БАРША АДАМЗАТТЫҢ МАҚТАНЫШЫ

Сұхбаттарыңыздың бірінде хазірет Мұхам-медті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) барша адам-заттың мақтанышы екенін сипаттай отырып: «Ол өмірдің есігін өзгеше ашты, өзіне тән сипатта ғұмыр кешті және өзіне тән ерекшелікпен дүниеден өтті» дейсіз. Осы ойларыңызды аша түссеңіз...

Көп жылдар бұрын айтылған бұл сөзді қандай мәнде әрі қай тұрғыда тілге тиек еткенімді есіме түсіруім қиын болып тұр. Дегенмен, жіктеп жүйелеп шықпасам да, қазіргі рухани жағдайыма қарай баяндап беруге тырысайын.

Түріктің әйгілі шайырларының бірі Нәжіп Фазыл ардақты елші Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жайлы «Сен болмағанда болмысты жаратпас едім» деген хадиске сүйеніп: «Біз хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) арқасында бар болдық» – дейтін. Аталған хадис мағынасы дұрыс болғанымен, хадис ілімі тұрғысынан сыни мәселе екенін атап өткен жөн. Иә, Аллаһ мына ғаламды хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құрметіне бола жаратқан. Күллі әлемді Аллаһты түсіндіретін алып кітапқа теңесек, бұл кітаптың тәржіманы хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) екені даусыз. Құран Кәрімде Аллаһ тағала барша жараты-лысты «Өзіне құлшылық қылсын» деп жаратқаны айтылады. Ибн Аббастың тәпсірі: «Аллаһ барша болмысты өзін танысын деп жаратқан» деп түсіндіреді. Мәселеге осы қырынан назар салсақ, пайғамбарымыз өмірге келмегенде болмыс кітабының баршаға беймәлім сырының кілті табылмас еді. Мың жыл ғұмыр кешсек те, Жаратушы Аллаһты танып-біле алмас едік. Ендеше, Мұхаммед пайғамбарды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жаратылыстың түп негізі әрі бірден-бір себебі десек қателеспейміз.

Оған дейін келген күллі пайғамбарлар ақырғы ақиық елшіні (с.а.с.) танытуға тырысып баққан. Себебі, соңғы пайғамбарды таныту, қал-қадерінше түсіндіру олардың негізгі міндеттерінің бірі еді. Бұған қатысты мысалдарды Андалусиялық белгілі Ислам ғалымы Қады Ияздың «Шифа-йы шәриф» атты еңбегінен оқуға болады. Ғалым Қады Ияз осы еңбегінде Ұлы Жаратушы мен Адам ата арасындағы әңгімені былайша баяндайды: Адам ата тыйым салынған жемісті жегеннен соң, Пайғамбарымыздың атын шапағатшы ете отырып: «Мені Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құрметі үшін кешіре гөр?» деп Аллаһқа жалбарынады. Аллаһ тағала одан: «Мұхаммедті қайдан білесің?» деп сұрайды. Сонда Адам пайғамбар бұл сауалға: «Мен жұмақтың қақпасында «Лә иләһә иллаллаһ, Мұхаммадун расулуллаһ» деген жазуды оқыдым. Сенің жоғары мәртебелі атыңмен қатар аталған жанның тегін емес екенін білдім. Сен үшін құрметті, аяулы екенінде дау жоқ» деп жауап берген екен.

Иса пайғамбар (а.с.) өзінен соң соңғы елшінің келетінін біліп, жамағатына Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) туралы көп айтатын. Оған Інжілдің қолда бар нұсқаларындағы: «Сендерге әлі де айтарым көп. Бірақ сендер оны қазір түсіне алмайсыңдар. Мен бұл дүниеден өткен соң, барша болмыстың аяулысы, шындықтың айнасы, хақты нахақтан айырушы тұлға келеді, Міне сол сендерге бүкіл ақиқатты түсіндіреді» (Йоанн, 16-бап, 12-14) деген аяттары дәлел.

