АҚЫРЕТКЕ ДЕГЕН СЕНІМ

Өлгеннен соң, қайта тірілуге (хашір) сенудің хикметі туралы кеңірек баяндап берсеңіз.

Адам – Аллаһ тағаланың барша көркем есімдерінің сипаты айқын дәрежеде көрініс тапқан кәміл жаратылыс иесі. Мынау ғаламдағы алуан түрлі гүл-шешектері, бау-бақшасы осынау жалпақ дүние, ай, күн және өзге де планеталар, шексіз-шетсіз аспан әлемі – бәрі де адам баласының жаратылысымен салыстырғанда түкке тұрғысыз болып қалады. Марқұм Акиф атты шайырымыздың сөзімен айтқанда, адам баласының бойына күллі ғаламның қасиеті жинақталған. Иә, шынында да адам жаратылысына дендеп бойлайтын болсақ, оның барша әлемдердің жинақталған мазмұны екенін түсіну қиын емес. Демек, құдіреті шексіз Аллаһ тағала адамның болмысына ерекше мән беріп жаратқан. Хаким (асқан дана) есімі арқылы адамның тұла бойын хикметке толтырған. Суреттеп айтқанда, мына ғалам – алып кітап болса, адам – оның мазмұны.

Сөзбен айтуға келмейтін керемет туынды өл-геннен соң қайта тірілмейтін болса, онда оған әуелде соншалықты мән берудің қажеті қанша еді? Әрбір ісінде асқан даналық тұнған Аллаһ тағала мұндай мәнсіз іс жасаудан пәк. Сол себепті, адам өлген соң қайта тіріледі. Сол мезетте шын мәнінде адамдық қасиеті ашық көрініс табады.

Бұл ақиқатты былайша түсіндіруге болады: Аллаһ тағала өзінің жамалы мен мінсіздігін паш ету мақсатымен әлемдегі әрбір құбылысты жаратып, сол арқылы көркем есімдері мен сипаттарынан сыр ұқтыруда. Тіпті, күллі әлем Жаратушының осы көркем есімдері мен сипаттарының сәулесінен ғана тұрады деуге де болады. Ал осы Жаратушыға тән көркем есімдер мен сипаттардың ұшқыны бойында көрініс тапқан бірден-бір болмыс – ол адам баласы. Періштелер мен жындар секілді әрбір тіршілік иелері көріп-сезе алатындай кейіпте жаратылған ол мағынасы терең шағын кітапты елестеткендей. Міне, сондықтан да адамзат жалпы жаратылыс назарында ерекше мәнге ие. Ғаламға көз жіберіңізші... Аллаһ тағала күзде сан мыңдаған жәндікті өлтіріп, көктем келе оларды көз алдымызда қайта тірілтеді емес пе? Ал енді кіп-кішкентай құрт-құмырсқа, тіпті топырақтың бауырына түсіп, баяғыда шіріп кеткен майда жәндіктердің өзін қайта тірілтетін, оларға жаңа өмір сыйлайтын Аллаһ тағала өзінің ең маңызды жаратылысын яғни адамды ұмытып, мән бермеуі ақылға сыя ма? Бұл дүниеде Аллаһтың барлық көркем сипаттары мен есімдерінің сәулесін сезіндірген таңғажайып жаратылыс иесі арғы дүниеде де бұл есімдер мен сипаттарды паш етпеуі мүмкін бе? Өйтпесе, әрбір ісі даналыққа толы Аллаһтың бұл сипатына көлеңке түспей ме? Барлық болмысты хикметпен жаратушы Аллаһ ағат іс жасамайды. Олай болса, осыншама хикметпен, мың бір түрлі қарым-қабілетпен жаратқан адамды өлімінен кейін тірілтпей, шіріп, жоқ болып кетуіне жол бермесі анық.

Жаратқан Иенің адамды өлгеннен соң қайта тірілтетіні (хашір) жөнінде ислами әдебиеттерде көп нәрсе айтылған. Иә, осынау болмыстағы жаратылғандардың барлығы бір түр (вид) ретінде тірілтіледі. Ал, әрбір адам жеке-жеке, әрқайсысы өзіне тән мінез-құлқымен, сезімдерімен, сенімдерімен қоса ақыреттік өмірдің бүкіл ерекшеліктерін паш етуші Ұлы құдіреттің мұғжизасы ретінде қайтадан тірілтіледі.

