ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ БАТЫЛДЫҒЫ МЕН МЕЙІРІМДІЛІГІ

Кереғар қасиеттерді бір бойына әдемі жарастыра білген Пайғамбарымыздың батылдығы мен мейірімділігін кеңірек түсіндіріп берсеңіз.

Пайғамбарымыз хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бойында сырт көзге қарама-қайшы көрінетін әрі бір-бірін толықтырып тұратын ерекшеліктер көп болған. Ондай сипаттарын анығырақ түсіндіру үшін Ислам дінінің маңызды принципі саналатын «сырат-ы мұстақим», яғни орта жолды ұстану мәселесіне сүйенген дұрыс. Мысалы, батылдық пен қайсарлық Пайғамбарымыздың өткір сипаттары болып табылады. Бұл туралы ержүрек Әлидің өзі «Майданда жау әскері бізді қатты тықсырғанда, Пайғамбарымызды паналайтынбыз» деген.

Ислам тарихының аты шулы шайқастары Хунайн мен Ухудта әбден шаршап-шалдығып, жүруге әл-дәрмені қалмаған әскерін Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қайта қайраттандырып, жауға қарсы аттандырғаны тарихтан белгілі. Шынында сол күні Пайғамбарымыз «Өліден тірі, тіріден өлі шығаратын»[1] Жаратушыдан ерекше күш алып, әбден қалжыраған әскердің жігерін жанып, еңсесін тіктеді. Осылайша қаруын сайланып, дұшпанға қайта соққы берді. Жеңдік деп масайраған жауға тұтқиылдан тап беріп, есін жиғызбай Меккеге дейін түре қуып салды. Бұл – Пайғамбарымыздың бойындағы хас батырлықтың айқын көрінісі.

 Пайғамбарымыз бен Ғаурас атты мүшріктің арасында болған оқиға да көпшілікке таныс.

Бір күні Аллаһ расулы оңашалау жерде сәл тынығып алмақ ниетпен көз іледі. Басқыншы мүш-ріктер Пайғамбарымыздың сауыт-сайманын шешіп алаңсыз жатқан сәтін оңтайлы көріп, оны өлтірмек болады. Ғаурас атты мүшрік хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қасына бұқпантайлап келеді де ағашта ілініп тұрған қылышын жұлып алып, тәкаппарлана: «Дәл қазір менің қолымнан сені кім құтқарады?» деп дауыстайды. «Аллаһ құтқарады!» деп түрегеледі хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) титтей де қаймықпастан. Сол сәттегі Пайғамбарымыздың өз-өзіне сенімділігі, үрейсіздігі, Жаратушысына деген терең иманы Ғаурасты қатты састырады. Қапелінде ондай жауап күтпеген мүшрік сол сәт абдырап, қолындағы қылыштың қалай түсіп кеткенін де байқамай қалады. Осы сәт қылышты дереу алып үлгерген хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әлгінің өз басына ажал үйіріп «Ал енді сені кім құтқарар екен айтшы?» деп қаһарланады. Жауап таппаған мүшрік қара терге түседі. Дауысты естіп оқиға болған жерге жанұшырып жетіп келген сахабалар Пайғамбардың асқан батылдығына тәнті болып, имандары нығая түседі. Ал Ғаурас дәл сол жерде Пайғамбарымыздың батырлығына таңдай қағып, ендігәрі мұсылмандарға қарсы жорық ұйымдастырмайтындығына уәде береді.[2]

Бұл жайында батыстық қаламгер Бернард Шоудың «Хазірет Мұхаммед – қай қырынан алсаң да бойындағы ғажап қасиеттерімен басқалардан оқ бойы озық тұрған жан. Тұла бойы тылсымға толы бұл кісіні тану оңай емес. Әсіресе, оның Аллаһқа деген нық сенімін толық түсіну тіптен мүмкін еместей» деген сөздері бар.

Аллаһ расулының батылдығына тағы бір мысал – Мәдинаға хижрет жасағанда Сәуір үңгіріндегі оқиға. Жастардың өзі зорға шығатын Сәуір үңгірі таудың ұшар басында орналасқан. Пайғамбарымыз осы үңгірге жан досы Әбу Бәкірмен (р.а.) бірге елу үш жасында шыққан. Әрине, адамзаттың ең киелісін бауырына басқан Сәуір үңгірінің де сол кезден бастап ерекше мекенге айналуы тегін емес. Жан досы хазірет Әбу Бәкірмен бірге мүшріктерден жасырынып, осы үңгірді паналаған Пайғамбарымыз өзінің батылдығын, Жаратушысына деген толық сенімін сол жерде тағы да паш етеді. Із аңдыған мүшріктер Сәуірдің айналасын торуылдайды. Осы сәт үңгір ішіндегі Әбу Бәкірдің (р.а.) бойын қатты үрей билейді. Жанынан артық сүйген досы хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) зиян тимесе екен деп уайымдай бастайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Қорықпа досым, Аллаһ бізбен бірге!», «Ол екі кісіні кім деп тұрсың, олардың үшіншісі Аллаһ»[3] дейді. Міне, осы мысалдан да анық байқалғандай, Пайғамбарымыздың айрықша байсалдылығы, иманының кәмілдігі мүминдер үшін мәңгі үлгі десек артық айтқандық емес.