Иса пайғамбар (а.с.) өз жамағатына ақырғы пайғамбардың есімі «Ахмәд» болатынын айтқан. Иләһи жоспардың жүзеге асуы деген осы болар, соңғы пайғамбар шыр етіп, дүниеге қадам басқанда атасы Әбдімүттәліб «Жер мен көктегі жаратылыс атаулы оған мақтау айтсын» деген ниетпен немересін Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деп атаған. Имам Раббани сынды ғұламалар да еңбектерінде «Ахмәдииә ақиқаты» (Хақиқатул-Ахмәдииә) және «Мұхаммедия ақиқаты» (Хақиқатул-Мухаммадия) деп пайғамбарлық мәселесіне ерекше тоқталған. Ол (пайғамбар) дүниеге келмей тұрып Ахмәдия ақиқатының иесі-тін. Хазірет Исаның (а.с.) оны Ахмәд деп атауы да міне осыған байланысты. Ал, Пайғамбарымызға дүниеде жүктелген міндет «Мұхаммедия ақиқаты» деп аталады. Ол осы міндетті кіршіксіз орындады. Нәбилер сәруары атанған хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүниедегі міндетін абыроймен атқарып, Ахмәдииә ақиқатын жүзеге асырған, яғни о бастан сүйіншіленген «хазірет Ахмед» мәртебесімен мәңгілік әлеміне жол тартты.

Пайғамбарымыздың дүниеге келуі де ерекше болды. Тарихи кітаптарда ол дүниеге келген кезде, әдеттен тыс таңғажайып оқиғалар орын алғаны жазылған. Мысалы, Ирандағы Сәуә көлі әп-сәтте құр-ғап, отқа табынушылардың мыңдаған жылдар бойы табынып келген оттары сөніп, Қағбадағы пұттар қирап, Ирандағы Сасанид билеушілерінің сарайларындағы он төрт тұғыр баған қопарылып түскен.

Екі жиһан сәруәрінің (с.а.с.) балалық шағы да өзіне жарасарлық күйде өткен. Бала кезінен бастап Аллаһтың қорғауында болғаны шындық. Жаратушы өз елшісін жаза басып қателесуден әрдайым сақтап отырған. Мысалы, Пайғамбарымыздың жігіттік шағында Қағбаның жөндеу жұмыстары жүріп жатқан еді. Тепсе темір үзер шағы. Игі іске болысып, тас тасымақ болады. Ауыр тас иығын қажамасын деген ниетпен көкесі Аббас Пайғамбарымызға иығына шапанының етегін жауып, тас арқалауына кеңес береді. Көкесінің сөзіне құлақ асып, көйлегінің етегін көтерген сәтте сырт көзге көрінбеуге тиіс балтыры сәл ашылып қалады. Сол-ақ екен тұрған орнынан мұрттай ұшады. Бұл жағдайдан кейін өмірінің соңына дейін балтырының ашылмауына аса абай болған деседі.

Надандық жайлаған жахилия кезеңіндегі араб-тардың өмірі адамгершілікке жат әрекеттерге толы еді. Олар мейірімсіздік пен қатыгездікте бір-бірімен жарысқа түскендей небір сорақылықтарға баратын. Бұған қарт тарих куә. Мәселен, өмірге қыз бала келсе, «кедейлікке ұрынамыз» деп қорқатын. Қыз балалы болуды ар санайтын. Бауыр еті қыздарын тірідей көміп тастайтындар да бар еді. Әйтсе де, олардың бойында кейбір жақсы қасиеттер де кездесетін. Мысалы, жомарттық пен батылдықта алдарына жан салмауға тырысып бағатын. Жахилия кезеңіндегі арабтардың өлең-жырларының негізі батырлықты насихаттайтын еді. Арабтар сөз өнерінде аса шеберлік танытып, көркемсөзге ерекше көңіл бөлетін. Бұған хазірет Омардың (р.а.) «Бір мәжілісте тоқтамастан Ибн Әби Салттың мың бәйітін жатқа оқи аламын» деуі куә. Ибн Aббас (р.а.) Құран аяттарындағы әрбір сөздің мағынасын түсіндіру үшін араб әдебиетінен бір шумақ өлең оқып бере алатындай сөзге шебер еді.

Сол кезеңде арабтар арасында сенімділік қасиеті өте жоғары бағаланатын. Қажеттілік туындаса, жас қызын, әйелін сенімді жандарға аманаттап кететін.