Мәселенің бізге қатысты жағына қысқаша тоқтала кетейік. Қоғам өмірінде белгілі бір реттілік пен тәртіптің сақталуы, отбасылық өмірде бақытқа қол жеткізу және кез келген жастағы адамдардың бақыты мен жан рахатына кенелуі өлгеннен соң тірілуге деген шынайы сенім арқылы жүзеге асады. Иә, өлгеннен соң қайта тірілтілетініне сенбейтін пенде шын мәніндегі бақытқа, жан тыныштығына қол жеткізе алмайды. Былайша айтқанда, «Сенімі жоқтардың көңілі жай таппайды» деп нық айта аламыз. Тіпті қоғамдық өмірде осындай түсінік үстемдік құрмаса, ондай қоғамның да бейбіт әрі мамыражай тіршілік етуі мүмкін емес.

Шынында, мәңгілік өмір бар екеніне сеніп, Раббының құзырында есеп беру, амал дәптерін оң жағынан алып жаннатқа кіру, онда Жаратушымен дидарласу т.б. деген сенімнің нәтижесінде адам жаны сабасына түсіп, әрдайым тәтті үмітпен өмір сүретін болады. Яғни, о дүниеде жүзеге асатын осы құбылысқа сенген жан бұл дүниеде Раббының қалауы бойынша өмір сүруге тырысып қана қоймай, әрқашан жан ләззатын сезінеді. Кімде-кімнің көңілінде өлгеннен соң тірілуге деген сенім болса және сол сенімге сай амал жасаса, ол ақыретте қайта жасарып, мәңгілік бақытқа қол жеткізеді. Бұл дүниедегі амалдардың қайтарымы о дүниеде міндетті түрде беріледі. Раббы үшін бұл дүниеде жасаған ізгі амалдары, қажыр-қайраты алуан түрлі жаннат нығметтері ретінде оған тарту етіледі. Бұл мәселе жайлы Құранда: «Әр адам өз еңбегінің ғана нәтижесіне қол жеткізеді»[1]  делінеді.

Иә, өлгеннен соң тірілуге деген сенім адам баласының бұл дүниеде жан рахатына кенеліп өмір сүруінің бірден-бір жолы. Бұл мәселенің байыбына дер кезінде барған, барынша сенген сахабалар өмірде әрдайым өздерін бақытты сезініп, ажалды құшақ жая қарсы алған. Мысалы, Ислам тарихының айтулы шайқастарының бірінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабаларына: «Егер кімде-кім бүгінгі қақтығыста сауабын тек қана Аллаһтан күтіп, өлімге бас тіксе, жаннатқа қалаған қақпасынан кіретін болады» деп жар салады. Сол сәтте жайбарақат құрма бақшасында құрма теріп жүрген сахабалардың бірі жинаған құрмасын лақтырып жіберіп: «Ой, пәлі-ай! Егер мына кәпірлердің қолынан өлім құшып, жаннатқа баратын болсам, неге басымды бәйгеге тікпеске?» деп шайқасқа бел сыбана кіріседі... Міне, осы мысалдан өлімнен кейін өмір барына сену ажалды сүйкімді етіп көрсететінін, тағатсыз жанға ерекше жайлылық сыйлайтынын байқаймыз.

Сондай-ақ, адам баласының жалындап тұрған жастық шағында нәпсіні тізгіндеп, оспадарсыз құмар-лықтың тізгінін тартқан тағы да сол – сенім. Осы сенім арқылы жалынды жас әрбір қадамын аңдап басады. «Шын есеп айырысу сәті келмей тұрып, өздеріңді іштей есепке тартыңдар» деген өсиетке сай «ақырын жүріп, анық басуға» барынша мән береді. Осындай жауапкершілікті сезіну оның қара басының да, отбасының һәм қоғамның да тыныштығына себеп болары анық. Осы арада хазірет Жүсіптің (а.с.) пайғамбар болмастан бұрын Зылихаға «Мен (ондай арсыздыққа бармау үшін) Аллаһқа сыйынамын»[2]  деп байсалды түрде берген жауабын да мысал ретінде айта кеткен жөн.