Біз осы жерге дейін Пайғамбарымыздың батылдығы, қайсарлығы және Жаратушысына жан-тәнімен берілгендігі жайына тоқталдық. Алайда ол – мейірімділік, қайырымдылық, жанашырлық тұрғысынан да адамзаттың көшбасшысы бола білген жан. Жылаған бала көрсе, онымен қосыла жылауға бар жұмсақ жүректі хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аналардың көңілін мұң шалғанын қаламайтын. Оның қаншалықты мейірімді болғанын Әбу Хұрайра (р.а.) жеткізген мына бір хадистен көреміз. Пайғамбарымыз: «Мен намазды ұзақ оқығым келеді. Сондай кездері кейде баланың жылаған даусын естісем, (жамағатта тұрған) анасы уайымдап қалмасын деп намазды тез аяқтауға тырысам» деген.

Тағы бірде Мария анамыздан (р.а.) туған ұлы Ибраһим шетінегенде, баласының мәйітін құшақтаған күйі көзінен жас парлап көп қайғырады. Алуан түрлі азапты оқиғаларды басынан өткерсе де дәл осын-шалықты қабырғасы қайыса қайғырғанын көрмеген сахабалардың кейбіреулері бұған таңғалғанда, хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларға: «Көңіл құлазып, көз жасын төгерміз. Бірақ, Жаратушының бұйрығына қарсы келмейміз», – дейді. Ол осыншалықты мейірімді жан болатын.

Аллаһ расулынан басқа ешбір жан бір-біріне кереғар қасиеттерді қиюын тауып, бір арнада тоғыстыру арқылы кісіліктің кемел келбетін паш ете алмаған.

Мысалы, батырлығы көпке мәлім Пайғамбары-мыздың көкесі, «Аллаһтың қылышы» атанған қайсар сахаба Хамзаны (р.а.) алайық. Аң аулауды ұнататын Хамзаның (р.а.) азулы арыстандармен алысқан, жауға қарсы шапқандағы ерліктері халық арасында жырға айналған. Бірақ бір мезгіл көзіне жас алып, көңіл босатқанын ешкім көрмеген. Өйткені ол ержүректігімен аты шыққан, батырлықта алдына жан салмаған адам еді.

Хазірет Хамза асқан батыр, ал Хассан ибн Сабит (р.а.) керісінше жұмсақ жүректі сахаба болатын. Тілі өткір, шайырлығымен Пайғамбарымыздан мақтау естіген ол соғыс кездерінде Хамза мен Халид сынды (р.а.) баһадүрлерге қару жеткізіп беретін. Көзі тірісінде Пайғамбарымыздың «Аллаһым, оны Рухул Құдыспен қуаттандырғайсың» деген батасын алған барынша жұмсақ мінезді жан еді.

Міне, қарап отырсаңыз, сахабалардың әрқай-сысында бір қасиет басымдық байқатса, ал Пайғам-барымыздың бойында бұл қасиеттердің барлығы да кездескен. Қажет жағдайда қайсар мінез, батырлық көрсете білген Пайғамбарымыз жылаған адам көрсе, ет жүрегі езіліп қосыла жылауға бар аса мейірімді жан еді. Жүрегі нәзік, кеудесі мейірімге толы Пайғамбарымыз байсалды, салмақты мінезімен де ерекшеленген.

Адамзат атаулының үздік үлгісі саналатын Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жоғарыда сипатталғандай бір-біріне қарама-қайшы мінез-құлық ерекшеліктерімен қатар, «хилм»[4] мен «кәрәм»[5] сияқты бір-бірін толықтыратын құнды қасиеттерге де ие. Бұл екеуі екі түрлі мағына білдіргенімен, негізінде бір-біріне кіріккен қасиеттерге жатады. Хилм «жұмсақ мінезділік, кешірімшілдік, байыппен шешім қабылдау» сияқты мағыналарды қамтиды. Яғни, бұл мінез жұмсақтықты білдіреді. Ешкімнің кемшілігін көрмеу, кешіріммен қарай білу, түсіністікпен төзімділікпен өзгелерді бауырға басу секілді ізгі қасиеттер осы мінезден туындайды.

