты қағидаларын төмендегіше ықшамдай аламыз. Айталық, жаратылысты, құбылыс-тарды, барлық нәрсенің сыртқы формасы мен ішкі мәнін бірге қарастырып, ой елегінен өткізіп, саралауды – «тәдәббүр», әрдайым терең толғаныспен ой өрбіту, терең ойлануды – «тәфәккүр», кез келген нәрсені және оқиғаны парасаттылықпен пайымдауды – «тәбассур», уақыттың тауыңды шағып, тауаныңды қайтаратын тапжылмастығына сабыр сақтап, төзуді – «тәсаббур» ұғымдарымен айқындауға болады.

Күллі жаратылыс жалғыз Жаратушыға апарар жолды көрсететіндіктен, әр құбылыстың астарын-дағы терең мағына арқылы адамның ой-өрісі кеңейіп, көңілі жай табады. Әр жаратылыс өзіндік ерекшелігімен Жаратушыны мадақтап, сыр шертетін болады. Электрондар мен атомдардың қызметі мен таңғажайып қозғалыстары үйлесімділікті, материяны құрайтын молекулалардың микро әлемі мінсіз тәртіп пен жүйені паш етеді. Протоплазманың ядросы, оны қоршаған қорғаныш қабаты мен функциясы тамаша бір керуен сарайдың қызметін көз алдымызға елестетіп, еріксіз таңдай қақтырады. Ағзадағы жүрек, асқазан, бауыр, бүйрек секілді мүшелердің атқаратын жүздеген функциялары, мидың рухқа тәуелділігі, сондай-ақ Жаратушының әмірімен сәт сайын жүзеге асыратын мыңдаған операциялары неткен ғажап?! Адамның ар-ұжданындағы «ләтифәи-раббаниә»[1] , сана-сезім, ерік, түйсік, иман, ізгілік, махаббат, шабыт, Аллаһ тағалаға жақындық сезімдерінде қаншама тағылым бар десеңізші?! Құрлықтағы не болмаса теңіздегі миллиардтаған тіршілік иелерінің сан алуан жаратылысы, өмір сүру ерекшелігі, қоректенуі, эко-жүйедегі маңызы, бір-біріне өзара жәрдемдесуі, табиғаттағы тепе-теңдікті сақтауда ұдайы қозғалыста болуы секілді тіршілік заңының астарындағы терең даналыққа негізделген үйлесімділік неткен ғажап?! Асқан дәлдікке, тамаша үйлесімге негізделген жер шары мен күн арасындағы қашықтық пен байланыс, жұмыр жерге қалқан болған атмосфера қабаты, өмір сүру үшін барынша қолайлы жаратылған ауа құрамындағы түрлі газдар мен қажетті элементтер, қара жердің сауырынан өнген сан мың түрлі нығметтер, алып күннің айбатты көрінісі, орасан энергиясы, жылуы, шуағы, жер бетін мекендеген барша тіршілікке нәр беруі, альфа, бетта, гамма секілді түрлі толқындағы сәулелері неткен тамаша құбылыстар десеңізші?! Ғаламдағы үлкенді-кішілі барлық нәрсе өз тылсым құпиясымен адамды еріксіз тағзым еттіріп, бір ұлы құдіретті күшті паш ету арқылы ар-ұжданға қалай дейтіні жоқ талай хикметтен сыр шертеді. Міне, мұның барлығы ақиқатқа ынтық жандарға шабыт беріп, Жаратушы мен жаратылыс туралы терең толғанған жандардың жан дүниесін бақыт пен ләззатқа бөлейді.

