ПАЙҒАМБАРЛАР ЖӘНЕ ДАМУДЫҢ ШЕГІ


Бір сөзіңізде «Адамзаттың материалдық-рухани тұрғыдан дамуының соңғы межесін пайғамбарлар белгіледі. Адамзатты сол деңгейге биіктетуге болады» дейсіз. Осы ойыңыздың айналасында әңгіме өрбітсеңіз.

Пайғамбарлар – Хақ тағала таңдап, көркем сипаттармен жасақталған кәміл әрі кемелденген тұлғалар. Олар материалдық һәм рухани тұрғыдан да көркем сипаттарға ие. Кез-келген жан өзіне үлгі тұта алатын жалпыға ортақ қасиеттерімен ерекшеленеді. Тәңірдің пенделерден нендей ғибадат қалайтынын, қандай адами деңгейге жетуді мұрат ететінін пайғамбарлардан үйренеді. Яғни, Аллаһтың елшілері отбасылық өмірде кемел әке, кемеңгер қолбасы, данышпан елбасы, қара қылды қақ жарған әділ би ретінде (т.с.с. өмірдің барлық саласында) заңғар биіктерден көріне білді.

Сондай-ақ, мына мәселеге де назар аударғанымыз жөн. Пайғамбардың зейіні физикамен қатар метафизикалық әлемді де терең қамтыған. Ал, біздер әлі күнге дейін пайғамбардың уахи алуы мен періштемен жүздесуін толық ұғына алған жоқпыз. Елшілердің бұл өмірдегі барлық жетістіктері «фәтанаты ұзма» деп аталады. Яғни, бұл қарапайым пенденің ақылымен салыстыруға келмейтін, аса жоғары мәртебедегі ақыл дегенді білдіреді. Аллаһтың ардақты елшілері бойларындағы дара қасиеттерімен көптеген күрмеулі мәселелердің түйінін шешкен. Мұның бәрі пайғамбарлардың зейінге, асқан парасаттылыққа ие екендіктерін көрсетеді. Аллаһ қасиетті пайғамбарлық міндетті кез-келген қатардағы құлына жүктемеген. Пайғамбарлардың рухы мен зейіні – айрықша. Ол – адам баласы қол жеткізе алатын соңғы меже. Сол себепті, жай адамдар осынау биікке ұмтылуы қажет. Міне, осыны сананың шарықтау шыңы деп айтамыз.

Ғылыми зерттеулер пайғамбарлардың мұғжиза-ларын адамзаттың ең жоғарғы дәрежеде дамып-өркендеуінің шегі ретінде көрсетуі осы сөзімізді дәлелдейді. Мысалы, Сүлеймен пайғамбардың (а.с.) Балқыстың тағын Сәбадан көзді ашып-жұмғанша әкелгеніне куә болған ел нені түсінуі керек? Бұл, біздің ойымызша, алыстағы бір заттың суретін әп-сәтте көшіріп алуға, бейнені тасымалдауға болатынына ишара[1]. Яғни, қазіргі ғылымның қол жеткізген жетістігі. Сүлеймен пайғамбар мұны мұғжиза ретінде көрсеткен. Пайғамбардың бұл мұғжизасы ғылымның шырқау шегі екені анық. Адамзат ғылым-білімді өркендету арқылы осы мұғжизаға біраз жақындауы мүмкін. Қалың көпшіліктің теледидарды тамашалауы адамзаттың осы деңгейге жеткенін көрсетеді.

Тағы бір мысал. Хазірет Исаның (а.с.) – Құранда ең ауыр сырқаттардың емін тапқаны айтылған. Аллаһтың қалауымен өлілерді тірілткен, тумасоқырлардың жанарын жарыққа қауыштырған, алапес ауруларды айықтырған[2]. Осы аятта пайғамбары арқылы Аллаһ тағала адамзатқа мынадай жолдау жасаған: «Күндердің күнінде медицина саласының дамып, өліге тірінің қасиеті беріледі». Бұл, әрине: «Өлген адамдар осы өмірде қайта тіріледі» деген сөз емес. Медицина ғылымы сол деңгейге көтерілетінін көрсетеді. Мәселен, болашақта хазірет Ибраһимнің (а.с.) отқа жанбауы кейбір жаңалықтарға арқау болуы мүмкін. Бүгінгі таңда адамзаттың амиантты ойлап табуы да осы жетістіктің кішкентай бір бастамасы болса керек. Адамзат үшін хазірет Мұхаммед те (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шешендіктің басты өнегесін көрсетті.

Адам атаның күллі перзенті болашақта жұртқа ақиқатты мойындату үшін сөздің қасиетіне жүгінері анық. Сөзді қолданудың тәсілі, әсерлі баяндау мәнері шын мәнінде ең қуатты құралға айналады. Бүгінгі таңда да бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық пікір туғызудағы пайдасы мен зияны қаншалықты екені бізге көп сырды аңдатса керек.

Иә, пайғамбарлар өліге тірі секілді рең беру мен отқа күймеудің мүмкін екенін көрсетті. Бәлкім келешекте суреттерді, көріністерді тасымалдаудан (қазір теледидар т.б. секілді технологияның көмегімен әп-сәтте әлемнің кез-келген бұрышындағы көріністерді көзбен көрудеміз) гөрі сәуле арқылы заттық денелерді де тасымалдау жүзеге асатын болар. Шындығын айтсам, физикалық тұрғыдан алғанда бұл жетістікке жету әзірше қиындау секілді. Неге десеңіз, белгілі бір бағытпен жылдам қозғалған сайын материялық денелердің көлемі кішірейе береді, жарық жылдам-дағына жақындағанда тіпті жоқ болып кетіп отырады. Мәселен, мұндай жағдайда жүрек пен қантамырлардың жағдайы қалай болмақ?! Дегенмен, болашақта көптеген тосын жағдайлар мен таңғажайып жаңалықтардың жүзеге асатыны ақиқат. Техникалық-технологиялық мүмкіндіктер артқан сайын, жаңалықтар үсті-үстіне ашыла береді. Адамзат осы жаңалықтардың арқасында пайғамбарлар көкжиегіне бір табан жақындай түседі. Алайда, пайғамбарлар қол жеткізген межеге дәл сол күйінде қол жеткізу мүмкін емес.

Қорытындылай келгенде, пайғамбарлар – адамзат баласы үшін материалдық әрі рухани жағынан дамудың заңғар шыңы. Олар – Аллаһтың таңдаулы құлдары. Аллаһ барша пайғамбардан және адамзаттың асыл тәжі хазірет Мұхаммедтен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) разы болсын, баршасына Аллаһтың сәлемі жаусын!

 


[1]    Бұл мәселе «Нәмл» сүресінде баяндалған, 40-аят.
[2]    Бұл жайлы «Әл-и Имран» сүресі, 49-аят; «Mаида» сүресі, 110-аят.

 


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.