«ХУСНУЗАН» МЕН «СУИЗАН» (ЖАҚСЫ ОЙДА ЖҮРУ МЕН ЖАМАН ОЙДА БОЛУ)

Жақсы ойлау мен жаман ойлаудың жөн-жосығын білдіріп, жалпы осы екі ұғымды кеңінен түсіндіріп өтсеңіз.

Араб тілінде «хуснузан» – біреу жайлы сыртынан жақсы ойлау, ал, «суизан» жаман ойлау, теріс пікірде болу дегенді білдіреді. Көкірегінде иманы бар, өзін мүмин санаған кез-келген мұсылман өзге бауыры туралы әрдайым жақсы пікірде жүруге міндетті.

Ал біреу жайлы жаман ойға бару – мұсылманға жат қылық. Бәлкім, о бастан дінге жауластығы мәлім адамдар жайлы ғана жаман ойлауға болар.

Кез келген мұсылман қандай да бір діндес бауыры жайлы жаман ойға барса, (әрине, бұған итермелеген бір түрткі болуы кәдік) көп жағдайда қателеседі. Сол сияқты ақиқатқа өш адам туралы жақсы ойда болу да жаңылысуға жиі жол ашады. Бұл жердегі түйткіл, кім жайлы не ойлау керектігін білмеуден шығады. Жақсы пікір (хуснузан) мұсылман кісі жайлы, ал жағымсыз ой (суизан) адамдықтан әбден азғындаған, айуандық қылықтарына шімірікпейтін имансыздар туралы ғана туындауы мүмкін. Осы себепті кез келген мұсылманның хал-харекетін, мінез-құлқын жақсыға жорып, ол жайлы жағымды ой түю – иманды адамның ерекшелігі әрі міндеті... тағы да қайталап айтам, мұсылмандар жайлы әрқашан қолдан келгенше жақсы ойда жүруге тырысқан жөн.

Имам Биргиуидің «Тариқаты Мұхаммадия» атты еңбегіне жазған түсіндірмесінде ғұламалардан марқұм Хадими жоғарыдағы жайтты мынадай мысалмен түсіндіреді:
«Егер иманды кісі бір мұсылманның зина жасап жатқанының үстінен түссе, растығына көзі жетіп тұрған күннің өзінде «Субханаллаһ, мұсылман баласы мұндай істі жасамаса керек-ті. Негізі, бұл өте жақсы кісі, қателікке қалай ұрынды екен?...Уа, Жасаған Ием, сен оны кешіре гөр!» деп, ешкімге көргені-білгені жайлы тіс жармастан, дереу әлгі жерден алыстағаны мақұл».

Мұсылман адамның мұсылман бауырына деген ішкі ойы осындай болуы тиіс. Бұл – иманы беріктіктің белгісі.

Кейде мүмин кісі иманды бауыры жайлы еріксіз нашар ойға баруы да мүмкін. Ондайда кешірім мен мейірімділікті негізге ұстап, Құранда «Бос сөз бен істі көргенде байсалды түрде ол жерден алыстайды»[1] деп айтылғандай, оның нашар қылығын көрсе де көрмегенсіп теріс айналғаны абзал. Өйткені, мұсылман – Құран аятында сипатталғандай, айналасына түсіністікпен қарайтын, кешірімшіл әрі кемшілік-қателерді көрсе де көзге шұқып, бетке баспайтын жан.[2]

Иә, мүмин осы ұстанымнан ажырамауы тиіс.

Тақырыпты нақтылай түсу мақсатында, Пайғам-барымыз өмір сүрген алтын ғасырдағы мына бір оқиғаны еске сала кетуді жөн көрдім.

Деректерге қарағанда, Нуайман – Бәдір шайқасына қатысқан сахабалардың бірі. Ішкілікке тыйым салған үкім түскеннен кейін де Нуайман мас қылатын жеміс шарабын ішуден тыйылмайды. Бірнеше рет мас күйінде Пайғамбарымыздың алдына әкелінгеніне қарамастан, ішуін тоқтатпайды. Тағы бірде осы жағдай қайталанғанда, сахабалар Нуайманға: «Аллаһ жазаңды бергір, ұяттан жұрдай не деген адамсың?! Осымен нешінші рет пайғамбардың алдында сүмірейіп тұрсың, бір мезгіл ойлансаң қайтеді?!» деп ұрса бастайды. Бұны естігенде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Бауырыңызды жабыла сөгумен шайтанға жақтаспаңыздар. Уаллаһи, Нуайманның Аллаһты да, елшісін де жақсы көретініне шүбәм жоқ», – деп, оларды ақылға шақырады.

Кез келген мұсылман туралы Пайғамбарымыздың ішкі ойы осындай еді. Сол уақыттарда осы тәріздес оқиғалар жиі ұшырасқанына қарамастан, Аллаһ расулы әр адамның қателігіне үлкен кешіріммен қараудан жалықпаған. Кең пейіл, мол мейірбандық таныту арқылы әрбірінің жүрегіне жылу ұялатуға тырысқан. Бұған куә болғандар жақсылыққа өздері-ақ тез бетбұрыс жасайтын.

Осындай өнегелі істерден сабақ алып, мұсылмандар бір-бірінің жақсысын асырып, жаманын жасыруы керек. Мысалы, достарымыздың біреуін көшеде бөтен бір әйелмен кетіп бара жатқанын көрсек те, лезде жаман ойға бармауымыз керек. Аллаһтың өзі ешкімді бір ғана қателігі үшін дереу жазаламайды. Егер адамзатты бір ғана кемшілігі үшін жойып жіберген болса, бүгінде жер бетінде бірде бір пенде қалмас еді. Керісінше Ұлы Жаратушымыз қателіктеріміздің көптігіне қарамастан, ризығымызды үзбей, қамқорлығын аямауда. Сондықтан, иманды адам Ислам тәрбиесін бойға сіңіріп, мүмин бауырлары хақында қолынан келгенше жақсы ойлап, жағымды пікір түюге тырысқаны жөн.

Мұсылмандар жайлы жаман ойлау тәрбиедегі кемшілікті аңғартады. Өйткені, ол жүректің ластануынан туады. Бұдан құтылудың жолы әркімнің өз күнәларын талқыға салып, түзетуі. Рухын кір шалған адам барлық нәрсені бұлдыр көреді. «Таза нәрсені ал, күмәнді көрінгенді таста» дейтін ұстанымға сәйкес мұсылман жан көп тікеннің арасындағы жалғыз гүлді көріп сүйсініп, жұпар иісіне рахаттануы тиіс. Рухы дертті жан болса, гүл алқабындағы гүлдердің әдемілігін көріп, жұпарымен рахатқа кенелудің орнына, саусағына батқан бір түйір тікенге ашуланып «Бүйткен гүлі құрсын!» деп теріс айналуы мүмкін. Бұл – рухани дүниенің жұтаңдануының көрінісі. Мұндай адам ең әдемі, ең көркем жайттардан да тіксініп, адуындыққа салынуы ғажап емес.

Қорыта айтқанда, залалынан сақтану мақсатында имансыздар жайлы ғана суизан жасауға болар. Ал хуснузан – мұсылманның кез келген иманды бауыры жайлы жақсы ойлауы дегенді білдіреді. Бұл – мұсылмандар арасындағы ауызбіршілікті арттыратын маңызды жайттардың бірі.


[1] «Фурқан» сүресі, 72-аят.
[2] «Тәғабун» сүресі, 14-аят.
Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.