Жер бетіндегі тылсым көріністерге күн сайын куә болып жүрміз. Қарасаң көз тоймайтын ең ғажап көрмені аралағандай ең салтанатты сарайда серуендеп, мазмұны бай әлдебір кітапты оқығандай, жанға ыстық құт мекенді қоныс етіп, ғаламдағы ең тамаша жүйені паш еткендей әсер береді. Жер беті сәт сайын жаңарып, құлпырып, пейіштің сәулесі немесе Фирдәустің сиқырлы бақтары тәрізді ет жүрегімізді елжіретумен келеді. Сондықтан да болар, тылсым шұғыласына шарпылып, қымтаулы құпиясына құмарта түскен сайын көңіл сарайымыздағы ақиқатқа деген ынтықтықтың отын лаулата түседі.

Адам табиғат пен өмірдің таңғажайыптарына үңілгенде, сырттан құлып салатын сыңарезуліктен, білгені ғана бойынша білте тұтататын біржақтылықтан бас тартып, мұқият ден қойса, барша жаратылыстағы сымсыз үйлесімді, мінсіз жүйені көріп таңырқамауы, көрген-білгенін үсті-үстіне тамашалап, ғашық болмауы, жаратылыстың түпкі мәнін ұғынып, ақиқатына жетуге ұмтылмауы мүмкін емес. Бұл – ақиқатқа іңкәрлік, сол іңкәрліктен туған ізденіс болып табылады. Жаратылысқа дәл осылай назар салған жан күллі ғаламды өзгеше қырынан көріп, өміршең сырынан таниды. Жаратылыстың сырт көрінісінен ішкі мәніне үңіліп, көк пен жерді күн сала тамашалаған сайын жанарына жас үйіріліп, жаны толқып, санасы сайрап сала бермек. Гүлдердің масатыдай құлпырған әсемдігі өзгеше бір сиқырға бөлейді. Көктің күркіреуінен құстардың сазды әуендеріне дейін жаратылыстағы барлық нәр-сенің Жаратушы Құдіретке деген тағзыммен ғажап бір әуенді біріге жырлағандай әсер береді. Жер мен көк арасындағы тылсым байланыс, атмосфераның кереметі, жанға шипа жаңбырдың тысыры мен тасып аққан өзен-сулардың гүрілі, міне, мұның барлығы адам жанын айрықша шаттыққа бөлейді. Танымы тереңдеген сайын адам барша құбылыстың астарынан тұтас жаратылысты қамқорына алған Шексіз Құдірет пен Мейірімнің бар екенін сезініп, сарқылмас қазына тапқандай қуанады. Қала берді, адам баласының ақиқатқа құлаш сермеген құлшынысына ғаламдағы барша нәрсе де өзінше шаттанады. Жарық пен көлеңке, күн мен түннің алмасуы, өсімдіктер мен ағаштар, жеміс-жидектердің жұпар иісі мен тілге бал үйіретін дәмі секілді сансыз құбылыстар, адам ақиқатты жан-тәнімен сезінсе, әрбірі өзінше шаттыққа бөленеді. Ал адам баласы іздеген асылына, яғни ақиқатқа бір табан жақындаған сайын толқып, тебірене түседі. Махаббаттың рухани әлемдегі жұпар иісін сезінген ғашық жан секілді әлсін-әлсін үмітпен шалықтайды. Енді бірде «әлі бітпеді» деген сезімнің жетегінде жалындаған жігерімен алға ілгерілей түседі. Даңғыл жолда ілгерілеген сайын гүрілдеген өзендерге, сыңсыған ормандарға, үнсіздікпен тылсымға оранған қорымдарға, асқақтаған заңғар шыңдарға, әсем бақ-тарға, адам баласының рухани дүниесінің тұңғиық тереңдіктеріне иман назарымен үңіле отырып, тілмен айтып жеткізу мүмкін емес қаншама ақиқаттың аужа-йын түйіп, тылсымына қанығады.

