МАТЕРИАЛИСТІК КӨЗҚАРАСТЫҢ НЕГІЗСІЗДІГІ


Марксистер: «Діни сенім ертедегі адам-дардың табиғат құбылыстарынан қорқуы мен қараңғылығынан пайда болған. Құдайдың бар екенін әлі күнге ғылыми тұрғыдан дәлелдеу мүмкін емес» дейді. Осы тақырып төңірегіндегі ойыңызды білсек.

Материализмнің негізін қалаған Карл Маркс емес. Бұл − өте ерте дәуірлерден бастау алған философиялық көзқарас. Мысалы, ежелгі грек ойшылы Эпикур материалистік бағыттағы философ болған. Идеалистік бағыттағы философтар ежелгі дәуірдің өзінде шама-шарқынша Эпикурдың материалистік көзқарастарын дәйекті түрде сынап, жоққа шығарған. Тіпті, Эпиктет сынды ойшылдар Эпикурды материалист болғаны үшін жерден алып, жерге салған. Шындығында, Эпикурдың пікірін қай жағынан талдасақ та, дәлелсіз һәм дәйексіз болып шығады. Ол бар болғаны өзіне дейінгі антикалық грек философтарының материя жайындағы ойларына өздігінше тұжырым жасаған. Сол дәуірдегі материалистік пікірлерді саралап, белгілі бір жүйеге салған.

Осыған қарап, материалистік көзқарастың ежелден бері адам баласының дүниетанымы мен ой-пікірінде бар екенін аңғарамыз. Материалистер болмыстың негізі – материя деп есептейді. Дегенмен кейбір материалист ойшылдар рухты материяның алғашқы қозғаушы күші ретінде мойындаған. Сонымен қатар, материяны – энергия толқындарының жиынтық формасы немесе энергияның өзгерген күйі деп түсіндіретін пікірлер де кездеседі. Материалист ойшылдар рухты, сананы, ойды материяның күрделі әрі дамыған формасына балайды.

Ерте дәуірден бері материалистік пікірге қарсы көптеген сыни еңбектер жазылып, Эпикур мен Демокрит сияқты материалист философтардың пікірлері қатаң сынға ұшырады. Алайда, бертін келе материалистік философия Еуропада христиан дініне наразылық түрінде қайта өркендеп, ғылыми жаңалықтарды да қолдана отырып, ғылыми-философиялық тұрғыдан Құдайдың бар екенін жоққа шығаруға талпынды. Материализм философиялық ой болумен ғана шектелмей, уақыт өте келе Карл Маркс пен Энгельс материалистік диалектиканы қоғамдық өмірде жүзеге асырудың теориялық-тәжірибелік негізін қалыптастырды. Бір өкініштісі, марксизм идеялары бірқатар мұсылман елдерінде де белең алды. Ислам әлеміндегі материализмді жақтаушы зиялылар таптық текетіреске негізделген батыстағы христиандық пен ғылым арасындағы бітіспес қайшылықты мұсылман елдеріне де тән деп қарастыруы нағыз адасушылық болатын.

Маркс болмыстың негізін материямен түсіндіріп, метафизиканы жоққа шығарды. Сондықтан, материя – материалистік дүниетанымның өзегі саналады. Маркс қоғам мен әлеуметтік өмірдің заңдылықтарын материализмге көгендеп түсіндіруге тырысып бақты. Ол адамның материалдық қажеттіліктері толықтай қамтамасыз етілсе, өзге мәселелерінің барлығына шешім табылатынын алға тартты. Адамдардың рухани мәдениетін қалыптастыратын дін, өнер секілді т.б. факторлардың бәрін екінші кезекке ысырды. Оның бұл тұжырымын құптамағандардың бірі – Дюркгейм. Ол Құдайға сенбесе де ұлт, өнер, дін т.б. факторларды қоғам өмірінің обьективті шындығы ретінде дәлелдеп бақты. Яғни, материализм Маркс өмір сүрген кездің өзінде-ақ дәйекті тұжырымдармен сынға ұшырады. Мұсылман ойшылдарымен қоса батыс ойшылдарының өзі марксизмнің көптеген қателіктерін әшкереледі. Тіпті, Маркстің өздігінен жаңа бір жүйе құрмағаны белгілі. Оның материалистік диалектикасы Гегельдің идеалистік диалектикасын өңін айналдыра отырып, көне дәуірлерден бері келе жатқан тұрпайы материализмге синтез жасау арқылы іске асырмақ болған «қойыртпақ» жүйе болатын.

Әрине, Маркстің (капиталистік) қоғамның даму тарихын талдай отырып, еңбек пен капиталға қатысты барынша обьективті тұжырымдар жасағанын жоққа шығаруға болмайды. Әйтсе де, оның материалистік пікірлері мен Жаратушыны жоққа шығаруға бағытталған ойлары мүлде негізсіз, дәйексіз мәселелер. Жаратушының бар екенін дәлелдейтін әлемде, тіпті адамның өз бойында сансыз айғақ тұр. Бұған қайшы ой білдірудің өзі бекершілік. Осы орайда осыншалықты нақты дәлелдер мен деректерге қарамастан, «Маркс қалайша материализмді жақтаған?» деген сұрақ туады. Қазіргі уақытта материализмді дәріптейтіндер бар болғанымен, материяға негізделген пікірлердің күйрегені шындық.

