КІТАП ОҚУ ТУРАЛЫ


Кітап оқу барысында мағынаның тереңіне бойлау үшін неге мән беру керек? Кітаптан рухани азық алып, сусындау үшін қай уақытта, қай жерде және қалай оқыған жөн? Сонымен қатар, қаламгерлікке талпыну, жазуға машықтану төңірегіндегі бізге айтар ойыңызды білсек деген едік...

Қолына алған әр кітаптың тереңіне бойлай алмайтын, түсіне бермейтіндер алдымен өздеріне таңсық емес шығармаларды немесе кез-келген кітаптың өзіне ұғынықты тарауынан бастап оқығаны анағұрлым дұрысырақ. Алғашында атүсті көз жүгіртіп көріңіз. Жазушының баяндау мәнері мен жазу тәсіліне төселген соң, шығарманы түсініп оқуға жол ашылады. Мұнан соң, ондағы рухани байлықтың қайнарымен сусындау үшін басынан бастап қайтадан оқып шыққан пайдалы. Қайталай оқыса, оқырман шығарманың мәнін түсініп қана қоймай, білгенін қорытуға мүмкіндік алар еді. Оқығанын жадына бекітіп, керекті кезде кәдеге асыра алатын болады.

Көп оқитындар қай кітаптан не оқығанын аса саралап жатпауы мүмкін. Дегенмен, оқып-білгендері санасында там-тұмдап болса да сәулеленіп тұрады. Ондағы мәліметтер адамның жадында жүйелі түрде сақталмаса да, кейде зердедегі жайттар еркінен тыс адамның көкейіне нөсердей құйылатын кездері болады.

Шынтуайтында, оқымысты жанның миына оқыған сайын көп мәлімет құдды таспаға басылғандай жазыла береді. Зердеде сақталған осы құпия таспа мен таспадағы мағлұматтардың пайдаға асуы тікелей көп оқуға байланысты.

Бұрынғылар бір кітапты қолға алғанда үш нәрсені білу уәжіп, төрт нәрсені білу қажет екенін айтқан.
Уәжіптер мыналар:

а)    «Бисмилләхир-рахманир-рахиммен» бастау;

ә)    «Әлхамдулиллаһ» деу;

б)    Пайғамбарға салауат – «салаллаһу аләйһи уәссәләм» деп айту.

Ал қажет деп санағандары мыналар:

а)    Кітаптың атауы: яғни кітаптың атауы мен мазмұны арасында қаншалықты байланыс бар, атауы мен мазмұны бір-біріне сәйкес пе? Осы сияқты мәселелерге мән беру;

ә)    Сала: яғни кітап ғылымның қай саласына қатысты мәселелерді баяндайды дегенге жауап іздеу;

б)    Тараулары: кітапта мәселелер қанша тарауға бөлініп берілгеніне көңіл бөлу;

в)    Мақсаты: «кітаптың жазылу мақсаты не» деген сұрақ төңірегінде ойлану.

Меніңше, кітапта белгілі бір жүйе мен тәртіп сақталса, жоғарыда мәселелерді қазіргі таңда да орындауға болады ғой деп ойлаймын. Кітапты жоғарыда аталған төрт қырынан ұғуға тырысу, осы негізде түсіну – кітапты шын мәнінде түйсіну деген сөз. Яғни, кітаптың атауы мен мазмұны арасындағы байланысты аңғару, өз саласына қатысты кітаптың алып-қосарын таразылау, содан соң кіріспе мен тараулардағы кемшіліктер мен артықшылықтарды байқау, қай тұста тақырыптың бүге-шігесіне дейін қарастырылып, бақайшығына дейін шаққанын көре білу – кітап оқудың негізгі ұстанымдарына жатады.

Бұрындары кітапты мұқият оқуға кеңес берілетін. Мен де кей кітаптарды сөйтіп оқитынмын. Алайда, кейінірек кітапты жатып оқитын болдым. Үстел басында отырып, оқудан жалыққандай едім. Енді, мен үшін төсекке жатып, 4-5 сағат бойы тапжылмай кітап оқу ыңғайлы көрінеді. Бірақ, жатып оқыған кездерімде маңызды жерлерінің астын сызған сызықтарым көбіне түзулігін сақтай алмай қисайып, тіпті қатардан шығып кетеді. Кей-кездері кітаптың маңызды тұстарының астын сызып қана қоймай, бос жерлерге «Бұл пікір пәлен кітаптағы түгеншенің пікіріне ұқсайды немесе мына жерде логикалық байланыс жетіспейтін тәрізді. Ал, мына тұста қайшылық бар, мына жердің оқырманға әсері мардымсыз, мына жерде көпсөзділікке салынған» деген сияқты өз пікірлерімді де түртіп қоятынмын.