Ал, Аллаһ елшісі сенімділік тұрғысынан алдына жан салмаған. Жахилия кезеңінің өзінде қалың елдің ерекше ықыласына бөленіп, халық оны өз есімімен бірге сенімділік сипатын қатар атап, «Мұхаммәдул Әмин», яғни сенімді Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деп атайтын. Әлбетте, Аллаһ тарапынан түсірілген Құран Кәрімнің көркемдігі пенделік сөздердің бәрін артта қалдырды. Құран сөздерінің кереметтігі соншалық, дүниедегі барша сөзден түйін түйген сөз зергерлері жиналса да, оның бірде-бір сүресіне немесе аятына пара-пар туынды жаза алмас еді. Сол себепті, Құран сөз құдіретінің қайнары және әдебиеттің мұғжизасы болып саналады[1].

Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ауыр азапқа ұшырап, жәбір-жапа шеккен ең қиын күндерінің бірінде Жаратушы оған Миғраж сапарын тарту етті. Бұл ғаламнан келесі бір ғаламға жасаған саяхатына Жәбрейіл періштенің өзі ілесе алмай, пайғамбарымызға сол күні не тілесе де тілегі орындалатынын айтқан. Низами сынды шығыстың әйгілі шайыры миғраж түні жайында: «Жұлдыздар жолына кілем болып жайылып, періштелер құрақ ұшып қызмет жасап, жартыкеш ай атының тұяғына таға болып қағылып, күн жарығын алған болатын», – деп жырлаған.

Құранда хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Миғраж түні Аллаһпен кездесу сәтінде оның материя-лық пен шексіздік әлемінің арасындағы ең жоғарғы дәрежеге шыққаны «Қабы-қәусәйн әу әднә»[2]  деп баяндалған. Яғни, ол өзге адамдар секілді тамақтану, ұйықтау, ішіп-жеу сынды пенделік сезімдерін жеңе білген. Бусайридың сөзімен айтсақ: «Ол да барлық адамдар сияқты еді. Бірақ өзге пенделерден көп жағдайда ерекшеленетін. Көпшілікті тасқа теңесек, Пайғамбар сол көптің ішінде жарқыраған жақұт тәрізді көз тартатын». Бұл мысалды қарапайым тілмен түсіндірсек, мысалы, Эдирне қаласындағы сәулет өнерінің шыңы саналатын Сәлимия мешітін көрген жанның бәрі де оған қайран қалатыны сөзсіз. Алайда, осынау сәулет туындысын көргендегі сәулетшінің сезімі мен қарапайым пенденің сезімі мүлде басқаша болары сөзсіз. Тағамды таңдап, тәбетіне орай жейтін ерекше талғам иесі мен алдына не қойылса соны обырланып жей беретін қомағайдың арасында да аспанмен жердей айырмашылық бар. Осы айтқанымыздай Адамзаттың асылының да кез келген нәрсені көріп-сезіну сезімі өзгелерге қарағанда мүлде басқаша болатын. Сыртқы көрінісі мен түр-тұлғасы бізге ұқсағанымен, өте жоғарғы рухани кеңістікте өмір сүретін. Мәселен, намазда жаннат қақпаларының қарсы алдында айқара ашылғанын көретін. Тіпті, жұмақтың өзіне қарай адымдап жақындағанын да сезетін.

Кейде тозақты көріп, одан басын алып қашып, кейін шегінгендей қимыл жасайтын. Міне, сондықтан да Миғраж оның өміріндегі ерекше нығметтердің бірегейі саналады. Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) миғраж мұғжизасы арқылы адамзаттың қол жеткізе алатын ең биік дәрежесіне шықты. Себебі, Миғраж шексіздіктің бастауы еді. Адамның Жаратушымен бірігіп, біртұтастануы мүмкін емес. Яғни, пайғамбар Аллаһ емес, олай бола алмайды да. Құранда бұл жайт: «Қабы каусайн әу әдна» деп айтылады. Кәламшылар мен хадисшілер пайғамбарымыздың миғраж сапарын терең тұрғыдан әр түрлі дәлелдерге сүйене отырып түсіндірсе де, суфилер ардақты елшінің миғражда уақыт пен кеңістіктің шектеулі өлшемдерінен шығып, Аллаһтың жамалын тамашалап, Онымен дидарласқанын айтады. Міне, осыншалық керемет нығметке ие бола тұра, жер жүзіне қайта оралды. Атақты Аллаһ достарының бірі, әулие Абдул Құддыстың өзі бұл оқиға жайлы сөз қозғағанда: «Егер де пайғамбардың орнында болып, Миғражда қалу мен жер бетіне қайта оралу арасында маған таңдау еркі берілсе, уаллаһи-билләһи мен сол мекенде қалатын едім», – деген. Алайда күллі адамзаттың мақтанышы хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адам санасына симайтын таңғажайыптың бәрін тәрк етіп, өзіне жапа шектірген қауымын және кейінгі буын үмбетін адам баласының бір кездері жоғалтқан жұмағына қайта қауыштырсам деген аңсармен арамызға оралған еді. Мәулананың сөзімен айтсақ, ол бір аяғы ақиқатта, бір аяғы жетпіс екі ұлыстың арасында тұрып, былайғы өмірін халық арасында Хақпен бірге болуға арнады.

Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кіші-пейілділікте алдына жан салмаған. Жерге жайылған дастархан басында қатардағы адам секілді қарапайым ғана тамақтанып отырғанын көрген бір әйел таңданысын жасыра алмай құлдар секілді жерде тамақ жеп отырғанын мінегенде, ол: «Бұл ғаламда менен артық құл бар ма?! Мен – Аллаһтың құлымын» – деп жайбарақат жауап берген.

Иә, оның құлшылығы өзгелерден бөлекше еді. Бірде аштық жайы сөз болғанда пайғамбардың қасына келген бір періште: «Құл пайғамбар болғың келе ме, әлде патша пайғамбар болғың келе ме?» деп сұрайды. Сонда Хақ нәбиі (с.а.с.) құл пайғамбарлықты таңдайды. Ол елшілік міндетін атқаруды бастаған алғашқы күні қандай кішіпейіл болса, Меккені алып, шаһарға зор жеңіспен кірген сәтте де бойындағы дархан кішіпейілдігінен танбаған. Ол әдеппен басын иген күйі ұлықтықтың кішік болумен ерекшеленетінін паш етті. Құдайдың құлы екенін бір сәт те есінен шығармаған күйі өмірден өтті. Ғұмырын зерттеген батыстық-тардың бірі ол жайлы: «Пайғамбарлық әуені әсем бас-талды. Көзді ашып-жұмғанша ғұмыры жылдам өтіп, бұл ғаламда шуағы мәңгілікке қалып қойды» – деген болатын.

Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түйткілді мәселені шапшаң шешу қабілетімен де ерекшеленген. Бернард Шоудың: «Шешімі қиын мәселелер қордаланған үстіне қордаланып барады. Біз мұнан қаншалықты шытырмандығына қарамастан проблема атаулыны майдан қыл суырғандай оп-оңай шеше салатын хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қаншалықты мұқтаж екенімізді аңғарамыз» – деуі де Пайғамбарымыздың баршаға мәлім қасиетін айшықтай түседі.

Қорытындылай келгенде, ол өзіне тән ерекшелікпен дүние есігін айқара ашты. Өзіне ғана тән таңғажайып ғұмыр кешті. Алдамшы дүниеде адамзаттың қол жеткізер бүкіл құзар биіктерін бағындырған соң, өзіне тән ерекшелікпен бес күндік ғұмырмен қоштасты. Оның кішіпейілділігі соншалық, сырқаттанып жатып зайыбы хазірет Айшадан (р.а.) Аллаһтан денсаулығы үшін тілек тілеуін өтінетін. Дүниемен қош айтысардан бірнеше күн бұрын зайыбы Айша (р.а.) қолын уқалап отырып, Аллаһтан пайғамбарымызға ғұмыр тілемек болады. Сонда хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Айша анамызды бөгеп, көзін көкке қадап, «Ұлы Досқа қауышуды қалаймын» деп бұл дүниедегі сапарын тәмамдағанын білдірген-тін. Сөзімді түріктің белгілі ақыны Мехмет Акифтің бір шумақ өлеңімен бітіргім келеді:

Бәрі, бәрі Мұхаммедке қарыздар,
Күллі қоғам, пенделер һәм абыздар.
Күллі адамзат әлемі осыны сезінсе керек
Уа, Раббым, керек емес бізге онсыз ақырет.


[1]    Автордың Құранның қасиеті жайында кеңірек тоқталған мәліметтері үшін қараңыз: Иман аясында, «Көкжиек» баспасы, Алматы, 2009, 354-410-б. (Ауд.)
[2]    «(Жақындығы соншалық) арада қатар қойған екі жебедей, тіпті одан да жақын қашықтық қалды», «Нәжім» сүресі, 9-аят.

 


 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.