Осы беталыспен адам күндердің күнінде жаратылыстағы барлық нәрсенің түр-түсінен, үнінен, нақышынан, көрінісінен, рухы мен мағынасынан санаға сыймайтын, сипаттауға келмейтін бастауы не ақыры жоқ мәңгілік Сұлтан «Мүтәал Мәужідтің»[2]  нұрлы шұғыласына бөленеді. Бұл мәртебеден ары асып, тағылым, таным, тағзым аясында барлық нәрсенің өздеріне тән тілімен «Аллаһ Мабуд»[3], «Аллаһ Мақсұт»[4] , «Аллаһ Махбуб»[5]  деген мадақ жырын еститін биік дәрежеге көтеріледі. Міне, осы дәрежеге жеткенде, көрген бейнеттің барлығы зейнетке айналып, ақиқат жолындағы арып-ашып көрген қиындықтары, өзегін талдырған ізденістер жанға ләззат беретін рухани саяхатқа айналып, майдай еріп сала береді.

Көкірек көзі ашылған мұндай жанға бір қиырынан екінші бір қиырына дейін тұтас жаратылыс, табиғат шеберліктің шыңындағы өнер галлереясы немесе сұлулық көрмесін аралаған ләззатты саяхатқа айналады. Осынау ғажап галлерея мен сұлулық көрмесін көңіл көзімен тамашалап, иман нұрымен назар салған жандар өздерін жаннат төрінде саяхаттап жүргендей сезінеді. Олар рухани таным арқылы сезіп-білген иләһи ақиқаттардың тылсымына шарпылып, көбіне рухани ләззаттың шарықтауынан естен тана ғажап күйге бөленеді. Бірақ мұндай жағдайдың өзінде парасат-тылықтан көз жазып қалмай, жаңа рухани биіктерге қанат қағады. Әрине, мұндай дәрежеде жүздесіп, дидар ғайып болған барлық болмыстың сәлемі де өзгеше. Олардан мағрифат[6]  дәрістерін тыңдайды. Жол бойы ат басын бұрған жанды-жансыз барша жаратылыстың тілінен төгілген мағрифат пен махаббат шәрбатын қана ішіп, рухани саяхатын одан ары жалғастыра түседі. Барша жаратылысқа сәлем береді немесе сәлемін алады. Алға қарай басқан әрбір қадамында іздеген Ақиқатына (Жаратушы) бір табан жақындай түседі. Жаратушының ас та төк жарылқауын жан-тәнімен сезіне бастайды. Күшті иман мен мағрифаты нәтижесінде рухына Жаратушыдан шабыттың шәрбаты құйылғандай күйге бөленеді. Осылайша күндердің күнінде Жаратушыға барынша жақындататын ең биік асуды бағындырып, көзге көрінбейтін талай дүниені көріп, құлақпен ести алмайтын дүниелерді естіп, сезе алмайтын қаншама нәрсені сезіп, бір жасап қалады. Адам бұл мәртебеге жеткенде, осы бір ләззат пен шаттықты, Жаратушының асқан құдіреттігін тамашалап, құрмет һәм қорқыныш сезімімен ұдайы тағзым ету дәрежесінен қол үзуді әсте қаламайды.

Міне, ақиқатқа деген дәл осындай құштарлық адамды бірте-бірте салиқалы ізденістерге, салмақты ойларға жетелейді. Ақиқатқа деген терең махаббатты тілге тиек еткенде, мәселенің осы қырына мән берген жөн...


[1] Адамның рухани дүниесіндегі иләһи қайнар бастаудан келетін бірқатар сезімдер
[2] «Мүтәал Мәужуд» – ең жоғары, барлық нәрседен үстем Жаратушы
[3] «Аллаһ Мабуд» – жалғыз өзіне құлшылық жасалатын Аллаһ
[4] «Аллаһ Мақсұт» – жалғыз ғана қалау, жалғыз ғана арман болған Аллаһ
[5] «Аллаһ Махбуб» – жақсы көруге, махаббатқа лайықты жалғыз ғана Аллаһ
[6] «Мағрифат» – Жаратушы және жаратылыс туралы ізгілік ілімі

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.