Дәуірдің жүйріктігі және «тақаррубуз-заман»

Қазіргі дәуірді «шапшаңдық ғасыры» деп атауға әбден болады. Шапшаңдықпен мың құбылған бұл дүниенің адамзатқа тарту еткен игіліктерінің пайдасымен қатар зияны да жетерлік. Бұл жағдай базбіреулер үшін қолдан келсе, қонышынан басып, рақатқа батып, жайлы өмір сүрудің кілті болғанымен, мұның астарына терең үңілетін болсақ, дәуірдің желмен жарысқан сәйгүліктің шабысындай шапшаңдығы көптеген әлеуметтік құбылыстардың сәт сайын басқаша сипат алып түрленіп, өзгеруіне әкеп соқ-тыруда. Мәселен, белгілі бір мәселені жоспарлау мен оны жүзеге асыруға кететін уақыттың қысқара түсуі, кез келген істің асқан шапшаңдықпен жүзеге асып жатуы, арақашықтықтың азайып, діттеген межеге лезде жету немесе ойға алған жоспардың астан-кестеңін шығара-тын тосын жайлардың көбеюі, тұтқиылдан соғыс өрті-нің тұтануы немесе аяқ астынан бейбіт уағдаластыққа қол жеткізу, міне, мұның барлығы шапшаңдықпен дамыған дәуірдің желісі. Осыған қарап-ақ, бәлкім, таяу болашақта түрлі оқиғалар мен құбылыстар жарық жылдамдығынан да тез дамитын өмірмен танысармыз деген ойға еріксіз берілесің. Ақыл-ойымызды қияндатып, қисынымызды қипақтататын дәуірдің жүйріктігін сипаттап жату ғылыми-фантастиканың еншісі болар, ал біздің айтпағымыз – ізгілік үстемдік құрмаса, дәуір жүйріктігі мен оның жетістіктері адам баласына үлкен қауіп төндіретіні.

Жалпы шапшаңдық ұғымы мекеннің жаратылуымен бірге басталып, адам баласының жаратылуымен белгілі бір мәнге ие болды. Әуелде адам баласының қарапайым қадамдарынан басталған жылдамдық ұғы-мы кейін келе оның ақыл-ойына қарай ойысып, дамып, ұлғайып, қазіргідей жағдайға жетті. Ал болашақта қазіргіден де шапшаң сипат алатыны анық.

Иә, жылдамдық үдерісі алғашқыда адамның қарапайым еңбек құралдарын қолдануымен басталса, бірте-бірте қолға үйретілген жан-жануарлардың өндірістік қатынастарда қолданысы арқылы дами түсті. Кейін келе дөңгелекті көлік құралдарының, артынша моторлы көліктердің, сонан соң қазіргі заманғы заманауи техникалардың ойлап табылуына дейінгі ұзақ даму кезеңін бастан өткерді. Ал енді жылдамдықтың қазіргі екпініне назар аударсақ, арақашықтықтарды тізгіндей бағындырып, қашықтық ұғымын жоюдың қамында екендігіне көз жеткіземіз. Осы тұрғыдан дыбыс пен бейне көріністердің қас пен көздің арасында лезде жеткізілуі заттық бөлшектердің тасымалдануынан оқ бойы озып бара жатқанын көзіміз көріп отыр.

Бұл жалынан сипатпайтын шапшаңдық бір жағы-нан адам баласына жайлы өмір, жақсы тұрмыс әкелгені де рас. Ол ол ма, кей кездері жайлы өмір сүру жылдам-дықтың, дамудың түпкі мақсаты ретінде де қате пайымдалып жатты. Осы орайда адам көңілінде заңды сұрақ туындайды. Мұндай бейбастақ, есепсіз дамудың рухани, адамгершілік құндылықтарға пайдасы мен зияны қандай болмақ? Бұл сауалға мейлінше тыңғылықты жауап іздеп, аталмыш мәселені кең көлемде жан-жақты талдау керек. Мұның барлығын осы мақаланың аясына сыйдыру мүмкін болмағандықтан, алдағы уақытта басқа еңбектерімізде де қозғап, жан-жақты аша түсеміз.