«Кәрәм» ұғымының мағынасы «жақсылыққа құмарлық, барды өзгелермен бөлісе білу, дархан мінезділік» дегенге саяды. Мұны парсы тілінен енген атауымен «жауанмәрттік» немесе «жомарттық» десе де болады. Бойдағы жомарттық қасиеті жақсылық жасауды, қолындағы барын өзгеге бере білуді қажет етеді. Бізге, жалпы адам баласына Жаратушының жомарттығымен ұсынған сыйларымен қатар, Пайғамбарымыздың да тартулары баршылық. Пайғамбардың жомарттығының бастауы – Аллаһ берген кәрәм мінезінде жатыр.

Олай болса, хилм мен кәрәм мағыналары қарама-қарсы ұғымдар емес. Керісінше мәшһүр Алвар имамының
«Кәрәм қыл, сұлтаным, шарасыздарға көмектес,
Жомартсың, біз сынды кедейлерге септес», – деп өлеңмен өрнектегеніндей, Аллаһ расулы Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шын мәнінде өте жомарт пайғамбар еді. Алвар имамының бұл өлең шумақтары Жаратушы я пайғамбар хақында да болуы мүмкін. Қалай десек те, Жаратушы Аллаһтың шексіз жомарттығының арқасында сансыз нығметтерге иеміз. Сондай-ақ Жаратушыны және Оның сансыз нығметтерін танытушы Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) болмағанда, біз өзіміздің жаратылыс мақсатымызды, өмірдің мәнін, тіпті жаннат пен жаһаннам барын білмес едік. Пайғамбарымыз ұлы ұстаз ретінде жаратылыстың мәнін, ғаламның негізін, бұл өмірдің жаннатқа бастар жол екендігін түсіндірді. Осылайша бізді қараңғылықтан құтқарып, Аллаһқа иман етуге шақырып, дұрыс жолды таңдауымызға, ақиқатты тануымызға себеп болды. Сондықтан Пайғамбарымызды рухани көшбасшымыз ретінде қадір тұтамыз.

Біз Жаратушыға серік қосудан (ширк) аулақпыз. Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бізді Жаратушыға апарар жолда тек қана себепкер, алайда жай себепкер емес ұлық мақсатымызды ұқтырған себепкер! Онсыз да Жаратушының өзі тәухидтің анықтамасында «Лә иләһа иллаллаһ, Мухаммәдун расулуллаһ» деп оның атын Өз атымен қатар атап, осы иман кәлимасын қайырмаған жанның мүмин саналмайтынын ескертпеп пе еді?! Тіпті мәшһүр шайыр Сади де бұл туралы «Мұхаммәдун расулуллаһ демей тура жолға түсу мүмкін емес» деген. Яғни Аллаһ расулынсыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзге жолмен иман табамын деу бос әурешілік.

Хилм – Аллаһ расулына Жаратушы берген сиқырлы кілт іспетті. Ол осы сиқырлы кілтпен небір жүректерге жол тауып, көңілдерін жібіткен. Мүшріктердің көбісі әу бастан оның осы қасиетін тани алмады. Ұрда-жық мінездерімен Пайғамбардан да, сахабалардан да бойды аулақ ұстады. Алайда «Худайбия» келісімінен соң мүшріктер мен мұсылмандар арасында өзара барыс-келіс көбейіп, кәпірлер мұсылмандардың тіпті өздері ойлағандай еместіктеріне көз жеткізді. Құранның кәусар бұлағынан сусындаған мұсылман-дардың жауанмәрттігі, көркем мінезділіктері оларды таңдандырмай қоймады. Оған дейін «Бұлар билікке келсе, бізді тірі қоймас. Төбемізге әңгіртаяқ ойнатар» деген ойларының орынсыз екендігіне, босқа қауіптенгендеріне, тіпті олардың періштедей пәктігіне көз жеткізеді. Осылайша Аллаһ расулын да, мұсылмандарды да жақыннан танып біле бастайды.