Материяға негізделген дүниетанымның дәйексіз-дігін Абдулазиз Чавиш, Исмаил Фенни Эфенди, Хилми Зия Үлкен, Фындыкоғлы сынды т.б. зерттеуші-ғалымдардың еңбектерінен оқып білуге болады. Сонымен қатар, көптеген еуропалық ойшылдар да материализмнің өз ішінде қайшылыққа толы екенін жазды. Ендеше, осыншалықты қатал сынға ұшырап, әбден әшкереленген ой-пікірді дәріптеу естілікке жатпайды.

Екіншіден, Маркстің тәухидке – Аллаһтың бар әрі бір екеніне, пайғамбарлықтың және Құранның ақиқатына үзілді-кесілді қарсы екенін байқамау мүмкін емес. Ал, шынтуайтында Жаратушы Иенің бар екеніне әрі бір екеніне дәлел көп. Материяның өмір сүру формасындағы және ғаламдағы мінсіз тәртіп, адамның өмірі, адамның ой-санасы мен рухани дүниесі, ондағы сезімдік таным, тіпті Паскаль мен Бергсонның интуициялық тәжірибелері... Міне, мұның барлығын елеусіз қалдырып, материализмге көзсіз бас ұру шындықты бұра тарту болса керек. Ал қазіргі кезде материяны Маркстің ойлағанын жүзеге асыру үшін емес, керісінше Жаратушы Аллаһтың бар екенін дәлелдеу мақсатында қолдануға болатынына көз жеткізудеміз.

Алдымен мынаған мән берген жөн. Барлық нәрсе сияқты материя да белгілі бір тәртіпке бағынады. «Материя мынадай өзгеріске ұшыраса, онда былай болады» деу нақты шешім емес. Энгельс «Жасушаның ішіндегі ДНК-да кодталған жүйенің бар екенін мойындасақ, онда сырттан басқа бір күштің араласуына жол ашқан боламыз» деп, кейбір мәселелерді ойлауға, талдауға мүмкіндік берместен тікелей қабылдауды мақсат тұтады. Бұған ұқсас мысалдар жеткілікті. Мәселен, кез келген адам амин қышқылдары туралы да осылай деуі мүмкін. Онысы: «Мына ғимаратты құрылысқа қолданылған материалдардың өздері салған» дегенмен бірдей. Ал бұған кім сенеді? Адам баласының айналасында сәт сайын көзге көрінетін және көрінбейтін, сезілетін және сезілмейтін көптеген қисынды істер жүзеге асып жатады. Нәтижені көрген сайын адам осыншалықты өзгерістің, бір күйден екінші бір күйге ауысудың астарында үлкен тылсым, осының бәрін қамтитын ұлы күш, шексіз бір ілім бар екенін түйсінеді. Өз басым Энгельстің: «Мұны бұлайша қабылдасақ, онда сырттан басқа бір тылсым күштің араласуына жол ашқан боламыз» деген пікірін жауырынын жерге тигізбес үшін күрес алаңын тастай қашқан балуанға ұқсатамын.

Екіншіден, Маркс пен оның жақтастары қанша қарсылық білдіргенімен, Құранның жаратылысқа қатысты ақиқаттары мен ашық дәлелдері өзіндік мәнін жоймайды.

Сонымен қатар, пайғамбарымыздан жеткен хадистер ХІV ғасырдан кейін жүзеге асатын оқиғаларды болжампаздығымен жіпке тізгендей етіп дәл болжап, анық хабар бергенін көреміз. Жаратқанның рұқсатымен ғайыпты болжай білген кемеңгер пайғамбардың айтқандарын өзіміз куә болған оқиғалармен салыстыра зерделегенде, ешқандай ауытқушылықтың жоқтығына, айтылған жайттардың айна-қатесіз орындалып жатқанына көз жеткіземіз. Ал, осы жайды материя тұрғысынан түсіндіру мүмкін бе? Материяның ерекшеліктері белгілі. Бүгін химиялық лабораторияда жасалған тәжірибелерге қарап 1400 жылдан кейін жүзеге асатын оқиғаларды алдын ала айта аласыз ба? Ендеше, сан ғасырлар бұрын ардақты елшінің хадистерінде баяндалған ақиқаттарды материяның тар аясына көгендеп түсіндіру мүмкін емес.

Сондай-ақ, бұл мәселенің «ләдун»[1] іліміне  қатысты жақтары да бар. Қарапайым адамдардың түстері мен кейбір әулие кісілердің көрген ақиқаттарын «галлюцинация» деп жылы жауып қоя салуға болмайды. Мысалы, біреу тұрып: «Мен осыдан 20 жылдан кейін болатын оқиғаны көрдім» десе әрі болжамы дұрыс келсе, мұны материямен түсіндіре алмасыңыз белгілі. Жарықтың мөлшері белгілі, материялық кеңістіктің шегі мен тәжірибенің аясы да белгілі. Олай болса, физика мен материядан тыс адам баласы байланыс құра алатын басқа да нәрселердің бар екені турасында ойлану керек емес пе?

Қолымызда осыншалықты нақты дәлел бола тұра, Маркстің материализмін қайта талдап, түсіндіріп жатуды бос әурешілік деп санаймын. Жоғарыда аты аталған ғалымдардың еңбектерін оқыған кісі бұл мәселеге қатысты жеткілікті мағлұмат ала алады.

 


[1]    Ләдун ілімі – Аллаһтың қалауымен кейбір құлдарына нәсіп болған ілім. Алдымен Мұхаммед пайғамбарға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм), содан соң үлкен пайғамбарлар және Аллаһтың досы кейбір әулиелерге, тіпті кейде қатардағы пендеге де ләдун ілімі бұйырған. Олар жасырын тылсымды білген.

 


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.