Осы дәуірдегі жылдамдық үдерісіне екпін берген ең елеулі оқиға – электр энергиясының ашылуы болды. Электр энергиясының ашылуы нәтижесінде қазіргі заманғы көлік және коммуникация құралдарынан бас-тап, барша техникалық жетістіктер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп, дамыды, болашақтың озық технологияларының дамуына да алғышарт жасап берді. Аталмыш жаңа технологиялардың күн санап құлаш жайып дамығаны сонша – таяу болашақта көлік және коммуникацияның жетістіктері арқылы ең алыс деген қашықтыққа санаулы сағатта, тіпті, санаулы минутта жетіп баратынымызға таңқалмайтын боламыз. Мұнымен қоса, үйімізде жатып-ақ, дамыған телекоммуникация арқылы бір түймеге басып қана дыбыс, түр-түс, көрініс, тіпті иістің алыс қашықтыққа дәлме-дәл жеткенін тамашалап, ақыл-ойымызға сыймайтын уақыт пен мекеннің жылдамдық аясына енгеніне куә болатын күндер алыс емес. Иә, технологияның таңғажайыптары деп тамсанған талай жайт ескінің көзіне айналып, ашылған жаңалықтардың орнын көп ұзамай басқасы басатын, тіпті қолданыстағы технологияны жөндеуге үлгермей жатып жаңасы шығатын қым-қиғаш, болашақ күндерге таяуда жетіп қалуымыз ғажап емес.

Жоғарыда адамзаттың алғашқы қарапайым еңбек құралдарының қазіргі заманғы дамыған озық технологияларына дейінгі даму тарихына қысқаша ой жүгірттік. Аталған озық технологиялардың нәтижесінде адам өмірі құйындай ұйтқыған жылдамдық пен өзгерістердің қым-қиғаш ортасында қалды. Осы орайда адам жайлы өмір, жақсы тұрмысқа қол жеткізгенімен, бұл игіліктерді тасада қалдыратын күрмеуі қиын күрделі мәселелер де туындады және болашақта қордалана беретіні анық. Әрине, осылай екен деп ғылыми-технологиялық прогрестің маңызын, өркениет өрісінің кеңейе түскенін жоққа шығарудан аулақпыз. Алайда, осыншама қажыр-қайрат, еңбек жұмсалған осынау ғаламат прогресс, шапшаң орын алып жатқан өзгерістер адамзат үшін ең басты қажеттілік саналатын асыл құндылықтармен бір астауда иленген қамырдай бірігіп, біте қайнаспаса қандай мән болмақ? Күн өткен сайын дәурені озып, солып, қурап бара жатқан жапырақтай жиырылып бүктеле түскен кеңістік пен уақыттың мақсатсыз қозғалыспен зымырай аққан шапшаңдық үдерісінің тар тақымына тарту етілуі адамзатқа не бермек? Ғаламды жүндей түтіп, тұтас жаратылысты бес саусақтай жетік білу, дүниені ұңғыл-шұңғылымен түгел тану, ең тылсым деген құпиялардың сырын ашып, өзгелердің ұлттық, мемлекеттік, тіпті жанұялық сырларын баршаға жария ететін ілімге кенелу адамгершілік-рухани құндылықтарымызбен, адамдық таза табиғатымыздың ізгі арман-мұраттарымен үйлеспесе, мұншалықты ессіз даму масқаралық емес пе?

Шапшаңдық пен прогресс адам баласының асыл армандарына жетуде алысты жақындатқан тұлпар емес, асыл арманның тікелей өзіне айналуы қаншалықты қасірет десеңізші? Адамзат прогресс пен шексіз дамуды мұрат қылғанда, оның жемісі саналған қазіргі озық технологиялар оны ұшпаққа жеткізді ме? Әрине, бұл сауалға ауыз тұшытар татымды жауап қату қиын. Ендеше, ғылыми-фантастиканың ауыздың суын құрта құлпыртып, уақыт пен мекеннің жылдамдықпен жүйт-китін жарқын болашағын адамзаттың асыл арманына айналдыруына не жорық? Қазіргі жағдайға салиқалы да сарапшыл оймен баға берсек, жылдамдық үдерісінің негізгі мақсатынан мүлдем алшақтап кеткенін көріп, қарадай қамығамыз.

Бір сәт көз алдымызға елестетіп көрейікші... Әлемдегі барша озық технологиялар мен көлік және коммуникация құралдары рухани құндылықтардан жұрдай, адамзаттың ізгілігін, баянды болашағын көксеген арман-мұраттан, идеалдан мақұрым, жауап-кершілігі жоқ қаптаған қалың нөпірдің қызметіне берілгенде не болмақ? Озық технологияны кәдемізге асыру адам баласының асыл армандарымен ұштаспаса, лунапарктағы атракциондарда ессіз-көбелектей асыр салған балалардан қандай айырмашылығымыз қалады? Жылдамдық үдерісі арқылы аз уақытта көп іс тындырған-ақ болайық, алайда тындырған ісіміз басымызға қара бұлттай қайта төніп, құтымызды қашырса еңбегіміз еш кетпей ме? Шапшаң дамыған мұндай мәнсіз өмірден не үміт, не қайыр?