Негізінде Худайбия келісімі мұсылмандардың келешегі үшін жасалған жемісті жеңістің бастауы еді. Меккенің азат етілуі де осы келісімнен туған жетістіктің бір ғана көрінісі болатын. Сахабалардың мәлімдеуінше «Біз саған анық жеңіс бердік»[6] деген аятта айтылатын жеңіс осы Худайбия жеңісі. Сондай-ақ Пайғамбарымыз Худайбия келісімі арқылы надан-дыққа, күпірлікке, кері кетушілікке алғашқы соққы берді десек қателеспейміз. Худайбиядан бұрынғы Бәдір, Ухуд және Хәндәк шайқастары Ислам тарихында ерекше маңызға ие. Дегенмен Худайбия бұл шайқастардан ерекшеленеді. Аллаһ расулы Хәндәк шайқасының артынша Худайбияға апарар жолды анық көрген адамдай «Бұдан былай олар қашады, біз қуатын боламыз» деген. Худайбиядағы және одан кейінгі ұстанымдар бұрынғылардан әлдеқайда өзгеше сипаттала бастаған. Бұл өзгерісті мұсылмандардың мүшріктерді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, көңілдеріндегі иман нәрінен оларға да татқыза бастауы деп ұққан жөн. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы жоспары аз уақытта іске асып, мүшріктердің көпшілігі иман келтірген-тін. Тіпті Әбу Суфиян сынды мүшріктердің ең азулысы да, Мекке мұсылмандардың қол астына өту кезінде Пайғамбарымыздың «Бүгін Әбу Суфиянның үйі де сенімді» деген сөзінен сол бір сәтте Пайғамбарымызға және жалпы мұсылмандарға жылы қабақ танытып, артынша көп ұзамай ақиқатты қабылдаған. Біз бұның астарында Пайғамбарымыздың хилм, кешірімшілдік мінездері жатқанын көреміз. Мысалы, Омар (р.а.) Йермук шайқасына қатысушы жауынгерлерге ат, қару-жарақ алу үшін Әбу Суфиянға ақша бергенде, ол «Ей, халифа! Менің өз дәулетім өзіме жеткілікті. Қазынаның ақшасы қажет емес» деп оны алудан бас тартқан. Иә, шынында да күні кешегі Ислам дұшпаны Әбу Суфиянның ақиқатқа төтеден жол тартуының астарында, әрине, Пайғамбарымыздың кеңпейілділігі, сабырлылығы жатқаны шындық.

Хилм мінезіне ие жандар «халим» деп аталады, Аллаһ расулы да (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) халим болатын. Дұшпандары оған жұмсақ мінез танытуға мұрша бермей, қатулыққа мәжбүрлеп бақса да, Пайғамбарымыз ешқашан қаталдықты көздемеген. Одан қатал шешім күткен дұшпандары әркез қателесіп отырды.

«Худайбия» келісімінде Пайғамбарымыздың хилм мінезі арқылы бейбітшіліктің негізін қалады. Бұл келісімнен соң да Аллаһ расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жұмсақтығы мен кешірімділігінен ауытқымай, елдің ыстық ықыласына бөленді. Меккені азат етіп, туған жеріне қайта аяқ басқан қуанышты, жеңісті сәтте де Пайғамбарымыз кішіпейілділігінен танбастан, қалаға басын төмен иіп кірген. Батыс ғалымдарының бірі Ардақты елшінің осы мінезі жайлы: «Хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ісін композиторлыққа ұқсатамын, алайда ол әуенін әу баста қай пернеде бастаса, бітіргенде екі пернеге жоғарылай білген. Хазірет Мұхаммед бұл мәселеде де шын мәнінде ерекше жетістікке қол жеткізгенін мойындауымыз керек» – деген пікір білдіреді.

Сүйікті пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Худайбиядан кейін Меккені алу тұсында мүшріктерге екінші рет соққы берген. Мүшріктер Меккені өзіне қаратқан хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Енді бізге не істемек ойың бар?» деп сұрағанда, ол «Не істегенімді қалар едіңдер?» деп сауалға сауал тастайды. Кәпірлер «Сен қанша айтқанмен дархан мінезді жансың ғой» деп әлі де оның жақсылығынан үміт күтеді. Сонда ол «Ендеше, барыңдар, бәрің де азатсыңдар, ешкім де өткен істері үшін тергелмейді» деп мүшріктерді босатып қоя береді. Бұл бір кездері Жүсіп пайғамбардың (а.с.) өзіне қастандық ойлаған бауырларына айтқан сөзі еді. Яғни Жүсіптің (с.а.) өзінен кейінгілерге мұрасы... Бұл – жай мұра емес, пайғамбар мұрасы, ой мұрасы, хикмет мұрасы, хилм мұрасы. Шынында да дұшпандарының ерегісу мен қасарысуын Пайғамбарымыз осындай көл-көсір мейірімінің арқасында жеңіп еді. Бұл мейірімнің молдығы соншалық, Икрима[7] емес Әбу Жахилдің өзі тірі болғанда ол да жібіп Пайғамбарымызға мойынсұнар ма еді, кім білсін?!


[1] «Али Имран» сүресі, 27-аят.
[2] Бұхари, мағази, 31; жиһад, 84; Муслим, фәзәаил, 13; Хайсами, әл-Мустадрак, 3/29.
[3] «Тәуба» сүресі, 40-аят.
[4] жұмсақ мінез, шыдамдылық, момындық
[5] құрметті, дархандық, көркем мінез
[6] «Фәтх» сүресі, 1-аят.
[7] ӘбуЖәхилдің баласы. Мекке алынғаннан кейін мұсылман болған
Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.