АЛЛАҺ ҮШІН НАСИХАТ ЖӘНЕ КІСІ АҚЫСЫ. ҒАЙРАТУЛЛАҺ (АЛЛАҺТЫҢ «ҚЫЗҒАНЫШЫ»)

Хадистердің бірінде «Аллаһ үшін насихат» туралы сөз болады. Осы жайтты анықтап түсіндіріп берсеңіз.

Сахабалар бірде Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) насихатты, яғни қайырлы істі кім үшін жасау керектігін сұрағанда «Аллаһ үшін, пайғамбар үшін, мұсылмандардың имамдары және үмбет үшін» деп жауап берді. Яғни имандылыққа шын мойынсұнған мүминнің Аллаһ үшін жасайтын ең игілікті ісі – дін жолында қайырлы әрі игі шаруалардың басы-қасында жүруі.

Демек, «Аллаһ үшін» деп көрсетілген насихат – Жаратушы Хақ тағаланы таныту және өзгелердің көңілінде Оған деген шексіз сүйіспеншілік сезімін оятуға талпыну дегенді білдіреді. Жоғарыда келтірілген хадистің мән-мағынасы да осы. Сондай-ақ «Сіздер әркімнің жүрегіндегі Аллаһқа деген сүйіспеншілігін оятыңыздар, сонда Аллаһ сіздерді сүйеді» деген хадис те осы мәндес. Егер Құран мен хадистерді сараласақ, осы мағынаға саятын көптеген дәлелдер таба аламыз. Біз айтып отырған мағына – бұл хадистің ә дегеннен есімізге түскен бір тұсы ғана. Мәселені әркім өз дәрежесіне қарай тереңдете түсіп, қабылдау және түйсіну дәрежесіне қарай осы күнге дейін ірі тұлғалар да байқамаған, сезіне алмаған кейбір қырларын анықтауы мүмкін. Сонымен, иманды адам өзіне ең әуелгі міндет ретінде Аллаһ тағаланы тану әрі таныту ісін жоғары қоюы тиіс.

Осы мәселеге қатысты болғандықтан бұған дейін де бірнеше рет қайталанған мына бір мысалды айта кетейін: Сіз қылығы сондай тәтті, сүп-сүйкімді баласы бар адаммен әңгімелесіп отырып, кенеттен оған бір нәрсе айтпаққа оқталып сөзіңізді «ба..» деп бастай бергенде, әлгі кісі әңгіме «бала» турасында жалғасады екен деген оймен бірден өз баласы туралы айта жөнелуі мүмкін. Неге? Өйткені баласын қатты жақсы көреді әрі мүмкіндік туа қалса баласы туралы айтқанды ұнатады. Ал сіз мүлдем басқа нәрсе айтпақ болған шығарсыз. Осы секілді әңгіме айтып, уақыт өлтірмек болған әлдекімнің ә дегеннен, алдын орағытып «ә дегенше Аллаһ десеңші» дей білу немесе үнемі сондай ойда жүру аса маңызды. Әрине бұл өте қарапайым мысал. Алайда ондай сөзді айтқызудың я болмаса ой-санаға жеткізудің жолы да әр түрлі ғой. Мүмин әрбір сөйлеген сөзінің төркінін Жаратушы Аллаһ тағаланың құдіреттілігін еске салатын жайттарға бұрып отыруы тиіс. Тіпті Аллаһқа қатысты істерге жанашырлықпен бөлекше қарау керек. Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір сөзінде Аллаһ тағаланың да өз құлдарына қатысты мәселелерге тым «қызғанышпен» қарайтындығын айтқан, яғни құлдарына деген сүйіспеншілігі соншалық, оларды аяйтындықтан нашар амалдарға қимайды. Сол себепті жаман істерге тыйым салған. Тағы бір хадис-те Аллаһ тағалаға қатысты «Ғайюр» (өте қызғаншақ) сөзі қолданылған. Демек, адам баласы құдіреті шексіз Аллаһ тағаланы тек ауызша түсіндіріп қана қоймай, ақиқатты дәріптеуді өмірінің өзегіне айналдыруы тиіс. Жаратушының разылығы үшін құлшылық жасау, үнемі рухани жетістікке ұмтылу, имандылық қасиетін жүрекке толық бекіту және соған сай іс-әрекет атқару мұсылманның өмірлік ұстанымы болуы қажет. Сондай-ақ мүмин Жаратушы Иенің разылығына бөлену үшін әрбір ісінде жақсылыққа ұмтылып, игі істер атқарып, бір сәтке де Аллаһты естен шығармауы керек.