Қара қылды қақ жарар билік құрған хазірет Омардың (р.а.) тұсында болған атышулы бір оқиғаны еске түсірейікші: Тепсе темір үзетін жас жігіт бірде қылықты бір әйелдің арбауына түсіп қала жаздайды. Ол нәпсіге еріп, қылымсыған әлгі әйелге жақындап келген сәтте дереу Құранның: «Тақуаларды шайтанның уәсуәсасы шарпып өткендей болса, дереу (Аллаһтың әмірлері мен тыйымдарын) еске алып, ақиқатқа көз ашып, қырағылық танытады»[3]  деген аятын еске алып, дереу өз-өзіне келеді де, аяттың әсерінен айыға алмай, сол мезет тіл тартпай о дүниеге жүріп кетеді.

Мәңгілік өмірге деген сенімді балаларға да жастайынан ақырындап сіңдіру керек. Өлгеннен соң, тірілуге деген сенімінің арқасында олар шынайы бақытты бола алады. Әйтпесе, етжақындарының марқұм болғанын көріп, оларды ақтық сапарға аттандырып, жоғалтқан сайын қимастық сезімдері нәзік жүректеріне шаншудай қадалып, бойларын үрей билеп, жалған өмірден түңілуге әкеп соқтырады.

Балалар өлген адамның ақыретте қайта тірілеті-ніне сенгенде ғана құлазыған көңілі жұбаныш табады. Олар етжақындары қайтыс болса: «Біздің туыстарымыз қайтыс болды. Аллаһ тағала жақсы құлдарын жұмаққа кіргізеді. Бәлкім, ол жаннаттың саф, таза өзендерінде шомылып, кәусар бұлақтан құмарларын қандырып, гүл бақшасында серуендеп жүрген болар?!» деген түсінікпен өздерін жұбатады. Осы сеніммен нәзік рухтары әлденіп, өмірде алдарынан шығатын түрлі қайғылы қиыншылыққа төзімділік танытуға дағдыланады.

Қиып түсер қылыштай жалындаған жастық шақта нәпсінің тегеуріні басым болатыны белгілі. Жастар ойларына келгенін жасауға, кез келген нәрсенің дәмін татып көруге әуестеніп тұрады. Жастар – қоғамды қозғаушы толайым күштің иесі. Қоғамдағы ар-ұятты, намыс пен ұлт бірлігін сақтау жастардың қолында. Ұлттың шырағын сөндірмейтін де солар болмақ. Өлгеннен соң қайта тірілуге деген иман жарыққа асық көбелектей жылтылдаған әрнеге әуес базбұзар бұзақы жастарға тоқтау салады. Көкейінде ізгіліктің сенімі ұяламаған жастар қоғамды бейберекеттеп, қатерлі күшке айналады. Тіпті, кейбір қара ниетті жандар арампиғылды идеологияларымен улап, өз дегендеріне албырт жастардың ақылсыздығы арқылы қол жеткізіп отырады. Осылайша жеткіншектердің қолымен от көсеп, сүттей ұйыған қоғамның тыныштығы кетіп, анархия белең алады. Әлемде орын алған келеңсіздіктер осыған бұлтартпас мысал бола алады. Сондықтан жаңа толқын ұрпақтың болашағын ойлап, бейбіт өмір сүруді мұрат еткендер, ең алдымен жастардың рухына о дүниеде өмір бар деген сенімнің дәнегін егулері қажет.

Орта ғасырдан кейінгі кезеңде Еуропадағы Руссо, Э.Ренан сынды ойшылдар дінге қарсы шықты. Олар Аллаһқа, Пайғамбарға және өлгеннен кейін мәңгіліктің қақпасын қағатындарына сенген жоқ. Уақыт өте келе, бүкіл қоғамды анархия, түрлі сүреңсіздік жайлады. Жоғарыда аты аталған ойшылдар мен олардың ығына жығылып, сойылын соғушылар «Бір үстем күштің бар екеніне сендірмесек, халықты басқару мүмкін болмай қалады» деп, қайткенде де жасанды дін ойлап тауып, ақиқат діннен қол үзген жастардың рухани аштығын сонымен басуға тырысты. Бірақ, бұл жымысқы пиғылдары жүзеге аспады.