Иә, дәуір жүйріктігі деп атой салғанда, белгілі бір мақсатқа ұмтылмай, теңізге беталды желкен ашқан қайықтай мақсатсыз, жоспарсыз жүйтку шөлге тамған тамшыдай бар еңбегімізді рәсуа қылатыны анық. Бүгінгі таңда өмірдің мәні мен сәнін, мақсат-мұратын жылдамдық үдерісі деп қана ұғатын прогресшілдіктің жалаң жақтаушылары санаулы сағатта ғарышқа ұшып, бірнеше секундта дыбыс, сөз, сурет пен бейне көріністерді мыңдаған шақырым қашықтыққа сол заматта жеткізуді, т.б. технологиялық жайттарды әспеттеп, жылдамдықты бар мақсаттың төрінде көріп, барлық нәрседен ара-жігін ажыратып, жадағай, жұтаң ұранға айналдырғаны өкінішті-ақ. Алайда, жылдамдық үдерісі – материалдық өмірдің бір құбылысы ғана. Ал мұны белгілі бір мақсатқа арқау етіп, парасатпен пайымдамаса, әсте мәдениеттің негізі әрі адамдық рухани құндылықтарға қол жеткізудің бастауы бола алмайды. Адам баласы жаяулатып жүргенде де, ат пен түйенің қомында болған кездерінде де бақытты да өркениетті өмір сүре білген. Ал енді кейбір дәуірлерде материалдық-техникалық мүмкіндіктердің молшылығына қарамастан, қырғын-жойқыннан көз ашпай, қанды оқиғалардың жетегінде кеткен. Мұның жарқын көрінісін қазіргі әлемнен айқын көреміз. Жер бетінің қасап қанға боялғаны соншама – базбіреулер адам секілді абыройлы өлімнің өзін аңсайтын жағдайға жетті.

Жылдамдық үдерісі ешқашан адам баласының ең негізгі қажеттілігі болған емес. Адамзат оған аңсаған армандарына қол жеткізу үшін дәнекер ретінде қараған. Жылдамдық пен прогрестің жаршысы болу озық технологияның жақтаушысы немесе даттаушысы болумен айқындалмайды. Кейбіреулер жылдамдық үдерісін көкке шығара әспеттеп, табынатын пұтқа айналдырса, енді біреулер мақсатсыз шапшаңдықпен және технологиялық жаңалықтармен әзәзіл көргендей әсіре жауласуды әдетке айналдырды. Сайып келгенде, бұлардың екеуі де прогресті ішкі мәні мен кәдеге асар игілігінен оқшаулап, қате пайымдайды.

Жылдамдық үдерісі адам баласының мақсат-мұратына айналмауы қажет. Иә, ол адамды, адамдық құндылықтарды әспеттеп, баянды да бақытты өмірдің іргесін қаласа, қоғамдағы түйткілді мәселелердің күрмеуін шешіп, бүкіл әлемде бейбітшілік пен тәртіптің тұғырын орнатса, адам баласының дүниелік қана емес, ақыреттік мәселелерінде кәдесіне жарап, ғылым-білімге серпін берсе, міне, сонда ғана адам баласы үшін қадірлі де қастерлі мәнге ие болмақ. Әйтпесе бос әурешілік...

Менің ойымша, нағыз прогресшілдер жылдамдық үдерісінің мақсатсыз, мәнсіз жүйткуін тізгіндеп, белгілі бір бағыт-бағдарға қарай бетін бұрады. Осылайша жылдамдық үдерісі кемел жандардың аялы алақан, кең өрісінде шынайы мәніне қауышпақ!..


* «Тақарруб» – екі нәрсенің бір-біріне жақындай түсуін білдіретін арабша сөз. «Тақаррубуз-заман» ұғымы Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.): «Тақаррубуз-заман (заман мен ара қашықтықтарда жақындық) болмайынша, қиямет орнамайды», – деген хадисінде (Мәжмау’з-Зәуә’ид, 7/324) алғаш рет қолданылған. Хадисте заманның салыстырмалы ұғым екендігіне және мұндай дәуірде көп уақыт қажет еттіретін нәрселердің өте қысқа мерзімде жасалатынына ишарат еткен. (Ауд).


Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.