Бұған қоса, кітап оқитын уақытты дұрыс таңдау да аса маңызды. Кітапты сергек уақытта серік еткен абзал. Өз басым таңертең ұйқыдан тұрғанда немесе түс әлетінде сәл көз шырымын алғаннан соң, қолға кітап алғанның пайдасын көп көрдім. Жалпы кітап түнде де жақсы оқылады. Ертеректе көбіне түнде оқушы едім. Бірақ түнде адам біраз тынығып, әркім шамасынша дұға мен зікірге көңіл бөлгені дұрыс қой деп ойлаймын. Құран Кәрімде: «Шындығында түнде тұрып ғибадат жасау – өте әсерлі әрі Құранды анағұрлым дұрыс оқуға ықпал жасайды»[1]  – деген аят бар.

Жалпы тәуліктің басқа мезгілдеріне қарағанда, адам түнгі тыныштықта көбірек не айтқанына, не түсінгеніне ден қоя алады. Сондықтан, түн қараңғылығында ғибадат, дұға арқылы Жаратқанмен тілдесіп, осы бір қимас сәтті жан-тәнімен сезінуге талпынған дұрыс. Осы тұрғыдан келгенде, түн мезгілінде адамның Аллаһқа ғана арнаған арнайы уақыты болғаны жөн.

Оқу − ізденіске деген құштарлық арқылы жүзеге асатын үдеріс, бір жағынан алғанда, ол үлкен мәдениеттілікті көрсетеді. Халықтың арасында кітапты көп оқитындардың барын жоққа шығаруға болмас. Мысалы, үнемі өзімен бірге кітап ала жүру, аялдамада көлік күтіп тұрғанда, қоғамдық көлікте отырғанда, тіпті көлік жүргізіп бара жатып та кей кітаптарды таспадан тыңдау – кітапқұмарлықтың нәтижесі. Дегенмен, жалпылама қарасаң, бұқараның көпшілігі кітап оқудан мақұрым әрі терең ойлаудан ада десек, сірә, қателесе қоймаспыз.

Қаламгерлікке ден қойған жан тума талант болсын, болмасын көп жазудан тартынбағаны жөн. Бойдағы дарын бірте-бірте ашылады. Жазуды әдетке айналдырмаған жанның қабілеті толықтай ашылмайды. Қолына қалам ұстаған әр адам түрлі салада қалам тербеп көргені жөн деп ойлаймын. Сондай-ақ, ол жазғандарын жөндеу, түзетуден де қашпауы қажет. Олар өздерін роман, шағын әңгіме, тіпті қысқа пьесалар жазып сынап көргені дұрыс. Болашақта жазуды жалғастырмаса да, бағын сынап көрудің оғаштығы жоқ.

Жазу үшін алдымен алуан түрлі тақырыптарда жазылған шығармаларды оқу керек. Оқылатын шығармалар кейде бір-біріне жақын, кейде бір-біріне қайшы келетін мәселелерді қозғауы мүмкін. Мәселен, Шекспир – Жонбенді, ал, Недим[2]  ақын – Бақиды еске салуы мүмкін. Қалай дегенде де, жазуға машықтанғанға дейін қалам тербеуден танбау қажет. Жазған дүниелеріміз көңілден шықпай жатса, жыртып тастауға да болады. Мәселен, белгілі мұсылман ғалымы Омар Насухи Билменнің өзі кезінде әдеби жанрда бірнеше роман жазып, кейіннен жыртып тастағаны айтылады.

Бір кітапты қолға алсаңыз, ішкі нәрін алу, пайдалы ой қорыту мақсатымен оқыған дұрыс. Кітаптағы маңызды тұстарды белгілеп, астын сызып, тіпті керек болса, жан-жағына ойға оралған пікірлерді қысқаша түртіп қою, кейінірек тағы бір рет көз жүгіртіп өту де артық емес. Түсінуге қиын соғатын, күрделі мәселелерді талдаған кітаптарды төрт-бес қайтара оқып шығудың өзін аз дер едім. Бұл әсіре айтқандығым емес. Оқыған сайын ойға оралған әрбір пікірді сәйкес кітаптың бетіне түртіп, белгілеп, қажет болған немесе қалаған жағдайда сол мәселе төңірегінде өзі де қалам тартып жазып көргені дұрыс.

Жазудағы маңызды мәселенің бірі – кез-келген шығарманы жазып болғаннан кейін баяндау тәсілі, көркемдік ажары, тақырыпты ашудағы шеберліктен бастап, мазмұн байлығына дейін ерекше зейін қойып бастан-аяқ күрделі шығарманы оқығандай, мұқият бірнеше рет оқып шығу қажет. Біреудің жазған өлеңін тексеріп, ұйқасын келтіріп, мазмұнын түзететін кісіше асқан мұқияттылықпен бес-он рет сын көзбен қарап оқыған жөн.

Адам баласы үшін сүрініп кету аяқасты бол-ғандықтан, аңдамай сөйлеген бір ауыз сөзі үшін ұзақ уақыт опық жеп, ұятқа қалуы мүмкін. Сол себепті, сиясы кеппеген шығарма жарыққа шықпай тұрып, ондағы кемшіліктерді барынша азайтқан абзал..

 


[1]    «Мүзәммил» сүресі, 6 – аят.
[2]    1681-1730 жылдар аралығында өмір сүрген әйгілі түрік ақыны

 


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.