Бұл мысал өмірге жаңаша қадам жасауға ниет-тенгендердің міндетті түрде имандылық кәусарынан сусындауы тиіс екенін аңғартты. Қарыны тоқтық пен киімі көктік қоғамдағы толғақты мәселелерді шеше алмайды. Себебі, мәңгілікке құштар адам баласының рухын фәнилік дүниелермен қанағаттандыру мүмкін емес. Құранда бұл ақиқат: «Естеріңде болсын, Аллаһты еске алу арқылы ғана жүректер жай табады»[4]  деп білдірілген.

Өлгеннен соң қайта тірілу сенімі – отбасында ыдыс-аяқ сылдырлатпаудың да жолы. Ерлі-зайыптылардың жүрегінде мәңгілік өмірге деген иман гүлінің жұпары аңқыса, жастық шақтың көзді ашып-жұмғанша өте шығатыны, өмірінің өрі бітіп, еңісі қалғаны, егделіктің сыр беруі секілді өткінші сынақтар бақытты күндерге бөгет жасай алмайды. Хашірге деген сенімдері: «Құлын-тайдай тебісіп, бірге өстік. Жылу мен мейірімге толы ошағымыздың отын маздаттық. Қол ұстасып, бірге жүрдік. Түтініміз түзу шықты. Енді ажалдың құрығына іліксек те ризамыз. О дүниедегі өмірімізде де бірге болсақ, арманымыз жоқ» деу арқылы жұбаныш табады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: хашір сенімі адамның өмірге деген құштарлығын арттырады. Раббысына баратын жолдарды айқара ашып, рухын асқақтады. Өлгеннен соң қайта тіріліп, мәңгі жасаймын деген наным бес күндік тірлікте адам жанын жай таптырып, ажалдан қорқынышын басады. Қолдың кіріне баланатын байлық барлық мәселенің шешімі емес. Оны байлыққа белшесінен батқан елдердегі жан түршігерлік қайғылы оқиғалар дәлелдеп отыр. Материалдық байлықты көзінің құртына айналдырған кейбір елдердің халқының 60-70 пайызы маскүнем. Кейбірінде ғасыр індеті есірткіге еліріп, нашақорлық барған сайын жалмап барады. Нәпсіқұмарлық, ұятсыздық, арсыздықтың күннен күнге отқа май құйғандай лапылдап, өршіп бара жатқаны шындық. Бәрінің де түп төркінінде жас ұрпақтың тәрбиесіндегі олқылық пен рухани аштық жатыр. Осынша қордаланған проблемаларды шешуге жасалған қадамдар мен ұсынылған жобалардың дені жаңсақ сенімге негізделген соң, күрмеулі жіптің түйіні одан әрман шиеленісе түсуде.

Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған кезеңді аңсайтындар халықтың имандылығына жол ашып, жастардың санасына өлгеннен соңғы мәңгілік шаттықты өмірдің бар екеніне деген шынайы сенімді сіңіруге міндетті. Осы сенім шын мәнінде жастардың жанына шуағын төксе, «анархист, дінсіз, басбұзар» дегендеріңіздің өзі қыбырлаған әлсіз жәндікке жаны ашитын, ешкімнің ала жібін аттамайтын, періште сипатты жандарға айналары хақ. Тарих беттерін парақтасақ, ертеңгі күні о дүниеде есеп айырысатынына жан-тәнімен сенген, сол сенімі арқасында абайсызда жердегі құмырсқаны басып кеткені үшін, осы күнәсін жуып-шаюдың жолдарын іздеумен өмірі өткен мұхасаба қаһармандарын көрер едік. Мұхасаба, яғни әрбір ісіне есеп беруді әдетке айналдырған мұндай жанның өзгелерге, отбасына, қоғамға зиян тигізуі мүмкін емес.

 


[1]    «Нәжім» сүресі, 53-39-аят.
[2]    «Юсуф» сүресі, 22-аят.
[3]    «Ағраф» сүресі, 201-аят.
[4]    «Рағыд» сүресі, 13-28-аят.

 


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.