Аллаһ үшін жасалған құлшылық пен амалдар адамның рухани жігерін арттыра түседі. Ал Аллаһтың құлына назар аударуы, жоғарыда да айтып өткеніміздей, ерекше сүйіспеншілікпен құлды жаман істерден алшақ ұстауы, харамдарға жолатпауында. Себебі, харам істердің қай-қайсы да адамның тура жолдан таюына апарып соғады. Сондай-ақ Ғайратуллаһ («Аллаһтың қызғанышы») пендесін жан-жақты қорғап, барынша қолдап ақыретте мәңгілік игіліктерге кенелдіру үшін «қамын жеп, қамығуы» ретінде көрініс табады.

Аллаһтың құлдарының «қамын жеп, қамығуы» мәселесіне кейбіреулер Аллаһтың кемшіліктен пәк екендігіне қатысты ақидаға көлеңке түсіретінін алға тартып, қарсы болған. Дегенмен мәселеге басқа қырынан қараған жөн. Біздің ұғымымызда «қамығу» адам баласына тән әлсіздіктің, шарасыздықтың нышаны болса, «құлдарының қамын ойлап қамығуы» Аллаһтың ұлылығы мен құдіреттілігіне тән, барша кемшіліктен және нұқсандықтан пәк, тек Өзіне ғана тән иләһи «қамығу» дегенге саяды.

Имам Мүслім риуаят еткен бір хадисте сахаба Муаз ибн Жәбал былай дейді:
«Бір күні Пайғамбармен бірге бір көлікке мінгесіп келе жаттық, арамызды ер ғана бөліп тұрды. Біраз уақыт өткен соң Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған: «Уа, Муаз!», – деді. Мен «Ләббәй, уа, расулаллаһ!», – деп құлақ тостым. Біраз жол жүрген соң ол қайтадан: «Уа, Муаз!», – деді, мен тағы да: «Ләббәй, уа, расулаллаһ!», – дедім. Біраз үнсіздіктен соң тағы да: «Уа, Муаз!», – деді де, – «Аллаһтың құлдарындағы ақысы не екенін білесің бе?», – деп сұрады. Мен: – «Ең дұрысын Аллаһ пен елшісі біледі», – дедім. Сол кезде өзі: «Шынтуайтында Аллаһтың құлдарындағы ақысы, құлдарының ғибадат етіп, Оған ешкімді ортақ қоспауы», – деп жауап берді. Біраз жол жүрген соң маған қайта бұрылып: «Уа, Муаз!», – деді. Мен әдеттегіше: «Ләббәй, уа, расулаллаһ!», – дедім. «Осы айтылғандарды орындаған жағдайда құлдарының Аллаһтағы ақысы не екенін білесің бе?», – деді сұраулы жүзбен. Мен тағы да «Аллаһ пен елшісі ең дұрысын біледі», – деп жауап бердім. Сонда ол: «Құлдарын азаптамауы», – деп еді.

Хадисте баяндалғандай, Аллаһтың құлдарындағы ақысы – ғибадат қылып, Өзіне ешқандай серік қоспауы. Яғни, жүректе тәухидті тұғыр етіп, рухани кемелдікке ұмтылуы. Міне, бұл Аллаһқа деген құлшылық «қам-қарекеттің» нышаны. Әрине, әсірелікке ұрынып, дінді қиындатып жіберуден бойды аулақ ұстау да өте маңызды.

Жоғарыдағы хадисте, әуелі құлдағы Аллаһтың ақысы, сонан соң құл осы міндетін атқарған жағдайда олардың Аллаһтағы ақысы жайлы сөз етілген. Жалпы Ханафи фиқхшылары Аллаһ жайлы сөз қозғағанда, Оған қатысты «ақы» (яғни оның міндеті мағынасына келеді ауд.) сөзінің қолданылуын аса жаратпайды. Дегенмен, бұл сөзді басқаша тұрғыдан да қарастыра аламыз. Аллаһтың ақысын «құлым менімен осындай байланысты ұстаса, мен уәдемді орындаймын» деп шартты түрде түсінуге де болады. Жаратушы Аллаһтың бар нәрсеге күш-құдіреті жетеді. Оның «осылай жасау менің хақым» дегеніне қарағанда және бұл сөздерді жеткізуші адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) болғандықтан, мұны хақ (ақы) деп қабылдаған жөн. Хақ сөзі – біздің тар түсінігіміздегі «ақы» емес, құлдардың Аллаһтағы ақысы, өздеріндегі Аллаһтың ақысына қайтарым жасауы. Өйткені құлдардың Аллаһтан хақ талап етуі мүмкін емес.

Хадистегі хақ сөзі өзара байланысты мәнде қолданылған деуге болады. Мысалы, «хақыңды жемеймін, құқығы сақталады» деген қолданыстағыдай, жоғарыдағы хадистегі «хақ» мәселесі берілген уәденің міндетті түрде орындалатынын нықтау үшін айтылса керек. Сондай-ақ «бұл сөз хақ» дегенде «бұл айтылған сөз міндетті түрде орындалады» деп те түсінеміз. Сол сияқты «бейнеттің зейнеті – хақ» деген мағынаға да келуі мүмкін.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.